Туризм

Асқар Алтайға сапарыңыз сәтті болсын!

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының қолдауымен еліміздегі ең ірі табиғи парктердің бірі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жаңартылған «Орман жолдары» туристік маршрутының ашылуы өтті.

Соңғы жылдары елімізде ішкі туризмге үлкен қызығушылық бар. Әсіресе туристер арасында ұлттық саябақтар танымал, олар экологиялық туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Елімізде 14 ұлттық саябақ бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша былтыр ұлттық парктерге екі миллионға жуық турист келген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары.

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінің директоры Жанболат Тыныбековтың айтуынша, ұлттық парк 2001 жылы құрылған, оның аумағы 643 477 гектарды құрайды. Оның 42 пайызға жуығы орманды алқап. Мұнда жануарлардың 68, құстардың 300, өсімдіктердің мыңнан астам түрі кездеседі. Тау бөктерлерінде қар барысы мекендейді.

Соңғы жылдары Ұлттық паркке бес техника, отыздан астам фототұзақтар алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, биылғы бірінші шілдеден бастап орманшылардың жалақысы өскендігін атап өткен жөн.

2017 жылдан бастап Катонқарағай ұлттық паркі Қазақстан-Ресей трансшекаралық биосфералық резерват ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 680 шақырымнан асатын он туристік маршрут пен төрт соқпақ бар. Катонқарағай ұлттық паркіне келген туристер саны 2016 жылы 3506 болса, былтыр 7061 адамға жетті. Биылғы 15 шілдеге дейін ғана 837 турист келіп, Шығыстың інжу-маржаны саналатын Катонқарағайдың керемет табиғатын тамашалап қайтты.

-Шығыс өңірі – еліміздің орманды аймақтарының бірі. Облыстың орман қорының ауданы 2,9 миллион гектарды құрайды, оның 1,6 миллион гектары орманмен көмкерілген. Біздің облыс климат пен суды реттеуде маңызды рөл атқаратын, өсімдіктер мен жануарлардың мыңдаған түрлерінің мекені болып саналатын, бағалы қылқан жапырақты және жапырақты ормандарға бай. Климаттың жылдан-жылға құрғап бара жатқанын ескерсек, Алтайдың таулы ормандарын қорғау – біздің басты міндетіміз. Экологиялық маршруттардың дамуы ұлттық паркке келушілер үшін жануарлар мен өсімдіктер әлеміне зиян келтірмей, табиғаттың керемет жерлерін көруге қолжетімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрембеков.

«Орман жолдары» жеті локациядан тұрады

Жаңғыртылған «Орман жолдары» бағытында ұлттық парктің биологиялық әртүрлілігі туралы ақпараттан тұратын кіреберіс, арт нысандар, бес аншлаг, навигациялық белгілер мен ақпараттық стендтер орнатылған.

Маршруттың ұзындығы жиырма шақырымнан асады, оны жаяу және ат соқпағымен еңсеру үшін шамамен екі-үш күн қажет. Атап айтсақ, маршрут барысында туристер пантымен емдеу, марал шаруашылығы, демалыс орны, күш-қуат алу орны мен кемпингте аялдап, одан ары қарайғы соңғы екі нүктедегі көру алаңында Қызыл кітапқа енгізілген сирек гүлдермен көмкерілген Альпі шалғындарын тамашалай алады.

БҰҰ даму бағдарламасы көптеген жылдар бойы еліміздегі экологиялық туризмді дамытуда қолдау көрсетіп келеді. Табиғи аймақтардағы туристік маршруттар мен соқпақтарды жақсарту саяхатшылардың қауіпсіздігін арттырады, сонымен қатар рекреациялық жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік береді.

-БҰҰ даму бағдарламасы ел экономикасы үшін экологиялық туризмнің маңыздылығы мен әлеуетін түсіне отырып, осы саланы дамытуға жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Соңғы жылдары Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп 11 ерекше қорғалатын табиғи аумақты жаңғыртуға атсалысты. Жұмысымыздың басты бағыттары – озық тәжірибелер мен халықаралық стандарттарды ескере отырып, экологиялық туризмнің заңнамалық базасын жетілдіру, әдістемелік көмек көрсету, экотуризмді дамыту стратегиясын әзірлеу, туристік маршруттар мен жаяу жүргіншілер жолдарын ұйымдастыру, қызметкерлерді оқыту және «жасыл» бизнесті дамыту, – деді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Экология сыныбы мен қолөнер шеберханалары ашылды

Жергілікті тұрғындардың белсенді қатысуы және олардың осы қызметтен пайда табуы экологиялық туризмнің негізгі қағидаттарының бірі. Сондықтан қанатқақты жоба ретінде жалпы білім беретін мектептерде қосымша экологиялық білім беру бағдарламасы енгізіліп, жергілікті халықпен жұмыс жүргізіліп, тұрақты бизнесті дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі.

Осы орайда, Сухроб Ходжиматов Катонқарағай туристік ақпараттық орталығы, Топқайың ауылындағы экология сыныбы жабдықталған мектеп, мал азықтық дақылдары өсірілетін егіндік, қолөнершілер шеберханасы сияқты БҰҰ даму бағдарламасы қолдау көрсеткен бірқатар нысандардың жұмысымен де танысты.

Соңғы 14 жылда БҰҰ даму бағдарламасының қолдауымен сегіз жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылып, үшеуінің аумақтары кеңейтілген. Бұл жұмыста материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайтуға және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жоба аясында Ғаламдық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен Катонқарағай ұлттық паркіне жол талғамайтын көліктер, радиотехника, орман өрттеріне қарсы шағын кешендер, квадрокоптер, фотоаппарат және камералар, қар барысын және тағы да басқа жан-жануарларды бақылауға қажетті құрал-жабдықтар берілген.

Сонымен қатар, жоба аясында қуаттылығы 2 кВт жел-күн батареяларының үш жиынтығы орнатылып, саябақтың шалғай қоршауларын электр қуатымен, байланыспен қамтамасыз етіп, бұл инспекторлардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы экологиялық туризмнің тұрақты дамуы, жерді мақсатты және қызметтік аймақтарға бөлу, жайылымдарды тұрақты басқару, қосымша экологиялық білім беру, қар барысын сақтау және жануарлар дүниесін бақылау мен қорғауда жаңа технологияларды енгізу сияқты биоәртүрлілікті сақтау бағытындағы жобаларға 2004 жылдан бері 20 миллион доллардан астам қаражат жұмылдырған.

Сонымен қатар туризм бағытындағы үш облыста 15 қолөнер шеберлерін дайындады. Кәдесый шеберханасын ашқан жеті шеберге қолдау көрсетіп, туристерді тамақтандыру бағытындағы тоғыз ауыл кәсіпкерінің білім-білігін көтеруге жағдай жасаған.

 «Енді Шығысқа жыл сайын келеміз!»

Ұлттық парктің директоры Жанболат Тыныбеков орманды қалпына келтіру шараларына да тоқталып өтті. Оның сөзінше, 40 га аумаққа 160 мың дана сібір шыршасының тұқымы себіліп, 12 га аумақта 48 мың дана сібір шыршасы отырғызылған. Отырғызылған сеппелердің жерсінуі 66% болды.

Табиғатты қорғау мақсатында жүргізілен рейдтер мен тексерулердің нәтижесінде заңсыз ағаш кесіп, орман қорына қоқыс төгіп, аң аулау ережесін бұзушылардан тиісінше айыппұл өндірілген.

Ұлттық парк аумағында орман өрттерінің алдын алу мақсатында минералдық жолақтарға күтім жүргізіледі.

Қаржыландыруға тоқталсақ, республикалық бюджеттен 2022 жылы 917556,0 мың теңге қаржы бөлініп, толық игерілсе, биыл 1 446 148 мың теңге қаржы бөлінген.

Польша, Германия мемлекетімен,  Ресейдегі Горно-Алтайск, Моңғолиядағы «Хустай», Алтай Республикасының «Алтай» және «Катунь» биосфералық қорығымен тәжірибе алмасу іс-шаралары мен ғылыми-техникалық конференциялар өтіп тұратындығы айтылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ұлттық парк қызметкерлерінің әртүрлі ғылыми басылымдарда 19 мақаласы және Катонқарағай ұлттық паркі еңбектер жинағының екінші томы жарияланды.

Шабындық, жайылым,  марал шаруашылығы, туристік және рекреациялық мақсатта жер пайдалану, қайың бүрлерін дайындау, балшелек және омарта орналастыру, жеміс-жидектерді жинау, балқарағай жаңғағын жинау сияқты жанама табиғат пайдаланудан Катонқарағай ауданының бюджетіне 105 968 891 теңге түскен.

-Біз Шығыс өңіріне алғаш рет келіп тұрмыз. Бүгін міне, атқа мініп, «Орман жолдары» туристік маршрутымен  жүріп өттік. Шынымды айтсам, пойыздан түсіп қаланы көрген сәттен бастап Өскемен өзінің ерекше әдемілігімен баурап алды. Ал Катонқарағайға жетер жолдағы табиғаттың әдемілігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Бірден бейнебайланыс арқылы үйдегілермен хабарласқанымда олар да Шығыстың табиғатын көріп таң-тамаша болды. Бұған дейін көптеген өңірде болдым, бірақ Шығыстың ғажайып табиғатына, асқар таулары мен нулы орманына, өзен-көлдеріне ғашық болмау мүмкін емес. Табиғи балы мен саумалы қандай! Адамдары да табиғатындай таза, мәдениетті екен. Енді Шығысқа жыл сайын келеміз деп шештік,-дейді әсерімен бөліскен алматылық турист Махаббат Молдахметова.

Қызық дерек

Балқарағай, қызыл қарағай, шырша және қайың – таулы ормандардың төрт батыры, басты орманқұраушы тұқымдар. Әрқайсысының таулы жағдайда тіршілік етуге қабілеті күшті. Бұл ағаштар ұлттық парк орманының 74 пайызын алып жатыр.

 Бас орманшы

Шау қарғаның мойнында арнайы қалташасы бар, онда ол жүздеген балқарағай дәндерін сақтай алады. Бір жазда ол 70 мың балқарағай дәндерін жинап, оларды тау беткейлеріне таратып үлгереді.

 Биіктерді бағындырушы

Қар барысы теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктікте кездеседі. Жалпақ табандары оған қар бетімен жеңіл жүруге, ал ықшам денесі мен құйрығы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Айжанат Бақытқызы

 

Осы айдарда

Back to top button