Денсаулық сақтау

Ақеркеге Оңтүстік Кореяда сәтті ота жасалды

Ақеркеге Оңтүстік Кореяда сәтті ота жасалды

2013 жылдың қыркүйек айында біздің облыс әкімі мен Оңтүстік Кореяның «Кангнам Северанс» клиникасы арасында халықаралық әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылған болатын.
Ол меморандум негізінде біздің өңірдің белгілі бір патологиямен дүниеге келген пациенттеріне тегін емдеу мүмкіндігі туған-ды. Ең бірінші болып, осынау өзара әріптестік байланыстың игілігін көрген Никита Коломысов қазір дін аман, мектептегі сабағына барып жүр.
Ал жақында, нақтырақ айтқанда, 25 сәуір күні аталған клиникаға жіберілген риддерлік 14 жасар Ақерке Нұрсұлтановаға сәтті ота жасалыпты. Осыған орай жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников нақты баяндап берді.
– Ақеркенің диагнозы – жауырынның кеуде-арқа тұсындағы үшінші дәрежелі скалиозы. Қазір науқастың денсаулығы қалыпқа түсіп келеді. Енді оның есен-сау оралуын күтеміз. Одан соң Ақеркеге біздің дәрігерлер динамикалық емдеу-көмегін көрсететін болады. Қызының отадан жақсы өткеніне қуанышты әкесі бізге арнайы келіп, алғысын айтып кетті. Ал анасы Альмира Нұрсұлтанова болса қазір Ақеркемен бірге Оңтүстік Кореяда, – дейді облыстың бас дәрігері.
Вадим Овсянников бұған қоса жоғарыдағы меморандум аясында әр жыл сайын екі туа біткен патологиясы бар балалар емделетінін де айтып өтті. Қазір жүрек ентікпесі бар тағы бір бала Корея мемлекетінде бас сүйегіне ота жасатуға дайындалып жатқан көрінеді. Ол сондай-ақ, корейліктер тарапынан осы меморандум шеңберінде жедел жәрдем көліктеріне арналған жабдықтар келетінін де келтіріп өтті.
Жалпы, Оңтүстік Кореямен жасалған әріптестік келісімге сәйкес, біздің облыстың анестезиологтары, кардиологтары, акушер-гинекологтары мен педиатрлары және басқа да дәрігерлері арнайы курстарда оқып келіп, қазір жемісті жұмыс істеп жатыр екен.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button