Адамға бала сүю – бір бақыт…
Айна Ескенқызы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде 2021 жылы “Аңсаған сәби” бағдарламасы басталған еді. Президент 2026 жылға дейін созылатын жоба аясында экстракорпоральды ұрықтандыруға квота санын жеті есе көбейтіп, жыл сайын 7 мыңға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Ал оған дейін экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы тек тегін медициналық көмек көлемінде жүргізіліп келген. Алайда қаржыландыру көлемі аз болғандықтан, жылына шамамен 900-1000 квота ғана бөлінген-ді.
«АҢСАҒАН СӘБИДІҢ» ТҰҢҒЫШЫ
“Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында алғашқы нәресте Алматы қаласында дүниеге келді. Отбасын құрғалы тоғыз жыл бойы бір перзентке зар болып жүрген Дана Өмірбекова 2021 жылдың 15-қазанында тұңғышын бауырына басты. Бұған дейін де әртүрлі ем-дом қабылдап жүрген Дана аяғы өз бетімен жүкті болудан күдер үзіп, экстракорпоральды ұрықтандыру әдісімен бала көтеруге бел буады. Осы процедураға үш жыл кезекте тұрған жұп Президентіміздің квота бөлгенін естіп, бірден репродуктивті медицина институтының клиникасына келіп, өзінің алғашқы мүмкіндігін пайдаланған. Жасанды ұрықтандырудың басы-қасында болған РМИ клиникасының репродуктолог-дәрігері Аяулым Қосетова сол кезде орталық БАҚ беттерінде берген сұхбатында «Дана ақпан айында жүкті болып, 15 қазанда дені сау ұл баланы дүниеге әкелді. Салмағы – 3156 гр, бойы – 52 см» деген болатын.
Дана Өмірбекова ем іздеп, бармаған жерлері жоқ екенін айтқан.
– Басқа орталықтардан да ем алып жүрдік. Квотаны РМИ-ге берді, бірінші талпыныстан жүкті болдым. Қаншама жылдан кейін ата-ана атанғанымызға өте қуаныштымыз. Бақыттымыз. Бағдарламаны жариялаған Президентке, РМИ-ге, барша дәрігерлерге алғыс айтамыз. Квота көбірек бөлініп, біз секілді сәбилі отбасылар көбейсе екен дейміз. Баламның денсаулығы жақсы. “Қаншама жыл армандап жеттің ғой” деп есімін ата-әжесі Арман деп қойды”, – деген Дана Өмірбекова.
Шығысқа екі жылда 738 квота бөлінді
2022 жылы өңірде осы бағдарламаның арқасында 212 нәресте дүниеге келді. ШҚО бойынша отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші Надира Слямханова “Аңсаған сәби” бағдарламасына қатысуға шешім қабылдаған баласыз ерлі-зайыптылар үшін МӘМС есебінен экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасына квотаны қалай алуға болатындығы туралы айтып берді.
2021 жылы 250 шығысқазақстандық әйел экстракорпоральды ұрықтандыруға жолдама алып, 101 әйел бала көтерді, 86 отбасы сәби сүю бақытына ие болды. Өткен жылы Шығысқа осы бағдарлама шеңберінде ЭКҰ әдісіне барлығы 488 квота бөлінген еді. Олардың бір бөлігі қазір бөлініп шыққан Абай облысының үлесіне тиді.
Аймақта былтыр бала сүйе алмаған 792 жұп тіркелген. Квота бойынша 293 жұпқа экстракорпоральды ұрықтандырудың (ЭКҰ) рәсімі жүргізілді, 141 әйел аман-есен босанды. Қазір 122 әйел экстракорпоральды ұрықтандырудан кейінгі жүктілік бойынша есепте тұр.
2023 жылы өңірде 777 бедеу жұп тіркелді. Олардың 239-ында “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында ЭКҰ алу мүмкіндігі бар, өйткені биыл өңірге сонша квота бөлініп отыр.
Бұл статистикалық мәліметтерге келгенде, мынаны ескеру керек. Егер квота 2021 жылдың ортасында не аяғында бөлінсе, әйел бала көтергенімен, нәресте дүниеге 2022 жылы келуі мүмкін ғой. Екіншіден, жасанды ұрықтандыру кезінде егіз, үшем туатын жайттар кездеседі. Сол себепті жүкті болған әйелдердің саны мен туған нәрестелердің көрсеткіші сәйкес келе бермейді. Маманның айтуынша, бағдарламаға кіру қиын емес.
Облыста «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы 250 әйел экстракорпоральды ұрықтандыруға жолдама алып, 101 әйел бала көтерді, 86 отбасы сәби сүю бақытына ие болды. 2022 жылы квота бойынша 293 жұпқа экстракорпоральды ұрықтандырудың (ЭКҰ) рәсімі жүргізілді, 141 әйел аман-есен босанды. Қазір 122 әйел экстракорпоральды ұрықтандырудан кейінгі жүктілік бойынша есепте тұр. Бір процедураға бір миллион теңге шамасында қаражат жұмсалады.
Бағдарламаларға қатысты сұрақтар
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бағдарлама бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қатысушы міндетті түрде Қазақстанның азаматы болуға тиіс және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек.
Ол талаптарға келсек, болашақ ананың репродуктивті жасы 18-ден 42 жасқа дейін болуы керек, соматикалық және эндокриндік көрсеткіштері нормадан аспауы тиіс және
фолликулярлық резервтің жоғары болуы шарт. Сондай-ақ бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді.
– Биыл бағдарламаға қатысушыларға 42 жасқа дейін деген шектеу қойылды, бұрын 49 жасқа дейін қатыса алатын. Өйткені әйелдердің ресурстары туралы естен шығармау керек, жылдар өткен сайын аналық без қоры азая береді, – деп түсіндірді Надира Слямханова.
Қандай жағдайда квота берілмеуі мүмкін?
Үміткер әйелді жан-жақты медициналық тексерістен өткізгеннен кейін дәрігерлер кейбір жағдайларда экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Мысалы, жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары анықталса, соматикалық және психикалық бұзылулар белгілі болса, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген онкологиялық аурудың белгісі және
денедегі қатерлі өскіндер анықталса, онда жасанды ұрықтандыруға рұқсат берілмейді.
ЭКҰ-ға жолдаманы қалай алуға болады?
Бағдарлама аясында ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен пациент тіркелген жері бойынша емханаға баруға міндетті. Сол жерде учаскелік дәрігер үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді.
12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді “Емдеуге жатқызу бюросы” порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Пациент экстракорпоральды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды.
Жылына неше рет тегін ЭКҰ жасатуға болады?
“Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында МӘМС бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жылына бір рет тегін жасалады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда әйел қайтадан кезекке тұра алады.
Жасанды ұрықтандыру процедурасын елімізде қанша ұйым жасайды?
Биыл бұл қызметтерді еліміздің жеті өңірінде – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл және Қарағанды облыстарында орналасқан 19-ға жуық медициналық ұйым МӘМС аясында тегін көрсетеді. Оның 18-і – жекеменшік ұйым.
Клиниканы өз бетінше таңдауға бола ма?
Пациент экстракорпоральды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. ЭКҰ қызметтерін көрсетушілердің тізімімен Қордың ресми сайтында “Науқас үшін” бөлімінде, әрі қарай “Клиника таңдау” батырмасын басу арқылы танысуға болады.
Бағдарлама қашанға дейін жалғасады?
“Аңсаған сәби” бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасады. Соның аясында жыл сайын жеті мың квота бөлініп тұрады. Үміткерлерге донорлық аналық және аталық ұрықты пайдалануға мүмкіндік беріледі.
– Көп қиындықтан өтіп, аяғы жүкті болғанын сезінген әйелдердің қуанышында шек болмайды. Алайда жүктіліктің оң сынағын алу жеткіліксіз. Дәрігерлер үшін де, болашақ аналар үшін де жүктіліктің қауіпсіз аяқталуы, аман-есен босануы маңызды. Сондықтан бойына бала біткен әйелдер ЭКҰ процедурасынан кейін босанғанға дейін үнемі мамандардың бақылауында болады, – деп түйіндеді Надира Слямханова.
Айтпақшы, РМИ-де 1996 жылы ЭКҰ арқылы дүниеге келген Алеся Шин 2019 жылы табиғи жолмен баласын босанды. Сондықтан мамандар «жасанды ұрықтану жолымен өмірге келгендер балалы бола алмайды» деген мифті жоққа шығарады.
Егер оқырмандарда осы бағдарлама бойынша сұрақтар туындаса, оларды өз емханаңыздағы емделушіге қолдау көрсету қызметіне хабарласып, сұрауға болады. Егер жергілікті жерде көмектесе алмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ыңғайлы байланыс арнасы арқылы өтініш жіберуге болады: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.