Мәдениет

Ағайынды Абдуллиндерге арналған өнер кеші

Бұл кеш қырық жыл бойы қазақ деген қаймана халықты естен кетпес ерекше әндерімен әлдилеп өткен біздің жерлестеріміз, ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндерге арналды. Арналып қана қойған жоқ, қайталанбас хас таланттар туралы жиналған жұртқа өмірдерек берді. Кештің ең кереметі облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен қолға алынған шараға ағайынды әншілердің ұрпағы – жиендері, КСРО Халық әртісі Әлібек Дінішев пен Мүсілімнің ұлы Сағнай Абдуллин қатысып, әдемі әңгімелері мен әсем әндерін тарту етті. Өнер кешіне облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.

Ағайынды Абдуллиндерге арналған өнер кешіБұл еске алу кеші 2016 жылы 100 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өтілмек ағайынды Абдуллиндердің мерейтойының бастауы десек те болады. Шетел классикасы мен орыстың маржан музыкалық шығармаларын қазақ жұртшылығына қазақ тілінде алғаш жеткізушілер оларды қос дауыста құйқылжыта орындай білген-ді.

Қос әншінің өмірінен арнайы слайд, хроника көрсете тұрып, әр көрерменге ой салдырған кеште көздерінен ұшқын, бойларынан алапат жігер көрген әкелерінің арманын алысқа әкеткен қос әнші туралы нендей дерек айтылмады десеңші. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, бүкіл кештің ән-күйін, биін, сахналық көрінісін мойындарына алған және оларды ерекше тартымдылықпен алып шыққан ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжі ұжымының нағыз өнер ордасы екеніне тағы бір қайтара көзіміз жеткендей болғаны бар бұл күні.

Колледждің халық аспаптар ансамблі орындаған Байжігіттің «Ағаш ат» күйі, аққудай аппақ арулардың «Аққу» биі, «Алас» және «Жастар» ансамбльдерінің өнерлері және әйелдердің вокалды тобының ағайындылар репертуарындағы әндерді әдемі орындауы бұл мекеннен әлі де талай Ришат пен Мүсілім сынды ел таныған өнер иелері шығатынын байқатқандай еді.

Бір сәт сахнадағы экран арқылы қос әншінің орындауындағы әндерді естіген, мұрағаттық суреттер мен кинохроникадан («Біздің сүйікті доктор») фрагмент-үзінділер көрген жұрт жылдар өтсе де, өзегі үзілмеген өнерге тәнті болып, ұзақ қол соға дуылдасты. Әсіресе, Мүсілімнің әдемі тенор дауысы Евгений Онегиннің Ленскийін шырқаса, Ришат Демонды, «Травиатадан» Жермонды, «Карменнен» Эставильоны баритон даусымен құйқылжыта орындаған. Тағы бір сәт қазақ опера тарихында тұңғыш рет Абай партиясын орындаған Ришаттың дауысын экраннан естіп-көрген елде арман қалмағандай көрінді.

Жүргізушінің сахна төріне белгілі музыкант, артист және шоумен Сағнай Абдуллин мен Әлібек Дінішевті салтанатпен шақырған дауысы орталық мәдениет үйін ерекше жаңғырықтырса, елді тіптен дүрліктірді. «Өткенді ұмытқан адамға келешектің іргесін қалау қиынға түседі» дей келе, осындай мереке ұйымдастырған облыс басшысына алғыс айтып, берекелі өңіріміздегі жұртқа тек қуаныш тілеген Сағнай әкелерімен етене жақын араласқан ресейлік А.Зацепиннің «Есть только миг» әнін гитараға қосылып шырқап берді. Ал Әлібек болса нағашылары жайлы аз-маз таныстырудан кейін Естайдың атақты ғашықтық әні «Құсни-Қорланын» шырқап қоя берген:

Ай-хай, арман,
Құсни-Қорлан.
Екеуі туған екен бір анадан…

Одан әрі әдемі һәм қайталанбас дауысты әнші бала кезінен анасының туған жері, сол ортадағы балалық шағы мен ақ пейілді адамдар жайлы ұзақ-ұзақ айтатын әңгімесін бейне бір жұмақ өлкені ертегідей тыңдап өскендерін ерекше тебіреніспен жайып салды. Облыс Әкіміне жүрекжарды алғысын білдірді. «Гори, гори, моя звезда» романсын, «Бұл туған өлкені жаныммен сүйемін» және ешқандай музыкалық сүйемелдеусіз анасы сүйіп айтатын халық әні «Бір баланы» Сағнай екеуі тебірене орындады. Бүкіл елдің дүркірете қол соққан тұсы да дәл осы мезет болған.

Ардақтылар алқаланып, сұлу қыз, көркем жігіт атаулы ән мен биден әсемдік өрнегін өрген кеш соңында қос әншіге облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button