Абай - 175

Абай шығармаларын алғаш моңғолшаға  аударды

1990-жылдары қозғалған жезбұйдалы көштің легімен шетте жүрген талай асылдарымыз елге қарай ағылды.  Тағдырдың жазмышымен тарихи Отанынан жырақта жүрсе де, жүрегі қазағым деп соққан барша қандас бауырларымыздың жатса-тұрса тілейтіні -қазақ топырағына аман-есен оралып, ата-баба  шаңырағының бір уығы болып шаншылу еді. Олардың қатарында ұлтымыздың мəдениеті мен əдебиетіне үлес қосқан шоқ жұлдыздармен бірге жезтаңдай əншілер, мың бұралған биші, дəулескер күйші, ғылым иелері, түрлі техникаларды жетік меңгерген мамандар келді. Солардың арасында жазушы Жəмлиқа Шалұлы да болды.

Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Абайды күллі моңғол еліне тұңғыш  танытқан жазушы Жәмлиқа Шалұлы  туралы айтпай кету жөн емес. 1939 жылы Баянөлгей аймағының Тұлбакөл ауылында дүниеге келіп, өз тілінде небəрі үш-ақ жыл дəріс алып, қалған білімін моңғол тілінде жетілдірген Жәмлиқа қазақ елі тəуелсіздігін жариялағаннан кейін, алғашқы көш қарлығаштарының бірі болып, Моңғолиядан 1992 жылы шілде айында  Алматы жанындағы Жамбыл ауданына біржола қоныс аударды. Анасынан ерте айырылған ақ үрпек балапан қанаты қатаймай тұрып, тағдырдың домна пешіне түсіп, құрыштай қорытылып, өз қатарластарынан ерте есейеді. Алғашқы тырнақалды туындысы небəрі он алты жасында моңғол тілінде жарық көреді. Орта мектепті үздік нəтижемен аяқтап, Моңғол елінде Ұланбатыр мемлекеттік университетінің моңғол тілі-əдебиеті факультетіне қабылданады. Аталмыш оқу орнын бітірген соң көп ұзамай Моңғолия Жастар Одағы Орталық комитетіне лауазымды жұмысқа тағайындалады. Жастар ақиқаты» («Залуучуудын үнен») газетінде бөлім меңгеруші, «Мұрагер» журналында жауапты хатшы қызметін атқарады. Тарих парағында дара соқпақты жолдан өткен парасат иесінің есімі моңғол əдебиетінің 1960-70-жылдарындағы белді өкілдерінің қатарында аталуының өзі бір ғанибет емес пе?

Жəмлиқа Шалұлы: «Мені екі ой мазалайды. Соны тағалап айтып, сараптасам жай табатындаймын. Бұл жарық дүниеге келгелі қаталдық көріп, қарғысқа ілінгенім шамалы. Адам баласына күнделікті кездесетін, бүгін көрініп, ертең ұмытылатын жағдайлар көп. Өмір «Сенің табаныңа шөгір кіргенше, менің маңдайыма тас батсын!» демейді ғой! Тағдыр кімге не жазды, соны көреді»,– деген. Міне, бұл жазушының өз өмір естелігінен алынған үзінді. Асқақ дарын иесі, ешқашан таршылыққа мойынсұнып, сағы сынып көрген жан емес еді. Қалам ұшына тұнған сырды мөлдіретіп қағаз бетіне түсіріп барып жаны жай табатын, сыршыл ақын еді. Жазушының ішкі менімен ой иірімінің арпалысуынан туындаған шығармаларын оқыған жан тебіренбей, толқымай қоймайды. Ақын дегеніміз – аса нəзік сезімнің иесі. Шабыт құсы құйқылжып, шартарапқа көз салып, тамырындағы өзендер тулап аққан сəтте, ол бұл бес күндік жалғанның күйбең тіршілігін бір сəтке болса да ұмытып кетеді. Тура сол мезетте одан өзге бақытты жан жоқтай күй кешеді. Ақынның «Мені екі ой мазалайды» деуінің сыры тек өзіне ғана аян жұмбақ дүние… «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған»,– деп хакім Абай жырлағандай, санаулы ғұмырын босқа сарп етпей, Жəмлиқа қазақ руханияты мен мəдениетіне сүбелі үлес қосты. Соңына өлшеусіз мол мұра қалдырған Алтай тауынан қанаттанып, Алатауға қонақтаған Мұзбалақтың шығармаларындағы екінші өмірі болашақпен бірге жасай берері хақ. Жəмлиқа Шалұлының еңбегіне тəнті болған моңғол əдебиетінің көрнекті өкілі С.Надмид: «Жəмлиқа дамылсыз күркіреп ағатын өзен тəрізді. Тау өзенінің сылдыраған мөлдір ағысына жан-тəнімен ғашық жазушы. Ол ұлы дарияның жайбарақат бола тұра, асау екпінімен арқырап ағатындай алуан сиқырлы сырын көкірек күмбезіне сыйдырып, оны бүгінгі тірліктің алға ұмтылған арынды ағымына шебер үйлестіре біледі. Сондай-ақ лайсыз мөлдір өмірдің телегей теңізіне қадам басқан ертеңін күнəсіз сəбидей армандайтын, өмірге үлкен құлшыныс жігермен ұмтылатын өнердің сенімді өкілі екеніне қызыға да, таңданыспен қараймыз…» деген еді. С.Надмидтың осылай ағынан жарылуының себебі жетерлік.

Өзі қарбалас жұмыс бабымен жүрсе де, əдебиетке деген ыстық сезімін суытпай, жүрісінен жаңылмай еңбектенгені бізді тəнті етеді. Бұл баршамызға үлгі болатын тұлға, сол үшін де соңына қалдырған өшпес мол мұрасын зерттеп-зерделеу болашақтың еншісінде. Сондықтан жыл өткен сайын моңғол жерінен елін аңсап жеткен аруана алыптың есімі жаңғыра бермек. Жəмлиқа Шалұлы ақын, жазушы ғана емес, көрнекті аудармашы ретінде де моңғол жұртына кеңінен мəлім. Аударма саласына бетбұрған азамат Шəріп Өтеповтің «Шығыс қызы» атты кітабын 1969 жылы мамыр айының 2-де 2000 данамен қазақ тілінен моңғол тіліне аударып шығарса, 1978жылы заңғар жазушы Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы» эпопеясының бірінші, екінші томын моңғол жазушыларымен бірлесіп шығарады. Содан кейін үшінші, төртінші томын өзінің жеке аударуында тəржімалап, барлығын 4000 данамен жариялайды. Сонымен қатар 1983 жылы «Тарту» деген атпен қазақстандық елу ақынның шығарма антологиясын құрастырып,  моңғол тіліне тəржімалайды. Көрнекті ақын Қадыр-Мырза Əлидің «Шымыр жаңғақ» атты өлеңдер жинағын аударып, 5000 данамен бастырса, қазақтың намысын найзағайдай қорғаған Жұбан Молдағалиевтің «Мен, қазақпын!» өлеңдер жинағын 2500 данамен аударып шығарды. «Айгүл қойшының бір күні» деген атпен балаларға арналған Абай, Жамбыл, Кенен Əзірбаев, Сəкен Сайфулин, Ілияс Жансүгіров, Сəбит Мұқанов, Əбділда Тəжібаев, Əбу Сəрсенбаев, Қасым Аманжолов, Сырбай Мəуленовтер бастаған 60 ақынның шығармасын аударып, 1988 жылы 1500 данамен басып шығарды. Тынбай ізденіп, жемісті еңбек етуінің арқасында, қазақ əдебиетіне деген моңғол халқының ықыласын арттырып, назарын бұрғызды. Ол атажұртынан алыста жүрсе де, өз ұлтына деген шексіз махаббаты мен перзенттік борышын сақтады. 1973 жылы Жəмкеңнің игілікті ісінен хабар тапқан ұлы жазушы Сəбит Мұқанов жас жазушының еңбегіне сүйініп, арнайы хат жазып, өзінің алғысын білдіріпті. Енді ойланыңыз, бағамдай беріңіз, Алтайдың арғы бетіндегі бауырына дəн риза болған ағасының ыстық ықыласына бөлену екінің біріне бұйыра салатын дүние емесі анық. Қазақ əдебиетін шет тіліне аударып, насихаттауда Жəмлиқадай еңбектенген жан кемде-кем. Бір өкініштісі, арман арқалап атажұртына қоныс аударып келгенде бірде-бір кітабының баспадан шықпай қалуы, есіл ердің еңбегінің еленбеуі, мұндағы жұрттың түсінбеушілігі ақын жанына ауыр тигені анық. Солай да солай, жаны жай таппай, басын тауға да, тасқа да ұрған Жəмкең мұңлықтың күйін кешіп, жапанда жалғыз қалады… Белгілі журналист Рəтбек Терлікбаев «Жəм-ағаң – Жəмлиқа Шалұлы қазақтың көрнекті жазушысы еді. Керегесі кең Керей атамыздың ұлы ұланы болатын. Ұлы болатын себебі аз емес еді. Күллі моңғол жұртына Абайды, Мұхтар Əуезовті, Сəбит Мұқановты, Махамбетті, Жамбылды түсіндірген бесаспап аудармашы, өз қаламынан ондаған кітап тудырған, прозаны да, поэзияны да еркін игерген кəсіби қаламгер атамекеніне келіп, он жеті жыл жасады. Осы уақытта бірде-бір кітабы жарық көрмеді. Бірақ артына мол мұра қалдырды. Əсіресе соңғы жылдары жазған əңгімелері аса шұрайлы еді-ау! Қайран, Жəкең! Енді бір екі-үш айда жемісті жетпісін жадырап қарсы аламын деп жүргенінде… Менің Жəм-ағам бала сияқты аңқау еді, сері жігіттей сарбаз еді, қария сияқты данышпан еді. Қайран да қайран, қайсарым! Ай-күннің аманында айырылып қала бердік. Əлі сенбейтін сияқтымын. Сенгім келмейді. Жəм-ағам бір күні өзіне жарасар көзілдірігінің астынан көзі күлімдеп, алдымнан шыға келетіндей сезім кешемін. Енді жолықпайтынын ойлағанда, жабығамын», – деп көңілі құлазып күңіренеді. «Жазымыштан озымыш жоқ», – демекші Жəмлиқа Шалұлы 2008 жылы алпыс тоғыз жасында бұл фəнимен қоштасты. 2010 жылы «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы облысының əкімі Серік Үмбетовтің қолдауымен жарық көрген «Тағдыр пернесі» атты кітабы қолымызға түсті. Бұл кітапты жазушының аяулы жары Нəзира Нұрғалиқызы тəтеміз құрастырған екен. Кітапқа қазіргі заман тақырыбы- мен қатар Алтайдың арғы бетінде өмір сүретін қазақтардың қарапайым тұрмыс-тіршілігі, ХХ ғасырдың отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдардағы өтпелі тағдыры «Менің құбылам», «Моңғолдар», «Ой көзімен» атты естелік-эсселерінде мейлінше көрініс табады. Атажұртына ауған аңсары көркем сөзбен əспеттеледі. Жəмлиқаның өнегесін үйреніп, тəлімін алған інісі, түркі тілдес халықтардың ІІ поэзия фестивалінің лауреаты, ақын Жүкел Хамай: «Жəкең Моңғолия Жазушылар одағында кеңесші, басқарма мүшесі қызметін атқарды. Мен сол кезде Жазушылар одағының қасындағы поэзия кафедрасында дəріс алып жүргеніме байланысты Жазушылар одағына күнделікті барып, Жəкеңнің кеңсесінде жиі-жиі болатынмын. Жолыққан сайын Жəкең болат ұшты қаламына қара сияны толтырып алып, ортасынан бөліп үнемдеген ақ қағазға əлденені жазумен, аударумен отыратын. Мені қуана қарсы алып, қазақ халқы жайлы небір əңгімелер қозғап, көңіл сергітіп қалатынбыз. Мұны моңғол жазушылары да сезетін. Біздің бұл отырысты көріп, олар мəз-мейрам боп «Алтайдың ұлдары», «Қазақтың ұлы өкілдері», «Қазақтың қара шаңырағы» – деп қалжыңмен қағытатын. Екеуіміз Жəкеңнің еңселі кеңсесінде қазақтың тарихын бір төңкеріп тастайтынбыз. Моңғол қаламгерлерінің Абай, Жамбыл, Сəкен, Олжас, Мұхтар жайлы ой-пікірлерін Жəкеңнің сол бөлмесінде естіген едім. Сондықтан да Жəкеңнің бөлмесі маған қазақ əдебиетінің Моңғол Жазушылар одағындағы өшпес бір ошағындай сезілетін», – деп еске алады. Бұдан біз Жəмлиқа Шалұлының Моңғолияның қазақ тілді əдебиетінің өркендеп, қанат жаюына үлкен үлес қосқан еркше айтулы тұлға екенін көреміз. Моңғол тілінде сауат ашқан қазақ жастарының өз ана тілі өркениетінен айырылып қалмауы үшін жанталасқан дегдар жан иесі еді ол. Иə, атамекеніне аман-есен оралып, осы өлкеде талай əдеби дүние туындатқан, сөйте тұра өмірден арманда өткен Жəмлиқа Шалұлының ұлы мұратынан туындаған сəулелер əлі де талай жүректі оятары анық.

КөгедайШәмерхан

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button