ӘНШІЛЕР ЕЛ ІШІН АРАЛАП ЖҮР
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» атты жаңа жобаның аясында Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарының аудандары мен моноқалаларында мерекелік концерттер беруде. 13 – 15 тамыз күндері аталған ұжымның солистері өңіріміздің Риддер, Серебрянка, Алтай қалаларында болды.
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз хатшысы Н.Есенгелдінің айтуынша, «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы 2022-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Жобаның мақсаты – өңір тұрғындарына мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өңірлердегі шығармашылық ұжымдар мен әртістерді қолдау, еліміздің ұлттық құндылықтарын дәріптеу. Сондай-ақ ұйымдастырушылар аталған жобаның өңірлер мен елорданың арасындағы мәдени байланысты нығайтатынына сенімді.
Осылайша, үш күн бойы Риддер, Серебрянка, Алтай қалаларының тұрғындары «Қазақконцерттің» солистері Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Шотабаев, Ерлан Рысқали, Раушан Оразбаева, Азамат Жылтыркөзов, Жанна Орынбасарова, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Ардақ Елеусіз, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дарын Құдайберген, Әлібек Әлмадиев, Әйгерім Алтынбек, Салтанат Меңдіғалиева, Дидар Әбдіхалықтың өнерін тамашалады. Сонымен қатар гастрольдік концерттерге алтайлық өнер ұжымы «Зыряночка» би ансамблі қатысты.
Мейрам Екпін