Тылсым дүние

Адам кейпіндегі құбыжық

Адам кейпіндегі құбыжық

Осыдан үш жыл бұрын өмірдің жаңа баспалдағына қадам басқан Айым өзі бұрын көрмеген, тек елден естіп жүретін қалаға оқуға келеді. Бірақ ауылдың қарапайым қызы қалаға келісімен, өмірінің мүлдем басқа арнаға бұрылып кетерін білмеді.
Басқа студенттермен бірге ол да университет жатақханасына орналасты. Мінезі де, сөзі де салмақты, ақжарқын бойжеткен құрбыларымен емен-жарқын араласып, тез тіл табысып кетті. Бір бөлмеде тату-тәтті тұрып жатқан дос қыздарға сыртынан қызыға қарайтындар да болды. Алайда, арада біраз уақыт өткенде, Айымның мінез-құлқы өзгере бастайды. Қашан да күлімсіреп жүретін мейірімді жүзінде қаталдық байқалып, кейде жеки сөйлеп, ал кейде үнсіз қалатынды шығарды. Оның бұл мінезін жақын құрбысы Жанар да түсіне алмай қиналды. Көңілі соғып әңгімелесе қалғанда, Айым белгісіз бір жан туралы айтумен болды.
Бірде бөлмеде Айым мен Жанар қалған. Жүрегі бірдеңені сезген Айым құрбысына «ертерек ұйықтайық» деп өтініш айтты. Жанар оның бұл сөзіне онша мән бермеген. Қас қарайған сайын, Айымның мазасы кетті. Қаперінде ештеңе жоқ, басқа бөлмеде тұратын қыздарға барып келуге дәлізге шыққан. Жанардың көп ұзамай жанұшырған дауысы естілді. Бөлмесінен атып шыққан Айым еденде сұлық жатқан құрбысын көреді де, дереу жедел жәрдем шақырады. Дәрігерлердің айтуынша, қатты шошынған Жанар мүлде сөйлей алмайтындай ауыр дертке шалдыққан екен. Тіпті, адам болып өмір сүруі де екіталай деген мамандар. Жүйкесіне зақым келген бойжеткен содан бастап ешкімге түсініксіз өзге бір әлемде өмір сүре бастайды. Көп ұзамай Жанар оқудан шығып, құпиясы ашылмаған сырқатты арқалап, ауылына қайтады. Туған жеріне табаны тиген науқас қыз араға апта салып қайтыс болады.
Жақын құрбысы Айым болған жағдайды түсінбеді. Алайда, сол оқиға болған күннен бұрын оның түсіне құбыжық адамның Жанарға төнген қорқынышты көрінісі енген еді. Ол кезде Айым түске аса мән бермеген. Арада бірнеше күн өткенде әлгі құбыжық мұны да мазалауды шығарады. Бір күні ұйықтап жатқанда, сумаңдаған сұп суық қол қызды алқымынан буындыра түседі. Көзін әрең ашып, қылғындырған қолдан құтылған Айым болған жайтты ешкімге тіс жарып айтпайды. Өйткені, қатты қорқады.
Сөйтіп жүргенде, бұл оқиға тағы да қайталанады. Тас қараңғы түндердің бірінде енді ғана көзі ілінген Айым кенет төсегінен тұрып ұйқылы-ояу қалпында дәлізге қарай шыға жөнеледі. Сол кезде қасында бірге тұратын қыз бұған аса мән бермеген. Басқа бөлмедегі құрбыларына кеткен болар деп ойлаған. Бірақ Айым сол кеткеннен қайтып оралмайды. Ал адам кейпіндегі құбыжық туралы әңгіме жатақхана тұрғындарының арасында енді ғана айтылып жүр. Өйткені, сол оқиғаны көзімен көрген адам мұны үш жыл бойы тіс жармай сақтап келіп, енді ғана айтты.

Гүлден Шәкәрімова

Осы айдарда

Back to top button