«Дидардың» қонағы

Абаш КӘКЕНОВ, айтыскер ақын: – Бұрын біз айтыстың жүлдесіне қасық берсе де риза болатынбыз

Абаш КӘКЕНОВ, айтыскер ақын:    – Бұрын біз айтыстың жүлдесіне қасық берсе де риза болатынбыз

Ақтангер ақын Абаш Кәкеновтың сахнада сайран салғанына 25 жыл болды. Ширек ғасыр домбыра арқалап жүріп, елдің еркесіне айналған ардақты ақынымыз өнермен өрнектелген өмірінен ел-жұртына есеп бермек. Біз сәуір айында бастау алатын сол шығармашылық кештердің алдында ақын ағамызбен аз-кем сырласқан едік.

Ресми атақты шенді-шекпенділердің қолынан алғанымызбен, нағыз атақты халық береді

– Былайғы жұрт сіздің ақындығыңызды, әншілігіңізді жақсы біледі. Соңғы кезде ән де шығарып жүр екенсіз. Бізді қызықтырып отырғаны, атыңыз дардай ақын болсаңыз да, әніңіздің сөзіне Мұқағали Мақатаевтың өлеңін алыпсыз. Қазір екінің бірі әніне өзі сөз жаза береді. Олай істеу сіздің қолыңыздан келмеді ме?

– Әй, бәрібір Мұқағалидай жаза алмайсың. Ол кісінің өлеңі ойға орамды, тілге жеңіл, әнге сұранып тұрады ғой. Ақиық ақынның жыр жинақтарын қолға алып отырып бір ән шығарғаным рас. Бірақ, ол әнімді әлі жарыққа шығара қойған жоқпын. Бұйырса, шығармашылық кешімде орындалатын шығар. Кейде ол әлдебіреулердің әніне ұқсап кетті ме деп те қорқамын.

– Сонда Қазақстанның мәдениет қайраткері, Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ақын, әнші, термеші Абаш Кәкеновке сазгер деген атақты қосып жазамыз ба?

– Жоқ, ол артықтау болады. Алдымен әнімді халық тыңдасын, өз бағасын берсін. Менің мақсатым сазгер деген атақ алу емес, ойыма оралған әнге, шабытқа қиянат жасамай жарыққа шығару ғана болды. Әйтпесе, атақ қуып жүргем жоқ. Шынымды айтсам, өзіме берілген атақтардың өзін ұмытып қалыппын. Мысалы, алдында жеке мұрағатымды ақтарып отырып, 1988 жылғы газет қиындыларының бірінен «Халық шығармашылығының бүкілодақтық ІІ фестивалінің лауреаты Абаш Кәкенов» деген сөйлемді оқыдым. Шынын айтсам, мен бұл жеңісімді ұмытып қалыппын.

– Кезінде аға сұлтан Құнанбай ұлы Абайға: «сен кім көрінген ішетін жайдақ су сияқтысың» деп сын айтқан екен. Сіздің ойыңызша, өнер адамдары өзін қалай ұстау керек? Құнанбайдың сөзі сізге қалай әсер етеді?

– Мен үшін халық – Құдайдан кейінгі Құдай. Өйткені, бізді бар қылатын да, жоқ қылатын да – сол қара ормандай халқымыз. Ресми атақты шенді-шекпенділердің қолынан алғанымызбен, нағыз атақты халық береді. Сондықтан мен жайдақ су болудан арланбаймын, менің елге Абаш болып танылуымның өзі сол қарапайымдылығымнан шығар, бәлкім.

– Сізді сол қара ормандай халқыңыздың арасында өңірімізге белгілі кәсіпкерлер де қатты сыйлайды, қолдап- қуаттап отырады. Солардың тілін қалай табасыз?

– Кәсіпкер азаматтардың бірі Марат Мұзапаров: «Егер сенің бойыңда өнерің болмаса, жай халықтың бірісің, сондықтан домбырасыз жүрме» деген еді. Сол сөзге қарағанда, атымтай азаматтардың тілін тауып жүрген өзім емес, өнерім шығар…

Елбасы әнді бар ықыласымен тыңдайтынын байқадым

– Шығысқа келген сапарында сізді Елбасының өзі іздегені рас па?

– Иә, рас. Елбасымыздың құрметіне берілген қонақасыда өңіріміздің біраз әншілері ол кісінің алдында ән айтыпты. Содан бір кезде ұйымдастырушы жігіттерден Нұраға: «әншілерің бітті ме?» деп сұраған екен. Олардың «бітті» деген жауабын естіген соң: «Абаш қайда?» депті. Сонымен мені тойда жүрген жерімнен қолды-аяққа тұрғызбай алып келді. Ол кісі әнді бар ықыласымен тыңдайтын. Мен бір жолы «Жан серігім домбыра» деген әнді айтып болғанымда: «Абаш, сен бір жолын тастап кеттің ғой» деп өзі толықтырғаны бар. Сөйтсем мен «Бауырына енген қара жер, бәрімізді жалмаған» деген тармағын ұмытып кетіппін.

– Сіз арысы Америка, берісі Моңғолия, Қытай мемлекеттерін араладыңыз. Барған еліңізді Қазақ елімен салыстырып жүресіз бе?

– Бір-ақ ауыз сөзбен айтайын, мен үшін қай-қай мемлекетің де Қазақстанның тырнағына татымайды. Қай елде жүрсем де, ұзағанда бір жұмадан кейін еліме қайтуға қатты асығамын. Ал ондай ыстық сезімдерді Ақтөбеден алысқа барып көрмеген Хасендер (Зәкәрия) басынан өткізіп көрген жоқ (күліп алды).

– Білуімізше, сіз тойда көп жүресіз. Жасырын болмаса, бір тойдан қанша ақша аласыз?

– Халық құрметтеп шақырады. Бірі иығыма шапан жауып, енді бірі орамал беріп жатады. Бірақ, ешкімге «мынанша ақша аламын» деп, баға кесіп көргенім жоқ.

– Айтыс барысында біреуді ойсырата жеңіп немесе біреуден ойсырай жеңілген кездеріңіз болды ма?

– Әрине, ондай сәттер басымнан өтті. Көбінде қарсыласың осал болғанда халық алдында абыройсыз айтыс жасайсың. Бірақ, ойсырай жеңілмейсің. Сондықтан «бәленбай нашар болғандықтан, айтыса алмадым» деп ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Қарсыласың мықты болса, мәреге бірге жетесің. 34 жасымда 17 жастағы Оразалы Досбосыновпен айтысқаным бар. Ол сол жолғы 90 ақыннан іріктеліп шыққан он ақынның біреуі болатын. Айтыстың тартысты өткені соншалық, қазылар мүшелері екіге бөлініп, шу шықты. Мен жас талантқа жолымды бердім. Өйткені, мен бұған дейін республикалық айтыстың 22 дүркін жеңімпазы атанып үлгергем, ал Ораздың алғашқы үлкен айтысы болатын. Жалпы, айтыста сөзге тоқтау деген болады. Ақсуатта Әмина деген мықты ақын болды. Өзі менің құрдасым. «Абашты бір көрсем» деп жүретінін талай естігем. Онымен 1991 жылы Семейде жолықтық. Қиян-кескі айтыс болып жатыр. Алдында Әминаның Көкпектіде өткен бір айтыста қазылардың тоқта дегеніне тоқтамай айтысып отырып алған Серікхан Жақияновтың қолындағы домбырасын жұлып алып, сахнадан түсіп кеткені бар еді. Мен сол ерке-шоралығын бетіне бастым. Сонда ол:
– Белгілі қайындардың жыры маған,
Қайынның қалжыңдарын ұғып алам.
Әминаға домбыра сөз болып па,
Мен сенің еркектігіңді жұлып алам, – демесі бар ма. Халық у-шу. Аузыма қайдан түскенін білмеймін, мен сонда:
– Кержорға ат аламанда талмасы анық,
Абаштың сөз таба алмай қалмасы анық.
… Қайныңның бар керегін жұлып ал да,
Қажетіңе жаратшы колбаса ғып, – дедім. Халық күлкіден қырылып қалды. Сөз қисынына жығылған Әмина орнынан тұрып, кетіп қалды. Содан артынан дау шықты. Бірақ, қазылар алқасының төрағасы Төкен Ибрагимов: «Сөзге сөз келгенде айтпаса, сөздің атасы өледі. Әмина өзі құрған қақпанға өзі түсті» деп жеңісті маған берді.

– Өмірдің соғып дауыл сұрапылы,
Быт-шыт етті махаббат мұратымды.
Жел жетпес, жүйрік теппес көңілімде,
Құйындай қаншық ойлар бұратылды… – деп мұңайыпсыз бір өлеңіңізде. Сонда махаббатта жолыңыз болмады ма?

– Андағы өлеңге қарасақ, болмай қалған ғой. Алғашқы махаббат кімде болмаған? Соған жазылған өлең ғой.

Өнерді құрметтейтін елдің бәріне қарыздармын

– Сахнада жүргеніңізге 25 жыл болды. Қарап отырсақ, содан бері айтыста үлкен үш кезең болыпты. Алғашқылары өздеріңіз. Одан кейінгілер Мұхаметжандар бастаған толқын және Жандарбектер бастаған бүгінгі буын. Сіздің ойыңызша, қай кезеңді айтыстың алтын дәуірі деуге болады?

– Алдыңғы буындардың артық-кемін толықтырған бүгінгі буын әрине, мықты. Бірақ, қазір халық айтыстан жери бастады. Өйткені, айтыс табиғилығынан айырылып, шоуға айналып кетті. Бұрын біз айтыстың жүлдесіне қасық берсе де, риза болатынбыз. Қазіргілер олай емес. Бұл туралы Серік Құсанбаев кейінгі кітабында нақты жазды.

– Кімге қарыздарсыз?

– Өнерді сыйлаған адамдардың құлымын, соларға қарыздармын.

– Кімдер сізге қарыздар?

– Өмір деген жол полициясының таяғы сияқты ала-құла. Ондай өмір жолында бәрі болады. Тізбелеп қайтеміз.

– Ең алғашқы айтысыңызды еске түсіріп көріңізші.

– Ол кезде ақындардың бәрі алдын ала жазып әкеліп, оқып беретін. Аудандық айтыстан солай іріктеліп өттік. Содан облыс орталығына жолдама алдым. Келсем атағынан ат үркетін өңшең жұлдыз ақындар жүр. Айтыс өтерден бір күн бұрын айтыстың ұйымдастырушысы Серік Ғабдуллин бізді жинап алды да: «қағазға қарап айтысатын ақындар айтыспай-ақ, қайта беріңдер» деді. Мен қуанып кеттім. Өйткені, Хамит Балшабектің жазып берген өлеңдерін әлі жаттаған жоқ едім, маған суырып салып айтысқан жеңілірек болатын. Сонымен сол айтыстың ақтық айналымына жолдама алдым. Сол жолы «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газеті тіккен жүлде – үстел сағатын алдым. Бұл менің алғашқы жүлдем болатын.

– Өлеңіңіздің пайдасы тиген кездер болды ма?

– Көп қой. Мысалы, бір жолы Нұртай Тілеужанұлымен айтысып отырып, Ұлан ауданының сол тұстағы әкімі Жаңабай Әшімовке:
– Келген ақынға қойыпсың қой бақтырып,
Онан да қоймаймысың той бақтырып?! – деп тиістім. Ол кезде Нұртай аталмыш ауданда қой бағып жүретін. Бір аптадан кейін Нұртайды қойдан босатыпты.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button