«Дидардың» қонағы

Қабдрахман Отарбай, суретші, сатирик- жазушы : – Қазақ бейнелеу өнеріне өзгеше көзқарас керек

Қабдрахман Отарбай, суретші, сатирик- жазушы : - Қазақ бейнелеу өнеріне өзгеше көзқарас керек


Қазір қазақ тарихына мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, біраз жобалар жүзеге асты. Тарихи фильмдер түсіріле бастады. Енді мемлекеттік саясат қазақ тарихындағы бетбұрыс кезеңдерді бейнелейтін көп фигуралы үлкен картиналарға сұраныс тудырса.

Орыс суретшілері орыс халқының өткен тарихын, тұрмыс-салтын, тіпті ертегілеріне шейін бейнелеп, бүкіл Ресейдің мұражайларын картиналарға толтырып берді. Репиннің \”Запорождықтар\”, \”Бурлаки\” картиналары, Васнецовтың \”Иван Царевич на сером волке\” картиналары – осының мысалы.
Бұл біздің, қазақ суретшілерінің қолынан да келеді.

ҚАРОЙҒА БАРСАМ, ҚАРА ДҮКЕНДІ КӨРУГЕ АСЫҒАМЫН

– Сіз Мәскеуде ВГИК – бүкілодақтық мемлекеттік кино институтының көркемсурет факультетін бітіріпсіз. Одақ астанасындағы атақты оқу орнынан білім алуға итермелеген осы өнерге деген асқан құштарлығыңыз ба?

-Бала кезімде қолым әр нәрсеге епті еді. Шеге қағу, бірдеңені жөндеуге асығып тұратынмын. Біздің үйімізге жақын ұста дүкені болды. Ол дүкенде Қинаят деген жақын ағамыз ұсталық ететін. Мен үшін Қинаят ұстаның өнерін тамашалау бір керемет еді. Ұстаханадан мен шықпаушы едім. Бір бұрышта отырып алып, Қинаят ағамыздың таға соққанын, балтаның сабын шапқанын, совхоздың құрал-саймандарын жөндегеніне қарап отыратынмын. Қинаят ағамыз өнерлі адам еді. Дүкенге жиналған үлкендердің әңгімесін тыңдаушы едім. Қинаят ағамыз дүкеннің торғайларын көрсетіп, мен біздің дүкеннің торғайларын басқа торғайлардын бірден айырамын, бұлар дүкеннің көмірінен шыққан ыс пен түтінінен қап-қара торғай боп кеткен дейтін. Қинаят ағамыз да қара болатын. Дүкеннен шықпайтын мен өзім қара, дүкеннің түтіні мен ысынан одан сайын қап-қара боп жүретінмін.

Менің әкемнің ағасы Сағдолда ағамыз анда-санда ауылға келгенде, мені алдына алып, басымнан иіскейтін. \”Осы Қабылақтың басынан көмірдің иісі\” шығады дейтін. Мен үндемейтінмін. Қинаят ағам, дүкеннің қара торғайлары бірден есіме түсетін.

Менің суретшілік өнерді таңдағаныма Қинаят ұстаның да көп әсері болды деп ойлаймын. Қазір жылына бір рет ауылға барғанымда, қара дүкенді көруге асығып тұрамын. Қинаят ағам қара төсті шың-шың еткізіп, таға соғып жатқан сияқты болып елестейді әлі маған.

«МӘСКЕУГЕ ПАРТКОМНЫҢ ОҚУЫНА ТҮСТІ ЕКЕН ДЕСЕМ…»

– Көркем бояумен көрікті ой айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген, жеткізіп жатқан суретшілер туралы сирек естиміз. Ол неден деп ойлайсыз, көрінуге мүмкіндік жоқ па, әлде шығармашылық тоқыраудан ба?

– Екі жыл әскерде болып, 1982 жылы Алматы көркемсурет училищесіне, мультипликация бөліміне оқуға түстім. Қазақтың ең бірінші \”Қарлығаштың құйрығы неге айыр\” деген мультфильмінің авторы Әмен Хайдаров ағамыздың жетекшілігімен осы оқуды тәмамдап, он шақты мультфильмде суретші-мультипликатор болып жұмыс істедім.

Бұл сексенінші жылдардың ортасы еді. \”Қазақфильм\” киностудиясының кемеліне келіп, ең бір жемісті жұмыс істеп жатқан шағы еді. Армандаған суретшілік мамандығын алғаннан кейін, ары қарай өнерімді жетілдіргім келді. Ол кезде он бес республикадан Мәскеу жоғары оқу орындарына жолдама беру үрдісі бар еді.

\”Қазақфильм\” киностудиясынан жыл сайын режиссерлікке, сценарийстерге, операторлар мен суретшілерге бір-бір орынға жолдама берілуші еді. Ол бір орынға бірнеше үміткер бағын сынайтын. 1988 жылы емтиханды сәтті тапсырып, Мәскеудегі ВГИК-тің суретшілер факультетіне оқуға түстім. Мәскеуде оқыған алты жылым менің суретшілік өнерімді шыңдады, алты жыл әр республикадан келген талантты суретшілермен бірге оқыдым. Белгілі режиссер Станислав Соколовтың шеберханасында оқып, дипломымды \”Тазша бала\” қазақ ертегісіне арналған эскиздер сериясымен қорғадым. Мәскеуде оқыған алты жылым менің өмірімдегі, өнерімдегі жемісті жылдар болды.

ВГИК-те оқығанның бір қызығы, сабақтан шығып келе жатқан кезде немесе институт коридорында А.Баталов, А.Джигарханян, Л.Федосеева-Шукшина, тағы басқа атақты артистер мен режиссерлерді көрген кезде, таңғалмаушы едік. Олар институтта сабақ беретін немесе институттың жанындағы М.Горький атындағы киностудияға келетін.

Иә, айтпақшы ВГИК-ке түскен кезде ауылдағы бір апайымызбен болған бір әңгімені айта кетейін. 1988 жылдың күзі. Мәскеудің Бүкілодақтық кинематография институтының (ВГИК) суретшілер факультетіне оқуға түсіп, айдарымнан жел есіп жүрген кезім. Айдарымнан жел есетін жөні бар. Басқалар армандаған Алматыны қойып, Мәскеудегі Бүкілодақтық атақты оқу орнына студент болу деген?.. А-а-а?..

Біздің жақтың бір азаматы екі жыл әскерде болып, Марқакөлдің жеріне енді аяғы тиген кезде ең бірінші айтқан сөзі «осы Марқакөлде менен бұрын старшина болып па еді?» деген екен. Қасындағылар қайнап-тасып тұрған старшинаның көңілін бұзбас үшін, әрине, оған «болған жоқ» депті.

Сол старшинаға ұқсап менің де тасып жүрген кезім еді. Бәрі мені құттықтап қояды. «Мәләдес!» дейді.

Бірде ауылдас Қаныша апайымыз кездесіп қалды. Қаныша апайымыз темекі тартады. «Беломор» деген – сол кездегі ең «крутой» темекі! Беломорды бұрқ-бұрқ еткізіп, Қаныша апайымыз:

– Әй, қарағұрт, сені Москваға оқуға түсті деп естідім. бе?

– Иә, апай, – дедім мен кеудемді көтеріп, тағы да «мәләдесті» естігенге дайындалып.

– Кімнің оқуына түстің? – деді Қаныша апайымыз «Беломордың» түтінінің арасынан сығалап.

– Суретшінің!..

– Ой, құдай!.. Мен сені парткомның оқуына түсті екен десем…

Мен не айтарымды білмей қалдым. Партком? О кезде компартияның айдаһарша ысқырып тұрған кезі. Қаныша апайымыз парткомның оқуын оқымасаң, түу, Москваға несіне тентіреп жүрсің дегенге келтірді. Қысқасы, мен зыттым әлгі жерден жауап таппай…

СУРЕТШІЛЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚИЫНДАП КЕТТІ

Кеңестер Одағында сол кездегі шығармашылық интеллигенция тек коммунистік идеяны мадақтап, компартияның саясатын уағыздаушы күші еді. Суретшілер де бұдан шет қалған жоқ. Ол кезде компьютер жоқ, барлық үгіт-насихат суреттері тек қолмен салынатын. Сондықтан суретшілердің жағдайы жақсы еді, жұмыстары жақсы төленетін.

Қазіргі жағдай мүлдем өзгеше. Бұрын суретшілердің көрсететін қызметін енді компьютер толық атқарады. Сондықтан көп суретшілер үйге кіріс әкелмейтін суретшілікті тастап, басқа мамандыққа ауысып кетті, немесе компьютерді меңгеріп, жарнама саласына кетті.

Ал енді шығармашылықпен айналысатын суретшілердің жағдайы қиындады. Неге? Өйткені қазір жеке көрмеңді өткізу, көрме залын жалдау, көрме өткізетіні туралы каталог кітап жасау – бәрі-бәрі өте көп материалдық шығынды талап етеді. Суретшілер жалғыз емес қой, отбасына қажет қаржыны көрмеге шаша алмайды. Спонсор-демеуші іздеуге мәжбүр, оны бір суретші табады, біреуі таппайды.

Осындай жағдайда қазақ бейнелеу өнері біраз тоқырауды бастан кешуде. Кеңес Одағы кезінде атағы дүркіреген Ә.Қастеев, Қ.Телжанов, Х.Наурызбаев, Г.Исмаилова, А.Ғалымбаева, т.с.с. суретшілер қазір жоқ. Суретшілер бар, бірақ олардың картиналары мемлекет тарапынан дұрыс насихатталмайды. Тіпті қазақ бейнелеу өнері туралы газет немесе журнал да шықпайды. Бұл мәселені жедел Мәдениет министрлігі қолға алмаса болмайды.

Қазір қазақ тарихына мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, біраз жобалар жүзеге асты. Тарихи фильмдер түсіріле бастады. Енді мемлекеттік саясат қазақ тарихындағы бетбұрыс кезеңдерді бейнелейтін көп фигуралы үлкен картиналарға сұраныс тудырса, жақсы болар еді. Ол картиналарды мемлекеттік комиссия қарап-таңдап, орталық мұражайларға және облыстық өлкетану мұражайларына суретшіден жақсы бағаға сатып алса, бұл қазақ бейнелеу өнеріне үлкен көмек болар еді. Осы бағытта жұмыс істейтін, тарихи тақырыпты айтам, талантты суретшілер бізде бар.

Орыс суретшілері орыс халқының өткен тарихын, тұрмыс-салтын, тіпті ертегілеріне шейін бейнелеп, бүкіл Ресейдің мұражайларын картиналарға толтырып берді. Репиннің \”Запорождықтар\”, \”Бурлаки\” картиналары, Васнецовтың \”Иван Царевич на сером волке\” картиналары – осының мысалы.

Бұл біздің, қазақ суретшілерінің қолынан да келеді. Үкімет тарапынан көп қаржы бөлініп, әр екі жыл сайын қазақ тарихына, тұрмыс-салты, фольклорына арналған үлкен көрме өткізіліп тұрса, біз, суретшілер, қуанар едік. Осы көрмелерден үздік картиналарды мемлекет сатып алып, Қазақстан мұражайларына таратса, халыққа көрсетсе, арамыздан тағы Қастеевтер, Телжановтар, Мәмбеевтер шығар еді.

Сондай-ақ мектеп оқулықтарына да иллюстрация ретінде қазақ суретшілерінің картиналары кірер еді.

– Әбілхан Қастеевтің «сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, анамның оюынан үйрендім…» деген сөздері бар ғой. Менің ұғымымша, суретшіге талпыныс, үйренумен қоса тума талант керек. Тастағы таңбалар, балбал тастарымыз сурет өнері ата-бабамыздың сонау ықылым замандардан келе жатқан қолөнері екенін көрсетеді.

– Мен суреттерімді реалистік стильде саламын. Реалистік стильді кейбіреулер ойлағандай, ескірген суретшілердің мүмкіншілігін шектейді, белгілі бір шеңберден шығармайды дегені теріс түсінік деп есептеймін.

Леонардо да Винчиден бастап, кешегі Ә.Қастеевке шейін осы реалистік мектептің шеберлері. Бұлардың салған реалистік стильдегі картиналары мәңгі жасайды, ғасырдан-ғасырға кетеді. Жалпы, әрбір суретші немесе өнер адамы стильдің соңына түсіп қумауы керек, уақытын зая кетіреді. Стиль өнер адамын өзі табады еңбектенсе. Стиль мен мода – ұқсас түсініктер. Мода өтеді. Моданың өмір сүру уақыты шектеулі. Реализм стилін таңдағаным – көрерменге менің ойымды толық жеткізеді.

Қабдрахман Отарбай, суретші, сатирик- жазушы : - Қазақ бейнелеу өнеріне өзгеше көзқарас керек

Тарихи картиналарды салғанды жақсы көремін. Көп фигуралы, көлемі үлкен картиналар салған суретшіні ізденуге, көп оқуға, көп еңбектенуге итермелейді. \”Қазақ хандығының 550 жылдығына\” арнап салған картинам және \”Қазтуғанның Еділмен қоштасуы\” атты композициям осы тарихи картиналарымның алғы бастауы деп есептеймін. \”Түркі\”, \”Қазақ батыры\”, \”Қойлыбайдың қобызы\”, тағы сол сияқты картиналарым да қазақ тарихы, ертегі-дастандарын оқып, солардың әсерімен салынған.

\”Қазақ хандығының 550 жылдығына\” арналған композицияма түсінік бере кетейін. Картинада халық ортасында қазақтың екі сұлтаның Керей мен Жәнібек қазақ мемлекеттігінің шаңырағын көтеріп, нық ұстап тұр. Екі сұлтанның алдында тұрған көк түркілердің анасы қанатты Көк бөрі оң аяғымен қалқан ұстап, сол аяғымен қара жыланды басып тұр. Бұл символдық бейне Қазақ мемлекеттігін осы қалқанмен қорғаймын, жауларын осы қара жыландай жермен-жексен етемін деген мағынаны білдіреді. Екі сұлтанны жанында батырлар мен бұқара халық, қолына бала ұстаған ана және Құран ұстаған Абыздың суреті бейнеленген. Жалпы картинадағы көңіл күй Қазақ хандығының мәңгілік екенін білдіреді.

\”Қазтуғанның Еділмен қоштасуы. XV ғасыр\” атты картинамда жыраудың Алтын Орда мемлекеті ыдырап, түркі халықтарының әлсіз ханның соңынан еріп, Еділді тастап қимай кетіп бара жатқан кезі бейнеленген. Орыс мемлекетінің күшеюіне байланысты біздің ата-бабаларымыздың Еділді (Волганы) тастап ығысуы – үлкен қасірет. Картинада Қазтуған жырау Еділге арнап домбырамен жыр төгуде. Бұл түркінің жері екенін білдіретін балбал тасты қоршап тұрған шарасыз халық, жауынгерлер… Тіпті алдыңғы қатарда тұрған екі ит те иелерінің бұл қайғысын сезіп тұрған сияқты.

Менің тағы бір ұнататын жанрым – портрет. Адам портретін салған, сол адамның образын ашқан, портреттегі адамның түр ұқсастығы ғана емес, дәл сол сәтте не ойлап тұрғанына шейін көрерменге жеткізу – міне, суретшінің шеберлігін білдіретін сипаттар. Мен портрет салғанда осы мақсатпен жұмыс істеймін. \”Замандасым Азанбек\”, \”Қазақ батыры\”, \”ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Жұмат Маханбеттің\” потреті, тағы сол сияқты портреттер легін, Алла ғұмыр берсе, тағы көбейтем деп ойлаймын.

Натюрморт жанры да мені қатты қызықтырады. Натюрморт салған суретшінің шеберлігін шыңдайды, бояуларының үндестігін (колорит) арттырады.
Натюрморт салғанға жиі оралып тұрамын. Натюрморт құрау, оның композициясын ойластыру да шығармашылыққа жетелейді. Суретші кейін үлкен картина салған кезде де осы натюрморт жанры көп көмек береді.

Көрмелерге жиі қатысамын. Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында және Австрияның астанасы Вена қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының көрме залында жеке көрмем өтті.

Қазіргі қазақ қаламгерлері (живописцы) Әсет Жақыпбеков, Қанат Шүкірбек, Әли Бақтыгерей, Мәлік Хайдар, Мейіржан Нұрғожа, Серік Тайын, тағы сол сияқты талантты суретшілер қазақ бейнелеу өнерін биікке көтереді деп ойлаймын. Бұл суретшілер көп жұмыс істеуде, ендігі үміт Мәдениет министрлігі осы суретшілерге қамқорлық жасаса, тек шығармашылықпен айналысуына көмек берсе.

НҰРЛАН МӘУКЕНҰЛЫ «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ» ЕРТІП БАРҒАН ЕДІ

-«Жігітке жеті өнер аз», «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» деген мәтелдер сізге қарата айтылған сияқты. Сіздің сатирик-жазушы екеніңізді білемін. Республикалық басылымдардан «Имиджім», «Әулие» деген адамдардың, бүгінгі қоғамның бет-бейнесін сатираның уытты тілімен әжуалай бере білген бірнеше әңгімелеріңізді оқыдым.

– Мәскеуде оқығанда Қазақстан өкілдігінің ұйымдастырған концертіне ән айтып қатыстым. Сол концертті ұйымдастырушылардың бірі – композитор Жұматай Тезекбаев \”Қабдырахман, сен осы неге консерваторияға бармайсың?\” деген еді. Суретшілікке түсе алмасам, әншілікке кетіп қалар ма едім, кім біледі.

Ән айту Отарбай әулетіне өгей өнер емес. Үлкен ағам Әнуарбек Отарбаев – бүкіл Шығысқа аты шыққан әнші, Күршім ауданының Құрметті азаматы, тағы бір ағам Шәкен Отарбаев ән айтқан кезде, ел сүйсініп тыңдайды. Ағаларым Ағзам, нағашым Марат Шәмбілов кез келген аспапта ойнайды, ән айтады. Шешем Күлзиғаны да ауылдағы ойын-тойларда ел ән айтқызбай жібермейтін. Сонымен менің әншілік \”карьерам\” Қаройдың қой-ешкі, сиырларына ән айтып беруіммен аяқталды.

Ал енді сатира ауылына қалай келдім, соны айтайын. Бала кезімнен қалжыңдағанды, біреуді кекетуді, біреуді мысқылдағанды жақсы көретінмін. Бұл, тегі, сатира және юмор жазудың, болашақ сатирик болудың алғышарттары ғой деймін. Өткір сөз, біреудің бойындағы адамгершілікке жатпайтын теріс қылықтарын бірден байқап ащы мысқылмен, орынды әзілмен ескерту – менің сүйегіме сіңген әдет.

Бала кезімізде аудан орталығы Теректіден аудандық мәдениет үйінің концерті келуші еді. Менің бір атадан туған ағам бүкіл Шығысқа белгілі әнші Әнуарбек Отарбаев, атақты әнші Ораз Кәкеев, режиссер, сатирик, өзі де әртіс Марат Сақатов, белгілі суретші, домбыра жасаудың керемет шебері, сегіз қырлы, бір сырлы Жолаушы Тұрдығұлов, тағы басқа аға-апайларымыз ауыл клубында естен кетпейтін концерттер қоюшы еді.

Сол кезде сатирик өзі әртіс Марат Сақатов ағамыздың рөлдерді ойнағанына, небір өткір әзіл-қалжың, мысқыл-пародияларына күлкіден қырылып қалатынбыз. Ішкіштер мен жалқауларды, топас бастықтар мен еріншек қызметкерлерді, тағы сол сияқты қоғамдағы теріс жайттарды Марат ағамыз өлтіріп сынайтын, көрерменге күлдіріп көрсететін.

Қабдрахман Отарбай, суретші, сатирик- жазушы : - Қазақ бейнелеу өнеріне өзгеше көзқарас керек

Өзім де күлкіні жақсы көретін болғаннан кейін Марат ағамызға еліктеп сахнаға скетчтер жаза бастадым. Бұл Алматыда сурет училищесінде оқып жүрген кезім еді. Алғашқы әзіл әңгімелерімді сол кездегі \”Тамаша\” ойын-сауық отауына апардым. \”Тамашаның\” бас режиссері Лұқпан Есенов, ол кісіге рақмет, менің шұбалаңқы, ұзақ әңгімелерімді ерінбей тыңдап, ақылын айтты. Бұл дүниелердің сахнаға әлі жарамайтынын, тым ұзақ екенін, әлі де тер төгу керек екенімді айтып шығарып салды. Мен ол кезде жиырмадан жаңа асқан кезім.

\”Қазақфильм\” киностудиясында жұмыс істеген кезімде, бізге балалар мультфильміне кішкене сценарий жазу да тапсырылатын. Осының бәрі мені ақырындап қолыма қаламды жиі алып сатира жазуыма ықпал етті.

Ең бірінші сатиралық кішкене әңгімем \”Ана тілі\” газетіне басылды. Ол кезде мен Мәскеуде ВГИК-те оқып жүрген кезім еді. \”Ана тілі\” газетін Мәскеуге жаздырып алатын едім. \”Полковникке бер деп еді…\” деген әңгімем маған сатира ауылына бөтен адам емес екенімді білдірді.

Көпен Әмірбеков, Оспанхан Әубәкіров, Марат Сақатов, осы сатирик жазушылардың күлкілі әңгімелері, маған бағыт-бағдар берді десем болады. Түрік сатиригі Әзиз Несинді жақсы көрем, оқудан жалықпаймын. А.Чехов, М.Зощенко, Ильф пен Петров, С.Довлатов – бұл авторлар кез келген сатираға бет бұрған жазушыға Темірқазық, бағыт-бағдар деп есептеймін.

Сонымен алғашқы әңгімем \”Ана тілі\” газетіне жарияланғаннан кейін, бұған қанаттанып әзіл әңгімелер жазуымды жалғастырдым. Белгілі ақын, досым Нұрлан Мәукенұлы бірде, \”Қабеке сен жазғандарыңды ал, мен сені бір жігітке таныстырайын\” деп, \”Қазақ әдебиеті\” редакциясына ертіп келді. Менің екі-үш сатиралық әңгімемді әлгі жерде Нұрлан таныстырған редакция қызметкері Әмірхан Меңдеке алып қалды. Ұнаса, газетке жіберем деді. Көп ұзатпай \”Қазақ әдебиеті\” газетінде әңгімелерімді жарыққа шығарды. Әмірхан әңгімелерімді газетке шығарғанымен қоймай, тағы жазғандарың болса, әкеп тұр деді. Осыдан бастап Әмірхан менің сатира өнеріндегі ақылшым, редакторым, қолдаушым болды. Жамбыл айтушы еді ғой \”Менің пірім – Сүйінбай\” деп, сол сияқты менің сатирадағы пірім – Әмірхан Меңдеке. Әмірхан \”Қазақ әдебиетінен\” республикалық \”Жас алаш\” газетіне ауысқан кезде менің сатиралық әңгімелерім осы газетке үзбей шығып тұрды десем болады.

Бір жолы маған \”Қазақпарат\” баспаханасының директоры, журналшы Қонысбек Ботбаев хабарласты. \”Қабеке, қазақ сатириктерінің кітаптары \”Қазақ күлкісі\” деген айдармен басылып шыққалы жатыр. Сіздің сатираларыңызды да кітап қылып шығарсақ деп едік, қалай қарайсыз?\” деді.

\”Ойбай, жақсы қараймын…\” дедім бірден.

Сөйтіп, Мәдениет министрлігінің қолдауымен \”Қазақ күлкісі\” сериясынан менің алғашқы сатиралық әңгімелерімнің жинағы \”Вампир\” деген атпен басылып шықты, республика кітапханаларына тарап кетті.

Қабдрахман Отарбай, суретші, сатирик- жазушы : - Қазақ бейнелеу өнеріне өзгеше көзқарас керек

Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды, Қонысбекке көп рақмет мені сатирик-жазушы ретінде, танып бұл тізімге қосқанына. Кітапқа белгілі сатирик Көпен Әмірбеков ағамыз алғысөз жазып берді. Нағыз кәсіпқой сатирик Көпен ағамның батасын алғаныма қуаныштымын. Сөйтіп, сурет өнеріме жазу өнері қосылып, маған екі қанат біткендей болды.

МӘСКЕУДЕ ОҚЫП ЖҮРІП, ПОШТАШЫ БОЛДЫМ

– Биылғы жыл – жастар жылы. Жалындаған жастық шағыңызды еске ала отырсаңыз…

– Жастық шақтың қызығы да, шыжығы да көп қой. 1986 жылы 16,17,18 желтоқсанда үш күн бойы Орталық алаңда болдым. Мәскеу саясатының озбырлығына қарсы шыққан қазақ студент және жұмысшы жастарының қарсылығына қатыстым. Бұл жайында журналшы-публицист Талғат Айтбайұлының \”Желтоқсан\” атты көп томдық жинағының 3-ші томының жүзінші бетінде басылған \”Бас жарылса, бөрік ішінде ме?\” деген мақаламда жазылған. Желтоқсаннан кейін мені КГБ шақырып, жауап алды. Төрт үлкен фотоальбом берді, ішіндегі танитындарыңды айт деп, бәрін қарап шығып өзімді фотолардан таппадым. Ешкімді танымаймын, алаңда болған жоқпын деген соң, тергеушілер амалсыз қоя берді. Құдай сақтады.

Мен ол кезде үйленгенмін. Жасым жиырма бесте, бір ұлымыз бар. Аты – Шыңғыс. \”Қазақфильм\” киностудиясында суретші-мультипликатор боп жұмыс істеймін. Сағат 9-дан кешкі 17-ге шейін. Сол \”Қазақфильм\” микрорайонында аула сыпырушы (дворник) да болдым. Таңертең 6-да тұрып, көше сыпырып, қоқыс жинап, қыста қар күреп, мұз ойып, сағат 9-да киностудияға барып жұмыс істейтінмін.

Ол кезде екі жерде жұмыс істеуге рұқсат жоқ еді. Аула сыпырушыға уақытша баспана беретін. Баспана үшін аула сыпырдым, қоқыс тазаладым. Келіншегім Айнұр Қазақ педагогикалық институтын бітірген және сол кездегі эстрада-цирк студиясының хореография бөлімінде оқыды. Биші болам деп жүріп, маған күйеуге тиіп кетті. Менің қолым босамаған кезде, аула сыпырушы болып Айнұр Шыңғысты жетектеп баратын. Шыңғыс ол кезде екі-екі жарым жаста еді.

1988 жылы Мәскеуге оқуға түскенде, бірінші курста қатты қиналдық, ақша жетпейді. Поштаға жұмысқа орналасып, таңертең ерте сағат 5-терде газет-журнал таратамыз. Таңертең 5-те тұрып, поштаға барып газеттерге әр пәтердің нөмерін жазып, мекенжайын жазып, содан кейін қоларбаға тиеп, әр подъезге тарататынбыз. Ол кезде интернет жоқ, москвалықтар газет-журналдарды өте көп жаздырып алушы еді. Поштаның жұмысы ауыр болатын. Сағат 9-да институтта сабаққа кешікпей үлгеру керек. Менің стипендиям 40 сом, пошта айына 20 сом беретін. Осы 60 сомға өмір сүрдік. Сары майды өзіміз жемей, тек Шыңғысқа ғана беретінбіз.

Екінші курста ақырындап Мәскеуге үйреніп, сурет салуға тапсырыстар алып, ақырындап жағдайымыз түзеліп, көшке ілесіп кеттік. Үш ұлымыз бар. Үлкені – Шыңғыс, инженер-компьютер маманы, С.Демирел университетін бітірді. Ортаншым Мәди – суретші. Менің жолымды қуды. Кенжеміз – Медет маркетолог мамандығын оқып, қазір жұмыс істеп жүр. Шыңғыс үйленген, екі қызы бар. Айлин, Сара. Астанада тұрып жатыр.

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғанда, елмен бірге мен де қуандым. 1994 жылы Мәскеуден оқуымды бітіріп, Алматыға келгенде, ең бірінші бітірген шаруам фамилиямдағы «евті» алып тастау болды. Енді тәуелсіз Қазақстанда Отарбаев болып жүрген маған ұят болып көрінді. Сондықтан аты-жөнімді толық қазақшаладым. Енді менен тараған ұрпақтың бәрінің тегі Отарбай болады. Бұл менің тәуелсіз Қазақстанға және өзіме жасаған сыйым еді.

Осы жерде айта кететін бір ой бар. Әке ұрпаққа үй қалдыру керек, тал отырғызу керек дейді халық даналығы. Қазіргі біздің уақытымызда ұрпағымыздың ата тегін қазақшаға көшіру, -ов пен -евтен құтылу әрбір намысы бар әкенің ұлт алдындағы міндеті деп білемін.

– Бүгінгі қоғамда сізді алаңдататын немесе сатираның уытты тіліне сұранып тұрған жайт, нәрсе не?

-Біздің қоғамдағы ұнамайтын нәрсе – жемқорлық. Бұл ұлттық эпидемияға айналды. Тіпті білім саласына жемқорлық кіргені – үлкен қасірет.

Тағы бір \”Құдай-ау, не боламыз…\” дегізетін сорақы жағдай – жас отбасылардың айырылысуы. Өткен аптада радиодан естідім, соңғы статистика, Павлодарда тіркелген бір жылғы 2500 некенің 1700-і айырылысыпты.

АВСТРИЯНЫҢ БИЛІГІ «ПОРШЕНІҢ» ӘРБІР БӨЛШЕГІНДЕЙ

-25 жылдан бері саяхаттап, шет елдерде болып, төрткүл дүниені шарлап келеді екенсіз. Әрине, дамыған елдердің бізден көш ілгері екені ұғынықты. Олардың өнерді бағалауы да озық тұр. Шетелден Қазақстанға аттанарда қандай ой түйіп қайтасыз?

– Кей жылдары жаз айларында Австрияға барып, мастер-класс көрсетіп қайтамын. Австрия – туристік ел, бүкіл дүниежүзінен миллиондаған туристер Австрияға ағылады.

Қысқа уақытта портреттерін, карикатураларын салып беретін менен туристер қайдан екенімді сұрайды. Қазақстаннан келгенімді білгеннен кейін, қатты ризашылықтарын білдіреді. Қазақстанды біреуі біледі, біреуі білмейді. Венадағы қазақ елшілігінде істейтін досымның \”Қабдырахман, сен Қазақстанды дүниежүзіне елшіліктегі бізден көп таныстырасың…\” деген қалжыңында шындық бар.

Австриялықтар – кеңпейіл, еңбекқор ел. Бірін-бірі сыйлау мәдениеті өте жоғары. Атақты \”Порше\” автомобилі Австрияда жасалады. \”Поршенің\” әрбір винтигі, деталі қалай жұмыс істесе, Австрия мемлекетінің әрбір мемлекеттік ұйымы, соты, атқарушы билігі де тура солай жұмыс істейді.

-«Дидардың» дәстрүрлі сұрағы: ауылыңызға атбасын жиі бұрасыз ба?

-Иә, әрине, барып тұрамын. Мен 1961 жылы 17 маусымда Марқакөл ауданы, Қарой ауылында туып-өстім. Әкеміз Әдембек ерте қайтыс болды. Отыз екі жасында. Шешеміз Күлзиға бізді жалғыз өсірді. Әкемізден төрт ұл қалдық. Шәкен, Кәрім, мен және бауырым Арман. Қазір төртеуіміз төрт үйміз, Аллаға шүкір. Шешеміз қыста Алматыда, жазда ауылда, ағаларымның қасында. Қазір жасы сексен үшке келді. Денсаулығы жол жүруге жарамайтын болған соң, биыл шешем ауылда, Кәрім ағамның қолында. Алладан шешемізге ұзақ ғұмыр тілейміз.

-Әсерлі әңгімеңізбен бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан- Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button