Әскерилер донор болуға шақырады
Өскемен гарнизонында әскери техникалық мектептің жеке құрамы ауыр дертке шалдыққан балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек ретінде қан тапсырды.
– Өскемен қаласының қан орталығында донор күнін өткізіп жатырмыз. Бәріміз бірауыздан қолдап, әскери патриоттық тәрбие орталығының тәрбиеленушілерімен бірге қан тапсырдық. Шамамен, 40 адам бардық. Сырқат жандарға қол ұшын беру – адамгершілік қасиет. Ол кез келген адамның қолынан келеді деп ойлаймын. Сондықтан аянып қалмағанымыз абзал. Бұл игі істің нәтижесі адам өмірін аман алып қалуға септігін тигізеді, – деді әскери техникалық мектептің директоры, запастағы полковник Жанболат Молдағалиев.
Бұған дейін облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметшілері, азаматтық персоналдары және №27943 әскери бөлімнің жеке құрамы да ақысыз қан тапсырған болатын. Қан тапсырмас бұрын әрбір донор қан тобын анықтау үшін алдын ала зертханалық тексеруден және дәрігермен әңгімелесуден өткен.
Тасқын Болатұлы