Абай - 175

Абайдың  музыкалық ән мұрасы

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай А. Пушкин атындағы облыстық кітапханада   «Абай: Кеше. Бүгін. Ертең» атты форсайт-форум ұйымдастырылды. Форумда абайтанушы-ғалымдар, өнертанушылар мен оқытушылар, Абай шығармашылығын зерттеп жүрген мәдениет саласы қызметкерлері баяндама жасады. Солардың бірі –  дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали. Онлайн режимінде өткен шарада ол ұлы  ақынның ән мұрасы туралы кеңінен әңгімелеп,  әндерін шырқады.

 

Абайдың   әндері  туралы тереңнен  сөз қозғаған әнші   оның музыкалық  мұрасына әсер еткен екі үлкен мәдениетті ерекше атап айтты. Оның бірі  қалалық мәдениет болса, екіншісі, далалық мәдениет. Далалық деп отырғаны, әрине, ол –  қазақтың  ұлттық өнері.

–  Абай атамыз жөргегінде ұлттық өнерге жарып өскен кісі. Оны менен артық білесіздер. Ал  кейін есейе келе қалаға барады, қалада орыстармен, саяси қуғын көріп біздің елге жер аударылып келген мықты-мықты тұлғалармен араласады. Қалалық концерттерде   Глинка,  Альябиев, Рубенштейн сияқты  танымал, дәурені жүріп тұрған композиторлардың шығармаларын  тыңдайды.  Жай  тыңдап қана қоймай, оны ерекше бір махаббатпен, құмарлықпен қабылдап, өзі содан сабақ алады, – деген Ерлан Рысқали жалпы, Абайдың өнерге деген құмарлығы, ынтықтығы, махаббаты ерекше болғанын  атап өтті.  Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, Абайға дейінгі дәуірде дәл өзінің өнерге деген махаббаты мен ынтықтығын, адалдығы мен сүйіспеншілігін анық әрі терең жеткізе білген бірде-бір ақын болмаған.   Абай – өнерге ерекше  құрметпен қараған кісі.  Оны Абайдың кез келген ән, өнер, күй туралы өлеңінен де  аңғаруға болады.

Ерлан Рысқали форсайт-форумда Абайдың бірнеше әнін орындап, оның тарихы туралы әңгімелеп берді. «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін әнші Затаевичтің кітабынан алыпты. «Маған дейін бұл ән айтылмаған» дейді ол.    Затаевичтың өзі бұл әнді Семей өңірінің әншісі Мұсылманқұл деген кісіден жазып алыпты. Кітапта ән «Өлеңді қайтіп қоярсың» деген атпен берілген екен.

Екі тұтқаны берік ұстанған

Е.Рысқали Затаевичке Абайдың әндерін жеткізген  әншілердің географиясы туралы да сөз қозғады.  Зерттеуші Абай әндерін Шығыс Қазақстан  өңірінен  бөлек,  Жетісу, Талдықорған, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай өңірлері өнерпаздарының аузынан жазып алған көрінеді.    Бұл нені білдіреді? Әрине, бұл  сол заманда Абай әндерінің бүкіл қазақ даласына таралғанының айқын дәлелі.   Қалалық мектеп пен далалық мектептің екеуінен де  нәр алған Абай әндері жаңашылдыққа тұнып тұр.  Абай әлемдік деңгейдегі классикалық музыканы ғана емес,   сол әлемдік классикамен пара-пар тұратын  Біржан сал,  Ақан сері, Жаяу Мұса секілді ұлы дала дүлдүлдерінің де музыкаларын тыңдап, бағалай білген, қадірлеген.  Сөйтіп екі тұтқаны берік ұстанып тұрып, өзі де екі ән мектебінің арасынан жауқазындай жарып шыққан. Сол кездегі тыңдарманға Абай әндерінің әсері орасан зор болды.  Абай әндерінің сюжетінде, әуеннің интонациялық ырғағында  бір жаңашылдық бар.  Мүлдем ұлтсыз дүние деп те  айта алмайсың. Абай әндерінің 90 пайыздайы  қазақы болса, қалғаны жаңашылдық.  Абай  ұлттық ырғақтан алыстамаған композитор.

-Кеңес заманында музыка зерттеушілері Абайдың ән мұрасын таза қазақтық, ұлттық  деп айта алмады. Өйткені көпшілік ол кезде ұлт деген сөзді айтуға қорқатын. Сондықтан да Абайдың қазақ әніне енгізген жаңашылдығын, реформаторлығын – барлығын жылы жауып қойды да, орыстың, әлемдік классикалық музыканың ығына жығып бере салды. Әлі күнге дейін  елдің арасында Абай аннан көшірген, мыннан көшірген, соған ұқсайды, анау-мынау деген сияқты таяз пікір айтылып жүр. Шын мәнісінде  олай емес, – дейді дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.

Әнші Абайдың  «Сұрғұлт тұман дым бүркіп» деген әнінің тарихын да баяндады.

Өлең 1892 жылы жазылған.   Абай бұл өлеңді Александр Дельвиг деген ақыннан аударған.  Бірақ Абайдың Абайлығы, данышпандығы мен ғұламалығы осы тұста көрінеді.  Тұпнұсқасында  есейген ер адам жастық шағын еске алып, сол жастық шақтағы қателеріне күйініп, тілін тістеп, ашынып отырады. Өзегі күйіктен өртеніп бара жатқан соң, «іш, іш,  сен ішкенде ғана қайғыдан арыласың» деген дүниені айтады. Егер Абай ол өлең жолдарын тура солай аударатын болса, құдай бетін аулақ қылсын, біздің қазақ алқаш болып кетер еді. Абай жаңағыны жылатып, қайғырта бермей, араққа құмар қыла бермей, кейбір жерлерін еркін аударады.  Жігіттің күйігі махаббаттан болған шығар деген оймен Абай мұны аударғанда махаббатқа алып келіп тірейді. Сосын «махаббаттың қайғысына сен батып кетпе», «өзіңді жоғалтпа, есіңді жи», «Әйелмісің жылама, тәуекел қыл құдаға» дейді. «Өлең айт, Үйге қайт» деп жігерлендіреді, – дейді Ерлан Рысқали.   Дельвигтің осы өлеңіне  орыстың  ұлы композиторы Глинка да ән жазыпты.  Заманында өте танымал ән болған екен.  Бүгінгі таңда орыс халқы оны халық әні деп айтып жүр. Бірақ Глинканың әні мен Абайдың әні  екі бөлек дүние. Абай әнінен жаңаша сарын, қазақы табиғат сезілсе, ал Глинка орыстың нағыз рухымен береді. Абай бұл өлеңді аударғанда да қазақы түсінікпен, қазақы дүниетаным бойынша халыққа ұсынады.

Ерлан Рысқалидың айтуынша, «Сұрғылт тұман дым бүркіп» өлеңінің әуені тәуелсіздікке дейін тыныш жатқан. Ешкім тиіспеген, білмеген. Бұл әннің тірілуіне себеп болған кісі Ниязбек Алдажаров деген аягөздік ақсақал екен. Сол ән ақсақалдың орындауында үнтаспаға жазылып, кейінгі әншілерге жеткен.  Ол үнтаспаны сақтап, жаңғыртып отырған Сәуле деген Ниязбек ақсақалдың қызы екен.  Әкесінің мұрасын көздің қарашығындай сақтауға ұмтылған Сәуле  Медғат Құлжанов деген кәсіпкер адамды тапқан. Сөйтсе,  Медғат Құлжанов пен Сәуленің әкесі Ниязбек ақсақал  кезінде аралас-құралас, дос болған кісілер екен. Медғат Құлжанов кәсіпкер кісі.  Қаражаты бар.  Ол кісі шетелдік мықты мамандарға Ниязбек ақсақалдың дауысын тазартып,  оны кейін қазақ радиосының алтын қорына енгізіп, диск етіп шығарады. «Мен сол Ниязбек ақсақалдың орындауындағы нұсқадан осы әнді үйреніп айтып жүрмін» дейді әнші. Бұл «1000 ән» деген антологияға да енгізіліпті.

Әлмағанбеттің дауысымен бүкіл елге тараған

Жалпы, Абайдың әндері   Әлмағамбеттің дауысы арқылы бүкіл елге  тарап отырған. «Соған қарағанда Әлмағамбеттің әншілігі ғажап болса керек» дейді әнші.

-Жалпы, Абайдың   нотаға түскен әндеріне қарасақ, Жүсіпбек Елебековтің есімі жиі аталады. Ал  өзім Жүсіпбек Елебеков түпнұсқаға бір табан жақын адам деп есептеймін. Неге десеңіз, Жүсіпбек тікелей Әлмағамбеттің өзінен ән үйренген адам. Міне, біздің әншіліктің шежіресі қайда жатыр? Демек бүгінгі таңда айтылып жүрген  Абай  әндері бізге ешқандай бұрмалаусыз, таза қалпында жетіп отыр. Абайдың өзі Әлмағамбетке үйретсе, Әлмағамбет Жүсіпбек Елебековке үйреткен, Жүсіпбек Елебеков өз  кезегінде Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов секілді ұлы әншілерге жеткізді. Олар бізге аманат етті. Өз басым Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Санақ Әбеуовті тыңдау бақытына ие болдым, – дейді дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.

«Ата-анаға көз қуаныш» әнін Абай өзінің ұлы Ақылбайға арнап шығарған көрінеді.  Жастықтың жалынымен жүріп өзінің құдай берген талантын елемей, бос дүниеге жұмсауға құмар болған Ақылбайға деген ренішін Абай осы ән арқылы жеткізген. Дәл осы жерде біз Абайдың әнді ағартушылық құрал ретінде пайдаланғандығын көреміз. Сол Ақылбайдың өзі де артына ғажап ән қалдырған адам. «Ақылбайдың әні» деген ән  Тұрағұлдың  келіншегін алуға Матай еліне бара жатқан Әлмағамбеттің өтінішімен шығарылған  ән екен. Осы ән кейін Қайрат ағамыздың орындауында «Қыз Жібек» фильміне пайдаланылған.

Жалпы, «Сегіз аяқ», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Сұрғұлт тұман дым бүркіп» сынды әндерден бір адамның қолтаңбасы  анық көрініп тұр.  Абай әндерінің кереметтігі, Абай әнге жай ғана көңіл көтеретін, жеңіл-желпі құрал ретінде қарамайды. Абай әнге терең мазмұн береді. Әнді ағартушылық құрал ретінде қабылдап,  әннің маңызын одан сайын көтереді.

-Абайдың ән мұрасына біз тәуелсіз замандағы қазақтың азат көзқарасымен қарауымыз керек. Өйткені кеңес дәуірінде Абайдың жаңашылдығын, реформаторлығын мойындағысы келмеген адамдар да болды. Мойындаса да амалдың жоқтығынан бұғып жүруге тура келетіндей жағдай болды. Енді тойдың қарсаңында Абайдың шығармашылығы жан-жақты дәріптелеуі тиіс, – дейді дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.

Әзірлеген – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button