Ақшатаудың сай-саласын төрт түлікке толтырды

Берікхан ТАЙЖІГІТ, Аягөз
Аягөз өңіріндегі тасы өрге домалап тұрған шаруа құрылымдарының бірі – «Қоңыр» шаруа қожалығы. Ақшатау ауылдық округіне қарайтын бұл қожалық 1995 жылы құрылды. Оған ұйытқы болған – ақшатаулық азамат Айтқазы Ахметов еді.
Ахаңның өмірбаянына сәл тоқталып өтсем. Ол осы Ақшатау ауылында кіндік қаны тамып, осы жерде өсті. Қызылқия орта мектебін бітірісімен екі жыл әскер қатарында болды. Әскерден оралған соң Семейдегі автомеханика техникумында білім алып, оны бітірген соң бірден малды ауыл – Ақшатауға аттанды. Ауылда ол механик болды, автогараж меңгерушісі қызметтерін атқарды. Тіпті трактор, машина жүргізген кездері де болды. Совхоздың таусылып бермейтін қат-қабат шаруасы оны бірде ферма меңгеруші етсе, енді бірде қолына орталық қойма кілтін ұстатты.
– Ескі жүйенің маңызы кетіп, орталықтан қаржы бөлінбейтін қиын заман туды. Содан кеңестік жүйе келмеске кетіп, нарықтық қоғам басталды. Бұрынғы жүйенің қайта келмесін сездік. Сол кезде сәл есеңгіреп қалған біздер ес жиып, алды-артымызды бажайлап алған соң бірден шаруа қожалығын құрдық. Сөйтіп, 1997 жылы мынау жердегі «Байғабыл» деген қыстақты сатып алдым. Алғаш 200 қой, 70 сиыр, 20 жылқымен өз қотырымызды өзіміз қасиық деп бөлек шығып кеттік. Аллаға шүкір, содан бері 25 жыл өтті. Қазір мал басы өсті: қой 3000-ға таяды, сиырдың саны 300-ге жетті. Жылқы басы 200-ден асты, – дейді «Қоңыр» шаруа қожалығының басшысы Айтқазы Ахметов.
Ақтылы қой айдаған Ахаңның малының саны өсіп, енді «Қалибай», «Қоңқақ» деген екі қыстақты сатып алады. Мұны сатып алғаны дұрыс та болған екен, бірден малының да өрісі кеңіп, шаруасы дөңгелене берді. Айт-ағаң басқарған «Қоңыр» шаруа қожалығы бүгінде мемлекеттен беріліп келе жатқан жеңілдіктерді де тиімді пайдаланып келеді. Мәселен, асыл тұқымды қойы мен сиыр малы үшін жыл сайын субсидия алады.
– Жалпы, біздің бабаларымыз ілгеріде қой малының қасиетін жете білген ғой. Тіпті, пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде қой малының жұмақтан шыққандығын, берекенің бастауы екендігін айтады. Қой шаруашылығы – халқымыздың ықылым заманнан бері келе жатқан тарихи һәм дәстүрлі кәсібі ғой. Өткен дәуірде де, бүгінгі күні де қазақтың тұрмысы, тіршілігі күнкөріс көзі осы қой шаруашылығымен тікелей байланысып жатыр деуге болады. Халқымыз да «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөзінде біле білсек өте терең мағына бар. Сол сияқты «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, үшінші байлық – он саулық», деген тәмсіл де осы қой малына байланысты айтылған, – дейді ол.
Қазіргі күні төрт отар қойды қожалықтың тәжірибелі малшылары шашау шығармай бағып жүр. Мал бағуда тәжірибесі бар жігіттер болғандықтан Айт-ағаң да оларға алаңдай қоймайды. Ал «Жылқыны жылқы мінезді адам ғана баға алады», дейді емес пе халқымыз. Жылқы баққан жігіттер де сенім үдесінен шығып келеді. Негізі, Айтқазы ағамыздың екі ұлы да осы қожалықтан бөлініп, өз алдарына енші алған. Рас, Айт-ағаң оларды да сыртынан бір сәт қадағалап, реті келсе ақыл-кеңесін беріп тұрады. Қазір бір ұлы Мерхат Ахметов «Шәрбану», Мұхаметқазы Ахметов «Рахат» шаруа қожалықтарының жұмысын дөңгелетіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, ерлі-зайыпты Айтқазы мен Роза (Рая) екі ұл, екі қыздан әлденеше немере көріп отырған ақар-шақар, тату-тәтті, бақуатты отбасы.
– Біздің ата-бабаларымыздың ежелгі мекені мына Ақсуаттың Көкжыра, Қарақойтас деген жерлері болады, – дейді Айтқазы ағамыз. – Кезінде тым ауқатты адамдар болса керек, алты қанат ақ ордаларына жабыстырып, жапсырма үй тігетін көрінеді. Қазақ қоғамы ол тұста да берекелі ғұмыр кешті ғой. Шалқып отырған елді бір ғана Голощекин келіп, ту-талақайын шығармады ма?! 1932 жылы жер қайысқан малы кәмпескеге түсіп, өздері қуғын-сүргін көре бастаған соң бір-ақ түнде жиналып, арғы бетке ауып кеткен ғой. Қасиет деген адамда ғана емес, малда да болады екен. Малды алуға өкіметтің жандайшаптары мен шолақ белсенділері атпен келген кезде, үйір-үйірдің айғырлары тік шапшып, тарпып, тістеп өздеріне қарсы шауып, бір бас мал бермей қойған ғой. Жылқы малының қасиетін ауызбен айтып тауыса алмайсың шіркін… Бір бас қотыр құлынына дейін қасқырды жолатпайтын мықты айғырлар болған. Содан олар бірнеше күннен кейін қарулы жасақпен келіп, айғырларды атып өлтіріп, үйірлерді алдына салып, әрең айдап алып кетеді… Е-е-ей, бауырым, қазекеңнің басынан не өтпеді десеңші…
Жалпы, Айтқазы Ахметов кеңестік кезеңде де, тәуелсіз Қазақстанда да еңбегімен ел алдында маңдайы жарқырап жүрді. Сол еңбегінің арқасында 1969 жылы совхоз «Урал» мотоциклін берсе, 1974 жылы «Москвич» жеңіл көлігін мінеді. Мәскеудің Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) барады, алтын медаль иеленеді. Ол кезде мұндай құрмет тек өте жоғары нәтижелерге қол жеткізген шопандарға ғана көрсетілетін.
Айтқазы аға мен Роза жеңгеміз бүгінде осы әулеттің бетке- ұстар, ақыл айтар үлкендері. Олар Ахметтен тараған әулетке кір келмеуін, қылаудай шаң түспеуін жан-тәнімен қадағалайды.