«Ақбұлақты» күтіп отырған ауыл көп
Облыста 2002 жылдан бастап 132 су құбыры нысаны салынып, құрылысы жүргізіліп жатыр. «Таза су» бағдарламасы (қазір «Ақбұлақ») алғаш енгізілген жылдан бері облыс елді мекендерінде 120-дан астам су құбыры толық салынып біткен.
Аймақты сумен қамту жобаларының ішінде бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған проблемалық нысандар да бар. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Алмас Оңдақановтың айтуынша, келер жылы олар да пайдалануға берілмек.
Биыл 24 нысанда құрылыс жүргізіліп жатыр. Сумен қамту нысандарының 12-сі жыл соңына дейін салынып бітпек. Қалғаны келесі жылға қалдырылып отыр. Аймақ бойынша халықты сумен қамту 80,2 пайызды құраған.
Алайда өңірімізде таза суға қолы жетпей отырған ауылдар әлі де аз емес. Келер жылға сумен қамту нысандарының құрылысы үшін 6 млрд. 300 млн. теңгеге тапсырыс берілген. Осылайша 2020 жылға дейін жүргізілетін «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында болашақта барлық ауыл ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.