Абайды сөзжұмбақпен сөйлеткен
Шығыста, одан әрісі республика аумағында зайсандық Қалибек Алтыбаев ақсақалды білмейтіндер кемде-кем. Сонау балаң жігіт кезінен қолына алған қаламын күні бүгінге дейін тастамай, жазушылықты серік етіп келе жатқан жерлесімізді қалың оқырман ең алдымен Абай, Шәкәрім мұраларын сөзжұмбақ арқылы тұңғыш насихаттаушы, саналы ғұмырын сөзжұмбақ сызуға арнаған қазақтың танымал сөзжұмбақшысы ретінде жақсы таниды. Жиырма кітаптың авторы, Зайсан ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, тарихшы, шежіреші, өлкетанушы қария таяу күндерде 75 жасқа толмақ. Мерейлі мезет алдында қазына кеуде, тау мүсін Қалибек Қизатұлымен сұхбаттасып қайтқан едік.
Тұсауын «Коммунизм туы» кесіпті
– Елімізде сөзжұмбақ өнерін серік еткендер көп емес қой. Ерекше өнерге қай кезден бастап ден қойдыңыз?
– Әкем соғыстан мүгедек болып оралды. Жан сақтау керек. Содан 14 жасымда көмекші шопан болып жұмысқа шықтым. Бастауыштан соң мектептен қол үздік. Тауда жүргенде қасымызда Сауыр қызыл отауы болды. Күні бойы қой жайып жүріп, күнде бір кітапты оқып бітіресің. Ол аз болғандай, түнгі он бір-он екіге дейін қызыл отаудың ішінде газет-журналдарды ақтарамын. Ұмытпасам, 1959 жыл ғой деймін, шаруашылықты аралап жүрген Мұрат Дәуленов деген партия комитетінің хатшысы келіп қонды. Қасында кеңшар директоры Айтмұханбет Орманбетов бар екен. Екеуі «Қазақстан әйелдері» журналының соңғы бетіндегі кроссвордты шешіп отырды. Олар кеткен соң әлгі журналды тығып қойып, келесі санын тостым. Жаңа санын ашып, жауабын қарасам, басшылардың шешкенінің бәрі дұрыс екен. Осыдан бастап құштарлық пайда болды. Содан ең алғашқы «Қой шаруашылығы» деген кроссвордым 1961 жылы «Коммунизм туына» (қазіргі «Дидар») шықты, Талаптан Иманбаев деген ағамыз шығарды. Содан бері қол үзген жоқпын. Әскерде жүргенде, кейін оқып, түрлі қызметте жүргенде де қол үзбедім, сан салалы тақырыптарға арналған кроссвордтар жасадым. Көбісі республикалық басылымдарда жарияланды.
– Ал Абай әлемін сөзжұмбақ арқылы насихаттау туралы ой қашан келді?
– Мен ең алдымен 1990 жылы Абайдан бұрын Мұхтар Әуезовтен бастадым. Біршама дүние жасап, оларды Алматыдағы «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдары жариялады. 1991 жылы балам оқу бітіргенде, Семейдің медициналық институтына алып келдім. Сондағы мақсатым – Абай, Мұхтарлардың ізі қалған қасиетті өлкені көріп, Абай ауданына бару болды. Семейде Абайдың туыстары бар ма деп іздедім. Содан «Семей таңы» газетінде істейтін зайсандық белгілі ақын Қайролла Әліпбаев «Абайдың жиені» деп мені Балтабек Ерсәлімовпен таныстырды. Сол жылдары ұлы ақынның 150 жылдығына дайындық ретінде республикалық «Абай» қоры құрылды. Ол қордың тұңғыш директоры болды. Содан ауылға келгесін, қорға ақша аударайық деп шештік. Аудандағы Қалел Қалимолдин деген дәрігер екеуіміз қаржы аудардық Міне, сол кездерде «осы Абайды неге қолға алмасқа?» деген ой келді. Оның үстіне, Ұлықбек Есдәулеттің «Ой, аға, осы өзгелерді қайтесіз, Абай мен Мұхтарды неге қолға алмайсыз, олардан асқан кім бар» деп айтқан сөзі де әсер етті. Себебі 1993 жылы «Өнер» баспасынан «Сан сұраққа саяхат» деген кітабым 55 мың данамен шығып, таралған болатын. Онда қазақтың біршама ақын-жазушылары қамтылған еді.
Сол сәттен бастап Абай әлеміне іздену басталды. Нәтижесінде 2001 жылы «Абайдың алып айдынынан» деген кітапты жарыққа шығардым. Семейлік жігіттермен ақылдаса келе, алғысөзін мықты абайтанушылар Төкен Ибрагимов пен Қанипа Бітібаеваға жаздырамыз деп шештік. Төкен аға кітабымды бір жылдай қолында ұстап, артынан ізденімпаздығымды жоғары бағалап, қатырып тұрып пікір жазып берді. Қанипа қарындасым он күн ішінде жазды және «мен айтып жүрген аталарың – осы кісі, мен бұл ағаның білгенінің он пайызын ғана білемін» деді мені оқушыларына таныстырып. Кейін Семейде өткен абайтанушылар жиналысында да бұл еңбегімді жоғары бағалап, мектептерде насихаттау керектігін айтты. Осы оқиғалардан соң қанаттанып, шабыттанып алған мен хакім Абай жайында бес кроссворд кітапты жазып тастадым ғой (күліп). Жалпы еңбектерімнің жартысы осы сөзжұмбаққа арналған.
Есімі Қазақстанның рекордтар кітабына енген
– Өзіңізден басқа қандай мықты сөзжұмбақшыларды атаған болар едіңіз? Жалпы қазақша сөзжұмбақтың тарихы қашан басталған?
– Өз басым алғашқы кітап шыққан 1957 жылдар деп санаймын. Құдайға тәубе, Қазақстанда Жанат Елшібек деген бауырымыз бар, «Құрмет» орденінің иегері. Менімен қатарлас шыққан күршімдік Кеңесхан Зәкәриянов деген азамат болды. Көп адамдар қиындығына төзе алмай тастап кетеді. Ал қазіргі жасап жүргендердікі тым жеңіл ғой. Ал негізін салған, қазақша сөзжұмбақтың атасы деп алғашқы кітапты шығарған өзіміздің ұландық Талаптан Иманбаев ағамыз деп айта аламын. Өмір бойы сол «Коммунизм туында» еңбек еткен ғажап адам болды.
– Жалпы осы Сіз айтып отырған сөзжұмбақтың бірнеше түрі бар емес пе?
– Әрине, 1970-ші жылдары Талаптан ағамызбен келісіп, салалық сөз-дер¬дің қазақшасын жаздырдым. Бы¬лай деп: кроссворд – матаусөз, чайнворд – тізбесөз, криптограмма – сансөз, анаграмма – сөзден-сөз, ребус – бейнесөз, сканворд – бағдарсөз. Осы терминдерді аударған авторлық құқығымыз заңды түрде бекімесе де, бұл сөздер қазіргі күнге дейін қолданылып жүр. Бұлардың бәрі уақыт өткізуге, адамның танымын жетілдіруге арналса, осының ішінде сансөздің адамның білімін толықтырудағы орны бөлек. Ал кроссворд-сөзжұмбақты шешу қиын болғандықтан, көп адам албаты жолай бермейді. Сондықтан кроссвордтың негізі ең бірінші Шығыстан шыққан деп толық айта аламын. Айтпақшы, сөзжұмбақшы ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына кірдім.
– Сіздің шығармашылықтан бөлек Зайсан ауданында әр жылдары талай жауапты қызметтерді атқарғаныңызды білеміз…
– Дұрыс айтасың. Мен 1943 жылы 23 сәуірде Сталин колхозына қарасты Сайқан қыстағында тудым. Бастауыш білімді Обалы, Ворошилов, 7 жылдықты Большевик, 11 жылдықты Дайыр мектептерінен алдым. 1971-1976 жылдары КПСС Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде оқып, тәмамдадым. 1957-1963 жылдары Абай, Кендірлік, Зайсан кеңшарларында шопан, 1963-1966 жылдары әскер қатарында болдым. 1967-1970 жылдары Кендірлік кеңшары комсомол комитетінің хатшысы, 1970-1973 жылдары Қаратал кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1973-1981 жылдары Блогодарнен, 1981-1987 жылдары Ақарал селолық кеңестерінің төрағасы, 1987-1992 жылдары аудандық дайындау мекемесінің директоры, 1993-1995 жылдары аудан әкімінің «Семей полигоны» жөніндегі арнаулы комиссия төрағасы, 1995-2006 жылдары «Жерұйық» шаруа қожалығының басшысы болдым. 2011-2014 жылдар аралығында «Семей таңы» газетінің Зайсан ауданы бойынша меншікті тілшісі болдым.
Баймұрат бабамыз Зайсанға оралады
– Қазір нендей іспен шұғылданып жатырсыз?
– Қазір Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Баймұрат батыр атындағы қор ашып, соның жұмысымен шұғылданып жатырмыз. Алдағы уақытта Зайсанға кіреберіске еңселі ескерткішін тұрғызсақ, кейінгі ұрпаққа батыр ерлігін лайықты насихаттасақ деген шаруамен жүрміз. Ол – Найман ішінде Төртуылдан шыққан, Қабанбайлардың қасында жүріп, жоңғарға қарсы соққы берген батыр бабамыз. Мен үш жылдай аудандағы ономастикалық комиссияны басқардым. Сол кезде осы мәселе ойымда жүретін. Себебі Баймұрат туралы бала күнімде әкеміздің айтқанынан еміс-еміс есімде қалыпты. Бірде түсіме де енгендей болды. Содан ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұқан Мырзахановпен, мәслихат хатшысы Дәулет Ыдырышевпен ақылдасып, белгілі кәсіпкер, депутат Болат Нұрасылға бардық. Ол баба жайында өте жақсы білетін болып шықты. «Ағалар, бұл дұрыс мәселе екен, қолдау болады, қаржыдан қысылмаңыздар», – деді. Біраз қиындықтар болды, дәлелдеу үшін ғылыми сараптама керек болды. Облыс республикаға сілтеді. Республикалық Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Баймұрат батырдың өмірде болғанын, Зайсан өңіріне ел қоныстандырудағы еңбегі үлкен деп дәлелді, өте жақсы сараптама берді. Бабамыз туралы деректер Қабдеш Жұмәділовтің, Несіпбек Айтұлының шығармаларында, марқұм Ғалым Байбатыровтың еңбектерінде көп айтылған. Болашақта кітап шығару ойда бар. Биыл ауданға – 90, Зайсан қаласының құрылғанына – 150 жыл. Осыған орай, игі істі бітіріп қаламыз деген ойдамыз.
– Отбасыңыз туралы аз-кем тоқталсаңыз?
– 1969 жылы үйлендім. Өмірлік серігім Дәметкен ұзақ жыл қаржы саласында істеді. Екеуіміз бес қыз, бір ұлды тәрбиелеп жеткіздік. Олардан жеті немере, екі шөбере сүйіп отырмыз.
– Өмірлік, шығармашылық ұстанымыз соңғы сұрағымыз болсын.
– Қазір ақшасы бардың бәрі кітап шығарып жатыр ғой. Сапасына ешкім мән бермейді. Ал менің мақсатым тарихи, кейінгі ұрпаққа қажетті, саналы, мазмұнды дүниелер қалдыру болды. Әрине, кеңестік дәуірде оң да, теріс те дүниелер болды. Соның бәрін ескере келе, екшеп, дұрыстап, салыстырып жаңа латын қарпінде Зайсан елі, Зайсан жері туралы бір тамаша тарихи дүние қалдырып кетсем деген арманым бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан – Дәурен Аллабергенұлы