Тарих

АБАЙДЫ ОРЫС ОҚЫРМАНДАРЫНА ТҰҢҒЫШ ТАНЫСТЫРҒАН ТҰЛҒА

АБАЙДЫ ОРЫС ОҚЫРМАНДАРЫНА ТҰҢҒЫШ ТАНЫСТЫРҒАН ТҰЛҒА

Бұрмаланған өмірбаян екі мәрте басылды

1904 жылы 23-маусым күні 59 жасында ұлы ақын қайтыс болды. Абайдың қайтыс болғанын естіген Әлихан: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым», – дейді. Ә.Бөкейханов Абай шығармаларының қазаққа қажет рухани қазына екенін жақсы түсінген. Әсіресе, ақын шығармаларының сарынынан азаттық үшін күресті көрсеткен саяси ойларын байқап, сол шығармалардың сақталуын ойлаған. Осы хатты алған соң Кәкітай Абайдың 1896 жылдан бастап жиналған қолда бар қолжазбасын алып, Омбыға келген. Бұл туралы Әлихан: «1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып, Омбыдағы маған келді. 1905 жылы жазғытұры саясат ісі қалай болғанын «Қазақтың» оқушылары біледі. Кәкітай біздің үйде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-майрам болдық. Анық таныстық», – дейді. Әлихан 1900 жылы Кәкітайды Семейде көргенде Абай жайында пікірлесе алмағандығына өкініш білдірсе, осы кездесуінде Абай өлеңдерінің төлтумасымен анық танысқандағы қуанышты қалпын сездіріп тұрғаны аңғарылады. Абай өлеңдерінің сырына қаныққан Әлихан Абайдағы «Зар заман» ақындарынан жалғасып келе жатқан азатшылдық сарынның құлақ күйіне терең бойлап, Абайды қазақ ұлттық ояну дәуірінің бас идеологы деп таныған сияқты. Әлихан осы «бірер жұмадай» ішінде Кәкітайдың айтуындағы өмірбаяндық мағлұматтар мен ақын шығармаларындағы танымдық-тағылымдық мәні зор өмірбаяндық-әдеби фактілерге көңіл бөліп, оны орыс тіліне аударып, тез арада сол 1905 жылы Семейден шығатын «Семипалатинский листок» газетінде бастыруында мән бар.
Кәкітай жазған Абайдың қысқаша қазақша өмірбаяны мен Әлиханның көшіріп жазған аудармасындағы екі өмірбаянның мәтінін салыстырған уақытта, Әлиханның атымен басылған Абай өмірбаянының мән-жайын айқындау барысында көп өзгерістің бар екенін білдік.
Осы «Некролог (Қазанама-Ә.Н.)» мақаланы жариялауға Императорлық Россияның географиялық коғамының Семей бөлімшесінде отырған А.Алектров басқаратын патшалық миссионерлік цензура өкілдері тікелей араласқан. Оған мақаладағы «Некролог был опубликован решением заседания распорядительного комитета Семипалатинского подотдела Географического общества (Протокол заседания от 27 августа 1905 года) деген осы жолдар дәлел бола алады. Қырағы патша цензурасынан Абай өмірбаянының Кәкітай жазған қазақша және Әлиханның орыс тіліндегі аудармасы табиғи қалпында шықпаған. Оны екі өмірбаянды салыстырып қарағанда отаршылдық пиғылдағы қысқартулар мен аудармада бұрмалау әрекеттері орын алғаны анық аңғарылады. Бір ғана мысал, Кәкітайдың 1909 жылы Петербургтегі Ілияс Бораганскийдің баспаханасынан жарық көрген Абай өмірбаянындағы: «Абай ғибадат турасында көрнеу сырты тақуа кісі емес еді, жай уақытта намазын көп оқымаушы еді, рамазан айында ораза ұстап, намазды сонда үзбей оқушы еді», – деген құнды мағлұматын, 1905 жылы Семейден шыққан «Семипалатинский листок» газетіндегілер: «Здесь следует отметит отношение Абая к обрядностям ислама. Он, бичуя в своих стихах ханжество и лицемерие мулл, не соблюдал мусульманских постов и не исполнял пятикратных молитв в сутки. Этим поступком Абай шел против обрядового мнения настоящей Киргизской степи, поголовного соблюдающей посты, особенно 30-дневный рамазан, и исполняющей пятикратную в сутки молитву», – деп Әлихан аудармасының өңін аударып басқанын, А.Алекторов қадағалап отырған орыс миссионерлерінің ислам құндылықтарын терістеу мақсатындағы жымысқы ісін танытатын әрекеті деп білдік. Осы орайда Абайдың «Дала уалаяты» газетінде 1889 жылы жарияланған «Күлімбайға» деген өлеңіне А.Алектровтың берген түсіндірме бағасындағы: «В стихотворной форме неизвестный автор (Абайдың қолы қойылмаған ғой – Т.К.) бичует за безделие и незаконные поступки», – деген жолдардағы А.Алектровтың сөз саптауына назар аударсаңыз, «бичует» деген сөз бен Абай өмірбаянында кездесетін «бичуя» деген жолдардың авторы бір адам, дәлірек айтқанда, А.Алекторов екенін аңғаруға болады. Демек, Абайдың өмірбаянын күзеп, кей тұстарына өз жандарынан сөз қосып, бұрмалап Әлиханның атынан жариялап отырған миссионер А.Алектровтың өзі екені даусыз.
Кәкітайдың Абай өмірбаянын жазған жазбасындағы ақынның ислам дініне деген танымын танытатын: «Ол оқыған кезінде, өзгелерді «асығыс отырып, сендер көңілді алаң қыласыңдар» деп, өзі жеке асықпай оқып отырып алушы еді. Әсіресе, ыхтихадқа бек махкәм еді. Не іс қылса да, не насихат айтса да, мынау құдайшылыққа жөн, бүйтсе – адамдыққа жөн деуші еді. «Ғибадаттың ең үлкені: көңілдің тазалығы, адам баласына жаны ашырлық» деп, сыртымен сопысынып, тақуасынған кісіні қатты ұнатпаушы еді. «Мұндай адамдар халық үшін ғибадат қылады, халықпен, шын көкірегі емес, қара жұртқа құрметті болмақтан басқасы жоқ», – деп. «Құдайға шын көңілмен ғибадат қылған кісі құпия қылады», – деп бұл туралы айтқаны:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес», – деген құнды мағлұматтарды А.Алектров саналы түрде орысша өмірбаяннан сызып тастаған. Егер жоғарыдағы кесіп тасталған абзац ақын өмірбаянына кіретін болса, онда Абайдың ислам дініндегі адам екені қалың қазаққа белгілі боп қалатын еді. Демек, 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетіндегі Әлихан Бөкейхановтың атынан жарияланған өмірбаянды шартты түрде «Бұрмаланған өмірбаян» деуіміз керек шығар.
Қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тарихын, әдебиетін, жазылмаған заңдарын тағы басқа да біз білмейтін көптеген қыр-сырларын анықтап алған Ильминскиий бастаған миссионерлердің негізі «достық мақсаты» қазақтарды жаппай шоқындыру болған. Шоқынған қазақ өз-өзінен орыстанатынын патшаның миссионер ғалымдары зерттеп білген. Шоқындыру үшін Абай сияқты данышпан көшбасшысының ислам дініне деген ісі мен сөзін дұрыс түсіндірмей теріс бұрмалау керек деген шешімге келген. Патша өкіметіне тәуелді жаңа заманның қаратаяқтары Абайдың орысша жазылған өмірбаянын оқып, олар Абай жүрген жолмен жүретінін сезген, білген.
Осыдан екі жыл өткен соң, 1907 жылы «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского Географического Общество» деген кітапқа Абайдың орыс тіліндегі бұрмаланған өмірбаяны өзгеріссіз фотосуретімен бірге екінші рет басылған.

Әлімбай Найзабаев,
педагогика ғылымдарының магистрі.

(Соңы, басы сайтта 29 қаңтарда жарияланды)

Осы айдарда

Back to top button