Абайды тану – адамзатты тану
Тамырынан ажырамай, болашаққа нық қадам басқан ұрпақ Абайды тануға ұмтылады. Өйткені ұлы Абайдың мұрасы ұлы мақсатқа жетелейді. Абайды тану – қазақты тану, Абайды тану – адамзатты тану. Осы орайда ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығының бастамасымен өңір мектептерінің 5-8-сыныптарына «Абайтану» курсы енгізілді.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабаттың төрағалымен облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өткен болатын. Осы шара барысында «Білім беру ұйымдарының жетістіктері көрмесі» ұйымдастырылып, алқа отырысына қатысушыларға «Абайтану» курсы бойынша аймақтық оқу бағдарламасы мен осы бағдарлама негізінде әзірленген пән мұғалімдеріне арналған әдістемелік құрал таныстырылды.
Иә, бұл қандай курс? Мақсаты не? «Абайтану» курсы оқушыларға не береді? Бұл туралы бізге «Шығыс» өңірлік орталығының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің әдіскері Динара Бабашова әңгімелеп берді.
Динараның айтуынша, бұл бағдарламаны әзірлеуді «Шығыс» өңірлік орталығы өткен жылдың соңында қолға алыпты. Алдымен облыстық әкімдіктің тапсырмасымен «Шығыс» өңірлік орталығы «Үздік Абайтану бағдарламасына» байқау жариялаған. Байқауға өңірлерден көптеген бағдарламалар келіп түседі. Желтоқсан айында байқауға келіп түскен бағдарламалардың ішінен үздіктері іріктеліп алынып, авторларына Алғыс хат тапсырылып, марапатталады. Ал қаңтар айының басында жаңағы үздік бағдарлама авторлары бас қосып, бірлесе жұмыс істеп, «Абайтану» курсының бағдарламасын әзірлейді. Бағдарламаға филология ғылымдарының докторы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Картаева жетекшілік жасайды. Сондай-ақ бағдарламаны құрастырушы авторлардың қатарында Глубокое ауданы, Опытное поле орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Абежанова, Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Акимбаева, Семей қалалық білім бөлімінің әдіскері Н.Байсарина, Семей қаласындағы №16 орта мектебінің мұғалімі, 9-сыныпқа арналған «Абайтану» оқулық хрестоматиясының авторы Г.Кунафина, Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» облыстық мамандандырылған лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Е.Мұратова және тағы басқа мұғалімдер бар.
«Абайтану» курсы қазақ және орыс тілінде оқытатын білім беру ұйымдарының 5-8-сыныптарында мемлекеттік тілде вариативтік сағат есебінен аптасына 1 сағат, жылына 34 сағат жүргізілуі тиіс. Аймақтық оқу бағдарламасын облыстық білім басқармасының сараптау кеңесі құптап, бекіткен.
Мақсаты биік – бағдарлама
Жалпы, бағдарламаның мақсаты – ұлы ақын шығармаларын терең де жан-жақты таныту арқылы халқымыздың әдебиетін, мәдениетін, тілін ұлттық құндылық ретінде бағалайтын өркениетті қоғамда өмір сүруге лайықты, терең ойлайтын дара тұлға қалыптастыру. Бағдарлама мазмұны 5-8- сыныптарда төрт бөлім бойынша оқытылады. Әр бөлімде ақын өлеңдері, қара сөздерімен қатар аудармалары енген, сондай-ақ ақынның өскен ортасы «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде қарастырылады.
-Бағдарламаны әзірлеу барысы өте қызу әрі тартысты өтті. Даулы сұрақтар да өте көп болды. Жұмыс тобындағы семейлік мұғалімдер бағдарламаға үлкен монографиялық зерттеулерді енгізейік десе, өскемендік ұстаздар монография оқушы үшін қиын болады, ондай ғылыми еңбектермен оқушы кейін колледжге, университетке барғанда танысады, қазір мектеп бағдарламасына лайықтап жасайық дегенді алға тартты. Нәтижесінде, авторлар бір шешімге келіп, бағдарламаны оқушының мүмкіндігі мен жас ерекшелігіне лайықтап жасады, – дейді Динара Мейрамбекқызы. Курс нәтижесінде оқушылар Абайдың өмірбаяны мен ақынның мол мұрасын толық меңгереді. Абайтану ғылымы, абайтанушылар, оның ішінде өңіріміздегі зерттеушілер туралы кеңінен мағлұмат алады. Абайдың туған жерінің тарихымен кеңінен танысып, Абай әлеміне саяхат жасайды. Сондай-ақ курс барысында оқушы ақынға арналған бейне-аудио материалдар, ғылыми еңбектермен жұмыс істеуге және ғылыми жобалар қорғауға машықтанады.
Абайтану курсы бойынша әзірленген мұғалім кітабы да мұғалімдерге пәнді оқытуда әдістемелік көмек болып, оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз етеді. Динара Мейрабекқызының айтуынша, Мұғалім кітабының мазмұны жаңа педагогикалық технологиямен жазылған. Мұғалімдер онда ұсынылған 150-ге жуық оқытудың белсенді әдіс-тәсілін пайдаланып, әдістемелік шеберлігін шыңдайды. «Шығыс» өңірлік орталығының мамандары қазіргі күні курс бағдарламасын Нұр-Сұлтан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы академияның сайтына орналастыруды жоспарлап отырған көрінеді. Мұндағы мақсат – бағдарламамен бүкіл республика мұғалімдерін таныстыру. Егер осы бағдарлама мұғалімдердің көңілінен шығып жатса, тәжірибені әрі қарай республикаға тарату ойда бар.
Оқушылардың қызығушылығын қалай арттырамыз?
Динара Мейрабекқызы әңгіме барысында жоғарыда айтқан бағдарламаны таныстыру кезінде облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабаттың «Оқушылардың бұл курсқа деген қызығушылығын қалай арттырасыздар?» деп сауал қойғанын да айтып өтті.
-Иә, «Абайтану» курсы вариативтік сағат есебінен жүргізілетін пән болғандықтан балаларға баға қойылмайды. Тіпті, кей мектептерде бұл курсты жүргізуге кейбір мұғалімдер немқұрайды қарауы да мүмкін. Немесе мектеп басшылары бұл курсты сағат жетпей жүрген мұғалімдерге қосып бере салуы да ықтимал. Мен мұндай жағдайлардың ешқайсысын жоққа шығармаймын. Ендеше курстың тиімділігін қалай бақылауға болады? Таныстырылым кезінде облыс әкімінің орынбасары қойған бұл сауалға шыны керек нақты жауап бере алмадым. Кейін бұл сауал мені де қатты ойландырды. Қазір мен курстың тиімділігін арттыру мақсатында «Дархан халықтың дана Абайы» атты облыстық байқау өткізуді ұсынып отырмын, – дейді Динара Бабашова. – Бұл – командалық байқау. Мұнда мен мұғалім мен оқушыны біріктіріп отырмын. Байқауға мұғалімнің өзін қоса есептегенде 5,6,7,8 сыныптардан бір-бір бала қатысып, команда болып сайысқа түседі. Әрі бұл жерде «Абайтану» курсының қаншалықты деңгейде оқытылып жатқанын да толық бақылай аламыз, – дейді ол.
Динара Мейрамбекқызы байқауды өткізуде өткен жылдың соңында ғана қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заң басшылыққа алынатынын айтады. Біріншіден, байқаудың нәтижесі мұғалімді аттестаттау барысында ескерілуі, екіншіден, мұғалім мен оқушы қаржылық жағынан да ынталандыруы тиіс деп санайды.
Сонымен қатар облыстағы 277 мектепте Абайтану кабинеттерін ашу да жоспарланып отырғанын айта кеткен орынды. Бүгіннің өзінде аудан, қала мектептерінде 70-ке жуық Абайтану кабинеті ашылған. Алдағы уақытта облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығы «Үздік Абайтану кабинеті» байқауын да өткізуді жоспарлап отыр.