Абай - 175

Абайдың біз білмейтін бауыры кім?

Біз Абай туралы айтқанда «Абай жолы» романынан аспай жатамыз. Бұл тұжырымның абайтанушы ғалымдарға мүлде қатысы жоқ, әрине. Абай өз өлеңінде айтқандай «атадан алтау» емес, «жетеу» екенін біріміз білсек, біріміз білмейтініміз рас.

Өз заманында төрт құбыласы тең, керегесі кең Құнанбайдың төрт әйелі болған. Үлкен әйелі Күңкеден Құдайберді туады. Екінші әйелі – Ұлжаннан Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Төртінші әйелі – Нұрғанымнан ұрпақ жоқ.

Абайдың жалпы жұрт біле бермейтін бауыры Айғыздан туған Халиолла. Ол 1848 жылы дүниеге келіпті. Құнанбай баласы Халиолла мен немересі Әбдірахманды әкесі Өскенбайдың атына жаздырады. Осылайша ол «Халиолла Өскенбаев» аталып, архив деректерінде «Халиулла Ускенбаев» деп таңбаланған. Ағайын туысы Халел атаған деседі.

Құнанбай екі баласынан зор үміт күткен. Бірі – Абай, екіншісі – Халиолла. Халиолланы жастайынан орыс оқуына берсе, Абайды мұсылманша оқытады. Әрхам Ысқақов естелігінде: «Ел­дің сынынша Ысқақ пысық, ұғымтал ақ көңіл болады. Халиолла сабырлы, көп сөй­лемейтін, тұйық болады дейтін. Абай екеуін де жақсы көреді. Абай Ысқақтан Халиолла артық, ойлы ақылды, дана адам болар деп үміт артады» деп Халиолланың оқуы туралы таңдауды Абайдың өзі жасағанын байқатады. «Ұлы Абайға адалдық» естелік кітабында осылай делінген. Халиолланың бұл бағаға лайық болғанын өмір жолы айғақтайтындай.

Омбыда оқу оқыған

Бала күнінен білімге құштар Халиолла басқа балалар сияқты ауыл молдасынан білім алып, сауатын ашады. Ол 11-12 жасында кадет корпусына оқуға түсіп, онда жеті жыл білімін жетілдіреді. «Ол заманда Омбы кадет корпусы – Сібір мен ұлан­ғайыр қазақ даласындағы бірден-бір беделді әскери оқу орын­дары­ның бірі болған. Оқу­ға тек орысқа адал, оған ба­ғынған қазақтың төре тұ­қымы мен сұл­тан­­дарының ба­ла­лары ғана қабылданған», – деп жазыпты Әсет Медеуханұлы. Осыған қарағанда Хаиолла Құнанбайдың беделінің арқасында оқуға түскен болу керек. Халиолла кадет корпусын 1867 жылы бітіріп, Москвадағы Александров атындағы әскери училищеге  оқуға түседі. Ол бір жыл ауылда, бір жыл Омбыда әскери қызмет атқарады. Осылайша Семей өңірінде алғашқылардың бірі болып әскери шенге ие болады.

Сондай-ақ ол жат жерде тек білім алумен ғана шектелмей, қазақ халқының фольклор үлгілерін жинайды. Оларды И.Березин, Н.Костылецкий, Н.Максимов сынды орыстың шығыстанушы ғалымдарына жолдап, өзі де қазақ халық ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларын орыс тіліне аударады. Жазғандары «Дала уәлаяты», «Сибирский вестник», «Московская иллюстративная газета», «Природа и люди» басылымдарында жарық көріп отырады.

 Құнанбайдың теріс батасы

Халиолла үйленбепті. Өйткені оның бозбала шағы Тобықты жұрты жыр қылып айтатын «Еңлік-Кебек», «Қал­қа­ман-Ма­мыр»  сияқты махаббат майданына тап келеді. Ол Семейдің ірі байы Тіні­бай­дың сұлу қызы Айғанымға ғашық болады. Екі жас бірін-бірі сүйеді. Қосылуға серт байласады. Бірақ тағдыр талқысы екі жас­ты қоспайды. Өйткені Айғаным айт­ты­­рылып қойған, басы байлаулы, қалың малы айдаулы болған. Оның үстіне Тінібай мен Құнанбай мың жылдық құда болыпты.

Алайда Халиолла Омбы, Мәскеу оқуынан демалысқа оралғанда жездесі Меңлібай мен апайының үйіне түсіп, осында Ай­ғаным жолығады. Қос ғашық сырласады, мұңдасады. Ақыры Айғанымды алып қашады. Бұл жайлы ғалым Тұрсын Жұртбаев: «Өнерлі өлке өрнегі» атты эссесінде «Халиолла Семейдегі Тіні­бай­дың қызына ғашық болып, оны алып қа­шады. Жолда қолға түсіп, қыз екеуін қамаққа алады. Құнанбай теріс батасын береді. Халиолла ренжіп Омбыға көшіп, көп ұзамай қай­тыс болады. Қыз да қайғылы халге ұшы­рай­ды. Халиолла оқиғасы М.Әуезовтің «Қара­көз» траге­дия­сына арқау болды» – деп жазады. Ал Әрхам Ысқақов та Халиолла – Айғаным оқиғасын тәптіштеп баяндап, бұл істің аяғы трагедиямен аяқталғанын жазыпты.

Осылайша Халиолла Құнанбайұлы қыршыннан қиылып, 1870 жылы 22 жасында өмірден өтеді. Құнанбай баласының сүйегін Омбыдан алдырып, «Сары қатын» қыстауына жерлейді.

     Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button