Абылайхан Оспанов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері»: – Ел мен жердің қадірін жете білемін
Осынау сымбатты келген аққұба өңді жігіт ағасы бәрімізге: «…Жол жүрем бүгін, тағы да бүгін жол жүрем, Ел жаққа барам, жүрегім ел деп елжіреп.
Ауылдың суы, ауылдың нуы аңсатты.
Күйбең тірліктің дүрбең шулары шаршатты…» деген жыр жолдарымен жақсы таныс. Жүрекке жылылық әкелер жағымды қоңыр дауысқа бірден елең еттік, иесін іздедік. Бүгінде елімізге танымал әнші Абылайхан Оспановты Аягөзде кездестіріп, сұхбаттасқан едік.
МЕН ҮШІН ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАРЛЫҚ ЖАҒЫ БІРДЕЙ
-Әбеке, Шығыс Қазақстанға қош келдіңіз. Ел жаққа барам деп жүріп, жолыңыз шығысқа түсіпті. Жалпы, жолға жиі шығасыз ба?
-Рақмет. Жолға жиі шығамын. Осы қазір Үржар жақтан келе жатқан бетім. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының Хантағы деп аталатын елді мекеніненмін. Көршілес Ресейде көп жүрген қазақ болғандықтан, атамекенімді, елімді сүйем, қадірін жете білем деп ойлаймын. Мен үшін Қазақстанның батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі бірдей. Сондықтан ел дегенде, қазақ деп түсінген жөн.
-Ресейде оқыдыңыз ба?
-Жоқ. Мен Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы мәдениет институтында хор дирижері мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Кейін осы институтқа қарасты «Қазына» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде әнші болдым. Гректің (біз жақта грек ұлтының диаспорасы болған) «Аллегро» джазды-симфониялық эстрадалық ансамблінде ән салдым. Джаз стилінде ән шырқадым. Ресейде «Мұрагер» атты қазақ жастар орталығында (диаспорасында) мәдениет жөніндегі кеңесші болып қызмет еттім. Жалпы, мен – Ресейдегі қазақ диаспорасының көшбасшысы Жәнібек Орынбасарұлы Елекбаевтың қолдауын көп көрген адаммын. Негізі , Ресейдегі белгілі продюсер Назым Надировтың тікелей шақыруымен біршама жылдар сол жақта қызмет еттім. Шынын айтқанда, әлі де сондамын. Сөздің ыңғайы келген кезде айта кетейін, бүгінгі қоғамда Жәнібек Орынбасарұлындай ұлтын сүйетін, ұлтына адал қызмет жасай алатын жан аз. Мұны менің шын жан сырым деп түсініңіз.
Ренат Ибрагимовтың концертін жүргіздім
-Бір орыс ұлтының өкілі жоқ, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылынан шыққан Абылайхан Оспановтың Ресей астанасында конферансье болғаны жайлы айтып беріңізші.
-Мәскеудің «Космос» концерт залында белгілі әнші-композитор, Татарстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ренат Ибрагимов ағамыз жеке концертін бермекші болып, соның жүргізушілігіне мені қалады. Мен ыңғайсызданып: «Ренат Исламұлы, менің акцентім бар. Ұят болар», деп қипақтап едім, ол кісі: «Ештеңе етпейді. Ары кетсе, сені татар ұлтының өкілі деп қабылдар», – деп болмағасын концертті жүргізгенім бар. Әрине, бәрі де тамаша өтті. Ол кісі риза болып, қолымды қысты. Бұл да болса, өнерде шекара жоқ деген қағиданы айғақтап тұрған жоқ па…
-Сіз өзіңіз бірінші дауыста ән салып тұрып, домбыраңызға екінші, үшінші, төртінші дауыста сүйемелдете алатын бірден-бір әншісіз. Естуімізше, Ресейде «Человек-оркестр» деген атақ алыпсыз… Жалпы, әншілік арғы аталарыңызда болды ма?
– Абай атамыз айтпақшы, «өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Әу демейтін қазақ жоқ қой, ата-анамыз жиын- тойларда ән салатын. Негізі, шешемнің шешесі Заяр Арысбайқызы деген апам – суырыпсалма ақын болған адам. Сондықтан өнер бізден алыс болмаған сияқты. Ал енді сұрағыңызға келсем… иә, домбырамен бірінші дауысты ұстап отырып, бірнеше дауыста ән сала беретінім рас. Бір концертімнен соң белгілі әнші Бекболат Тілеухан таңғалып: «Ғажап! Ғажап!» деп басын шайқай берген. Ал енді заманымыздың күміс көмей әншілері Роза Рымбаева мен «Дос-Мұқасан» эстрадалық ансамблінің мүшелері бірауыздан маған «Бір өзі – бір оркестр» деген атау берген. Мұны енді жай сөздің ыңғайы келген соң айтып жатырмын. Әйтпесе, мақтансүйерлердің қатарынан емеспін. Ал өзім ауылда екінші сынып оқып жүрген кезден бастап-ақ жаңа түскен келіннің бетін аштым. Той иелері қызық көре ме екен, домбырамды сүйреткізіп алып келіп, бет аштырушы еді. Ақыры, 9-10 сынып оқып жүргенде кәдімгідей кәсіби түрде беташар айтып, асаба болдым. Әлгінде айттым, Кентаудағы Пушкин атындағы орта мектепті, сондағы Сейдолла Бәйтереков атындағы музыка мектебінің домбыра класын қоса тәмамдадым. Әкем Әлкен Кентау қаласында шахтер болды, анам Күнжан кітапханашы еді. Олардың екеуі де бақилық болған. Кейде ата-анамды сағынып, оларға қандай жақсылық жасай алдым, тірісінде қандай ұшпаққа шығардым деген ойлар келеді. Әйтеуір, көңілге медеу боларлығы, анамды Меккеге қажылыққа жібергенім. Әйтпесе, анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, аналық парызын өтей алмайды екенсің…. Бұл енді тәрбие, ата-анаға деген құрмет қой. Жалпы, өзімнің әзіл-қалжыңға бейімділігіме қарап, атам Оспан ақсақалға тартқанмын ба деймін. Бірде атам дастархан басында отырып: «Бір келінім де реңді болмады-ау! Тұқым бұзылар ма екен!?» – деп жорта күйзелсе, өжет келіндерінің бірі тұрып: «Ата, алдымен балаңыздың түріне қарап алсаңызшы!» – дегеннен бері ол кісі бұл туралы ләм-мим деп жақ ашпайтын болыпты… Бір қызығы, құдай тағала жүрген жерімді той-думанға айналдырған екен. Әскери борышымды 1985-87 жылдары Ресейдің Орынбор қаласында өтедім. Орынборда қазақ көп. Қазақ жүрген жер қашан да ән мен жырға бөленген. Сенбі-жексенбі күндері үнемі сол жақтағы қазақ қандастарымның арасында той басқарып, ән салам. Тіпті, солардың ортасында ән салып жүрген мен туған жеріме де демалысқа келе алмадым…
Құралай Сәтмұхамбетовамен шығармашылық байланыстамыз
-Сіз «Елге сапар» деген әніңізбен дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөлендіңіз. Бұл әнді қалай таңдап алдыңыз?
-Бұл әнді жазған – белгілі композитор Құралай Сәтмұхамбетова деген апайымыз. Ал сөзін жазған танымал ақын Ибрагим Иса болатын. Әнді алғаш эстрадамен орындаған – Гүлжазира Нұрпейісова деген тамаша әнші қарындасымыз. Әннің табиғаты өзіме етене жақын болғандықтан ба, бірден жүрегіме ұялады. Бұл, бәлкім, менің көп жылдар елден жырақта жүргендігімнен де болар. Бәлкім, менің де етжақындарымның әлі де ауылда болғандығынан ба екен, кім білсін… Жалпы, Құралай Сәтмұхамбетова апайымыздың осыған дейін де жазылған көптеген әндері әлі де жұрт аузында жүр. Мысалы, «Аппақ гүлдер», «Арман-ай», «Сені көргім келеді де тұрады», т.б. әндері күллі қазаққа белгілі. Айта кетер бір жайт, мен – композитор апайымыздың «Аппақ гүлдер» әнінің тұңғыш орындаушысымын. Сонау тоқсаныншы жылдары хитке айналған бұл әнді осы күнге дейін сүйіп айтушылар мен тыңдаушылар жетерлік. Бұл да орындаушы мен ән авторының үйлесуінің жемісі деуге болады. Жалпы, көптеген әншілер секілді мен де әннің өз мәтінімен үйлесіп тұрғанын қалаймын. Жайы келсе, композитормен ақылдаса отырып, мәтін жолдарын өзгертіп те жіберуге бейілмін. Бұл тұрғыдан келгенде, Құралай апайымыз да өте талғампаз. Тіпті, ол кісі екеуіміз «Елге сапар» әнінің мәтінін де ақын ағамызбен келісе отырып өзгерттік. Мәселен, ән қайырмасының екінші шумағының төртінші жолындағы «…Достарым да азайып қапты-ау, сол қайғы» деген жолды «Көзкөргендер де азайып қапты-ау, сол қайғы» деп өзгерттік. Өйткені, достар болған соң, әннің ауқымы да тарылып қалатындай болды. Ал көзкөргеннің ішіне бәрі кіретіні анық. Сол сияқты, бірінші шумақтың екінші жолындағы «..Ел жаққа барам қолдағы құттай қаржымен» деген жолды «…Ел жаққа барам жүрегім ел деп елжіреп» деп сағынышымызды еселедік. Шынында да, еліңе деген сағынышқа қаржыны араластыру ыңғайсыздау болар деп шештік. Әлбетте, бұл ойымызды Ибрагим ағамыз да қолдады.
-Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?
-Жақсы адамның, сахи адамның кісілігі мен кішілігі бірдей болады. Өтірік айтатын, уәдесінде тұрмайтын жандардан бойымды аулақ салуға тырысамын. Өзім – әділетсіздікке төзбейтін адаммын. Жақпаған жанның кемшілігін бірден бетіне айтамын. Қазақ ежелден «Уәде – құдай сөзі» деп ант пен уәдені ерекше қастерлеген. Өкінішке қарай, қазір ісі мен сөзі үйлеспейтіндер көбейді. Ант ішіп тұрып, жарға итеретіндер жетерлік. Әлгі мынадай бір өлең бар еді ғой: «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген. Жақсы адам қашан да жан-жағына шуағын шашып жүреді ғой. Жалпы, мен – өмірде көп алданатын адаммын. Ана бір жылы әлдебір алаяқтарға сеніп, 90 мың долларымнан да айырылған сәттерім болған. Өкінбеймін. Ақша табылар. Жаңағы алдаған жандардың кеуделерінің қуыстығына қарным ашады. Сол бетімен кеткен адамдар ғой. Олар енді қайтіп түзелмейді. Сол мені көп ойландырады.
– Сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын.
-Өзіңізге де рақмет!
Сұхбаттасқан Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.