ӨнерТОП

Сыбызғының сазымен жылқы жусатқан күйші

Өнер

 – Арғы жылдардағы аңыз бойынша сыбызғының үні жылқының азанымен үндес шыққан деседі. Мен өзім жас кезімде жылқы бақтым. Сонда қызыл іңір үйіріле бере сыбызғы күйлерін тарта бастағанда өрісте жүрген жылқылар жайыла-жайыла келіп жусап қалатын. Сөйтіп таңбозына дейін бірнеше күй тартып тастайтын едік. Осыған қарап-ақ аңыздың астарында ақиқат бар деуге болады, – деп қайырды әңгімені қарт күйші Кәлек Құмақайұлы.

Тоқсанның төріне шыққан сыбызғышының күйге толы кеудесіне жуықта ғана жарқыратып төсбелгі тағып, «Халық күйшісі» атағын берген болатын. Сол бір рухани шара соңында қарт күйшіден газетімізге сұхбат беруін сұрап, келісімін алған едік. Қаланың іргесіндегі Ұлан ауданына қарасты Баяш Өтепов ауылында тұратын күйшінің шаңырағына ұлы Бауырбек Кәлекұлы алып барды. Біз барғанда ақсақал немерелеріне істеп берген сыбызғысына мейірлене қарап отауында отыр екен. Сазды аспабын аялы алақанымен сипай отырып әңгіме өрбітті.

– Тіс түскеннен бері сыбызғыны да қолға алуды қойдық. Сыбызғышының өнер жолы тісінің беріктігімен байланысты деуге болады. Өйткені тісің түскен күні қолыңнан сыбызғың да түседі. Алтыннан тіс салдырсаң да арықарай күй тарта алмайсың. Сыбызғыдағы сазды үннің бәрі табиғи тіспен тікелей байланысты. Мен сыбызғы тартпағалы біраз жыл болып қалды, – деп қария сыбызғысын әдетінше қызыл иегіне апарып үрлеп қойды.

Сыбызғыдан сазды үн төгіле жөнелер деп ойлаған едік, олай болмады. Оты сөнген пештің мұржасындай гу етіп барып тоқтап қалды. Арғы жағынан ылықсып келген күйді төгілте жөнелтуге тісінің жоқтығы қапалы еткен қарияның ішкі әлемі айран-асыр болып біразға дейін үнсіз қалды. Сол үнсіздіктен соң әңгімені арыдан бастады.

– Бұл бізге бабадан мұра болып жалғасып келе жатқан өнер. Мен өзім 11-12 жасымнан бастап сыбызғы тарта бастадым. Атамыз Делдал деген кісі керей-найманға аты шыққан сыбызғышы болыпты. Әкем де осы бір сазды аспапты жанына серік еткен. Сыбызғыны қолға алуыма әкем онша құлық танытпады. Десе де өзімнің ықыласым зор болғандықтан үйреніп алдым. Бала күнімнен бастап той-томалақта сыбызғы тартып, үлкен өнерпаз атанып сыбызғы күйлерін қазақ даласына дәріптеуді армандадым. Кейін сол бір бала арманның жетегімен «Алыстағы арман» деген күй шығарып орындадым. Осы күй менің болашағыма жол ашты, – дейді күйші.

Сыбызғышының тамағын арнайы аспаппен тексерген

Дала академиктерінен күй үйреніп, өзі де күйші, композитор атанған Кәлек Құмақайұлын 1958 жылы Баян-Өлгей аймақтық драма театры жұмысқа шақырады. Жылқы бағып жон-жотада жортып, табиғатпен сыбызғы тілінде тілдескен дала қазағы алғашында театрда жұмыс істеуді жаны қаламапты. Алайда өнерін өзге жұртқа паш етіп, күйшілік өнердің өркенін кеңге жаю үшін көнуге тура келген.

– Қазіргі Құрманхан Мұхамәдиұлы атындағы драма театрға жұмысқа кіріп, сахара төрінен сахна төріне табан тіредім. Алғашында жаным қаламаған еді, алайда соңына қарай сахна өзіне тарта түсті. Аймақтарды, ауылдар мен аудандарды аралап концерт қоямыз. Шетелдерге де сапарлап барып тұрдық. Ресейдің бірқатар автономиялы Республикаларына, Еуропа елдеріне дейін барып концерт қойдық. Таулы-Алтай, Тыва, Бурятия, Якутия қатарлы автономиялы республикалар мен Мәскеуге барып концерт қойып жүрдік. Одан бөлек Польша, Германия, Чехия, Қырғызстан қатарлы елдерге сапарлай барып сыбызғы үнін тыңдаттық. Оркестрмен бірге тұрғанда сыбызғы үнін айыра алмайды. Ал жеке шығып орындағанда халық шексіз ықылас танытып жатады. Тіпті қайталатып сыбызғы тартқызғандар болды. Әсіресе Еуропа елдері ерекше ынтамен тыңдайды екен. Мәдениеті дамыған елдің өнерге деген құрметі де зор болатынын байқадым. Бірде шетелдіктер сазды әуеннің сыбызғыдан шығып тұрғанына сенбей менің тамағымды дронмен тексеріп көріп, көз жеткізіп қайран қалғандары бар.

Бұл сыбызғының үні саздылығымен қатар ерекше мұңлы болады. Жандүниесінде ауыр қайғысы бар адамдардың ішкі иіріміндегі өксікті суырып алады. Бір жылы театр ұжымымен бірге бірқанша ауылға сапарлай барып концерт қойып қайттық. Сол сапар барысында мен сахнаға шығып күйді тартып бола бергенімде бір әйел өксіп жылап сыртқа шыға жөнелгенін көзім көрді. Артынан естісем қара жамылып, қайғы шеккен жан екен. Ал жылқы күзетте жүргенде сыбызғы тарту арқылы үйір-үйір жылқыны талай рет жусаттық, – дейді қарт.

Келесі кезекте кеудесі аңызға толы абыз қарт бірқанша сыбызғы күйлердің тарихына бойлап, өзгеше өнердің болашақ өрісі жайлы ойын баяндады.

Бұл өнерді меңгергендер неге аз?

– Түркі тектес ұлттар осыған дейін ұмыт қалдырмаған сыбызғының енді құрып кетпесі анық, алайда қарқынды түрде дамып та кетпейді-ау деп ойлаймын. Өйткені сыбызғыны өзгеге үйрету өте қиын. Мысалы, домбыра, қобыз, гитара сияқты аспаптардың үйрету тетіктерін қолмен ұстатып, көзбен көрсете аласың, ал сыбызғыда барлығы қабілет пен талантқа байланысты. Көмей мен тамақтан шығаратын үннің мөлшері мен ырғағын дөп басып айта алмайсың. Одан бөлек тіс те сыбызғы тартуға қолайлы әрі ыңғайлы болу керек. Бұл талаптар барлық ынталы өнерпазда кезіге бермейтіндіктен сыбызғышылардың саны аз болып жатады. Қысқасы талант пен талғамды қажет ететін өнер.

Ал күй аңыздарына келетін болсақ, көбін ұмытып барамын. Жалпы білгенімнің барлығын осы күнге дейін кітапқа қаттап, сыбызғы үнімен баптап жалпақ жұртқа жеткізген болатынмын. Есімде қалған бір-екеуін айтайын. «Жаяу делдал» деген күйдің шығу тарихы жоғарыдағы сыбызғы туралы аңызды айғақтай түседі.

Күйші әрі сыбызғышы Делдал деген атамыз жылқы бағып жүріпті. Бір күні іңірде барымташылар баспалай келіп үйір-үйір жылқыны күзетіп отырған жылқышының әрекетін бағады. Жылқышы сыбызғы үнімен жылқысын жусатып отырғанын көреді біраз уақыт сыбызғы тыңдап көрейік деседі. Сөйтіп сиқырлы үнге алданып отырғанда таң атып кетеді. Келесі таңды тағы да осылай атырады. Үшінші күні қызыл іңір түсе жылқыны қуа жөнеледі. «Қапыда жаяу қалғанымды-ай» деп қапаланған Делдал биік шоқыға шығып сыбызғысын аңырата жөнелтеді. Сонда сыбызғының азаны құлағына жеткені үйір-үйір жылқылар үйіріле кейін қашып, жылқышының қасына келіп тоқтаған екен. Сол бір сазды әуен кейін «Жаяу Делдал» деген күй болып тарихта қалыпты.

Баяғыда көздегені мүлт кетпейтін ағайынды аңшы жігіт болыпты. Бір күні бөкен аулауға шығып інісі үркітіп, ағасы қарауылда қалып атуға келіседі. Алайда інісінің үркіткен аңы айдалаға қашып жоқ болады. Інісін іздеп аңның соңынан түскен ағасы алдында тұрған бөкенді көреді де жалма-жан шүріппені басып қалады. Бауыздап алайын деп жүгіріп барса оқ тиген бөкен терісінен жарғақ киген өзінің інісі екен дейді. Сол бір қапалы қайғыдан кейін аңшы осы «Бөкен жарғақ» күйін шығарған екен, – дейді абыз қарт.

Аңыз кеуде әлі де сарқыла қоймапты. Бірқатар күйлердің тарихын тарқатып берді. Қарияның көп күрсінгеніне қарап кеудесі толған күй ме дедік. Алайда ол күйді түсінер бізде түйсік жоқ. Әлемді жайлаған індеттің кесірінен тоқсан жасы тойланбаған қарияға мемлекет тарапынан әлі де толық құрмет көрсетілмегенін көзқарақты жұрт газеттің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған мақаланың астына жарыса жазған болатын. Алайда атақ арқаламай-ақ тоқсанға келген қария қарттыққа тізгін бермепті. Таяғына сүйенген абыздың аяғын жерге тигізбей алып жүрген ұрпағын көріп сүйсіндік. Бұқар жыраудың: «Тоғызыншы тілек тілеңіз: төреңіз тақтан таймасқа, тоқсандағы қарт бабаң топқа жаяу бармасқа», – дегені осы болса керек.

Кәлек ҚҰМАҚАЙҰЛЫ – сыбызғышы, композитор, Моңғолияның Еңбегі сіңген қайраткері, халық күйшісі. 1932 жылы Моңғолияның Түргін деген жерінде дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы Баян-Өлгей драма театрында оркестр мүшесі ретінде қызмет істеп, флейта, сыбызғы және моңғол халқының сыбызғы тектес лембі деген аспабында ойнайды. 1974 жылы Мәскеу, Варшава, Дрезден, Прага қалаларында өнер көрсеткен. Моңғол халқының «Алтын жұлдыз» медалінің иегері. 1993 жылы Қазақстанға түбегейлі қоныс аударды. К.Құмақайұлының Моңғолияда «Әжен», 1999 жылы Алматыда «Өнер» баспасынан «Сыбызғы сазы» атты күйлер жинағы жарық көрді.    

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button