«Адалдың» жұмысын оң бағалады
Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына жұмыс сапарымен келіп, «Адал» дүкендер желісінің, Абай театрындағы және Орталық саябақты жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Айта кету керек, биыл 2 сәуірден бастап қала әкімдігі «Адал» супермаркеттерімен және «Адал-фарм» дәріханаларымен бірлесе отырып, қарттар мен мүгедектерге ең қажет заттарды жеткізуді ұйымдастырды. Ол үшін 52-12-12 нөмірі бойынша қоңырау шалып, тапсырыс беру жеткілікті. Азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді жастар ресурстық орталығының еріктілері керекті мекенжайға жеткізіп береді. Тапсырысты аптасына бір рет жасауға болады. Байланыс орталығының мамандары тапсырыстарды таңертеңгі жетіден бастап кешкі 19.00-ге дейін қабылдайды. Сәуірдің екінші күнінен бастап бүгінгі күнге дейін жалпы 1200 тапсырыс қабылданды. Аймақ басшысы супермаркет жұмысын оң бағалады.
– Егер біз өз балаларымызды және немерелерімізді сақтағымыз келсе, олардың бақытына қуанғымыз келсе, онда біз қатаң оқшаулауды сақтауымыз керек. Көлік санының айтарлықтай қысқаруына қанағаттанушылықпен қараймын, бірақ оны одан да қысқарту керек. Біз таңдаған әдіс оқшаулау сақинасын санаулы минуттарда қысуға мүмкіндік береді. Қалаға қажетсіз шықпай, сақтаныңыз. Бұл – коронавируспен күрестің жалғыз және басты әдісі, – деді аймақ басшысы.
Театрда облыс басшысын қарсы алған директор Яков Горельниковтың айтуынша, бұл ғимаратта күрделі жөндеу ондаған жылдар бойы жүргізілмеген.
– Біз Абайдың 175 жылдығына орай театрды жөндеу жұмыстарын бастадық. Облыс әкімі Даниал Ахметов облыстық бюджеттен қаржы бөлді. Мұнда ақтау және сырлау жұмыстары жүріп, жаңа санитарлық тораптар орнатылды. Сонымен қатар жарық және дыбыс аппаратурасы сатып алынды. Бұдан бұрын облыс әкімі «Газель» көлігін сыйға тартқан еді. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарына 198 млн. теңге бөлінді, – деді Яков Горельников.
Театрдың ескі қаптамасы алынып тасталыныпты. Оның орны заманауи қаптама орнатылмақ. Сондай-ақ ғимараттың жарықтандырылуы да жаңартылады. Көрермендердің сұрауына орай театрдың жанында ағаштар отырғызылады, сондай-ақ баспалдақтар мен жабу плиталары да ауыстырылады.
– Ғимарат ішінде екінші қабаттың фойесіне күрделі жөндеу жүргіземіз. Жиһаз, түстер гаммасы, дизайнерлік шешімдер есебінен фойенің интерьері айтарлықтай өзгереді. Сонымен қатар көрермендер залы боялып, міндетті түрде еден жабынын ауыстырып, ауаны баптау жүйесін орнатамыз. Сонымен қатар сахнаның жаңа ағаш жабыны пайда болады. Әртістер үшін гримеркаларда жөндеу жүргізіледі, – деп атап өтті Яков Горельников.
– Алабажақ түстердің қажеті жоқ,-деп ескертті облыс әкімі, – колористиканы сақтаңыздар. Металл қоршаулардың безендірілуіне назар аудару керек. Біз бұл жерде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз, сондықтан дизайн мәселесі таяу уақытта шешіледі деп үміттенемін.
Театрдың шығармашылық құрамы ТЖ режимін енгізуіне байланысты әзірше мәжбүрлі демалысқа шықты. Бірақ жұмыс тоқтаған жоқ. 15 күннен кейін көрермендер онлайн-режимде «Ревизор» қойылымын тамашалай алады.
Жаңа көше Орталық саябаққа жақындап, Ыбыраев көшесінен бастау алмақ. Ол Мәңгілік ел көшесі жанымен бірнеше жүз метрге дейін созылып жатыр. Орталық саябақтың өзінде де қазіргі уақытта жұмыстар қызу жүруде.
– Мұнда серуендеп жүрген жастар туған жердің де қадір-қасиетін сәулет арқылы тануы тиіс,-деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Облыс басшысының айтуынша, жаяу жүргіншілер көшесін салудың басты мәселелердің бірі-қызықты дизайн.
– Адамдар атмосфераның өзгеруін сезінуі керек. Бұған дизайнерлік шешімдер көмектеседі. 1-інші шілдеге дейін көшені толықтай жасап бітіру керек, – деп тапсырды облыс әкімі Даниал Ахметов.
Ал Орталық саябақты аралап көрген Даниал Ахметов қайта жаңарту жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды. 2020 жылдың 1 маусымына дейін саябақ дайын болуы тиіс.
Раушан Нұғманбекова
Семей.