Әскер

Әскерден қазақша сөйлеп оралған Александр

Өскемен-1 стансасының желілік полиция бөлімінде Александр Терехов атты кезекші инспектор қызмет атқарады. Он жеті жыл бойы құқық қорғау саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан Александр әріптестеріне үлгі. Неге десеңіз барлық құжатты мемлекеттік тілде толтырып, шаһар тұрғындарымен қазақша сөйлеседі. Қазақстанда тұрған әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс деп есептейді. Мектепте, университетте, әскерде, енді, міне, қызметте де тіл білгеннің пайдасын көріп келеді.

– Достарымның дені қазақ болғандықтан тіл үйренуді өзіме мақсат еттім. Оның үстіне, елге, жерге деген сыйластығымды осылай жеткізгім келді. Ең қызығы, Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенде шымкенттік Айдар деген жігітпен бір ротада болдық. Ол орысша бірде-бір сөз білмейтін. Кейін командир сен Айдарға орыс тілін үйрет, ал ол саған қазақ тілін үйретсін деді. Осылайша, бір-бірімізге пайдамыз тиді, – дейді Александр.

Уақыт өте келе қай салада, қай жерде болмасын қазақ тілін білудің тек пайдалы екендігіне көзі жеткен Александр білімін жетілдіріп, тілді тереңдете үйренуді жалғастыра береді. Соның арқасында қызметі жоғарылап, 2006 жылдан бастап патрульдік полицияға ауысады.

– Полиция болу, қазақ тілін меңгеру бала күнгі арманым еді. Арманым орындалып, бүгінде жемісті қызмет істеп жатырмын. Қазақстанда тұратын әрбір ұлттың өкілі қазақ тілін білуі керек деп есептеймін. Тек жеке басы үшін емес, жалпы ұлтқа, мемлекетке деген құрмет үшін де, – дейді ол.

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button