Абай - 175

Абай елінде ауқым іс тындырылды

Облысымызға арнайы іссапармен келген еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен аймақ басшысы Даниал Ахметов Семей полигонының жабылу күніне орайластырылған іс-шараларға қатысып, артынша Абай ауданында атқарылып жатқан істермен танысты. Хакімнің мерейтойы құрметіне бой көтерген бірқатар нысанды аралап көріп, ұлы жерлестіріміздің рухына тәу етті. Делегация құрамында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен басқа да мәртебелі меймандар болды.

Полигонды жабу оңай болған жоқ

Ядролық сынақтың құрбандарына арналған монументке гүл шоқтарын қою рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы бұрынғы Кеңестер одағы басшылығының қарсылығына қарамастан жарты ғасырдан астам уақыт өткізіліп келген ядролық жарылыстарды толық тоқтату және полигонды жабу туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі семейліктердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының, қазақстандықтардың, дүниежүзіндегі прогрессивті адамзаттың қолдауына ие болғанын атап өтті.

1989 жылы Семей полигонында соңғы рет жерасты ядролық сынағы жасалды. Алғаш рет әлем картасында егеменді Қазақстан мемлекеті өз орнын ойып тұрып алғанда, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамыздағы «Семей полигонын жабу» туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, әлемдегі ең ауқымды ядролық сынақ орындарының бірі жабылды.

2009 жылы Елбасының бастамасымен БҰҰ-ның Бас ассамблеясы 29 тамыз күнін халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Оған 26 мемлекет енді. Нәтижесінде 2010 жылы халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні бекітілді.

Семейдегі іс-шара барысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атаулы күнге орай қазақстандықтарға арнаған Үндеуін оқып берді.

– Полигондағы ядролық сынақ аумағы адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зардап әкелді. Полигон жабылған соң Қазақстанның бірінші міндеті сол аумақта жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдар мен өңірді әлеуметтік жағынан оңалту болды. Осы мақсатта Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Семейдегі ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға қол қойды. Заң аясында кешенді емдеу, сауықтыру, оңалту, халықты әлеуметтік қорғау және бұрынғы полигонның аумағын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту сияқты мәселелерге баса назар аударылды, – деді Қырымбек Көшербаев. – Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілуде. Қазіргі күні Үкімет осы категорияға жататын азаматтарға әлеуметтік кепілдік қарастыруды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Келесі жылы кейбір еуропалық мемлекеттің аумағымен бірдей жерді алып жатқан 18,5 мың шаршы метрді құрайтын полигонда кешенді экологиялық зерттеу жұмыстары аяқталады.

Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан бас тартқан бірінші мемлекет болып саналады. Бұл оңай шешім болған жоқ. Дегенмен, бүгінде Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталықта термоядролық энергетикаға бағытталған Токамак іске қосылды. Бұл болашақта баламалы энергия көзінің проблемасын шешуге септігін тигізеді. Осы Токамактың көмегімен әлем ғалымдары өндірістік реакторлардың модернизациялануын зерттей алады.

Ақын атын иеленген нысандар жаңартылды

Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастап келген Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері Семейдегі Абай атындағы тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына атбасын бұрды. Музей директоры Тұрдықұл Шаңбай қонақтарды жергілікті мәдени мұрамен таныстырып, экскурсия ұйымдастырды, нысанда жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижелерін көрсетті.

Мұнда жазушының балалық шағы мен шығармашылығынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер сақталған. Сонымен қатар ұлы ақынның музыкалық аспаптары да көрме залынан  орын алған. Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай музейдің залдарына жөндеу жүргізіліп, нысанның айналасы абаттандырылыпты. Бүгінде музейде заманауи технологиялар қолданылады. Оған Семей тұрғындары да жоғары бағасын беретіні сөзсіз.

– Ұлы ақынның мерейтойына орай құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл атқарылған шаруаның бір парасы ғана. Маған біздің музейді көрсету үлкен қуаныш. Абай – қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Біздің жерлесіміздің ерекшелігі сол, оның келбетін барлық қырынан көрсетуге болады, – деді музей директоры.

Музей қызметкерлері қайта жаңартылған медресе ғимаратына экскурсия жасап, меймандарға сол замандағы оқу сыныптарының қандай болғанын көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, Абай атындағы әдеби-мемориалдық музей ұлы ақынның 95 жылдығына орай 1940 жылы 16 желтоқсанда ашылған-ды.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың Семей қаласына сапары барысында Абай музейі аумағында ұлы ойшыл мен оның ұлдарына орнатылған «Абай және ұлдары» атты жаңа ескерткішті таныстырды. Авторлар мұнда портреттік ұқсастықты ғана емес, басты ойды – ұлдардың ұлы әкесіне деген махаббаты мен мақтанышын да жеткізуге тырысқан екен.

Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев Семейдегі жаңартылған Абай алаңы мен ақынның театрында да болып қайтты. Үш труппа қызмет ететін Абай театрының жаңғыртылуы актерлер үшін де, тұрғындар үшін де нағыз сый болғаны ақиқат.

Семейдің дамуына оң бағасын берді

Облыс әкімі Даниал Ахметов Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевты Семейдегі «Қарағайлы» ықшам ауданында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен де таныстырды.

2017 жылдан бері Қарағайлыда 22 тұрғын үй салынды. Сөйтіп, 1 549 пәтер қолданысқа берілді. Құрылыс жұмыстарына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен «Бәйтерек Девелопмент» холдингінен қаржы көздері тартылды. Оған жергілікті атқарушы билік органдары да қол ұшын берді.

2020 жылы жеті тұрғын үйдің құрылысын бастау туралы келісімшартқа қол қойылды. Бір атап өтерлігі, бұл баспананы сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер ретінде пайдалануға және жекеменшікке айналдыруға болады. «Қарағайлы» ықшам ауданындағы құрылыс жұмыстары облыс әкімі Даниал Ахметовтің шешімен басталған болатын. Мұндағы басты мақсат – тұрғын үй кезегін қысқартып, өңір тұрғындарының баспаналы болуына мүмкіндік жасау.

2025 жылға дейін 133 көпқабатты тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Бұдан бөлек осы ықшам ауданда үш мектеп пен алты балабақша салынуы тиіс.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауданда су және жылумен қамтамасыз ету магистральдары, су тарту, телекоммуникация және электрмен жабдықтау жұмыстары толық жүргізілген. 2016 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 120 орындық жатақханасы бар Назарбаев интеллектуалдық мектебі мен 320 орындық балабақша қолданысқа берілген. 2019 жылы «Қарағайлыда» мәдени-спорттық бірегей кешен ашылған. Онда әлемдік деңгейдегі спорттық және ойын-сауықтық шараларды өткізуге болады. Мәдени-спорттық кешен үш блоктан тұрады. Мұндағы ең үлкен арена көрермен залы екенін айта кеткен орынды. Сондай-ақ аталмыш кешенде бірнеше бассейн мен кроссфитке арналған зал бар. Сонымен қатар балаларға арналған ойын алаңдары да қарастырылған. Мұнда келушілердің көңілінен шығатын субұрқақ та салынған.

Қырымбек Көшербаев Семей қаласының дамуына оң бағасын беріп, «Қарағайлы» ықшам ауданының өзі бір қалашыққа айналғанын атап өтті.

Рухани байлығымыздың кәусар бұлағы

Бұдан кейін  Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері Ұлылар еліне ат басын бұрып, Сырт Қасқабұлақ,  Ақшоқы, Жидебай мен Қарауылдағы жаңа нысандарды аралады.

Көзі қарақты оқырман қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының 1845 жылы Сырт Қасқабұлақтың төңірегінде дүниеге келгенін білетіні даусыз. 2005 жылы хакімнің кіндік қаны тамған жерде ерекше ескерткіш бой көтергенінен де хабардар болар. Алайда, былтырға дейін киелі мекенді күтіп ұстайтын белгілі бір мекеме болмапты. Ал ендігі жағдай басқа. Облыс басшылығының қолдауы арқасында ақын мерейтойына орай Сырт Қасқабұлақтың жолы жөнделіп, қасиетті бұлақ маңы абаттандырылған, саябақ та қалпына келтіріліп, бүгінде келушілерді қабылдауға дайын.

– Ауданымызда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде оның дені  аяқталып қойды. Соның бірі – Сырт Қасқабұлаққа қатысты жоба. Негізі, бұл жер былтырға дейін ешкімнің балансында болмаған. Осыны ескере келе, өткен жылы нысанды коммуналдық меншігімізге алуды ұйғардық. Бұдан кейін облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының мұрындық болуымен киелі жерді абаттандыруға 50 миллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінді. Нәтижесін өздеріңіздер де көріп тұрсыздар. Сырт Қасқабұлақ адам танымастай өзгерді. Мұнда келушілер осы жердегі бұлақтың суын ішіп, шөлін қандырып қана қоймай, ұлы жерлесіміздің шығармашылығымен де таныса алады, – деді аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров саябақтағы ақынның қанатты сөздері жазылған тастарды меңзеп.

Осы ретте Сырт Қасқабұлаққа апаратын 1,6 шақырымдық жолдың жөнделгенін де айта кеткеніміз абзал болар.

Абаттандырылған тарихи орынды аралап көрген ресми делегация мүшелері атқарылған жұмысқа жоғары бағасын беріп, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын айтты. Ал бұлақ суынан дәм татқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «Абай бұлағы – рухани байлығымыздың кәусар бұлағы» деп, жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның ұрпақтары мен ата-бабасының өмірі мен шығармашылығын зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Абайдың ата-бабаларының қорымы орналасқан Ақшоқыда Құнанбай әулетінің музейі салынды. Онда көрме залынан бөлек, оқушыларға арналған сабақтар мен конференциялар өткізуге болатын зал қарастырылған. Сырт Қасқабұлақтан соң дәл осы Ақшоқыға ат басын тіреген мәртебелі меймандар Құнанбай Өскенбайұлының мұражайына қойылған құнды жәдігерлермен, бағалы бұйымдармен танысып, осы жердегі қорымда мәңгілік тыныс тапқандардың рухына құран бағыштады.

Қарауылда заманауи мектеп-лицей ашылды

Іссапар одан әрі Қарауыл ауылында жалғасын тапты. Аудан орталығында комиссия мүшелері алыстан менмұндалап тұрған «Абай жолы» саябағына тоқтап, құрылысы аяқталып қалған нысандағы жұмыстармен танысты. Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровтың айтуынша, демалыс орны алдағы бірнеше күннің ішінде пайдалануға берілмек екен. Қарауылдықтардың ғана емес, күллі абайлықтардың мақтанышына айналатын саябақ аумағында балалар алаңқайлары, велосипед жолақтары мен спорт алаңдары болады деп күтілуде.

Саябақтың ішін қонақтармен бірге аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов болса, келешекте «Абай жолы» саябағы орналасқан ықшам аудан Қарауылдың орталығына айналатынын мәлім етті. Осы ретте, бүгінде парктің іргесінде жаңа тұрғын аудан салынып жатқанын айтқан жөн. Қазір шамамен 12 үйдің құрылысы жүргізілуде. Болашақта олардың қатары молая түспек.

Бұдан соң Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған делегация Қарауылда қолданысқа берілген 300 орындық Абай атындағы заманауи мектеп-лицейге барды.

Нысанды аралап көрген Қырымбек Көшербаев аймақ басшысы Даниал Ахметовке ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді.

– Бұл оқу орнын Абайдың мерейтойына жасалып отырған тамаша сыйлық деп білемін. Дәл осындай оқу орындары бәсекеге қабілетті балаларды тәрбиелеп, тілдерді, бағдарламалау дағдыларын үйрететін болады. Мектептің жарақталуы заман талабына сай. Мұнда мультимедиялық сыныптар, журналистика класы бар. Абайдың туған жерінде айтулы жылы осындай тамаша мектептің пайда болғаны қуантады. Барша ұстаздар қауымына табыс, шәкірттерге жетістіктер тілеймін! – деді оқу ордасының жағдайымен танысып шыққан Қырымбек Елеуұлы.

Жаңадан салынған білім ордасы жеткіншектерді Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарты бойынша оқытпақ. Әлбетте, карантиндік шараларға байланысты жоғары сыныптар қашықтан, ал бастауыш сыныптар белгіленген санитарлық ережелерді сақтай отырып мектеп сыныптарында білім алады.

Абай атындағы жаңа мектеп-лицейдің директоры Роллан Тілеухановтың айтуынша, 300 орындық білім ордасын екі ауысымға шақтаса, 600 балаға дейін оқытуға қуаты жетеді екен. Өйткені, аудан орталығында халық саны өсіп келеді.

Жаңа мектепте заманауи IT және физика, химия, робот техникасы сыныптарынан бөлек, жас журналистердің мультимедиялық студиясы да бар. Еліміз бойынша әр он оқушыға бір компьютерден келсе, мұнда әр екі оқушыға бір компьютер тиесілі екен.

Жаңғырған Жидебай

Ұлылар еліне сапарын делегация мүшелері Жидебайға баруымен аяқтады. Еске салайық, бұл жерде Абай атындағы әдеби-мемориалдық музей орналасқан. Негізі, Абай өмірінің соңғы 10 жылы осы Жидебайда өткені тарихтан белгілі. Хакім 76 лирикалық өлең мен қарасөздерін де осы жерде жазған деседі. Осы аумақта Абай музей-үйі, Зере мен Ұлжанның, сондай-ақ Кенгірбай бидің кесенесі, Абайдың ағасы Құдайберді мен Абайдың әйелі Еркежанның зираты орналасқан. Бұдан бөлек, Оспанкөл бар. Сонымен қатар Шәукенбай мен Ғабитханның да зираты осы маңда.

– Кешегі Жидебай мен бүгінгі Жидебайды салыстыруға еш келмейді. Облыс басшылығының қолдауы арқасында Абай мен Шәкәрім сияқты әйгілі жерлестеріміз жатқан қорымның аумағы абаттандырылып, жаңаша кейіпке ие болды. Абайдың музей-үйіне де толықтай реставрация жасалынды, – дейді аудан әкімі Ж.Байсабыров.

Жидебайдағы музей-үйдегі ақын өмірінен сыр шертетін жәдігерлерді тамашалаған делегация мүшелері «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің сәулеттік құрылысына да оң бағаларын берді.

– Шынында да, мұнда ауқымды шаруалар тындырылыпты. Осы үшін Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Біз бүгін ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысы бар бірқатар тарихи орынға барып қайттық. Алған әсеріміз ерекше. Бұл жерлерді республикамыздың туристік картасына енгізетініміз сөзсіз. Мұнда қазақстандық туристерден бөлек, шетелдіктер де келетін болады. Барлық нысанның технологиялық құралдармен қамтамасыз етілуі қуантады. Бұл келешек ұрпақтың мәдени мұраны меңгеруіне септігін тигізеді, – деп қорытындылады Қырымбек Көшербаев.

Ержан Әбіш,

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button