РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Абайда жұртқа қуаныш сыйлаған екі нысан ашылды

Қоңыр Әулие үңгірі – еліміздің Шығыс өңіріндегі тарихи маңызы бар қасиетті орын. Жыл сайын республиканың түкпір-түкпірінен шынайы ниет етіп, емдік қасиетін  шипа қылмақ ниетпен туристер ағылып жатады.

Абай ауданындағы осынау қасиетті жерге келген қонақтар ат басын тіреп, суының қасиетінен ем тауып қана қоймай, ас беріп, бір түнеп қайтады. 2017 жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен қасиетті орынға жаңарту жұмыстары жүргізілген еді. Ал биыл мамыр айында Қоңыр Әулие үңгірі жанынан заманауи талапқа сай қонақ үй бой көтеріп, туристер игілігіне тамаша мүмкіндік туғызылды. «Берекелі болса ел – жағасы жайлау ол бір көл» деп ұлы Абай айтқандай, бүгінде қасиетті үңгірдің басы көркіне көз тоятын, жаңа нысанмен толығып отыр.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр бұл жерге электр желісі тартылса, биыл үңгір ішіне абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жиыны жеті бөлмеден тұратын қонақ үй заманауи талаптарға сай. Асхана, демалыс бөлмелері бар қонақ үй кешені жоғары деңгейде салынып, заманауи тұрмыстық заттармен толық қамтылған. Су, электр желісі іске қосылған.

Санитарлық талаптар сақтала отырып өткізілген игі іс-шараға аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров қатысып, ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ ауылдың ақ пейілді азаматтары қуанышты сәтке куә болып, ауылдың үлкені Рымбек Көркембаев ақсақал ақ батасын берді, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Баба үңгірінен шипа іздеп, қасиетті суды көзбен көрмекке асыққан ағайын үшін туристік қонақ үй енді қалтқысыз қызмет етпек.

Ұлылар мекенінде жағымды жаңалықтар легі толастар емес. Туристік қонақ үй ашылып, аудан жұрты тегіс қуанса, тағы бір ауылда жаңа кітапхана ашылып, халық қуанышы еселене түсті.

Дәл осы күні халық ақыны, абыз ақсақал Шәкір Әбеновтің атындағы мектепте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында санитарлық талаптар сақтала отырып, қайта жаңғыртылған Жұмаш Кенжеалықызының атындағы кітапхананың ашылу рәсімі өтті. Бұл мектеп кітапханасында ұзақ жылдар қызмет еткен, бүкіл ауыл руханиятының қайнар көзі болған ардақты ана, мәртебелі мамандық иесі Жұмаш Кенжеалықызының жақсы ісі мен өнегесі қалды. Ел руханиятына қызмет еткен ананың балалары Жарма аудандық білім бөлімінің қызметкері Нұржамал Алдамжарқызы және М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Алдамжарқызы кітапханаға демеушілік танытып, заман талабына сай толық қайта жаңғыртты. Іс-шара барысында қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және өмірлік серігі Шағангүл Алдамжарқызы өздерінің авторлық кітаптарын аудан мектептерінің кітапханаларына табыс етті. Аталған шара Ш.Әбенов ауылының тұрғындары мен кітапсүйер оқырмандарына үлкен қуаныш сыйлады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button