Қадыр Омаров, хирург-дәрігер, профессор: – Туған жерге аңсары ауып тұрады
«Дидар» газетінің бүгінгі қонағы – Ұланнан шыққан хирург, Денсаулық сақтау вице-министрі болған, медицина ғылымдарының докторы, профессор, қазір «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қадыр Тоқтамысұлы Омаров. Ұлан ауданының тоқсан жылдық торқалы тойына келген хирургпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Ұланның суына ештеңе де жетпейді
-Туған жеріңізге келіп, аунап-қунап жатырсыз. Ел-жұртыңызды көріп, мауқыңыз басылған болар?
-52 жыл болыпты елден жырақ кеткеніме. Бірақ туған жерге аңсарым ауып тұрады. Жылда келіп тұрамын. Қай жерде жүрмейін, Шығыс, Ұлан ауданы десе, елең ете қалам, жүрегімді ерекше толғаныс билейді. Менің кіндігімнің қаны мына Медведка тауының етегіндегі Ұранхай деген жерге тамған. Ол жерде кезінде кеніш болды, әкем сонда істеген. Кейін ол жабылып қалды да, біз алдымен Тайынтыға көштік. Тайынты, Асубұлақ, Белая гора, Аюды, Шыбынды, осы елді мекендердің арасы 5-6 шақырымнан басталып, 12-15 шақырымға дейін жетіп қалады, соны жаяу шарлайтынбыз. Өткен ғасырдың 50-жылдары қазіргідей ағылып жатқан көлік жоқ, ат-арбаға мінсең, «волгаға» отырғандай қуанасың. Әсіресе Ұланның суының ерекше қасиеті бар. Осы уақытқа дейін Атлант, Тынық мұхиттарына, теңіздердің неше түрілі суына шомылдым, бірақ мен үшін Ұланның суындай су жоқ. Үйдің жанында ағып жатқан өзеннің шалшық-шалшық, қаздың қиымен араласқан суы керемет еді! Әлі күнге дейін, келген сайын бетімді жуып алам. Бала кезімізде қазіргідей плотина болған жоқ, өзеннің ағысы деген адуынды болатын. Өте алмаймыз. Жаз бойы суға түсіп, қара қайыстай болып күнге күйеміз. Арасында балық аулаймыз. Қол-аяғымыз, табанымыз қамысқа, тасқа сырылған, ол түнде удай ашитыны есімде.
– Тайынтыдан қайда көштіңіздер?
– Әкем жұмыс бабымен Шымқораға ауысты. Тайынтыдағы мектепте төрт сыныптың 10-15 оқушысын бір мұғалім оқытатын. Бір он минутты бірінші сыныпқа бөледі, тағы он минут екінші сынып дегендей, осылайша аралас оқып шықтық. 1966 жылы Шымқорадағы Жамбыл атындағы мектепті бітірдім. Осы жолы келген бойда мектебімнің музейіне кіріп шықтым.
-Кіндік қаны тамған жерге маңдайдың тері де сіңу керек деп жатамыз…
-Сұрағыңызды түсіндім. Денсаулық сақтау вице- министрі болған кезімде Шымқора мен Жанұзақтың емханаларын күрделі жөндеуден өткізуге 66 миллион теңге бөліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттім. Әлі күнге істеп тұр, халық игілігін көріп жүргеніне қуанып қалдым. Облыста алғашқылардың бірі болып кардиохирургия орталығын ашуға көп күш жұмсадық. Өте қымбат ангиограф аппаратын сатып әпердік. Осы жердегі Бруно Рейш деген мықты хирургпен таныс болдым. Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасын бір кездері басқарған Ізмұхаметов деген азамат та Денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезде облысқа көп қолдау көрсетті.
Екі күн әуежайдың ауласында түнедім
– Хирург болу туралы ой сізге қайдан келді?
– Оған түрткі болған «Коллеги» деген фильм. Қарап шығуыңызға болады. Онда жас хирург ауылға жұмысқа келеді. Тура біздің Шымқораның өмірі суреттелген дерсің!.. Маманның не жөнді құрал-сайманы жоқ, біресе жалп етіп шам өшіп қалады, операцияны керосин лампасының жарығымен жасайды, бірде адамдардың өмірін сақтап қала алмайды… Жұмысында көп қателіктер жіберіп алады. Өзімді сол бас кейіпкердің орнына қойып, армандай бастадым. Содан осы мамандықты таңдап алдым.
-Сізге керісінше, қорқынышты болу керек еді ғой. Ешқандай болашағы жоқ дегендей…
– Бірақ жас маман күрескер болды. Соған еліктеген болармын. Менің қалтама 72 сом салып, әкем ұшақпен Алматыға жіберді. Әуежайдың жүк сақтайтын камерасына чемоданымды тапсырдым да медициналық институтты іздеп кеттім. Сол жылы мектепте екі түлек болды, он және он бірінші сынып бітіргендер. Абитуриенттер көп. Қалада не бір таныс, не бір туыс жоқ. Екі күн дәрігерлік тексеруден өткізеді. Кеш бата әуежайға келем. Ол кезде түнде ұшақ ұшпағандықтан ғимаратты түн бетінде жауып тастайды, ауласындағы орындықта ұйықтап жүрдім, милиция да қуады ол жерден. Үшінші күні шыдамайтынымды білдім. Бір студенттерге жолығып, жағдайымды түсіндірдім. Олар Никольск базарынан жеміс-жидек сатып әкел деп жұмсады. Жүгіріп барып, сұрағандарын алып келдім. Мен келгенше қатырып бөлме дайындап қойыпты.
– Талай жауапты қызметтер атқардыңыз. Денсаулық сақтау вице-министріне дейін өстіңіз. Қызмет баспалдағыңыз ешқандай кедергісіз болды ма?
-Мен еңбек жолымды Торғай облысында балалар хирургі болып бастадым. 1973 жылы ашылған жаңа облыс, комсомол жастардың құрылысы қайнап тұрған шақ. Өзім де белсендімін, қоғамдық жұмыстардан қалмаймын. Студент кезімде ғылыми баяндамалар жазып, Мәскеу, Тбилисиге дейін барғам. Үш жылдан кейін Алматыға қайта оралдым. Мені Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы жұмысшы кентіне хирург етіп жіберді. Төрт жылдан кейін, отыз жасымда осы ауданның бас дәрігерінің орынбасары қызметіне тағайындады. Бір жылдан кейін бас дәрігер болдым.
-Тәжірибеден қол үздіңіз ғой?
– Бала кездегі арманым болғасын, хирург мамандығынан бас тартып, таза әкімшілік қызметпен айналысу оңай болған жоқ, әрине. Басында операцияларға қатысып жүрдім. Бір күні ота жасап жатқанымда, ауданның бірінші хатшысы шұғыл іздеп қалады мені. Ол кісі сонда 42 жаста. Операциядан шыққасын «жақсы хирург керек болса, жұмысқа шақыр, өз еркіңде, бірақ мен енді сенің ота жасағаныңды естімейін» деп қатаң ескертті. Орда бұзатын жастамын, етім тірі, қызметіме қызығушылықпен кірісіп те кеттім. 1979-1989 жылдар аралығында кенеп комбинаты, жұмысшылар кенті бар үлкен ауданның тұрғындарына қызмет көрсеттім. Халқы тығыз орналасқан, 100 мыңның үстінде, 54 дәрігерлік ұйымы болды. Он жылдың ішінде 17 жаңа емдеу мекемесін салғыздым, сол кездегі алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз еттім.
Армениядағы зілзала зардаптарын көзіммен көрдім
-1988 жылы Арменияда болған он бір балдық жер сілкінісінде зардап шеккендерге көмек көрсететін «Денсаулық» медициналық-санитарлық пойызын өзіңіз бастап барғаныңызды білеміз.
-Армения халқы үшін өте ауыр күндер еді. Спитак қаласы жер бетінен бір сәтте жоқ болып кетті. 1987 жылы сәуірде 1000 орындық клиника пайдалануға берілген еді, сол аурухана науқастарымен бірге жермен жексен болды. Ленинакан қаласына тоқтадық. Осы зілзалада 26 мың адам қайтыс болып, 140 мың тұрғын жарымжан болып қалды. Зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету мақсатында 150 орындық жылжымалы кешен жабдықталды.
Ішінде зертханасы, рентген кабинеті, процедуралық бөлме, кіші операция бөлмесі, асханасы, медикаменттер сақтайтын қоймасы, моншасы болды. Сол жылы Арменияда қыстың тым ерекше қатты болғанын жергілікті тұрғандардан білдік. Желтоқсан-қаңтар айлары, байғұс тұрғындар біздің вагондарды келіп паналайды. Ыстық-суық суы, дәретханасы ішінде ғой, әйтеуір. Біз үлкен операция жасаған жоқпыз, ауыр науқастарды Ереванға жіберіп жаттық.
Францияда тұратын ұлты армян Шарль Азнавур деген әншілері палаткадан дәрігерлік қалашық салып берді, бірақ аяз шыдатпағанда бізге келетін.
Команда мүшелері 45 күнде ауысып тұрды, мен негізгі командамен қала берем. Жарты жылдан кейін қайттық. Ол кезде он бес бауырлас республиканың ешқайсысы да сырт қалмай, барынша көмектесті армян халқына.
Әкемді мен үшін КГБ шақыртыпты
– Отбасыңыз жайлы айтып беріңізші.
– Әйелім , бір қызым, немерелерім бар. Студент кезімде қоғамдық жұмысқа көп араластым, құрылыс отрядтарының басшысы болдым. 1971 жылы менің отрядым бірінші орын алып, студенттік делегацияның құрамында шетелге шығатын болдық. Содан мынадай қызық болған. Менің әкем ұста еді. Шымқорада. Қарапайым шаруа адамы, шешем үй тірлігінде, оқыған оқулары жоқ. Бір күні ауылдық совет әкемді шақырып алып, «сені аудан орталығына (Никитинка) КГБ шақырып жатыр, сағат сегізде сонда бол» дейді. Үш әріптен қорқатын заман, әкем байғұс түні бойы көз ілмей шығады. Содан таң атар-атпаста, бестен тұрып, аудан орталығына, әлгі мекемеге барады. Бір сағат тосып, бастығына кіреді. Ол салған жерден «Омаровсыз ба ?» деп сұрайды. «Иә» дейді кібіртіктей. «Омаров Қадыр деген балаңыз бар ма?» дегенде, жүрегім тоқтап қала жаздады» деп есіне алатын әкем. «Бар…». Содан тергеп, мен туралы бар мәліметті сұрап алады. Аяғында «Балаңыз молодес, шетелге бара жатыр» деп тоқтайды. Венгрия, Польша сияқты социалистік елдерді аралап келдік, жастармен кездестік. Жастар бас қосқан жерде алау жағу, гитарамен ән айту. Романтикаға толы жетпісінші жылдар! Мектеп қабырғасында гармошка, баян тартып үйренгенбіз. Сонда ешқандай нотасыз, тек музыкалық түйсікпен ойнаймыз. Композиторлар, бард әншілер шетінен саяхат, гитара мен алау туралы әндер шығаратын. Қызығы мол жылдар еді.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы