Сұхбат

Әлібек Асқаров, жазушы: ЕЛОРДАНЫҢ ТІРІ КУӘГЕРІМІЗ

Биыл Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Айтулы мерейтойымыз – халық көптен күткен мерейлі мереке. Тәуелсіздік аясындағы жетістіктің бірі де бірегейі –елордамыздың Алматыдан Астанаға көшуі. Астананың Алматыдан көшуі кезінде Елбасының мұрат-мақсатын халыққа түсіндіріп беруге тырысқан, елеулі еңбек сіңірген ағаларымыздың бірі мемлекет қайраткері, жазушы Әлібек Асқаров еді. Әлібек Асылбайұлы – Катонқарағай ауданының тумасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Дидар газеті оқырмандарының өтініші бойынша жазушы ағамызбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

         – Әлібек аға, Тәуелсіздік – қазақ халқының ерік-жігері десек артық емес. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде халқымыз небір айтулы оқиғаларды, тағдырлы белестерді бастан өткергені белгілі. Осылардың бірі туралы айтып бересіз бе?

– Әрине, біз әсіресе Тәуелсіздік таңындағы оқиғалардың кейбірінің қайнаған ортасында бел шешіп, білек сыбанып жүргеніміз бар, сол оқиғалардың куәгері екенбіз. Санай берсек, ел өмірінде ондай ірі шаралар көп болған екен: Қазақстан халықтары форумы, Ордабасыдағы Төле, Әйтеке, Қазыбек билерді  еске алу күндері, Ұлттық валютамызды енгізген қуаныш, Орбұлақ басындағы аламан жиын, Абай тойы, Жамбыл тойы, Құрманғазы тойы, ел тарихын екшеген, барымызды бағалап, жоғымызды іздеткен атаулы төрт жыл, он жылға созылған «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру, т.б. Тізе бермей, мен осылардың ішіндегі шоқтықты екі оқиғаға ғана тоқталсам деймін.

Оның алғашқысы 1992 жылдың қыркүйегінде Елбасының тікелей бастамасымен өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы еді. Жоғарыда айтқандай, елімізде одан кейін де көп тойлар өтті ғой, бірақ дәл осы алғашқы құрылтайдай той бұрын-соңды болған емес. Құрылтай шын мәнінде шат-шадыман қуанышқа толы нағыз аламан мереке болды. Кезінде тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен аласапыран заманда жоғалтып алған қандастарымыз дүниенің төрт қиырынан жиналып, қолға тиген қазақтың тәуелсіздігін тәу етіп, жүрек жара қуанысып жатты.

Мен қазақтың осы тұңғыш Құрылтай жайында бұған дейін де бірнеше мақала жазып, шама-шарқымша біраз деректі айтқан едім. Дидар газеті үшін соларды тағы бір еске түсіріп, қайталаудың артығы болмас.

Ол кезде біз – Президент аппараты мен Министрлер кабинетінің жауапты қызметкерлеріміз. Құрылтайды өткізуге байланысты жоғарғы бастықтар алдымызға нақты міндеттер қойды. «Қазақстан» мен «Алматы» қонақүйлерінде штаб ұйымдастырдық. Министрліктерден, облыс әкімдіктерінен  көмекке тәжірибелі адамдар сұрап алдық. Содан кейінгі күндердің бәрі Құрылтай аяқталғанша құс ұйқы, түлкі құрсақ шапқылаумен өтті.

Маған «Әуежай бағдарламасы» тапсырылғандықтан, алдымен оның идеологиясын ойластырып, концепциясын жасап, комиссияда бекітіп алу керек болды. Қонақтарды қалай қарсы аламыз? Немен қарсы аламыз? Әрине, әнмен, гүлмен қарсы аламыз. Гүл де, гүл тапсырар қыз да табылады-ау, қандай әнмен қарсы аламыз? «Пәлі, сондай да сұрақ бола ма екен? Әрине, Қазақстанның Гимнімен» десті ақылдасқан ағалардың бәрі де.

– Мына әңгімеңіз керемет екен. Қазақ халқы қонақжай халық дейміз. Сонымен комиссия бекітте ме, ары ғырай не болды?

– Иә, несін айтасың, оңай болмады. Тіпті маған «Әуежай  бағдарламасына» көмекке тағы екі адам қосып берді. Олар Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсен Беспаева мен біздің аппараттың бұрынғы білім бөлімінің жауапты қызметкері, кейін  Талдықорған мемлекеттік университетінің ректоры боп ауысқан Есенгелді Медеуов еді. Үшеуіміз ақылдаса отырып, қандастарымызды «Елім-ай» әнімен қарсы алсақ қалай болады деген ойға келдік. Ел басына күн туған сол бір алмағайып заманда ағайындар осы «Елім-ай» әнімен зар илеп, көкіректері қан жылап кеткен жоқ па еді?.. Ол кезде бодандық дағдыдан, коммунистік санадан әлі арыла қоймағанбыз, комиссияның кейбір мүшелері бұл ұсынысқа оқшырая қарасты. «Бүйректен сирақ шығарғанды қойсаңдаршы» десті бір тобы қызарақтап. «Елім-айы» несі, бәлеге қалып жүрерміз деп үрікті келесі топ. Енді біреулер «күллі әуежайға ондай әнді шырқап берер әншің бар ма, ол әнді қайсысың білесіңдер?» дегендей күдік келтірді. Бұл күдіктің астарында шындық та бар еді. Оған дейін қазақтың сан ғасырлық қасіретін бейнелеген бұл асыл мұрамыз бірде-бір ән кітабына кірмейтін, халықтың зарына толы бұл ғажайып ән бірде-бір әншінің репертуарында жоқ  болатын.

Шүкіршілік, осы арада өзінің ұлтжанды мінезімен  арашаға комиссия төрағасы, вице-премьер Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың  өзі түскен: «Оркестрді әуежайда орнатып көріңдер, «Елім-айды» білетін, оны айта алатын әнші тауып, айтқызып тыңдаңдар, бұл ән қалай шығады екен, біліңдер, дұрыс болса қабылдаймыз» деп кесіп айтып, коммунистік санадан әлі арыла алмай жүрген шенеуніктердің аузын жапты.

Ертесіне артынып-тартынып әуежайға бардық. Әсен Сүлейменқызы апамыз қаланың білдей бір бастығы емес пе, бәрі қолында тұр, не сұрасаң да лезде тауып бере қояды. Апамыздың өзі де іскер азамат екенін бұрын да жақсы білетінбіз. Оркестрді асай-мүсейімен шұбыртып алып келді, оларды ыңғайлы тұсқа, оңтайлы бір бұрышқа жайғастырдық. Әр жерге дыбыс күшейткіш мықты аппараттарды орнаттық. Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Әшірбек Сығаевтан «Елім-ай» үшін Қазақстанның халық артисі Гүлжан Қазақбаеваны сұрағанбыз. Гүлжан апамыз тегі  сырқаттанып қалған ба, Әшағаң бізге сәлем айтып, басқа бір әншіні жіберіпті. Өнерінен айналайын, сол әнші келіншектің  бүгінде есімін де ұмытып қалыппыз… Оркестрмен қосылып «Елім-айды» сорғалатып шырқаған кезде бүкіл әуежай күңіреніп кеткен. Өзі де бір сай-сүйегіңді шымырлатқан құдіретті әуен ғой, естіп тұрған біздің де кеудеміз қысылды, көкірегімізге өксік тіреліп, жүрегіміз көмейімізге тығылды. Құлағымыздың құрышы қанғанша неше қайтара айтқыздық. Ғажап! Қысқасы, гимн емес, осы «Елім-ай» әні жөн екеніне көзіміз әбден жетті.

Соңынан Сауытбек Абдрахманов бастығымыз Үкіметтік комиссия төрағасы Мырзекеңе кіріп, «Елім-айды» дәлелдеп, келісімін алып берді.

Ұшақ жайлап бұрылып келіп белгіленген жерге тоқтады. Бүкіл әуежайды аңыратып, төбе-құйқаны шымырлатып «Елім-ай» кетті әуелей шырқалып.

Басқыштан түрік тақиялы ақсақалдар, ақжаулықты аналар бірі еңіреп, бірі қол орамалдарымен көздерінің суағарын іліп сүртіп түсіп келеді. Жерге жеткен бойда еңкейіп асфальтты сипайды, сүйеді (әуежайда қара жер қайдан болсын). Бір ақсақал тіпті жерге етпетінен жатып қалды. Мауқы басылған соң екі қолынан демдеп, сабыр сұрап  тұрғызып алып кеттік.

Осы ағайындармен кейінірек мен біраз күн бойы  араласып, бірге тұрып, бірге жүргендіктен көбісімен етене жақын  әңгімелескеніміз бар. Бәрінің айтатыны – ұшақ тоқтаған бетте күңіреніп «Елім-ай» шырқалғаны қатты әсер етіпті. Үлкен адамдар қайта-қайта күрсінісіп, әйелдер жағы терезеден қарап сұңқылдап жылап отырыпты. Мюнхендік Шәріп Найман ақсақал «мен алты жасымда туған елім Катонқарағайдан жер ауып кеткенде осы ән құлағымда қалыпты» дейді. Кёлндік Абдрахман Шетин деген қария босқын болып талай белден асып, талай елді басып, ит қорлығын көрген заманда өзіміз де осы әнді жүрегіміз жылап тұрып айтушы едік деп есіне алды.

– Әлібек аға, не де болса ата жұртын аңсап келе жатқан ағайынды ресми Гимнмен емес, «Елім-айлап» қарсы алғандарыңыз дұрыс болған екен. Келген қонақтар қазақ жерін, ата-баба мекенін молынан аралап, сағыныштарын басқан шығар?

– Расымен де, бәрі дұрыс болды. Оның бәрін осы кісілердің жүрекжарды тілектері дәлелдегендей еді. Әлі есімізде, Құрылтайға ертерек келген меймандарды ұшақпен Жезқазғанға жіберіп, ол топ Ұлытау өңірін бір айналып қайтты. Алматыдағы думан-тойдан соң қонақтар түгелдей арнайы пойызға отырып,  Түркістанға барып зиярат етісті. Соңынан бәрі Алматы іргесіндегі «Дегересте» өткен аламан ат жарысын қызықтасып, сайын дала төсіне тігілген киіз үй қалашығында мейман болысты. Соның ішінде әсіресе Түркістан сапарының әсерге толы болғанын білемін. Барарда пойыз бірде-бір стансаға тоқтаған жоқ, Түркістанға қалай жеткенімізді өзіміз де аңғармай қалғанбыз. Қайтар жолда Арыс қаласы әкімінің қиыла өтінгенін ескеріп, пойыздың осы қалада жиырма минут аялдағаны бар. «Сыртқа шығып, бақылау жасаңдар, қонақтарың жоғалып кетіп жүрмесін» деп Мырзатай ағамыздан тапсырма алғасын, барлау жасап  перронға шыққанбыз.

Алаң толы қарақұрым халық екен. Қаланың тайлы-таяғына шейін жиналған шығар дерсің. Тіпті аспалы көпірдің үстіне дейін  иін тіресіп самсап тұр. Көпір мынандай көп елді қайтіп көтеріп тұрғанына таңғалғандайсың. Жиналған халықты перронға оншалықты жақындатпай, араға  қызыл ала жіптер керіп тастапты.  Керме жіптің  бойы қатар-қатар милиционерлер, бізді ары қарай, арғы жұртты бері өткізер түрлері жоқ. Пойыздан түсіп жатқан ағайынға бата-тілек айтылып, шашу шашылып жатыр, байқаймын, перронның үсті құрт-ірімшікке толып кетіпті. Әр жерде әуелеген ән, төгілген күй. Күн жарықтық та өзгеше шуақты, нұрын аямай төгіп, көкте күлімдейді.

Е дегенше жиырма минутымыз да зыр ете түсті. «Отырыңдар, пойыз жүреді» деген ескерту де саңқ ете қалды. Мен керме жіпке таяу тұр едім. Жіптің арғы беті қош-қош айтып шулаған көп халық. Алдыңғы қатарда омыраудағы баласын көтеріп, бір мөлдіреген жас келіншек тұрған. Жастау кезіміз, өзімше қалжыңдап, әлгі келіншек жаққа қарата: «Атажұрттағы асыл ағайын, аман болыңдар, енді қашан келеміз, қашан кездесеміз – бір құдайға аян, қош болыңдар!» деп  бұрыла бердім. Бұрыла бергенім сол еді, әлгі келіншек қолындағы баласын қасындағы біреуге ұстата салып, көз ілеспес шапшаңдықпен  керме  жіптің астынан өте шықты да, ұшып келіп мені бас салғаны. Керме жіпті күзетіп тұрған қырағы милиционерлердің өзі ауыздарын ашып үлгерген жоқ. Мен шошып қалдым. Қарасам – келіншектің жанары жасқа толы, шөп-шөп еткізіп менің екі бетімнен алма-кезек сүйді де, тез бұрылып жүріп кетті.

Өзімнен-өзім жерге кірердей болып ұялып мен қалдым, қылмыс жасап қойғандай қысылып вагонға беттедім.

Жас келіншектің жанарында мөлтілдеген тамшы жас – вокзалда жиналған мынау қалың елдің алыста жүрген ағайын-бауырға деген сағынышы, ақ көңілі, адал ниеті екенін ұқтым.

         Әлібек аға, келесі сұрағымыз, Елорданың Нұр-Сұлтан қаласына көшуі кезінде де сіз ерекше еңбек сіңірген жанның бірісіз. Бәрі қалай басталды, неден басталып еді?

        – Қалай басталды дейсің бе?.. Ел тағдырындағы келесі бір айтулы белес – астанамыздың Арқа төсіне көшуі дер едім. Бұл жаңалық мемлекет өмірінің кемел келешегін айқындаған жарқын кезең болды.

Осы арада бір қызық жағдай есіме түсіп отыр. «Қазақ әдебиеті» газетінде «астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшірсек қайтеді» дегендей сол 1993 жылдың көктемінде шағын ғана пікір басылыпты. Президент Әкімшілігінде отырған біз «газеттің мұнысы несі?» деп аң-таңбыз. Бөлім бастығының біріншы орынбасары Сауытбек Абдрахманов газеттің бас редакторы Оралхан Бөкейді шақыртты. «Ораға, сіздің мұныңыз не?» дейді ғой баяғы сыпайылап. Онда тұрған не бар, жазушылардың газеті емес пе, демократия заманы, пікір айтуға әркім құқылы деп Орағаң қою шашын желпіп тастап, мойындамай-ақ қойған. Артынша үлкен газетте Ержұман Смайылдың осы пікірге қарсы дау айтқан шағын мақаласы шықты. Ел-жұртты қорасына қасқыр кіріп кеткендей шулатқан мақаланың сырын кейін Оралхан ағамыздың өз аузынан естідік. Сөйтсек, оның алдында Орағаң Президентпен шетелдік сапарға барғанында Нұрсұлтан Әбішұлы ұшақ ішінде Оралханды қасына шақырып алып, «сондай бір пікір жіберіңдерші, халық қалай қарайды екен» дегендей ұсыныс жасапты. Барлық бәле сол ұсыныстан басталған екен.

Қысқасы, Парламент Президент ұсынысын қабылдағаннан кейін мемлекеттік органдар Ақмолаға көшуге қауырт дайындала бастаған.

«Алматыдан жаңа астанаға көшкен ең алғашқы  мемлекеттік орган – Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі екені қазір тарихи дерек», – деп жазыппын мен  ертеректе бір естелігімде. Расымен, мен де осы министрліктің екінші басшысы ретінде 1997 жылғы 2 маусымда Ақмолаға бет түзегендер сапында едім. Алматы-2 теміржол вокзалында үлкен митинг болып, қала зиялылары, депутаттар, аузы дуалы ақсақалдар бізге ақ жол тілесті. Әншілер әуелетіп ән шырқап, бишілер мың бұралып би биледі. Ұлан-асыр, шат-шадыман той болды. Осы арада біз қол бұлғасып пойызға міндік, вокзал перронында жиналған қалың көпшілік қош-қош деп қала берісті. Сөйтіп, 1997 жылдың 3 маусымында түстен кейін бала-шағамызбен улап-шулап, бұрын көрмеген Ақмола деген қалаға келіп түстік. Арқа төсіне көшіп келген бізді вокзалдан облыс әкімі оркестрмен, көптеген нөкерлерімен  қарсы алды.

– Естелік демекші, сіз үнемі айтып та жүресіз, Ақмолаға кірген бетте вагонның терезесінен қараған бойда көңілдеріңіз жабырқап сала бергенін. Бастапқыда бәсең көңіл неге орын алды?

– Шыны керек, қала бұрқыраған шаң, қаптаған құрылыс,  маңай толы тарсылдар. «Ару Алматыны тастап осы біз қайда келдік?» дегендей өкініш жүрегімізді тырмалағаны рас. Мынау сұрқай қала мемлекет астанасы болып, аяғынан тік тұрғанша өміріміз жетпестей күйзеліске түсіп, қамығып қалғанымыз рас. Қайта тұра қашатын емес, жауапты қызметтеміз. Көппен көрген ұлы той болған соң тағдырдың жазуына еріксіз мойынсұндық. Ернімізді жымқырып іштен шыдауға да, көнуге де тура келді. Өзімізді көпке дейін іссапарда жүргендей, түбі Алматыға қайтатындай сезініп жүрдік.

Әлі есімде, вокзал алдында қарсы алушылармен амандасып, шүйіркелесіп жатқан кезде сіркіреп жып-жылы жаңбыр жауып берсін… Жаңбыр  ұзаққа созылған жоқ, жарым сағатқа жетпей қоя салды. Бұл жаңбырды сол жерде тұрған жұрттың бәрі «Алланың ақ нұрына» балап, жақсылыққа жорысып жатты. Сол жаңбыр біз үшін шын мәнінде Алланың ақ нұрындай болған екен. Жылдар өте жаңа қала бәріміздің сүйікті мекенімізге айналды. Осы қалада тұрып құдандалы-жекжатты болдық, достар таптық, туыс таптық. Бүгінде Арқа өңіріне судай сіңіп, тастай батқан жағдайдамыз. Қала тарихының тірі куәгеріміз, бұрынғы облыс орталығы қалай мемлекет астанасына айналды, қалай өсті, қалай өнді, гүл-гүл жайнап қалай көркейді. Сол өзгерістердің бәрі әлі күнге  көз алдымызда өтіп жатыр.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Раушан Нұғманбекова

 

 

Осы айдарда

Back to top button