«Дидардың» қонағы

АБАЙ ТОЙЫ ХАЛЫҚҚА ҚУАТ БЕРДІ

Ұлы ақынның торқалы тойы ел тарихында үш рет тойланды. Осы тарихи тойлардың басы-қасында болған, бүгінде 80-нің сеңгіріне шыққан тарихшы-шежіреші, этнограф, Абай елінің қадірлі ақсақалы Молдабек Жанболатұлымен естелік сұхбатты оқырман назарына ұсынбақпыз.

Мұқаң түсетін үш-ақ үй болды
– Молдабек аға, ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойы Ұлы Отан соғысы аяқталған жылы тойланыпты. Бала кезіңізде сол тойдың куәсі болыпсыз, ол уақыт өте қиын еді ғой?
– Шынында, бұл – өте ауыр уақыт еді. Біреу баладан, біреу ерінен, біреу ағайын-туысынан айрылып, халық әлі жылаудан арылған жоқ еді. Той туралы хабар халыққа тараған жоқ болатын. Мына бір тарихи дерекке көз жүгіртейік. Шыңғыстау елінде 1928 жылы 34 мың 600 халық болған. Ал 1939 жылғы санақта 6980 адам ғана қалған. 1600 азамат Шыңғыстаудан соғысқа аттанды. Абай елінің тағдыры онсыз да ауыр еді. Бірақ мемлекет Абай тойын өткізу туралы 1939 жылы арнайы қаулы қабылдап, оның арнайы дайындықтарын да жасай бастаған. Тіпті соғыс бітпей жатып Министрлер кеңесінің жанынан арнайы комиссия құрылып, нақты жоспары жасалып қойған. Ұлы тойдың қарсаңында не істеу керек, қандай жұмыстар жүргізу қажет, жалпы ауданның жағдайы қандай? Осының барлығын өз көзімен көріп-білмекке комиссия басшысы Мұхтар Әуезов ауданға арнайы келіпті деп естідік. Аудандағы халықтың жағдайы өте әлсіз еді сол уақытта.
Қарауылда Мұхаң түсетін үш-ақ үй болды. Біріншісі Балтақай Толғанбаевтың үйі. Ол кісі Мұхтар ағамен шамалас адам болатын. Екіншісі біздің әкейдің үйі, бұрын Семейде тұрғаннан таныс. Үшіншісі Рахым Күзембаев деген кісінің үйі болатын. Мұқаң осы үйлерді кезек-кезегімен аралап қонатын. Негізгі мақсаты – тойдың қамы болса да, кешкілік алтыбақанға да шығып, ауыл жастарымен бірге болатын.
Бұл 1943 жыл, соғыстың беті әлі қайта қоймаған, жеңістің ауылы алыс уақыт болатын. Соған қарамай, мемлекет Абай тойын өткізуді белгіледі. Мұның өзі халыққа жігер берді. Майданда азаматтарынан, ардақтыларынан айрылған адамдар «Абай тойы болады!» дегенде, уақытша болсын қайғы-қасіреттерін ұмытқандай болды.
Мен сол кезде тоғыз жасар баламын. Ол уақыттың баласы ерте есейеді ғой, қарағым. Мұхтар Абай еліне жиі келетін. Біздің үйге келіп түскенде Мұхтар ағаны түс тоқтатып көрмесек те, басымыздан сипады, шарапаты тиді. Сол жолы суретшілерді ертіп келді. Біздің шешеміз Тобықты ішінде Мамай руынан болатын, шешемізді Әйгерімге ұқсатып, соның прототипі деп суретін салғаны есімде қалыпты.
– Есейген шағыңызда Абайдың 100 жылдығы туралы көп құнды мұрағат жинапсыз. Шын мәнінде сол кездегі қиыншылықтарға қарамай, ұлы ақынның тойының дайындық жұмыстары қалай өтті?
– Қарағым, Абай атамыздың үш тойының куәгерімін ғой, барлық тойдың құнды мұрағаттары қолымда. Мұрағат деректеріне көз жүгіртсек, мерейтой халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен бекітілген. Ал 1943 жылы 15 майда Семей облыстық атқару комитеті шешімімен құрылған комиссияда С.Мұқанов, М.Әуезов, Е.Смайлов, А.Жұбанов және Абайдың ұрпағы Архам Ысқақов бар жиыны 19 адам болған. Соғыстан кейінгі ауыр кезең болса да, мемлекет қыруар қаржы бөлген. Бала болсақ та әлі есімізде, дайындық күн санап қызып жатты. Бұл – соғыстан сансырап қалған халықтың өзінше бір қуанышы еді.
Мына құжаттарға көз жүгіртсем, М.Әуезовтің басшылығымен тойдың ерекше өтуіне айрықша мән берген екен. Ол уақытта Абай елінде 24 колхоз болған. Әр колхозға екіден қазақ үй тігілсін делінген. Үй тұрмысындағы аяқ, табақ, ожау, саба, осының барлығы Абай заманындағы Тобықты руының ерекшеліктері ескеріліп жасалсын деп атап көрсетілген.

 АБАЙ ТОЙЫ ХАЛЫҚҚА ҚУАТ БЕРДІ

Айталық, Абай елінің тұрмыстық ерекшелігі – киімінің үлгілері, ер-тұрманына дейін көрсетуді қаулыда қадап тұрып айтқан. Білген адамға осының өзінде үлкен мән бар. Мысалы, тойға арналған Абай дәуіріндегі киіз үйді жабдықтау үшін түрлі-түсті 279 метр бұл, үш кілем, аю терісінен жасалған екі бөстек, 24 кг мамық, 2000 метр жібек жіп, 23 кг бояу қажет болды. Осыны сол жоқ уақытта тапты және Абайдың сегіз қанат киіз үйін жасап, жабдықтауға бес шебер қатысқан делінген құжатта. Тойға тігілген 100 қаралы киіз үйдің этнографиялық ерекшеліктері ескерілген, осыны біз көзімізбен көрдік. Баламыз ғой, біз үшін бәрі қызық, бәрі таңсық. Одақтан үлкен қонақтар келді деп естідік.
– Расымен де, қиындық кезеңге қарамай тойдың дайындығы айтарлықтай болған екен. Тойдың қалай өткені есіңізде қалды ма?
– Қалады ғой есімізде, неге қалмасын. Соғыс енді ғана аяқталған кез. Ел «Абай тойы болады!» дегеннен-ақ абыр-сабыр күйде болды. Біз баламыз, тайға мініп күнде Қарауыл өзенінің бойындағы Ақжардағы киіз үйлер тігіліп жатқан жерге барамыз. Ауданның 24 колхозының ақ шаңқан үйлері, Абыралы ауданы, Шұбартау ауданы, Аягөз ауданының көштері ағылып келіп жатыр. Ол уақытта бүгінгідей мәшине жоқ, жұрт ит арқасы қияннан арбамен, түйемен көшіп келеді. Олар арнайы тапсырыспен келген екен. Қонақтарды күту үшін аспаздарынан бастап, қазан-ошақ, ас-суын да, күтушілерін де өздерімен ала келді. Біз осыны қызықтадық, көш керуеннің келуі бір ғажап еді ғой.
Тойдың алдында ақындар айтысын өткізді. Оған Аягөз ауданынан Есенсары Құнанбаев, Жармадан Сапарғали Әлімбетов, Абайдан Шәкір Әбенов, Абыралыдан Жақсылық Түленов, ет комбинатының атынан Төлеу Көбдіков, тері комбинатынан Нұрлыбек Баймұратов сынды сөз майталмандары қатысты. Бұлардың барлығы да Арқаның атақты шайырлары еді. Не керегі бар, жырға сусаған жұрт бір серпіліп қалды.

Қажымұқанның өнерін тамашаладық

– Абай тойына арнайы шақыртумен келген күш атасы Қажымұқан естуімізше, сіздің үйде болған деседі, батырды көрдіңіз бе?
– Қажымұқан біз үшін үлкен бір аңыз адам болатын. Менің әкем жағдайы болған болуы керек, осы тойда жеке үй тікті. Бір күні біздің үй Қажымұқанды қонаққа шақырды. Түнде бара алмадық, ертесінде ерте тұрып бардық. Той болатын ауылға атты адамды кіргізбейді, тәртіп солай. Атты ауылдың сыртындағы қабаққа айқастырып «қалмақша» байлап қойдық. Үйдің алдында топырлаған халық. Үлкендердің аяғының ара-арасынан өтіп, әйтеуір, ортаға жеттік-ау. Кеудесі жалаңаш, екі емшегі салбыраған, басы жалтыраған дәу адам екен. Қасында машина, біздің елде оны «легковой» деуші еді. Рөлде шопыры отыр. Шетінен келіп, бір қолымен көтергенде, машинаның дөңгелектері орнында айналып тұрды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген халық мәз болды. Аты аңызға айналған батырды жақын көргенім осы болды.
– Сол тойдағы аламан бәйгеде «Ұлықбек деген атамыздың Кер аты қара үзіп келіпті, шабандозы сіз болыпсыз» дейді, осы сөз рас па?
– Ол бекер әңгіме, мен шабандоз болған жоқпын. Ал сіз айтып отырған Ұлықбектің Кер аты аңызға айналған ат. Ұлықбек Байырбеков ол уақытта білім бөлімінің басшысы еді. Ерекше атқұмар адам болатын. Мен ол кісіге шәкірт болдым. Жаңағы аттың текті тұқымнан екенін естіп, соғысқа жібергелі тұрған жануарды өзінің биесіне айырбастап, мекеменің қызметтік көлігі ретінде ұстап, бәйгеге қосты.
Атты Бікіұлы Болысбай деген ағамыз жаратып, Жұмағали Әдибаев деген бала шапты. Алман Шаћар бақсының қорасынан жіберілді. Бұл шамамен 45 шақырым болатын жер. 60-тай ат шапты, жануар сол аламанда қара үзіп келген еді. Аламанды көруге тай мініп алдынан шықтық. Бұл Абай елінің тарихындағы ұлы аламан болды.
– Аға, ұлы Абайдың алғашқы мерейтойын бала боп көрдіңіз. Әр тойдан бір сарқыт қалады ғой?
– Шыңғыстауда не қасірет болмады, ашаршылық, репрессия, конфискация, ақ пен қызылдың тартысы, бес жылғы соғыс. Шыңғыстау да осы оқиғаның бәрін басынан өткізген, өте көп қиянат көрген ел. Соның бәрін ақынның ғасырлық тойының қуанышы жуып-шайып кетті. Халық қайғы-қасіреттен серпілді, сана-сезімдері сергіді. Абай ауылына жарық тартылды, жол салынды. Жидебайды қайта жөндеді. Абай мен Оспанның зираты қайта қалыпқа келтірілді. Кезінде түйе қора болған Жидебайдың басына «Қызыл отау» келді. Жидебайды ел танитын орталыққа айналдырды.
Ұлы ақынды мәңгілік есте қалдыру мақсатында Алматыда қоладан ескерткіш тұрғызылды. Семей, Алматы қалаларындағы театрлар Абай есімімен аталды. Абай ұрпақтарының барлығына республикалық дербес зейнетақылар тағайындалды. Абайдың ғасырлық тойының бізге қалдырған сарқыты осы, шырағым.
Сұхбаттасқан – Қадырбек Кәкімұлы

(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button