Мемлекеттік қызмет

Әдеп жөнінде жиын өтті

Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ринат Арыстанбек мемлекеттік қызметшілермен әдеп жөнінде жиын өткізді.

Жиынға Күршім ауданы бойынша әдеп жөніндегі уәкіл, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов және мемлекеттік қызметшілер қатысты.  Елімізде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында мемлекеттік қызметшілерге арналған әдеп кодексінің жаңа жобасы әзірленді. Онда адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыруға, мемлекеттік қызмет көрсетудегі ашықтық қағидасының сақталуына басымдық берілген.

– Осы өзгерістерді түсіндіру мақсатында аудандарды аралап, мемлекеттік қызметшілермен кездесулер ұйымдастырып жүрміз. Қызмет барысында кездесетін әр алуан жағдайларды мемлекеттік қызметші өз жұмысы мен абыройына нұқсан келмеуін қадағалап, өздерін дұрыс ұстай білулері шарт, – деп атап өтті бас уәкіл Р.Арыстанбек.

Дөрекелік, бұзақылық, қызметтен тыс уақытта өзін дұрыс ұстамау фактілері мемлекеттік қызметшілер арасында сирек болса да ұшырасып тұрады. Оған қызметтік көлікті өз мақсатына пайдалануды қосыңыз. Осы теріс қылықтардың жиынтығы мемлекеттік қызмет абыройына айтарлықтай нұқсан келтіріп, халық арасында түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Ринат Арыстанбекұлы осындай жағдайлардан респулика бойынша мысалдар келтіріп, мемлекеттік қызмет этикасынан дәріс оқыды. Халыққа қызмет етіп отырған әрбір мемлекеттік қызметші әуелі киім киісін, сөз сөйлеу мәнерін жөндеу керектігін, соған байланысты жалпы көзқарас туындайтынын нақты жеткізді.

Өткен жылы әдеп кодексінің бұзылғандығы жөнінде жиырмадан астам іс қаралған. Биыл ол көрсеткіш әлдеқайда төмендеген. Жиын соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.

                                                                           Е. Үсенов

Осы айдарда

Back to top button