7 мамыр – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ерекше күн. Өйткені осыдан тура отыз жыл бұрын мемлекетіміздің Қарулы Күштері құрылды. 2013 жылдан бері бұл дата «Отан қорғаушылар күні» ретінде мерейлі мерекелер қатарынан орын алып, ел көлемінде аталып келеді.
Жалпы, мемлекеттің мәртебесін арттырып, халқының қауіпсіздігін қамтуда құрыштай шыныққан әскердің алар орны ерекше. Осы жылдар ішінде кез келген соққыларға сақадай сай, айбынды армиямыз жасақталды.
Мереке қарсаңында біз облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Қайырбек Қайырқановпен сұхбаттасып, аталған мекеменің тыныс-тіршілігі, жас буынның патриоттық тәрбиесі жайында сөз қозғаған едік.
– Бұл – барша қазақстандықтар үшін ортақ үлкен мереке. Себебі әскері мықты, сарбаздары күшті ел – қуатты ел. Еліміздің қорғаныс саласы осы жылдарда көптеген белестен өтті. Бұл ретте оған біздің департамент те өз үлесін қосып келеді. Қазіргі міндетіміздің бірі – азаматтарды әскер қатарына шақырып, Отан қорғаушыларды сапқа тұрғызу, – деді мекеме бастығы.
Қазір 1 наурызда басталған көктемгі әскерге шақыру науқаны белгіленген межеде жүріп жатыр. Әскери міндетті орындау – Ата заңымызға сай әр ер-азаматтың қасиетті борышы. Он сегіз бен жиырма жеті жас аралығындағы жігіттер мерзімді әскери қызметке баруға міндетті. Қазір бекітілген жолдамаға сәйкес Шығыстың жастары Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберілуде, шекара қызметіне жөнелту аяқталған. Науқан маусым айының соңына дейін жалғаспақ. Барлығы 1100-дей азаматқа шақырту қағазы табысталған.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштеріміз көп санды емес, ұтқыр әрі соғысқа қабілетті болуы қажет екенін атап көрсеткен. Осы мақсатта Қарулы Күштердің әскери құрылымдарына жіберу кезінде азаматтардың мамандығы мен денсаулығы ескеріледі. Мәселен, техникаға қатысты бар жастар сәйкесінше әскер түріне жөнелтіледі. Ал аэроұтқыр әскерлерді жасақтау үшін дене бітімі жақсы дамыған, спортпен айналысатын жігіттер іріктеледі. Сондықтан бұл істе де санға емес, сапаға көбірек көңіл бөлеміз, – дейді полковник.
Бұрындары әскерге аттану үлкен абырой саналатын. Бармай қалуды намыс көретін. Ал қазір де қалып қалуды көздейтін азаматтар бірең-сараң екен, өйткені патриоттық тәрбие беру жұмыстары жолға қойылған. Әр отбасында елжандылықтың іргетасы қалануда. Әскер көрген әкелер ұлдарына дұрыс жол көрсетіп келеді. Жастардың сарбаз атануға деген бетбұрысы өте жақсы.
– Иә, әскер – мектеп. Бозбала бірден есейіп, тәртіп пен талаптың не екенін түсініп, алыстағы туған-туысқандарына, жақындарына деген сыйластығы да нығая түседі. Қолында әскери билеті бар азаматқа жұмысқа орналасу, мамандық меңгеру де жеңілдеу тиеді. Сондықтан жігіттердің өздері де сарбаз атануға мүдделі, – дейді Қайырбек Сайлаубекұлы.
Әрине, Отан қорғауға үлесін қосқысы келетін жастар көбейсе, әскери мамандықтың мәртебесі арта берсе, біз оған әсте қуанамыз. Бұл ретте әскери институттарға жастарды тарту ісін сөз етуге болады. Департамент қызметкерлері мектептерге барып, оқушылармен сұхбат жүргізіп, әскери мамандықтарды насихаттап жүргенін де айта кеткен жөн.
Егемен еліміздің көк туы биікте желбіреп, айбыны асқақтасын дейміз. Ал Отан қорғаушыларымыздың еңбегі әрдайым еленіп, әскери қызметтің мәртебесі арта берсін. Өйткені әскері мықты елдің іргесі бүтін, халқы бақытты…