Абай жаққан алау
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде Абай жылы салтанатты түрде ашылды. «Абай жаққан алау» атты мерекелік шараға студенттер мен оқытушылар, қаладағы шығармашылық интеллигенция өкілдері қатысты.
Қазақ руханиятының бастауында ұлы Абайдың тұрғаны сөзсіз. Абай мұрасы – қазақ халқының ғана емес, адамзаттың ортақ қазынасы. Осы орайда Өскемендегі іргелі оқу орындарының бірі – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралардың шымылдығы салтанатты түрде түрілді. Университеттің Рухани жаңғыру кафедрасы ұйымдастырған шараға қатысушыларды оқу орнының проректоры Сәуле Рахметуллина сөз алып, ізгі тілегін білдірді.
Биыл біздің мемлекет үшін өте маңызды жыл. Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған байланысты біздің мемлекетте және халықаралық деңгейде әртүрлі шаралар өткізіліп жатыр. Бұл іргелі іске біздің университет те өз үлесін қосуда. Абайдың мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, ол -елдікті қадірлеудің үлгісі, Абайдың мұрасы – рухани жаңғырудың негізі. Біздің университеттің де басты мақсаты – Абай мұрасының нәрін ұрпақ санасына сіңіру, – деген Сәуле Рахметуллина ұлы ақын мұрасын насихаттау мақсатында оқу орнында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті. Айтуынша, университетте студенттердің санасын жаңғырту мақсатында «Адам бол» академиясы құрылыпты. Сондай-ақ Абай ілімін студенттер бойына сіңіру мақсатында «Абай және ХХІ ғасыр» атты курс та бар. Аталмыш курсты енгізу барысында білім ордасында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен абайтанушы ғалым Е.Григорьевтің еңбектері мен зерттеулері негізге алыныпты. Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында биыл абайтанушы ғалымның еңбектері қайтадан басып шығарылмақ. Сондай-ақ университет ұжымы философ, ғалым Ғарифолла Есім, профессор Шахмардан Әбіловті арнайы шақырып, дөңгелек үстел өткізуді де жоспарлап отырған көрінеді.
Мерекелік шара барысында оқу орнының жанынан құрылған «Абай» клубының шығармашыл жастары ұлы ақын өлеңдерін нақышына келтіре орындап, әндерін әуелете шырқады. Әдемі кеш «Ертіс-концерт» ұжымы мен Байжігіт атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің концертіне ұласты.
Мейрамтай Иманғали