Абай - 175

Абай және оның айналасы

Ресей ғалымдары А.Пушкиннің ғұмырының алты күні ғана зерттелмей қалды деген тұжырымды алға тартып, өкініш білдіреді. Ал Абайдай ұлы ақынның өмірі, сүрген ортасы, араласқан адамдары, айналасы туралы біз қаншалықты зерттей алдық? Елімізде Мұқаң бастап, Қайым ақсақал қостаған талай ғалымдарымыз Абай тақырыбын, Абай қоғамын жеріне жеткізе зерттеді десек, әрине, үлкен баға бергендік болар еді. Десе де, кезінде кейбір маңызды оқиғалар туралы мүлдем жақ ашуға болмайтын  дәуірді де бастан кешкеніміз шындық. Осы орайда, біз ел ішіндегі Абайға, оның айналасына қатысты елеусіз мысалдарға тоқталып өткенді жөн көрдік. Абайсүйер қауымға, оны зерттеушілерге мысқалдай болса да септігі тиіп жатса, нұр үстіне нұр жауар еді.

 Зере әженің хаты

Абайдың әжесі Зере найманнан тарайтын Матай руының қызы екен. Зере ақылдылығымен Көкше еліне, әсіресе Ырғызбай, Өскенбай ұрпақтарына аса сыйлы адам болыпты. Оны ел «кәрі әже» деп атапты. Зере баласы Құнанбайға келіншекті өз төркінімнен алып берем  деп аталас туысы Күңкені айттырып, түсіреді. Одан Шәкәрімнің әкесі Құдайберді туады. Зере немерелерінің  ішінен Ибраһимді ерен жақсы көріп, үнемі бірге ертіп жүреді. Қойнына алып жатады. Жас күнінен еркелетіп, «Абай» деп атаған да осы  Зере әжесі еді. Абай алғаш Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға барғанда, ауылды аңсап сағыныпты. Қалаға үйрене алмай жүргенін Зере естіп:

«Көзімнің шырағы, нұрысың, балам,                                                                                               

Жаныңа жәрдем берсін хаһ тағалам.                                                                                      

Анаң мұнда, енең мен есен-аман,                                                                                          

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.                                                                                                               

Шырағым, мұнда жүрсең нетер едің,                                                                                       

Қолыңа құрық ұстап кетер едің.                                                                                                     

Тентіреп екі ауылдың арасында,                                                                                                    

үргенде не мұратқа жетер едің?» – деп хат жазады.

Абай бала күнінде бірде сырқаттанып қалған Құнанбайдың көңілін сұрап келген ақ найман Шаншар деген адамды аттандырып жатып: «Жасыңыз 70-тен асса да, неге жалғыз жүрсіз?» – дейді. Сонда ақ найман Шаншар: «Е, басы-көзім сау болса, мені қайдағы жау алады дейсің», – деген екен. Мұны естіген Құнанбай: «Әй, балам-ай, мына пәледе нең бар еді, мені сипап өте шықты ғой», – депті. «Соқыр десе, Құнанбайға тиеді» деген.  Ел құлағына сіңісті болған қауесетті тағы бір еске алғандай күй еді.

Құнанбайдың Бұтабай болыс ауылында қонақ болуы

Көкпекті, Зайсан уезіндегі Тана мырза, Бұтабай болыс (аға сұлтан да болыпты)  ауылдары Құнанбайдың аса бір сыйласып, қоян-қолтық араласқан ауылдары болыпты. Осы өңірге Құнанбайдың қарындасы Тайбала ұзатылады. Тайбала да елі сыйлаған ақылды адам болады. Тайбала – танымал Алаш қайраткері Отыншының әкесі Әлжанды тәрбиелеп, өсіріп-жеткізген анасы.

Бірде Құнанбайды Бұтабай қонаққа шақырады. Тегі бір сүріндіру мақсаты да болды ма екен? Тауып та, қауып та сөйлейтін жынды сүрей, шайқы адамды дайындаса керек. Оны ел «Ереке» дейді екен. Ерекең:

– Құнанбай нөкерлерімен жайғасып отырғаннан кейін есіктің алдындағы қарсы беттен нөкерлеріммен қоңыраулатып мен түсемін. Бәрің мені құрақ ұшып қарсы аласыңдар. Құнанбайға сәлем берген соң, мені қошеметтеп төрге Құнанбайдың  жанына шығарасыңдар. Мен бір тізерлеп отырып, бір тостаған қымыз ішемін де, өте асығыс екенімді айтып, сендердің «отыр» деп жабысқандарыңа қарамай шығып кетемін. Жігі-жапар болып тағы мені шығарып саласыңдар. Бүрсігүні Құнанбай аттанарда тағы келемін, – дейді. Құнанбай нөкерлерімен аттанып жатқанда Ерекең нөкерлерімен қайтып оралады. Қазақтың салты бойынша қонаққа хош айтып, ел салтымен қозыкөш жерге дейін шығарысады. Ерекеңнің астына мінген құласы тік қарғиды да, ауыздығымен алысып, біресе Құнанбайдың қасынан, біресе топтың ішінен алға ытқи шауып, ерсі әрекеттерді қайталай береді. Сонда Құнанбай:

– Ереке, атыңыз әлей, құс қанатты керемет жануар екен, – дейді. Ерекеңнің да күткені сол болғандай:

– Е, немене, Шыңғыстың бойындағы балалы сайтанды көрмей, менің астымдағы атымды көрдің бе? –деп тағы шауып кетеді. Сөйтсе, Қодар мен Қамқаның атағы жалпақ елге жайылып болған екен. Бұл оқиғаны ойластырып, ұйымдастырған Бұтабайдың әкесі деп те айтады. Осы мазмұндас деректерді қазіргілер әр нұсқада, әр жерде болды деп айтатын болыпты.

Базаралы туралы

Абайдың «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңі Базаралының тақыр атын сипаттаған, аттың сыны туралы жазғаны екен. «Қолыма осы ат түспеді-ау!» деп қызығатындар да мол болыпты. Бір болыс сайлауы кезінде тақыр атты ұры алып кетеді. Базаралы топты адаммен ат ойнатып, Құнанбай ауылына келеді. Шәкәрімнің 14-17 жас аралығы кезі екен. Жүгіріп шығып: «Баз аға, бір-бір сойылы бар кісің не? Атыңды мен іздетіп, таптырып берейін», – дейді. Сонда Базаралы:   «Әркім өз ағасына аударған заман, сен өз ағаңды аударсаң, мен сені аудардым», – депті. Іс бітіммен тынады. Шәкәрім мен Базаралы өзара түсініскен.

Басында Базаралыны Құнанбай жақсы көріпті. «Базаралы қолын созғанда қашатын әйел бола ма екен?» дейді екен. Оның үстіне, Құнекеңнің Кіші жүздегі асқа барғандағы Базаралыға берген бағасын қосыңыз. Айдаудан қайтқан Базаралы Құнекеңнің үйіне сәлем беріп кіріп келе жатқанда тоқал атып тұрып, сабаның піспегінің сабын ұстай қалады. «Әй, байқұс, сенің осы жерің ғой талай жердің дәмін татқызған», – деп Базаралы базынамен тоқалдың сауырын қағып, төсін сипап  құшақтайды.Тоқал: «Талай жердің дәмін татқызса, арамызда жеңгетай Құнанбай ғой», – дейді. «Е, мен не деппін», – деп басын көтере берген Құнекеңе:  «Еркек сен қызыққанда, Базаралыға әйел мен қалай қызықпаймын?» – дейді ерке тоқал Нұрғаным.

Қарақаралыдағы мешіттің ашылуы

Қарқаралыдағы Құнанбай салдырған мешіттің ашылуына халық көп жиналады. Ашылу сәтінде дау туады. Діндар адамдарға қалың халықты намазға жығып, үлкен сауап жинаған деген ғанибет. Алшынбай бастатқан арғындар: «Мешіт арғынның жеріне салынды. Арғындар ашуы керек!» дейді.

Құнанбай бастатқан топ: «Мешітті тобықты салды, тобықтылар ашуы керек!» дейді. Даудың бір шешімге келмейтінін сезді ме, Баянауылдан келген Үкібай би мешітті ашып, кіріп кетеді. Жиналған жұрт Үкібайдың артынан баса-көктеп олар да кіреді.

Үкібайдың жасы Құнанбай мен Алшынбайдан кіші, Абайдан үлкен. Намаз оқылып болған соң, Алшынбай мен Құнанбай бастатқан арғын мен тобықтының жуандары Үкібайды ортаға алады.

– Жә, сен неге мешітті ашып кіріп кеттің? – деп. Сонда Үкібай:

– Мешітті он екі мүшесі сау адам ашу керек! – депті.                                                                                                                  Құнанбайдың міні – бір көзі кем. Ал Алшынбайдың басы жасынан теміреткі, таз екен.  Екі жақтың жуандары сөзге жығылып, отырып қалады. Үкібай жүре береді.

***

Ақ қоян терісінен тігілген бөрік киген Базаралының басына қайта-қайта қарай берген Оспанға ол:

– Әй, әкем, өлмесек деген аң бар, соның терісі. Жасым жетті, өлмес үшін киіп отырмын, – депті

Тарғыбатайдың күнгейін жайлаған ел ішінде «Оспан ауырып жүргенде Абай оны Барлық-Арасанға ертіп келіп, шипалы бұлағына түсіріпті. Жайтөбенің етегінде үлкен тасқа отырып, аттарын оттатыпты» деген деректер сақталған.

Керімбала Қордай өңіріне неге кетті?

«Оспанның Еркежан, Зейнеп, Керімбала деген үш әйелі бар. Оспан өлген соң, оның жесірі Еркежанды Абай алады. Ал Керімбала ықтиярсыз Ұлы жүз Қордай өңіріндегі нағашысына кетіп қалады. Шашы ұзын, ерекше киінген көрікті адам екен. Ол: «Менің теңім – қырғыздың манабы Шабдан немесе Жаныс Қасқарау Ноғайбайға тиемін. Мені Абай алмады», – деп өкпелейді. Ол Ноғайбайға тиеді.

Ноғайбай Сұраубай бастаған нөкерлерімен Ұлы жүзбен Орта жүздің шекарасы – Ақсу маңына барып, Абай бастатқан топпен жесір дауы бойынша келіссөз жүргізген екен (М.Әуезов «Жазушы», Алматы, 1980 ж. 5 – том 49 – бет).

Әріптің Базаралыға арнауы

Базаралы жазасын өтеп, алғаш Иркутскіден оралған шақтың бірінде Абай бастаған топты адаммен бір үйде қонақта отырғанда  сәлемдесуге Әріп ақын келіп қалады. Сонда Әріп:

Қолды жуып жатырмыз сапылдатып,

Тобықтылар ет жейді қапылдатып.

Қазы-қарта, жал-жая бар екенін,

Қыран құстай шалдым-ау үйде жатып, – дегенде, топ ішінен біреулер: «Ой, өлеңіңді Базаралыға арна, Базаралыға арна!» деседі.

Базаралы – Қауменнің баласына,

Барып келдің Үркіттің қаласына. 

Жазықсыз сонша жерге жер аудартар,

     Жақындап па ең біреудің анасына, – дегенде отырғандар Әріпті ары сөйлетпей, төрге шығарады.

Базаралы Абай болыс боп тұрғанда сотталыпты. КСРО тұсындағы ғұламаларымызға Абайдың ұзақ жыл болыс болғаны туралы жазуға заман ырық бермеді. Алайда Абайдың ұзақ жылдар болыс болғанын растайтын Омбы мұрағатынан алынған нақты құжаттарды 2015 жылғы 7 қарашадағы санында «Дидар» газеті жариялағаны белгілі.

«Сыбанның көк перісі» атанған ақын кім?

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей,  Мұқаң «Абай алды әдебиет мектебі сияқты да болады. Тікелей шәкірттері өз балалары Ақылбай, Мағауия және Көкбай, Шәкәрім», –деген еді. Абай бастауынан нәр алған шәкірттерінің бірі – Әріп Тәңірбергеновті Абай аса құрметтеген екен. Халқына қайта оралған Әріп  елмен етене қауышқалы көп уақыт та болған жоқ. Ақындардың айтқан сөзі шапқан қылышпен пара-пар емес пе? Абай Әріпті «Сыбанның көк перісі» дейді екен. Ол айтысқа түсіп, сөз қағыстырғанда селкілдеп кететін әдеті бар, орыс және қытай тілдерін жетік меңгерген зерек адам болыпты. Әйгілі «Біржан – Сара» айтысының  авторы. Әріптің нағашысы – тобықты елі. Сондықтан жиендік базынасын аямай-ақ тобықтыларды тілімен тілгілейтін көрінеді. Бірде Абай Көкбайдың кебісін қояды. «Сыбанның көк перісі пәле іздеп отыр» деп, Көкбай кірген бетте өлеңнің тиегін ағытады.

Тобықты ежелден-ақ аты шулы,

     Шешесі жерік болып ішкен уды.

     Жерігі «у» құдықтан қанбаған соң,

     Баласы тентек болып солай туды.

     Сонымен тентек болып шыққан мұқым,

     Кешегі ақ найзаның заманында. 

    Қалмақ түгіл қазақтың алған зықын, – дегенде Әріп домбырасын қағып-қағып жіберіп:

Арғынның ақын Көкем келімсегі,

Өзі би ешкімге жоқ берімсегі. 

Өліп қалған шешесімен қалжыңдасып, 

Кәдімгі бейне өзінің келіншегі.

Кім жамандап сөз қылар шыққан қапты, 

Ол байқұс бар жазығы сені тапты. 

Болмаса Қанжығалы қарт Бөгембай,

Қай Тобықты белсеніп қалмақ шапты, – деп төске өрлейді.

Осылай басталған екі ақынның айтысы ауыздықпен алысып, дес бермей қыза шапқан бәйге атындай, сөз маржанын төгілте бастағанда,  Абай екі ақынды одан әрі егестірмей, «Сыбанның көк перісін тышқан жеңбесе, адам баласы жеңе алмайды» деп тоқтатыпты.

1924 жылы мамыр айында Үшбиікте қатты ауырып жатқан Әріптің халін сұрауға Көкбай келеді. Көкбай:

Халіңді келіп едім білейін деп,

Бірауыз қалжың айтып көрейін деп.

Кеше гөр айтқанымды жиен едің,

Жатырмысың ахиретке жүрейін деп.

Әріп:  

Халімді біле келген Көкбаймысың,

 Артымнан өліп қалсам жоқтаймысың.

Сөзіңді сенің айтқан кешпей кетсем,  

Өлген соң сүйегімді соттаймысың.

Мен кеттім дүниені саған тастап, 

Осымен артты қысып тоқтаймысың.

Көкбай:   

Сабазым, әлі бүтін парасатың,  

Тоқтадым енді күй жоқ таласатын. 

Сайраған сау кісідей, бұбұлым-ай,

Кезеңге шығып тұрсың ары асатын. 

Мүбарак құтты қылсын сапарыңды,

Жұмаққа нәсіп етсін тартарыңды.

Бір туған  парасатты, егізім-ай,  

Бұзғалы енді тұрсың қатарыңды,

Бақыл бол, қолыңды әкел, жиен, 

Ахиреттік сапарыңда жеңдің, жиен. 

Қарағым, жадыраушы ем көргенімде,

Мұң айтар кісі де жоқ, қалдым иен. 

Әріп:

Хош, Көке, айтыса алдық бақылдықты,

Айтысып көп қолдандық ғапылдықты.

Көзіңнен мені қимай жас шығардың,

Елжіреп елестеттің татулықты.

Тапсырдым бір Аллаға сені, Көке, 

                            Дұғада есіңе ап жүр мені, Көке.

Келесің сенде бір күн өмір өтсе,

Уақытша қалып тұрсың сен бір күн ерте.

Алпыс асқан пайғамбардың жасындамын.

Отқа жағар ошақтың қасындамын.  

Бойға біткен тамырлар солғын тартып,

Өлмесем де өлімнің қасындамын, – депті.

 

«Жібек баулы арғымақтан озам дейсің…»

Абай болыстық сайлауға түскенде Тобықты елінен Тәуірбек деген қайратты, батыр тұлғалы әрі шешен, ақын адам болыстыққа таласады. Сол Тәуірбек қалмаққа барымтаға барғанда қолға түсіп, үш жыл тұтқында болып келеді. «Ең әуелі Серкені сескендірмек боп, Тәуірбек дейтін Мұқырдың қазағы оны боқтап, тіл тигізді. Бетін қайтармақ, жасытпақ әрекеті», – дейді (М.Әуезов, 6-том, «Жазушы», Алматы, 1980 ж. 228-бетте). Әріп жасы егделей бастаған шағында старшина болыпты. Құтты болсын айтуға Тәуірбек келеді де:

Ассалаумағалайкүм, кәрі старшина,                                                                                                             

  Ендігі кәрілердің бәрі – старшина.                                                                                               

 Көрмегелі көп айдың жүзі болды,                                                                                                     

 Мал-жан аман ба, Әріп старшина? – дейді.

Әріп:

Уағалейкумассалам,Тәуірбегім.

 Мақтауға арғы атаңды ауыр көрдім.                                                                                                   

Жібек баулы арғымақтан озам дейсің,                                                                                          

Қалмақтан қаңғып келген жауыр көгім, – дейді Абаймен болыстыққа түскен дәмесін алға тартқандай. Жібек баулы арғымағы Абай болса керек.

Әріп Сергиопольде (Аягөз) сотта тілмаш (аудармашы) болып қызметте жүргенінде Көкбай біреуден қарызын ала алмай сотқа шағымданады. Арызының аяғына көрші бөлмеде сотпен бірге отырған Әріпке арнап бір шумақ өлең жазып жібереді (Бұл өлеңдер баспа беттерінде және Көкбай мен Әріптің шығармаларында жарияланыпты. Бірақ айтыстың себептері, оқиғалары жазылмаған).

Көкбай:

Әрқашан Арғын – аға, Найман – кішік,                                                                                                 

Найманша едірейме, күйіп -пісіп.                                                                                                  

Қызметімді тездеп бітір, төбеңмен жүр,                                                                                        

Күнде саған мөлимен ісім түсіп.                                                                                                      

Әріп:

Асықпа, бітіремін қызметіңді,                                                                                                

Тапсырған құрбылықпен міндетіңді.                                                                                          

Арғынға Көкше сенен Қызай жақын,                                                                                               

Одан да түзесеңші өз бетіңді.                                                                                                       

Көкбай:         

Көкше атам – Тобықтының бел баласы,                                                                                         

Бұл сөзіме ешкімнің жоқ таласы.                                                                                           

Нарынбайды ташкендік сарт дейді ғой,                                                                                            

Сол секілді қазақтың бір жаласы.                                                                                                 

Әріп:

Тобықты Арғын емес, Көкше тұрсын,                                                                                               

Ата қуып қайтесің, өзің жүрсің.                                                                                                         

Құдай куә теңдесім Алтай, Қарпық,                                                                                         

Арғынмын деп көтерген кеудең құрсын!  

Өлеңнің жауаптарын бір бөлмеден екінші бөлмеге хатшы әкеп тұрған екен. Жоғарыдағы «Қызай» руы Матайдың Қаптағайынан тарайды. Алатаудың ар жағында тұрады. «Ұлы жүзбіз» дейтін көрінеді. Арқа елі ішінде сақталған ауыз деректерде: «Жоңғар шапқыншылығы кезінде Ұлы жүздің бірқатар руларымен бірге Қызай елі жоңғарларға беріліп қалады. Кейін жаудың беті қайтып, жоңғарлар ығысқанда, Қызай руы Арғын, Найман руларына қосыла алмай, әлденеше көш қашықтықта көшіп отырған екен» дейді. Абай бұл екеуінің айтысын төмендегідей қорытындылайды:

Ақ сопы дүниеден ұлсыз өткен,

Енеден жалшысынан бала біткен.

Өкіреш Найман ұлы болмаған соң,                                                                                         

Атасыз да Найман көп деп ап кеткен.

Өскенбайдың өсиеті

Құнанбай әкесі Өскенбайға сонау Көкшетауға апарып Үш жүздің басын қосқан тарихи дүбірлі ас береді. Ол өзі өлерінде балаларына айтқан өсиетінде:

– Маған дүбірлі, ұлан-асыр ас бермеңдер! Айықпайтын дауға қаласыңдар! – депті. Тегі «ас» деген салт соңғы жылдардан бері бұл елдер әдетінен қалыңқырап бара жатқан. Соның салдарынан Құнанбай өлгенде де ас бермеген», – дейді (М.Әуезов, «Жазушы», Алматы. 1980 ж. 5-том. 297-бет).

Құнанбайдың жаназасына 11 мың адам жиналыпты

Құнанбай өлгенде таяқ ұстап тұрған Абайға Арғын Сапық би келіп көріседі.

Абай мырза, мұңайма,

Мұңайғаның ұнай ма!

Қарсылық қылу бақилық,                                                                                                                      

Бір жаратқан құдайға, – дегенде, Абай таяғын үйге сүйеп, бойын тіктеп, биге ізеттілік көрсетіпті.

Құнанбайдың жаназасына 11 мың адам жиналған дейді. Семейден ояз тәртіпті қадағалауға 200 солдат жіберіпті.

«Қолаба» сөзінің төркіні қандай?

Абайдың кемелденген шағында кешкілікте қонақ үйіне Манап деген адам келіп қонады. Ел «Сары» дейді екен. Ертеңінде Манап аттанарда Абай:

– Ана кісі – абыройлы, малды адам, тегін жүрмеуі керек, бұйымтайын сұраңдаршы, – дейді. Сонда Манап:

– Абай мырза, бұйымтайым – өз балам тілімді алмайды, соған кеңес салып келіп едім, – дейді. Сонда Абай:

Өзіңнен шыққан қолаба,                                                                                                              

Ұрып соққанмен бола ма?                                                                                                          

Сыртынан оның байқап жүр,                                                                                                     

Маңына бірақ жолама! – деп жауап береді.

Мұндағы  «Қолаба» деген сөз төлінен жеріген малды телитін құрым киіз екен.

Абайдың Шәкәрімді бағалауы

Абай екі білімді жігітті ертіп барып, кемеліне толған Шәкәрімді бағалағалы сұрақ қояды:

  1. Оқымай ғылым, өнер таптым. 2. Еңбек етпей мал таптым. 3. Халық сайламай хан болдым. Бұл қазақтың қай баласы менен артық, – дейді. Шәкәрім сонда:
  2. Ел сайламай хан болсаң – Перғауындай-ақ болған шығарсың. 2. Еңбек етпей мал тапсаң – Қарынбайдай-ақ болған шығарсың. 3. Оқымай ғылым, өнер тапсаң –Ғазазілдей-ақ болған шығарсың, – дейді (Ғазазіл лағнет хомутын киіп, жұмақтан қуылған).

Абай:

– Ғазазілдің үш тілегі қандай? – дейді. Шәкәрім:

  1. Өлмес ғұмыр. 2. Ет пен тердің арасындағы жол. 3. Батыс пен шығысқа найзағайдай жылдамдық бер деп тілейді, – депті. Сонда Абай: «Менің білгенім Құранның бір парағындай болды-ау! Шәкәрімім менен асты!» – деп риза болып, орнынан түрегеп кеткен екен. Абайдың бауырын ерекше бағалаған осы сөзі ел ішіне «Шәкәрім Абайдан асқан» деген лақаптың шығуына себеп болады

Шәкәрімнің 150 жылдығы қарсаңында Шығыс өңірі баспасөзінде, теледидарда ғалымдарымыз, әсіресе абайтанушы ғалым Асан Омаров «Абай мен Шәкәрімді салыстырып тұрған жоқпыз» деп басталатын тақырыпта әңгімелерді өрбітіп, түсініктер берді де.

Шәкәрім Абайға:

– Күллі сіз оқыған, мен оқыған кітаптарда әйел қауымына шаң жуытпайды. Мен «Жаман әйелдің сыны» деген өлең жаздым дейді.

Қисайып үйі,                                                       

Қасиды басын,

Жабылмас шиі.                                                     

Тарамас шашын.

Отын жоқ, су жоқ,                                                    

Тазалық білмес,

Болмайды күйі.                                      

Кім ішер асын.

Бұрқырап шашы,                                                

Бырқырап мұрын,

Сиықсыз басы.

Салбырап ерін.

Беті кір, сатпақ,                                                         

Етекпен сүртер,

Бір елі қасы.                                                             

Беттің терін.

Көсеудей қолы,                                                    

Қыдырып сұрап,

Бір жумайды оны.                                                    

Жүк тұрар құлап.

Ол да әйелді сынайды,                                           

Сары ала төсек,

Қайтесің соны.                                                          

Бала тұр жылап.

Бұзау тұр қатып,                                                        

Тамаққа тоймас,

Белдеуде жатып.                                                           

Қылғаны ойнас.

Ұрысса байы,                                                                  

Солармен жүрген,

Сөз бермес шатып

Жігіт те оңбас.

Бұл өлеңді 2000 жылдардың басында шәкәрімтанушы ғалым Е.Сыдықовқа конвертпен жібергем. Бірақ жауап болмады.

Абайдың көшкенде алты кебежеге салып түйеге артатын бір үй кітапханасы болған екен. Абайдан кейін бұл мұраға Шәкәрім иелік етеді. Құран хадистерінде «Үш анық» ұғымы: Құдай – бір, құран – шын, пайғамбар – хақ. Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегі баршамызға танымал. Ертедегі 1930 жылдарға дейінгі өмір сүрген зиялылар бағамында Шәкәрімнің «Үш анық» ұғымы: адамның тууы анық, өлуі анық және жанның қайта тірілуі анық деген ұғымдарды айқындаған деген.

«Үш анық» еңбегін оқығанда тұнып тұрған космостық байланыстар мен тылсым дүниенің жауаптары аңғарылғандай. Қазіргі біз қолданып жүрген «Үш анық» ұғымы коммунистік сарынға бейімделгендей.

Шәкәрім дана ақын болуымен қатар, оның бойына көріпкелдік, болжағыштық, бақсылық, емшілік қасиет те дарыпты. Бұл қасиеттің нышандары баласы Зиятта да болыпты. Ғылым бұл құбылысты жіп тағып, не бар, не жоғын әлі теріске шығарған жоқ қой. 1931 жылы бұл өңірге сапарлай келген Елтай Ерназаровқа жолығып, тысқа шыққанда Шәкәрім кең тыныстап:

Қайран елім, қандай едің заманында,                                                                                                       

Күні бұрын сақтанбадың аманында! – деп тұрып-тұрып, күрсініп, жүріп кетіпті. «Азалы жылдар сырлары» атты деректі шығармада: «Шәкәрімнің өз кіндігінен тараған ұл-қыз, немерелеріне дейін қамауға алынып, түрмеге жабылды. Азап қорлығына шыдамаған ұлы Ғафур түрмеде оның өзімен бірге қамалған баласы Баязит түрмеден шыға бере бауыздалып өлді. Қабыш есімді ақын, композитор, күйші ұлы аштық, ауру, азап қамауында көмусіз қалды. Ахат олардан бұрын қамауға алынып, сотталып кеткен. Ұлы Зият әкесі оққа ұшқан  кезде арғы бет ауады да, құрығы ұзын Совет өкіметі қоймай жүріп Зиятты Қытай жерінде аттырды», –делінген. Егер сол кезде Абай тірі болса, оның да бұл туыстарының күйіне ұшырамасына кім кепіл? Елдің және балаларының күйзелісінен Шәкәрімнің қабырғасы сөгіліп, бүгіліп кетеді. Сол жылы жайлауға да шықпай қалады. Күзде төсек тартып, қатты ауырады. Ағайын- туыстары жиналады. Шәкәрім ерекше түс көргенін айтады.

– Алла мені нақ Шәкәрім ғып жаратса, таяу күндері баршаларыңның көз алдарыңда кісі қолынан өлемін. Өсиетім – бірің менің арама түспеңдер! Аруағым риза болсын десеңдер! Жан-жаққа тұра қашыңдар, – деп шегелейді де, – ана малды сойыңдаршы! – дейді. Шәкәріммен бірге болған топтың деректеріне назар аударсақ, Шәкәрім шөп-дәрі ішіп, сергиді. Қылышын сүйретіп кыс келе жатыр. Шәкәрімді елге жақын жердегі бір қыстаққа апармақшы болып топты адам алып шыққанда, Семейден көтерілісті басуға келген отрядқа тап болады. Күн бұлыңғыр, тұман. Оқ жетпес қашықтықта көз ұшында Шәкәрімнің оққа ұшқанын байқап, алғашында Зият ес-түссіз, аттың жалын құшып қалады…

 Рамазан Нүсіпов    

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button