Әскер

Әскери міндетін абыроймен атқарып жүр

Отан алдындағы борышын өтеуді мақтан тұтатын  үлгілі сарбаз Дәуірхан Сейілханұлы өз міндетін Аягөз гарнизонының артиллериялық әскери бөлімінде абыроймен өткеруде.

Былтыр күзгі шақырылыммен Нұр-Сұлтан қаласынан бір жылға әскерге аттанған  жас сарбаз Дәуірхан бүгінде он айды  артта қалдырып, нағыз артиллерист сарбазға айналды. Бұл сарбаз қарулас достары мен командирлерінің алдында ерекше абыройға ие. Бірінші артиллериялық дивизион сержанты Шалқар Баймухаметовтің айтуынша, қатардағы жауынгер Д.Сейілханұлы бір айлық әскери өмірге бейімделетін кезеңде-ақ алғырлығымен және алғашқы АК-74 қаруынан ату кезінде 90 ұпайымен ерекше көзге түсті дейді.

Әскери бөлім басшылығының  назарына жақсы жағымен іліккен жауынгер мерзімді қызметінен кейін алдағы өмірде ел мүддесі үшін қызмет ететін жақсы  азамат боларын сеніммен айтуға болады. Себебі әскери қызмет – ер азаматты үлкен өмірге шыңдайтын, жол сілтер мектеп.

Бір жылдық борышын өтеуге келген Дәуірханның әскери бөлімде алған бүгінгі артиллериялық  білімі жауынгерлік даярлық сабақтарында оң нәтиже беруде. Далалық ұрыс машинасын еркін басқарып, ату сабақтарында  бір снарядты нысанадан мүлт кетірмей, дөп тигізеді.

Осындай жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен үлгілі тәртібі  үшін үлгілі жауынгер атанып, әскери бөлім командирі полковник Тимур Мұхамеджановтан мадақтама қағазын да  алған. Аз ғана уақыттың ішінде жарқын жетістіктерге жеткен қатардағы жауынгердің ата-анасына әскери бөлім арнайы Алғыс хат та жолдаған.

Алғыс хатта Дәуірханның әкесі  мен анасына тәрбиелі, алғыр, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын, әскери қару-жарақтарды шеберлікпен басқаратын азаматты тәрбиелегені үшін алғыс айтылған. Сондай-ақ әскери бөлім командирі жалынды жастың алдағы уақытта ел дамуына лайықты үлес қосатынына сенім білдірген.

«Жігіт болсаң, еліңе қорған бол» деген қанатты сөзді өмірлік ұстаным еткен жалынды жас өз замандастарына үлгі-өнеге көрсете білді. Оның алға қойған мақсаты да айқын. Тәуелсіз елдің рухы биік ұланы бізбен әңгімесінде егемен елді өркендетуге өз үлесін қосуды көздейтінін айтты. Олай болса, жігерлі жастың болашағы жарқын болғай дейміз.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

 

Осы айдарда

Back to top button