АБАЙДЫҢ АФОРИЗМІН ТАПҚАН АДАМ
Ұлы Абайдың дүбірлі тойы қарсаңында белгілі абайтанушы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің, «Бауыржантану» орталығының аға
ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
АБАЙТАНУ – қазақ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ТӨРЕСІ
-Сіз Абайтануға қалай келдіңіз?
-Абайтану – қазақ ғылымының төресі. Мен жалпы ғылым жолына үшінші мүшелі жасымда, яғни 37 жасымда түстім. Абай атамыз айтпақшы , «Қолымды мезгілінен кеш сермедім».
Тараздағы Абай атындағы гуманитарлық колледжінде студенттерге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүріп, 2005 жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор абайтанушы Мекемтас
Мырзахметұлымен жұмыс орнына іздеп барып таныстым. Ондағы мақсатым – Абай атындағы колледжге Абайтану тарихы курсын енгізу болатын. Мекемтас аға бірден қолдады. Бір ай көлемінде дәріс оқуға келісІмін берді.
Курстың дайын оқу бағдарламасын, оқулық кітабын қолыма ұстатып тұрып: «Лекция оқығаныма айлық төлемейсіңдер» деп кесіп айтты. Мекемтас ағамен алдын ала «Абайдың адамгершілік мұраттары» деген тақырыпта студенттермен кездесу ұйымдастырдық. Қырық минутқа жоспарланған
сыр-сұхбатымыз өте қызықты, әрі әсерлі өтті. Екі сағатта әрең тоқтаттық. Абайтану тарихы курсын 3-4- курс студенттерінің сабақ кестесіне кіргізіп оқыта бастадық. Лекцияны Мекемтас аға оқыды, маған семинар сабақтарын жүргізуді тапсырды. Бір күні Мекемтас аға ойыма кіріп те шықпаған аспирантураға оқуға түсу туралы ұсыныс жасады.
«Құдайдың берген әлі жас төрт балам бар. Оның үстіне ғалым атану үшін жаңалық ашу керек шығар. Ал мен ғалым, ғылым деген ұғымдарды оқып, естігенім болмаса, дұрыс калыптасқан түсінігім де жоқ қой. Ондай жолға түсу қалай болар екен», – дедім.
«Мен отыздан асқанда бес баламмен аспирантураға түсіп, кандидаттығымды қорғадым. Ғылым, ғалым жайлы білгің келсе, қазірше Абайдың қырық бесінші қара сөзін көңіл қойып оқып кел, сол жайында әңгімелесейік»- деді.
Ертесіне ағайға келіп: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп», – деген Абай сөзін жатқа айттым. Абайдың осы ой-тұжырымы менің ғылым жолына қорықпай қадам басуыма әкелді десем де болады. Сөйтіп, Абайтануға қызығып, қалай ғылым қуып кеткенімді сезбей де қалдым. 2006 жылы Тараз мемелекеттік педагогикалық университетінің аспирантурасына түсіп, оны 2009 жылы мемлекеттік грантпен бітірдім.
КӨЗІМДІ АШҚАН МЕКЕМТАС АҒА
-Абай Құнанбайұлының бұрын-соңды ешбір жинағына енбей қалған афоризмін тапқан ғалымсыз, қалай таптыңыз?
-Мекемтас Мырзахметұлы маған «Абай шығармаларындағы автобиографизм» деген тақырыпты берді. Автобиография дегеніміз ғұмырнама ғой. Міне, маған Абайдың шығармаларындағы өмірбаяндық деректерді ашу тапсырылды. Абайдың өмірбаянын жеріне жеткізіп зерттеген Мұхтар Әуезов. Ол өмірінің қырық жылдан астамын сол жолға арнаған. Бірақ менің мақсатым М.Әуезовтің ғұмырнаманы қалай, қандай деректер мен фактілерге сүйеніп жазғанын және сол деректер қолында болмағанда Абай өмірбаянын қалай жазар еді деген мәселелерге жауап іздей отырып, диссертациялық жұмысты жазып шығу болатын. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі өмірбаяндық фактілерді ашу жолында көп материалдар жинап, жүйелеп оқи бастадым. Оларды зерделеп, салыстырып отырып зерттедім. Мақалалар жазып, қалалық, облыстық, республикалық газет-журналдар мен ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарына жариялай бастадым. Солай ізденіп жүргенімде Абайдың ешбір жинағына енбей, газет бетінде қалып кеткен афоризмін 2008 жылы «Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары: Өлеңдері, дастандары. I том. Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2006.» деген кітаптың ішінен тауып алдым. Бұл афоризмді алғаш рет 1917 жылы «Сарыарқа» газетінің төртінші санында «Ар қарызы» деген мақаласында Шәкәрім Құдайбердіұлы атап кеткен екен. Шәкәрім Әлихан Бөкейхановтың атына медресе немесе шәкіртақы тағайындауға қолдау көрсету туралы осы мақаласында: «Абай марқұм «Тоқ татуды сыйламай, аштарға берген ас артық; Үйінде босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық» деуші еді», – деп ақынның бір ауыз нақыл-насихат сөзін, яғни афоризмін тілге тиек етеді. Афоризмді көре сала Абайдың З7 қара сөзін қолыма алып қарасам, ол жерде жоқ. Абайдың осы афоризмін бүгінгі қолда бар ғылыми айналымдағы академиялық екі томдық жинақтың ішінен табылып қалар деген ниетпен әр бетін парақтап отырып қайта-қайта іздедім. Бірақ жинақта жоқ боп шықты. Көзбен көрдім, ақылға салдым, Абайдікі екенін жүрек сезіп тұр. Отырдым да «Абайдың біз білмейтін афоризмі» деп мақала жаздым. Оны ғылыми жетекшім Мекемтас Мырзахметұлына апарып көрсеттім. Ұстазым оқып болып: «Мына мақаланы қайта жазып, жарияла», – деді. Сөйтіп, мақаламды толықтырып, 2009 жылы «Жамбыл-Тараз» газетіне жарияладым. Одан кейін де облыстық, республикалық бірнеше газет-журналдарға жарияланды. Табылған афоризмге қатысты зерттеуімді онымен тоқтатқаным жоқ. 1917 жылы шыққан «Сарыарқа» газетінің 4-ші санын іздестіріп, былтыр ғана таптым. Оның өзі үлкен хикая. Газеттің түпнұсқасындағы афоризмді оқығанымда кітапта бір сөзі қате басылғанын көрдім. Түпнұсқада былай екен: «Тоқтатуды сыйламай, аштарға берген ас артық. Ойын босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық». Дұрысы кітаптағы емес, сол алғаш басылған газеттегісі. Бұрынғы жазған, жариялаған мақалаларымдағы Абай афоризмін тағы бір мәрте қайта жазып, газеттегі дұрыс нұсқасын қайта жариялауым керек.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай
ақын шығармаларының толық жинағы қайта басылады екен. Сол жинақтың 2-шІ томындаға 37 қара сөзі тағы бір афоризммен толықса деймін. Ақынның өз шығармасын өз кітабына енгізу біздің перзенттік, азаматтық парызымыз емес пе?!
«ТОЛЫҚ АДАМ – ОЛ ҚАНДАЙ?
-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хакім Абайдың «Толық адам» ілімі туралы ерекше жазғанынан хабарыңыз бар. Сол мақаладағы «Толық адам» мәселесіне қатысты ойыңызды және оны оқыту туралы білгіміз келеді.
– Қазір Қазақстанның көптеген іргелі оқу орындарында университет ректорлары Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту туралы мәселеге ерекше көңіл бөле бастады. «Толық адам» ілімі деген ұғымды абайтану ғылымында алғаш зерттеп ашқан, оны ғылыми айналымға түсірген ірі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы екенін атап айтқым келеді. Бұрын «Абайтану курсы», «Абайтану тарихы» деген курстарда «Толық адам» туралы ішінара ғана оқытылатын. Ал Абайдың «Толық адам» ілімі деген арнайы сабақ оқытылмайтын. Қазір күн тәртібінде Абайдың «Толық адам» туралы ой-тұжырымдарын қайта зерделеп, зерттеп оқыту курсын ашу қажеттілігі туып отыр, Президент мақаласында: «…Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – деді. Демек, Абайдың «Толық адам» ілімінен тәжірибесі мол ғалымдардың бәрі де бас қосып, осы іске жұмыла кірісуі керек.
Біздің Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті 2017 жылдан бастап стратегиялық жоспарына Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту туралы енгізді. Үйірме сабағын ашып, оқыту бағдарламасын жасап, тек қана толық адам болу туралы Абайдың ой-тұжырымдарын үйретіп жатырмыз. Биыл он шақты маман бітіріп, дипломдарына қосымша «Абайтанушы. Толық адам ілімін насихаттаушы» деген арнайы білімі бар сертификаттар алып шығады. Олар ертең мектептерге барғанда Абайтану сабағынан сабақ беретін дайын мамандар болып барады. Келесі оқу жылынан бастап, оқу бағдарламасына енгізіп, косымша мамандық ретінде оқытуды қолға алмақшымыз. Біздің оқыту жағынан аз да болса тәжірибеміз бар. Қажет болса, сол тәжірибелерімізбен бөлісуге дайынбыз.
-Абайдың өлеңдерін жаттап алып, ақылы семинар-тренинг өткізіп жүргендерді әлеуметтік желілерден байқап қаламыз. Сізде де солай жасау ойда жоқ па?
-Менің пайдам – «Толық адам» болуды жоғары оқу орындарында насихаттау. Жас мамандарға Абайдың толық адам туралы ой-тұжырымдарын үйрету. Ал Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, елге ақыл айту арқылы коммерциялық жолмен табыс табу толық адамның ісі емес. Ондай ойдан аулақпын.
-Сұхбатымыздың соңында Шығыс жұртына қандай тілек айтар едіңіз?
-Жалпы, Шығыстағы халыққа айтар тілегім – дендерің сау, отбасыларың аман болсын. Шаңырақтарың шаттыққа толы болып, табысты болыңдар. Сіздерге Абай атамыз көрсеткен тура жол – өнер, білім, ғылым үйрену жолын нәсіп етсін!
Сұхбаттасқан-Көгедай Шәмерхан