Руханият

Қаһарман

Қаһарман


Жылы шыраймен қабылдаған Шаяхметов оны Қазақ Жоғары Кеңесі Төралқасына референт етіп қызметке орналастырады.

Қасым бейбіт қызметке бірден бейімделіп кете алмайды. Иығында – портупея, жамбасында – планшет пен тапаншасын асынып күнде жұмысқа келеді де бар уақытын қару-жарағын тазалаумен өткізеді. Сол кезде Жоғары Кеңесте жауапты қызметте істейтін Әліби Жангелдин Қасымға ағалық көңілмен ақыл-кеңесін айта жүріп, оны біртіндеп «қарусыздандыра» бастайды. Орталық аппаратта аздаған тәжірибе жинақтаған Қасым көп ұзамай арнайы жолдамамен сол кездегі Шымкент облысына жіберіліп,әуелі Жуалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін Жамбыл облысы Свердлов аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады.

Бес жылғы өмірін қанды шайқастарда өткізген Қасымға бейбіт өмірге көндігуоңай бола қойған жоқ. Қашанда қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстіктің кең қолтық халқы Қасымның жақсылығын асырып, еменге қарсы біткен бұтақтай қырсық-қыңыр мінезінің артық-кемін жасырып, батырды төбесіне көтерді.

Қасым өміріндегі үлкен бір белес болғандықтан оның бұл кезеңдегі іс-әрекетінен бірер мысал келтіре кетейік.

Жамбыл облысы Свердлов ауданындағы жергілікті қазақтармен салыстырғанда әлдеқайда бақуатты тұратын Буденовка селосының тұрғындары заемның жоспарын орындамайды. Аудан басшысы қашанда тапаншасын тағынып жүретін ауатком төрағасының орынбасары Қасымды тапсырманы жедел орындау үшін қасына милиция бастығын қосып, селоға жібереді. Ауылға келсе, удай мас колхоз бастығы Василенко Қасымды көзге ілмей, дөңайбат мінез көрсетеді. Қасекең оны дереу май зауытының мұздай погребіне қамайды. Есін жиған соң милиция бастығын қасына отырғызып, стол үстіне тапаншасын қойып: «Сен неге Сталиннің бұйрығымен жүргізілетін саяси науқанға саботаж жасайсың?! Қай елдің агентісің? Кімге, қандай құпия мағлұмат беріп жүрсің? Саған саботаж ұйымдастыруға тапсырма берген кім?», – деген небір қитұрқы сұрақтардың астына алады. Отызыншы жылдары дәл осындай айыптаулармен талай жазықсыз жанның «ағылшын, американ империализмнің жансызы» деген жаламен атылып кеткенін білетін Василенко Қасымға құлдық ұра жалынып, тапсырманы тастай етіп орындауға, ең болмағанда, бір күн мұрсат сұрайды. Қасымнан бір сағатқа ғана рұқсат алып, селоға келе салысымен өзінің ағайын-туған, көрші-қолаңдарын түгел жинап, тыққан-сыққан, жиған-тергендерінің бәрін ортаға салғызып, заемның тапсырмасын артығымен орындап шығады.
Аудандағы электр энергиясының тапшылығын жою үшін Михайловск селосында 1947 жылы су электр станциясын салу көзделеді. Оның жұмысына «әскери тәртіппен» бақылау орнатқан Қасым электр станциясының құрылыс жұмысын тура бір жылдың ішінде аяқтатады. Бұл туралы оның еңбек кітапшасында 1947 жылдың 7 шілдесінде негізгі қызметіне қосымша Михайловск ГЭС құрылысының бастығы ретінде тағайындалып, келесі жылдың 2 шілдесінде «құрылыс жұмысының аяқталуына байланысты» қосымша қызметінен босатылғаны туралы жазба сақталған.

Осы ауданда қызмет істеп жүрген келесі жылы тағы бір төтенше оқиға болады. Аудандағы жетекші колхоздың бірінде қызылша мен көкөніс, жеміс-жидектен мол өнім алынғанына қарамастан, уақытында жиналып, тасылмағандықтан,олартау-тау болып үйіліп, шіріп кетуге айналады. Бұл колхозға да көп ұзамай қаһарына мінген Қайсенов келеді. Келсе,колхоз бастығы ала жаздай зор мехнатпен өсірілген өнімді уақытында тасымалдауды ұйымдастырудың орнынаараққа сылқия тойып алып, ашынасымен оңаша үйде сәңгіні салып жатыр екен. Оның үстіне әлгінің көңілдесі Отан қорғап жүрген офицердің әйеліболып шығады. Қаны басына шапшыған қапсағай денелі Қасым есікті бір теуіп ашып, үйге кіре сала колхоз бастығын соққының астына алады. Ашу үстінде күйеуінің көзіне шөп салған қызыл офицердің әйеліне де таяқ тиеді.

Тапай-талтүсте, бүкіл колхозшылардың көз алдында итшетепкіленіп, бар абыройынан айырылған әлгі екеуі «қызмет бабын асыра пайдаланып, бізді соққыға жығып, өлімші етіп сабады» деп партия бюросына арыз береді. Кілең қызылкөз большевиктерден тұратын бюро оны алғашында «партия қатарынан шығару керек» десе, кейін Қасымның Отан қорғаудағы ерлігін ескере келіп, «еңбек карточкасына жазылған қатаң сөгіспен» шектеледі.

Әдеби ортадан өз орнын тапты

Дәл осы оқиғадан соң қолында тұратын әкесі Қайса қария:«Балам, тағы бір пәлеге басың шатылмай тұрғанда елге қайтайық», – деп ақыл-кеңес береді. Осылайша Қасымның кеңес органдарындағы карьерасы біржолата тәмәмдалып, ол 1949 жылы Алматыға оралады. Баяғысынша Жұмағали Саин ағасын табады. Жұмекең арқылы Мағжан, Ілиястан кейінгі қазақ поэзиясының туын тіктеген арқалы ақын Қасым Аманжоловпен, майданнан оралған қылшылдаған жас офицер ақындар Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаевтармен танысады. Қазақ прозасының сол тұстағы көрнекті тұлғасы Мұқан Иманжановпен достасады. Әдеби орта оны шым-шымдап өз қатарына тарта бастайды. Бұл кезде қазақтың бас газетінде қызмет істеп, күн сайын қаламгерлер қауымымен араласатын Асыл апамыз да Қасымды осы салаға келуге үгіттей бастайды. Сөйтіп, Қасым 1950-51 жылдары өзі де басылым, баспаларды жағалап, бірде тілші, бірде редакторлық қызметтерді атқарады. Қамқор ағалардың қолдауымен 1951 жылы Жоғары партия мектебі жанындағы екі жылдық курсқа оқуға түседі.

Кәсіби журналистер, аудармашылар мен редакторлар оқитын бұл курста Қасым қазақ әдебиеті ғана емес, орыс, әлем әдебиетінің арғы-бергі тарихынан хабары мол, болашақта үлкен әдебиетші ғалым, профессор, академик атанған Тұрсынбек Кәкішевпен достасып, Қазақстанның әр түпкірінен келген жас қаламгерлермен жете танысады. Әдеби орта Қасымның қарайыңқырай бастаған білімін толықтырып, шығармашылық тәжірибесін шыңдай түседі. Курсты тәмәмдаған1953 жылы Қасым сол кездегі Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасына (Қазмемкөркемәдеббас) аға редактор қызметіне тұрып, қаламгерлікпен шындап айналыса бастады.

Баспа қай кезеңде де, әдебиеттің қара қазаны бұрқылдап қайнап жататын орын болатын. Оның үстіне Қасым орналасқан «Қазмемкөркемәдеббас» баспасы Қазақстанда көркем әдебиет шығаратын жалғыз мекеме еді. Қайсенов бұл жерде осында қызмет істейтін қазақтың арынды ақыны Тайыр Жароков, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы қаламгерлердің бірі Мариям Хакімжанова, тарихи тақырыпқа өндірте қалам тартқан романист Ілияс Есенберлин, сол заманның танымал жазушысы Ғабдол Сланов, кәсіби аудармашы Ахмет Елшібековтермен жақын танысады. Кітапты баспаға дайындау, редакциялау кәсібін игеріп,баспаға күнделікті келіп тұратын Алматының әдеби қауымдастығы ортасына кіріге түседі.

Қасымның партизан әңгімелерін майын тамыза айтатындығынан жақсы хабардар достары Мұқан Иманжанов пен Хамит Ерғалиев оған өзінің бастан кешкен оқиғаларын қызықты хикаялар түрінде хатқа түсіруге кеңес береді. Үйде Асыл апамыздың, түзде достарының үгіттеуімен Қасым қаруды қаламға алмастырады. Осылайша ол Украина ормандарында болған сан алуан жорықтардың желісімен алғашқы жазбаларын дүниеге әкеледі. Олар әуелі республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Пионер», «Әдебиет және искусство» журналдарында жариялана бастайды. Солардың негізінде «Қазмемкөркемәдеббас» баспасы 1955 жылы Қасым Қайсеновтің «Илько Витряк», ал 1956 жылы «Переяслав партизандары» атты алғашқы жинақтарын шығарады. Арада үш жыл өткенде – 1959 жылы «Ажал аузынан», ал 1960 жылы «Жау тылындағы бала»атты партизан жазбалары жарық көреді.

Қасым әдебиетке кейбіреулер сияқты бір басып, екі басып бұқпантайлап емес, өзіне тән өр мінезбен ақбоз атын ойната келді. Келді де, бүкіл қаламгерлер қауымын мойындатты, әрі ер көңіл, еркін ойға негізделген шығармаларымен қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Оның өзіндік себебі де бар еді.
Әскери тақырып – ойдан шығарып, қиялдан алуды көтере бермейтін өте шікәмшіл сала. Кезінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің Әлжаппар Әбішевпен бірлесіп жазған «Намыс гвардиясын» қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлы тас-талқан етіп сынады. Әдебиеттің тағы бір алыбы Ғабит Мүсіреповтің жылы кабинетте отырып жазған «Қазақ солдаты» романы да жазушының көзі тірісінде қанша мақталғанымен шалажансар дүние болып шықты.
Әскери тақырыпқа қалам тартқан әдебиеттің қос алыбы бірдей сүрінгенін көрген аға буын өкілдері ендігі жерде аса үлкен кәсіби дайындықты қажет ететін, білмейтін ой-шұңқыры мол бұл саланы айналып өтетін болды. Қасым өзі бүге-шігесіне дейін білетін бұл тақырыптың көгінде қырандай қалықтап, тереңінде балықтай жүзді.

Қасым алпысыншы жылдары жазуын үдете түсіп, «Днепрде», «Жау тылында» атты кітаптарын шығарды. Оның соңғы жинағы жетпісінші жылдары мол тиражбен екі рет қайта басылып, бабалар ерлігін аңсаған жаңа буынның сүйікті кітабына айналды.

Қасым шығармаларының халық арасына кеңінен тарауыныңтағы бір сыры сол кезде әскери-патриоттық тәрбие мәселесіне ерекше мән берілгендігінде екендігін айтпасқа және болмайды.

Жаңа жанрдың негізін қалады

Кеңес заманында әрбір газет, журнал, баспа жыл сайынғы жоспарын бекіткенде дәл осы тақырыппен шығатын материалдарды жоғары жақ ерекше талап ететін. Оның үстіне Жеңіс күні, Қазан төңкерісі мерекесі, Ұлы Отан соғысындағы әйгілі шайқастардың айтулы даталары газет-журнал беттерінде, радио мен теледидарда бүкіл Кеңес Одағы бойынша кеңінен насихатталатын. Қасым аға үнемі осындай мерекелік кездесулердің төрінде Алтайдың алып жотасындай болып отырушы еді.Халықтың үлкен-кішісі бірдейпартизан жазушының қашанда ақиқат шындыққа негізделген әсерлі әңгімелерін тыңдауға, оқуға әрдайым бейіл еді.

Ол бас-аяғы оншақты жылдың ішінде ұлттық әдебиет төрінен ойып тұрып орын алып, қазақ әдебиетіндегі «партизан жазбалары» атты жаңа жанрдың негізін қалады.

Қ.Қайсеновтің майдан шындығына суарылған шығармалары бірден орыс тіліне аударылып, одақтық оқырмандарға жол тартты. Оның «Юные партизаны» (1955), «Партизаны Переяслава» (1958), «Из когтей смерти» (1960), «Мальчик в тылу врага» (1961) атты кітаптары Қазақстанда басылса, таңдамалары топтастырылған «Из когтей смерти. Записки командира партизанского отряда» деген атпен 1962 жылы Мәскеудің беделді әскери баспасы «Воениздатта» жарық көрді. Дәл осы кітапты сол жылы украиндық әріптестері Киевтің «Молодь» баспасынан «У пазурів смерті» деген атпен украин тілінде басып шығарды. Осылайша Қасым батырдың есімі Қазақстан шекарасынан еркін асып, Мәскеу аспаны мен Украина ормандарын шарлап кетті.

Қасым Қайсеновтің небір шытырман оқиғаларға толы партизан жазбаларын оқи отырып, «автор кей тұста тым әсірелеп жіберген жоқ па екен?» деген күмәнді сұрақтың ойға оралатынын жасырудың қажеті жоқ. Бірақ ол ешуақытта шындық шеңберінен шықпаған. Өйткені Қасым есте жоқ ескі замандағы соғысты емес, тірі куәлары ортамызда жүрген, өзі көрген, бастан өткерген соғыстың шежіресін жазды. Мәселен, «Жау тылында» атты кітаптың тұтас бір тарауы «Соғыстан кейінгі кездесулер» деп аталады. Онда партизан жазушы Украинаға барған сапарында өз жазбаларының көзі тірі кейіпкерлері С.А.Ковпак, А.В.Тканко, Е.Д.Ломако, И.Витряк, А.К.Янцелевич, В.К.Хлопов, А.В.Крячек, К.И.Спижевой, Григорий Спижевой, С.Г.Власенко, Н.Воронецкая, И.А.Процько, Л.Луценко, В.П.Яковенко, С.М.Шпиталь, Иван Ломако т.б. кездескенін жазады. Сөз жоқ, олардың бәрі дерлік партизан жазушының жазбаларын «мүлт кеткен жері жоқ па екен?» деп сын көзбен оқығаны анық. Бір-бірін оңдырмай сынап жататын солардың ешқайсысы Қасымның жазбаларына зәредей күмәнкелтіріп, күдікартқан емес.

Иә, Қасым батыр не жазса да, шығар күндей шындықты жазды. Сондықтан оның жазбаларын Одақ оқырмандары сүйсіне оқып, қуана қабылдады. Солардың ішінде «досы», бұрынғы командирі, батырды бір емес, екі рет тиісті несібесінен қаққан А.Тканко да болды. Ол 1961 жылы әуелі Қасымға, сосын «Казахстанская правда» газетінің редакциясына жолдаған «Это было в Карпатах» атты мақаласында бірде партизан отрядының Қазақстаннан шыққан «Вася» есімді командиріне партизан құрамасының штабы «Белая Таня» концлагеріндегі 700-ге жуық тұтқынды босату тапсырылғанын, ол бұл тапсырманы өте қысқа мерзімде орындап, тұтқындарды босатып, фашистерді алдына салып айдап әкелгенін жазады. А.Тканко: «Командир отряда доложил:Задание Военного Совета фронта выполнено!Он ничего не сказал о том, как выполнялось задание. Об этом сообщили нам сами освобожденные коммунисты.
Подойдя к лагерю, партизаны установили с заключенными связь. Изучив обстановку, «Вася» решил изменить ход выполнения боевого задания, разработанного штабом партизанского соединения. Частьпартизан переоделась в одежду заключенных, а другая – в форму солдат противника. Часовой лагеря решил, что идет новое «пополнение», открыл ворота. В лагере партизаны так внезапно ударили по охране, что никто из фашистов не успел даже взяться за оружие.

Давно отгремели бои, плуги сравняли с землей воронки и окопы. И вот на днях я прочитал записки казахского писателя Касыма Кайсенова «Партизаны Переяслава» – о боевых буднях партизан Приднепровья в период Великой Отечественной войны. Так я узнал, что «партизаном Васей», моим боевым товарищем, был казахстанец Касым Кайсенов», – деп жазған.

Әрине, А.Тканко өзімен Днепрден бері бірге келе жатқан майдандас досы, Карпатқа бірге түскен десантшы қаруласы, үлкен бір отрядтың командирі «Васяның» кім екенін, оның шын аты-жөнін сол кездің өзінде-ақ жақсы білген. Тіпті өзі қол қойған марапат қағазын толтырған кезде-ақ анықтаған. Егер ол өзі арада жылдар өте келе мойындаған шындықты 1944 жылы: «Бұл ерлікті жасаған мен емес, «Вася» – Қ.Қайсенов еді», – деп қаз-қалпында Қасымның марапат қағазына түсіргенде қазақ батырының кеудесінде оның ерен тұлғасына лайық Алтын жұлдыз да жарқыраған болар еді. Өткен іске өкінудің қажеті жоқ. «Достары» қимаған атақ-абырой, қадір-құрметті Қасым батыр Елбасы мен туған елінен молынан көрді.

Жауына қатал, досына мейірбан болды

Қасым жауына қанша қатал болса да, досына келгенде сонша мейірбан болды. Соғыстағы бүкіл ғұмыры жортуылда өтсе де,айналасындағыларға үнемі қамқорлық көрсетіп, шуақ шаша жүрді. Мұндай жандар Қасымнан көрген жақсылықтарын ұмытпай, орайы келгенде алғыстарын айтып отырды. Сондай оқиғаның бірі 1969 жылы Алматыда Түркістан әскери округынан бөлініп, өз алдына дербес Орта Азия әскери округы ашылған кезде болып еді.
Айтулы шараға Мәскеуден алтын жағалы, алтын жұлдызды бір топ генералдар келеді. Солардың ішінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-лейтенанты В.Д.Лавриненков та бар еді. Әрине, сол заманда қалыптасқан дәстүр бойынша Мәскеуден келген биік мәртебелі қонақтарды республиканың бірінші басшысы Д.А.Қонаев қабылдайды. Қабылдау кезінде кеудесі мен иығындақос-қостан жұлдыздары жарқыраған генералЛавриненков ескі досы «Вася» – Қасым Қайсеновты іздейді. Дінмұхаммед Ахметұлы дереуҚасымды алдырады. Екі дос бір-біріне айқара құшақ ашып, мәре-сәре болып табысады.

Қаһарман

Бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын аспандағы қыран мен жердегі көкжалдың достығы соғыс кезінде басталған екен. Лавриненков 1943 жылға дейін жүзге жуық әуе шабуылына қатысып, жеке дара жаудың 16 ұшағын атып түсірген нағыз сұңқардың өзі болыпты. Ол осы ерлігі үшін сол 1943 жылдың өзінде-ақ Кеңес Одағының Батыры атағын алып үлгерген.

Осындай даңқы дүрілдеп тұрған ұшқыш 1943 жылдың тамызында немістің жаңадан шығарылған әйгілі «Фокке-Вульф» барлаушы ұшағын таранментүсіру кезінде жау қолындағы аймаққа құлап, тұтқынға түседі. Ұшқыш өзін Берлиндегідүйім жұрттың көз алдында масқаралау үшін поезбен Германияға апара жатқанда қашып шығып, Қасым басқаратын партизан отрядына қосылады. Көк сұңқары мен дала көкжалы осылай табысады. Жас қыранға Қасым ерекше қамқорлық көрсетіп, орайы келгенде майдан шебінен өткізіп, тұрақты армия қатарына қосады. Сол кезде майор шеніндегі Лавриненков кейін генералға дейін өседі. Ерлік жолын жалғастырып, екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алады. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпей» ол басына күн түскен қиын-қыстау заманда партизан отрядының командирінен көрген қамқорлығын 1974 жылы жарық көрген «Возвращение в небо» атты кітабында зор ризашылықпен атап өткен. Қасым батырдың басынан өткен осындай қызғылықты хикаяларда есеп жоқ.
Қасым аға қаламын құрғатпай жазды. Жазғандары да ешбір кедергісіз мол тиражбен басылып тұрды.

Туған халқының шексіз құрметіне ие болған ердің ерен тұлғасы талай әдеби шығармаларға арқау болды. Ол туралы Ғабдол Сланов «Карпат шыңында», ал Кемел Тоқаев «Шұғыл тапсырма» атты деректі повестер жазды. Аға буын өкілдерінен Ә.Шәріпов, Қ.Ысқақов, Ә.Кекілбаев, Ә.Нұршайықов, Т.Кәкішев, К.Салықов, С.Қирабаев, Қ.Исабаев, Н.Оразалиндер көркем шығармаға бергісіз келісті естеліктер жазды. Қазақтың айтулы ақындары Х.Ерғалиев, М.Әлімбаев, С.Мәуленов, С.Сейітов, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, С.Жиенбаев, М.Айтхожина, К.Ахметова, Т.Медетбек, Иран-Ғайыптар қайтпас қайсар ағасына өршіл рухты жырларын арнады.

Қасым да ағалары алдында жолынан жығылған емес. Әр кезеңде қазақ әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтермен түрлі сапарларда болып, ағаларына інілік ізетпен құрақ ұша қызмет етті. Алыптардан алған үлгі-өнегесін кейінгі естеліктерінде мөлдірете жазды.

Қасым Қайсеновтің өз жайын «өзге емес өзі айтқан» шығармалары қазақ, орыс, украин тілдерінде жүздеген мың тиражбен шығарылып, бүкіл Кеңес Одағына кеңінен таралған кезде оған хас батырға лайық биік тұлғасына сай марапат көрсету мәселесі жиі көтеріле бастады. Ондай хаттар Қазақстанның сол кездегі басшылары Н.Беляев, И.Юсупов, Д.Қонаевтардың атына, КСРО басшылары Н.Хрущев, Л.Брежневтен бастап, М.Горбачевқа дейін жолданды. Хаттар легі Алматыдан ғана емес, Мәскеуден, Киевтен де ағылды. Олардың ішінде есімі елге танымал әдебиет пен мәдениет қайраткерлері, қарулас достары, Кеңес Одағының Батырлары, генералдармен жоғары шенді офицерлер де болды. Билік жоғарғы марапатын қимаған сайын Қасымның халық арасындағы даңқы биіктей берді.

Еліміз тәуелсіздік алып, ел тізгінін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстады. Елі сүйген батырды Елбасы да ерекше құрметтеп, өзінің 1995 жылғы 9 мамырдағы арнайы Жарлығымен Қасым Қайсеновке азат Қазақстанның ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағын беріп, оның бар қазақты сыйдырған кең кеудесіне өз қолымен «Алтын жұлдызды» қадады.

Қасым аға ғұмырының соңына дейін ел өміріндегі ең үлкен қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласып, елін әрдайым береке-бірлікке, халқының екі тізгінін, бір шылбырын берік ұстаған Елбасының төңірегіне топтасуға шақырды.

Қазір заман өзгерді. Ер Қасымның екінші Отаны саналған Украинада саясаттың дауылы күнбатыстан соқты. Кешегі дос – бүгін дұшпан, кешегі батыр – бүгін басқыншы атанды. Сол аткөпір ақпараттың ішінде Қасымдай айбатты ердің ақжарма келбетіне көлеңке түсіретіндері де қылаң бере бастады. Біз дүйім жұртқа, дербес елге ақыл айтудан аулақпыз, бірақ кез келген тарихи оқиға мен оған қатысушы тұлғаға сол заман шындығы тұрғысынан баға берілуі тиіс. Дәл осы қағиданы басшылыққа алар болсақ, Қасым батыр өз Отанына адал қызмет етті. Оны қорғауда қаһармандықтың ғажайып үлгісін көрсетіп, қазақтай ер халықтың даңқын асырды. Біздің қолымызға қалам алғандағы мақсұтымыз– әлі талай буынөкілдері жырдай етіп айта жүретін аңызға айналған батыр өмірінің бар ақиқатын жаңа ұрпақтың жадында қалдыру.

Біз ерлік дәстүрінде тәрбиеленген Ұлы Отан соғысының тарихы да көмескі тарта бастады. Келесі буын үшін ол белгісіздеу соғыс болуы да әбден мүмкін. Бірақ салған ізі сайрап жатқан өткен тарихты ешкім өзгерте алмайтыны анық. Сол тарихтың сарғыштартып, шаң басқан беттеріненсұрапыл соғыс туралы ақиқат шындықты іздегендер оны қайтпас қайсар батырдың арымен жазылған Қасым Қайсеновтің шығармаларынан табатыны анық.

«Ежелден ер деген даңқы шыққан» Қазақ елі аман тұрғанда тұлғасы Алтайдай биік, мінезі Ертістей асау, пейілі даладай кең ердің ері, қаһарман Қасым батырдың ерен тұлғасы, биік рухы халқымен бірге мәңгі жасай бермек!

* * *
Автордан:Осы материалды жазу барысында мұрағаттық көмек көрсеткен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві, В.И.Вернадский атындағы Украина Ұлттық кітапханасы, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты ұжымдарына алғысымды білдіремін.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Осы айдарда

Руханият

Қаһарман

Қаһарман


Келесі 1940 жылдың 26 маусымында Кеңес Одағы Румыниядан Бессарабияны және солтүстік Буковинаны екі күн ішінде қайтару жөнінде үзілді-кесілді талап қойды. Шекарада тұрған армия генералы Г.Жуков бастаған 400 мыңнан астам мұздай қаруланған кеңес әскерінен сескенген, қауқары да, қайраны да қалмаған Румыния өктем талапты амалсыз қабылдап, аталған аумақты босатуға мәжбүр болады. Сол жылдың 2 тамызында жаудан күшпен тартып алынған территорияда КСРО Жоғары Кеңесінің шешімімен Молдова кеңестік республикасы құрылды.

Басып алынған аймақтарда қысқа мерзім ішінде «тазалау» науқаны жүргізілді. Кеңес Одағында бірнеше дүркін жүргізілген қанды репрессиялардың тәжірибесіне сәйкес ең әуелі тап жаулары ретінде ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, ауыр индустрия, финанс-қаржы, сауда жүйесіндегі кәсіпкерлердің дүние-мүлкі тәркіленіп, өздері қамауға алынып, сталиндік лагерлерге жөнелтілді. Сосын ескі әкімшілікте қызмет еткен үлкенді-кішілі шенеуніктер қуғын-сүргінге ұшырады. Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікті қолдайтын зиялы қауым өкілдері, демократияшыл саясаткерлер «буржуазиялық ұлтшылдар» ретінде абақтыға жабылып, репрессияның шеңгеліне ілінді. Осылайша өте қысқа мерзімде Л.Берияның басшылығымен жүргізілген «советтендіру» нәтижесінде Кеңес Одағы «азат еткен» аймақтарда жаңа биліктің тізесі батпаған, қорлығы өтпеген отбасы қалмады. Аман қалған жұрт ну ормандарға қашып, кеңес өкіметіне қарсы диверсиялық жұмыстармен айналысты. Олардың Батыс Украина, Солтүстік Буковина және румындық Транснистриядағы бөлігі гитлерлік Германияның көмегімен 1943 жылы Украиналық көтерілісшілер армиясын (Украинская повстанческая армия, УПА) жасақтап, кейбірі 1956 жылға дейін Кеңес Одағына қарсы әрекетін тоқтатпады.

Мұның бәрін келтіріп отырғанымыз жау тылына түсірілген Қасым Қайсеновтің отрядын жергілікті халықтың бәрі бірдей азат етушіретінде құшақ жая қарсы алған жоқ. Сол себепті партизандық десантшылар тобы бір жағынан неміс басқыншыларынан, екінші жағынан жергілікті партизандардан, үшіншіден кеңестік режимнен әбден зәрезеп болған тұрғылықты халық тарапынан қыспаққа түсті. Украина, Польша территориясындағы әскери-соғыс қимылдарына басшылық жасаған әйгілі неміс фельдмаршалы Эрих фон Манштейн: «Вообще существовало три вида партизанских отрядов: советские партизаны, боровшиеся с нами и терроризировавшие местное население; украинские, боровшиеся с советскими партизанами, но, как правило,отпускавшие на свободу попавших им в руки немцев, отбрав у них оружие; наконец, польские партизанские банды, которые боролись с немцами и украинцами», – деп жазады.

Әскери тактиканы мінсіз меңгерген

Қасым Қайсенов Украина ормандары мен Карпат тауларындағы партизан жорықтарында екі оттың ғана емес, осындай сәт сайын қауіп-қатерілаулап тұрған қып-қызыл өрттің ішінде, өмір мен өлім белдескен сұрапыл шайқастардың жуан ортасында жүрді. Басқарғанпартизан отрядының алапат жорықтарын әскери амал-айламен ұйымдастырып, өзінің де, соңынан ерген қаруластарының да өмірін сақтай білді. Бұл әскери өнерді шебер меңгерген әрі қан майданда әбден шыңдалған тәжірибелі командирдің ғана қолынан келетін еді. Қасым Қайсенов өзі туралы жазылған көптеген естеліктер мен мақалаларда бейнеленгендей алды-артына қарамай, қауіп-қатердің қандайына болмасын, қойып кететін көзсіз батыр ғана емес, жау тылында қысылтаяң жағдайда қиыннан қиыстыра жол таба білетін, әскери тактиканы мінсіз меңгерген адам болды. ҚасымныңКарпат тауларындағы соңғы десанты осыны айқын дәлелдейді. Ондағы оқиғалар партизан жазушының «Қауіпті тапсырма», «Қиян-кескі», «Карпат шыңдарында» атты жазбаларында кеңінен баяндалған.

Батыс Украинаның бейресми астанасы саналатын Ужгород қаласын жаудан босатуға дайындау үшін Карпат тауының Полонино Руно атты жотасына ол кезде Кеңес Одағының Батыры атағын алып үлгерген подполковник А.Тканко бастаған, құрамында Қ.Қайсенов бар 20 адамдық десант түсіріледі. Солардан аман қалған жетеуі бір айдың ішінде өзге де партизан отрядтарымен, тұтқыннан босаған қызыләскерлер және жергілікті халық өкілдерімен бірлесіп, жалпы құрамы 940 адамдық «Закарпатье» партизан құрамасын жасақтайды.

Бұл кезде партизандық жұмыстың қыр-сырын әбден меңгеріп, мейлінше машықтанған, орталық штабпен тұрақты байланыс ұстаған олар Батыс Украинаның Великоберезянский, Перечинский, Ужгород, Мукачев және Свалявск округтарында әрекет еткен негізінен венгр жасақтарынан тұрған жау әскеріне талай мәрте тойтарыс береді.

Бірде Қасым Қайсенов бастаған отряд 700-ге жуық соғыс тұтқындары қамалған «Белая Таня» концлагеріне шабуыл жасайды. Жаудың кіретін-шығатын қақпалардытүгелдей миналап, тұтқиылдан шегіну қажет болғанда лагерьді жарып жіберуге дайын отырғанына қарамастан, Қасым бастаған партизандар тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайды.

Қасым батырдың дәл осы ерлігін кезінде Кеңес Одағының Қорғаныс министрі болған А.А.Гречко өзінің «Через Карпаты» атты кітабында егжей-тегжейлі суреттейді. «Штаб партизанского соединения детально разработал план боевой операции по уничтожению вражеского гарнизона лагеря и освобождению заключенных. В 19 часов партизанский отряд во главе с К.Кайсеновым вышел на боевое задание. Пробравшись к лагерю, партизаны установили связь с заключенными. Изучив обстановку, Кайсенов решил изменить ход выполнения боевого задания и начать операцию не в 23 часа, как было предусмотрено планом, а в 21 час. К этому времени часть партизан переоделась в одежду заключенных, другие в форму венгерских солдат. Группа совсем близко подошла к лагерю. Часовые решили, что это новое пополнение. Партизаны внезапно ударили по охране. Лишь некоторые из охранников успели взяться за оружие. 34 вражеских солдата и офицера партизаны взяли в плен. Узники были освобождены. Многие из них влились в партизанские отряды», – деп жазады маршал.

Дәл осы жорық жасалған 1944 жылы А.А.Гречко Батыс Украина, Чехословакия жерін жаудан азат етуге шешуші үлес қосқан 1-Гвардиялық армияның қолбасшысы болса, кітап жарық көрген 1970 жылы әлемдегі ең алып әскери державаның бірі – Кеңес Одағының Қорғаныс министрі қызметін атқарды.
Біріншіден, ол өз кітабына соғыс кезінде орын алған ұсақ-түйек оқиғаларды емес, армия қолбасшысы ретінде саяси, әскери, стратегиялық мәні зор операцияларды қосқан. Қасым жүзеге асырған шабуыл осындай айрықша мәні бар операция болды.

Екіншіден, Гречко бұл жорықты жүзеге асыру кезінде армия қолбасшысы ретінде оны ерекшебақылауында ұстағандықтан операцияны бүге-шігесіне дейін білген.

Үшіншіден, ол Кеңес Одағындағы көп генералдардың бірі ғана емес, кітап жазылғанда Қорғаныс министрінің орынтағында мығым отырған үлкен лауазымды тұлға болғандықтан,кітапқа енген әрбір дерек әскери мамандардың сүзгісінен өтіп, архив құжаттарымен салыстырылып, мұқият тексерілді.

Қасым аға не жазса да шындықтың бетіне қасқая қарап тұрып, тек ақиқатты ғана жазды. Сол себепті оның жазғандарын майдан даласында бірге шайқасқан қанды-көйлек қарулас достарымен қатар аты әлемге әйгілі даңқты қолбасшылар да осылай үнемі қолдап, қуаттап отырды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, маршал Гречконың кітабындағы біз келтірген жоғарыдағы дерек осының айқын дәлелі деп білемін.

Қаһарман

Карпат тауларындағы ересен ерлігі үшін Қасым Қайсенов 4-Украин майданының партизан штабы тарапынан 1944 жылдың қараша айында 3-дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденіне ұсынылады. Ол туралы4-Украин майданы әскери кеңесі жанындағы партизандар қозғалысы штабының бастығы, полковник В.Погребенко мен «Закарпатье» партизан құрамасының командирі, подполковник А.В.Тканко қол қойған марапат парағында төмендегідей деректер келтірілген: «Тов.Кайсенов был десантирован в тыл врага для развития и руководства партизанской борьбы. 21 июля 1944 г. был выброшен в Карпаты в составе руководящей группы партизанского соединения. Будучи командиром отряда №6 партизанского соединения Кайсенов вооружил за счет врага 60 человек местного населения, имел своих связных и подпольщиков 22 человек. Тов. Кайсенов отличился в бою с 64-м погран.полком в селе Пашковцы, лично уничтожил 5 солдат. Отряд Кайсенова участвовал в трех засадах на шоссейной дороге Порошков-Свалова уничтожено 7 повозок обоза, убито 9 солдат. Под командованием Кайсенова была выведена из строя железнодорожная станция Анталовцы и подорвано 2 паровоза. Группой 4 человека под командованием Кайсенова был пущен под откос воинский эшелон на перегоне станции Луг-Волосянка, где был разбит паровоз и 6 вагонов. Тов. Кайсенов со своим отрядом участвовал в отражении 8-ми больших облав немецко-венгерских солдат, шедших на партизан. Его отряд истребил 25 солдат, лично убил 5 солдат. В бою под селом Липовец уничтожил 11 мадьярских солдат. 28 августа в районе села Гута под командованием Кайсенова была уничтожена зенитная установка противника и захвачено 13 мадьярских солдат, в этом бою командир Кайсенов был ранен. Тов. Кайсенов достоин правительственной награды ордена «Богдан Хмельницкий» 3 степени» (Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық Мұрағаты, 33-қор, 690155-тізімдеме, 5982-іс).

700 ғаріпті тұтқыннан босатқан

Біз Қасым Қайсеновті ІІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденіне ұсынған марапат парақшасының бір сөзін де қалдырмастан тұтастай келтірдік. Бір қарағанда бәрі орынды сияқты. Қазақ батырының Карпат тауларында жасаған жойқын жорықтары, ерен ерлігі, тіпті жеке басы өлтірген жаудың есебіне дейін түгел көрсетілген. Бірақ осыншама мақтау-марапаттың ішінде сол кезде армия қолбасшысы болып, кейін Қорғаныс министрі биігіне дейін көтерілген маршал Гречконың таңдана, тамсана жазған, айналасы миналармен құрсауланып, мұздай қаруланған әскермен қорғалған «Белая Таня» концлагерін азғана партизан отрядымен, үлкен амал-айламен, дұшпанның көз алдында, тапай-талтүсте басып алып, әбден азапқа түскен 700 ғаріпті тұтқыннан босатқан ғажайып ерлігі жайлы бір ауыз сөз жоқ. Егер сол тұтқындардың ішінде орыс, украиндерден басқа еврей, чех, словак, венгр коммунистері болғанын ескерсек, бұл оқиға кезінде өте үлкен халықаралық резонансқа ие болды. Екінші жағынан, Кеңес Одағына деген дүдәмал көңілде жүрген жергілікті халықтың үлкен бөлігін оның тілеулестері қатарына шығарып, бұрын озбыр, басқыншы ретінде қарастырылып келген кеңес әскерлеріне азаткер имиджін сыйлады. Партизан отрядын жеке дара басқарып, өз бетінше батыл шешім қабылдаған Қасымның Кеңес Одағының Батыры атағына әбден лайық бұл ерлігі оған тікелей тапсырма берген командирі Тканко тарапынан «ұмыт» қалды. Батыр ағамыздың дұшпанды қойып, досқа кеткен есесінің жоғын іздеген біз Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағатына тағы да сұрау салдық.

Қасым марапатқа ұсынылған 1944 жылдың желтоқсанында ол кезде Кеңес Одағының Батыры атағына қосымша «Қызыл Ту», 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен қатар толып жатқан медальдарды кеудесіне қадап үлгерген А.Тканко да марапатқа ұсынылыпты. Оның марапат парақшасында 1944 жылдың тамызында жау тылына түсірілгеннен кейін жергілікті халық есебінен 1620 адамды партизандар қатарына тартып, оның 885-ін қаруландырғаны, 600-ден астам жау әскерін жайратқаны, 12 әскери эшелонды қиратып, 7 паровоз, 35 вагонды істен шығарғаны, жол бойында 16 тосқауыл жасап, 8 автокөлік, 21 арбаға дейін өртеп жібергені тізбеленген. Ең соңында: «Разгромлен концлагерь в Берца Таня, освобождено 70 политзаключенных и более 600 других заключенных», – деп көрсетілген. (Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық Мұрағаты, 33-қор, 690155-тізімдеме, 5982-іс).

Қасым өз отрядымен ажал аузында жүргенде штабта отырған Тканко оның концлагерьдегі тұтқындарды азат еткен ерлігін тағы өз есебіне жазып, С.А.Ковпак сияқты екінші Алтын жұлдызды алуды армандаған. Бірақ соғыс жылдарында-ақ өлшеусіз атақ-даңққа бөленіп, бірнеше мәрте Сталиннің қабылдауында болған Сидор Артемьевичпен теңесу Тканко үшін әлі ерте еді. Жалған атақ жолында қанша қитұрқыға барса да бұл жолы подполковник Тканкоға екінші мәрте «Қызыл ту» ордені, ал Қасым Қайсеновке одан бір бәс төмендеу «Богдан Хмельницкий» ордені берілді. Бұл Украина ормандары мен Карпат тауларын көкжалдай кезіп, қырғын салған қазақ батырының Ұлы Отан соғысы барысында алған алғашқы әрі соңғы ордені болатын.

Осы тұста тағы да бір қайталап айта кететін жайт: марапат қағазында Қасымның әскери шені «лейтенант» деп анық көрсетілген. Егер мұндай офицерлік дәреже тек әскери училище бітіргендерге берілетінін ескеретін болсақ, бұл дерек оның арнайы училище тәмәмдағанын тағы бір қырынан дәлелдей түседі.
Қасым аға үшін өзінің екінші Отаны саналатын Украина жері түгелдей жаудан босатылғаннан кейін соғыс та аяқталды.

Бұл кезде әскери қимылдар Кеңес Одағы шекарасынан шығып, Шығыс Еуропа аумағынаауысқан болатын. Орталық штаб тілін, салт-дәстүрін, ой-қырын білмейтін елдерге Қасымды жібермеуге шешім қабылдайды. Украина партизандары даңқты басшыларының бірі Ковпак:«Қасым, сен армия қатарына шақырылғаннан бері бес жылдай әскер қатарында, кескілескен соғыс жағдайында болдың. Отан алдындағы азаматтық борышыңды артығымен орындадың. Сен үшін соғыс аяқталды. Ендігі жерде бейбіт өмір басталады. Оған да біртіндеп көндігу қажет. Сол үшін сен осында қал. Қызмет те тауып береміз. Қажет болса отбасыңды да алдырамыз. Оның үстіне сені Қазақстанда ешкім білмейді. Әлдеқандай жағдайда артық-ауыс әрекет жасар болсаң,басың кетуі де ғажап емес. Сондықтан Украинада қалып, бейбіт өмірге бейімдел», – деген ақыл береді. Әкесіндей қамқор адамның бұл кеңесін Қасым қабыл алып, Киевте қала тұруға бел байлайды. Ковпак оны республикалық «Укрдормост» тресі кадр бөлімінің бастығы қызметіне орналастырады. Ол бұл қызметті 1944 жылдың 23 наурызынан 20 маусымына дейін атқарған. Оны Қ.Қайсеновтің жеке ісіндегі «Укрдормост» тресінен алынған анықтама растайды (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық Мұрағаты, 2368-қор, 1-тізімдеме, 639-іс, 1-парақ).

Сол жылы Киевке Украина жерінде соғысқан тағы бір қазақ партизаны, ақын Жұмағали Саин келеді. Жұмағали ағамыз Алматыдан аттанарда сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істейтін ағамыздың жары Асыл апайымыз: «Кездесе қалсаңыз тапсырарсыз», – деп қоярда-қоймай Қасымға арналған сағынышқа толы хатын ұстатып жібереді. Жұмағали ағамыз Украина партизандарының орталық штабында болып, өзінің осы жерде соғысқа қатынасқанын растайтын құжат ала жүріп, Киевте партизан отрядының командирі ретінде атағы алысқа кеткен ержүрек қазақтың барын естиді. Арнайы іздеп келсе, ол Қасым болып шығады. Батыр бауырынаелдегі жарының хатын тапсырады. Ақыры штабтағы бастықтарды да, інісін де көндіре жүріп, Қасымды елге алып қайтады. Кетерінде атақ-даңқы бүкіл Кеңес Одағында дүрілдеп тұрған екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор С.А.Ковпак республика партия ұйымының басшысы Жұмабай Шаяхметовтің атына хат жазыпбереді.

Сонымен, 1945 жылдың 1 қаңтарында Қасым Қайсенов Жұмағали ағасымен бірге Алматыға келеді. Өзін сағына күткен жары Асылмен табысады. Талай наркоматпен түрлі мекемелердің есігін тоздырса да қызметі құрғыр оңайлықпен табыла қоймайды. Сол кезде Жұмағали ағасы баяғы Ковпак берген конвертті қолына ұстатып, Қасымды республика партия ұйымының басшысына жібереді.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Осы айдарда

Руханият

Қаһарман

Қаһарман


Жау тылына жіберілген әрбір отряд арнайы дайындықтан өтіп, олардың әрбір қадамы, іс-әрекеті ерекше бақылауда болған. Жаңадан құрылған партизан отрядтары үнемі толығып, орталықпен тұрақты байланыс ұстаған. Кейбір деректер бойынша алғашқы кезде жау тылына түсірілген десантшылар тобының 90 пайызға жуығы сәтсіздікке ұшырапты.

Лейтенант Қасым Қайсеновтің партизан отряды Украинаның Киев және Полтава облыстарының ну ормандарын паналап, сол облыстағы көптеген елді мекендермен астыртын байланыс орнатады. Жау тылында жүріп, сан алуан әскери диверсиялық операцияларды жүзеге асырып, немістерді зор шығынға ұшыратады.

Қасым Қайсенов Ұлы Отан соғысы барысында арнайы тапсырмамен жау тылына 4 рет десантшылар тобымен түседі. Оның 1941 жылдың қарашасынан 1943 жылдың қыркүйегіне дейінгі екі жылға жуық уақыты Украина ормандарында өтті. Сондықтан ол өмірінің соңына дейін Украинаны өзінің екінші отаны ретінде бағалап, осы елдегі қарулас достарымен сыйластығын үзген емес.

Жау тылындағы диверсиямен айналысатын партизан құрамаларының жұмысын әуелгіде П.Судоплатов басқаратын НКВД құрамындағы 4-басқарма үйлестірсе, 1942 жылдың 30мамырында Партизан қозғалысының орталық штабы құрылып, оның басшылығына соғыстан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы болған П.К.Пономаренко тағайындалды. Көп ұзамай 1942 жылдың 20 маусымында Украина НКВД-сы халық комиссарының орынбасары Т.А.Строкач басқаратын Партизан қозғалысының украиндық штабы құрылады. 1942 жылдың 5 қыркүйегінде жау тылындағы екінші майданға ерекше мән берген И.В.Сталиннің «Партизандық қозғалыстың міндеттері» атты әйгілі бұйрығы жарияланды.

Кеңес заманында халық арасында Украина партизандарының әйгілі командирлері, екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары С.А.Ковпак, А.Н.Сабуров және П.П.Вершигоралардың есімдері дүрілдеп тұрды. Олар туралы көптеген кинофильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылды. Есімдері мен ерлік істері мектеп оқулықтарына дейін енгізілді.

Партизандар қозғалысының өрістеуіне Украинаның қосқан үлесі аса зор болды. Сол себепті 1943 жылы сәуірде Сталин партизандық қозғалыстың украиндық штабын Пономаренко қарамағындағы орталық штабтан бөліп, оған дербестік береді. Осылайша Т.Строкач бір жағынан тікелей Сталинге, екінші жағынан Украина партия ұйымының басшысы Никита Хрущевке ғана бағынатын болды. Бұл оған Украинадағы партизан құрамаларын қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешекпен дер кезінде және шұғыл түрде қамтамасыз етуге, аса үлкен әскери операцияларды өз бетінше жүргізуге мол мүмкіндік туғызды.
Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина жерінде 53 партизан құрамасы, 2145 партизан отряды мен 1807 партизан топтары шайқасқан. Олардың құрамында 220 мыңнан астам партизан болды. Солардың ішінде ерлігі ешкімнен кем түспесе де, насихаты кемшін болғандар қатарында Қасым Қайсенов шайқасқан Чапаев атындағы партизан құрамасы бар еді.

Қасым батырдың Украина жеріндегі ерлігі жайлы оның партизан жазбалары мен замандастарының, қанды-көйлек достарының естеліктерінде әсерлі баяндалған. Әйтсе де Украинаның ғана емес, жалпы екінші дүниежүзілік соғыс тарихында ерекше орын алатын Днепр үшін болған шайқастағы оның асқан ерлігі айрықша атап өтуді қажет етеді. Енді осыған тоқталайық.

Үлкен Кеңес энциклопедиясы шығарған «Ұлы Отан соғысы» энциклопедиясында Днепр үшін болған шайқас туралы: «Группировка советских войск насчитывала 2 633 тыс. человек, свыше 51 000 орудий и минометов, свыше 2 400 танков и САУ и 2 850 боевых самолетов», – деп жазылған (М., 1985, 98-бет).

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы екі тараптан 4 миллионға жуық адам қатысқан аса жойқын шайқасқа Кеңес Одағының әйгілі әскер басшылары Г.К.Жуков, К.К.Рокоссовкий, И.С.Конев, Н.Ф.Ватутиндер қолбасшылық жасады. Кеңес әскерлеріне атақты генерал Эрих фон Манштейн басқарған вермахтың 1 миллион 250 мыңнан астам таңдаулы құрамалары қарсы тұрды. Төрт айға жуық уақытқа созылған жан алысып, жан беріскен ұрыста екі жақтан бір миллионға жуық адам шығынға ұшыраған. Міне, дәл осы тарихи шайқаста жау жағы әбден мықтап бекінген Днепрдің оң жағына алғашқылардың бірі болып Қасым Қайсеновтің 120 адамдық партизан отряды өтеді.

Партизан жазушының жазбалары бойынша 1943 жылы 16-17 қыркүйекте Киев төңірегінде Хоцкий орманындағы Чапаев атындағы партизан отрядының жауынгерлері жауды Днепрдің сол жағалауынан сыпыра қуып, екпіндете шабуылдап келе жатқан Қызыл Армияның тұрақты бөлімдерімен кездеседі. Көп ұзамай сол жағалау түгелдей жаудан тазартылып, олардың шегінген бөлігі Днепрдің оң жағалауына бекінген неміс армиясына қосылады.

Украина астанасын жаудан босату үшін Кеңес әскерлеріне Киев қаласының оңтүстік-шығыс жағындағы жау тас-түйін болып бекінген Ұлы Букрин плацдармын басып алу керек еді. Өйткені кеңес әскерлеріне Букрин плацдармыналған жағдайда бас-аяғы 2-3 сағаттың ішінде Киевтің дәл іргесінен шығу мүмкіндігі туындады. Осы тақырыпқа арналған жүздеген тарихи зерттеулер мен естеліктерде Днепр үшін шайқасты кеңес әскерлері ішінен генерал-лейтенант П.С.Рыбалконың 3-гвардиялық танк армиясы қыркүйектің 22-нен 23-не қараған түні бастағаны жазылған. Тура осы оқиғаның алдында жергілікті жердің ой-қырын жақсы білетін Примак басқаратын партизан отрядына Днепрден өтіп, жаппай шабуылға шығатын тұрақты армия жауынгерлеріне оң жағалаудан плацдарм жасауға тапсырма берілді. Примак аса жауапты тапсырманы орындауды қашанда жаудан беті қайтпаған қазақтың хас батыры Қасым Қайсеновтіңотрядына тапсырады. Осылайша 120 адамнан тұратын партизан Қайсеновтің отряды қыркүйектің 21-нен 22-не қараған түні қайықпен, салмен оң жағалауға өтіп, түн қараңғылығын жамыла тұтқиылдан ұрыс сала жүріп Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларын басып алып, оларды кеңес әскерлері шабуылға шыққанша өліспей-беріспей ұстап тұрады. Отрядтың жүзге жуық адамы қаза болып, кеңес әскерлері оң жағалауға өткенде Қасым отрядынан 20 шақты адам ғана тірі қалды.

Бұл оқиға батырдың «Днепрдегі кездесу» атты жазбасында және осы тақырыпқа арналған сұхбаттарында жан-жақты суреттелген. Қашанда тура сөйлеп, тек ақиқатты айтатын Қасым батыр не жазса да тек шындықты жазған. Сондықтан оның жазбаларынан кейбір әскери шығармаларға тән өзін-өзі көтермелеу, дәріптеуді табу қиын. Бірақ оқырманның көңілінде күпті сұрақтар қалмауы үшін осы оқиғаға қатысты өзге автордың да жазбаларына жүгінуді жөн көрдік.

Днепр үшін шайқастытүгелдей өз көзімен көріп, басы-қасында болған қарулас досы Г.Д.Алексеенко өзінің «Шли на битву партизаны» атты кітабында оны сағат, минутына дейін көрсете тәтпіштеп жазған. Осы кітапта: «В отчете о партизанской деятельности соединения имени Чапаева при форсировании Днепра записано лаконично и коротко: …5. Был послан 3-й отряд в количестве 120 человек, командир тов. Кайсенов, комиссар Гриненко, который захватил прибрежные села Григорьевка, Луковицы и Зарубинцы и держал до прихода крупных сил Красной Армии», – деп жазылған (Алексеенко Г.Д. Шли на битву партизаны. Ужгород, 1987, с.120). Украина Компартиясы Киев обкомы партия архивінің материалдары негізінде дәлме-дәл көрсетілген бұл деректерге күмән келтіру қиын.

Қасымның Днепр үшін шайқаста бүкіл командирлерінің көз алдында жасалып,жүздеген мың адам қатысқан кеңес әскерлерінің сұрапыл шайқасына берік плацдарм дайындаған осы бір ғажайып ерлігі мүлде ескерусіз қалды. Турасын айтсақ, оны өлдіге санаған командирі А.В.Тканко «Днепрден бірінші болып өткен партизан отрядының командирі мен едім»,– деп Украина партия ұйымының басшысы әрі Әскери кеңес мүшесі Н.С.Хрущевке баянат жолдайдыжәне осы «ерлігі» үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады.

Қаһарман

Тканко Қасымға тиесілі жұлдызды алумен шектелмей, соғыстан кейін де үнемі өзінің Днепр үшін шайқаста көрсеткен асқан «ерлігін» насихаттаумен болды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Украина Компартиясы Орталық Комитетінің Партия тарихы институты республика ғалымдарының басын қосып, украин тілінде «Украин КСР-і Кеңес Одағының 1941-1945жылдардағы Ұлы Отан соғысында» атты үш томдық іргелі еңбек шығарады.Осы кітаптың Днепр үшін шайқасқа арналған екінші томында: «Герої блискавичним натиском захопили сусідній хутір і забезпечили переправу своєї роти та групи партизанів у складі 120 чоловік під командуванням О.В.Тканка. … Багато з них було нагороджено орденами й медалями СРСР. Командирові десантної партизанської групи О.В.Тканку було присвоєне звания Героя Радянського Союзу, а командир з`єднания І.К.Примак нагороджений орденом Богдана Хмельницького ІІІ ступеня», – деп жазылады (Українська РСР у Великій Вітчизняній війні Радянського Союзу 1941-1945 рр. Киів, 1968, стр. 331).
Әрине, әлдеқашан бейбіт өмірге етене араласып, алаңсыз жазушылық қызметпен айналысып жүрген қамсыз, мұңсыз Қасым батыр бұл кітаптың шығуынан мүлде хабарсыз еді. Бірақ бұл кезде Днепр үшін, Киев үшін болған шайқасты, ондағы Қасымның ерен ерлігін көрген оның партизан отрядындағы қарулас достары көпе-көрнеу қолдан жасалған мұндай әділетсіздікке төзбей, қолдарына қару орнына қалам алып, жоғары жаққа хатты қардай боратады. Бұл кезде Украинаның түрлі мұрағаттарында сақталған батырдың ерлігі баяндалған архив деректерін әлі шаң басып үлгермеген еді. Осылайша әуелі 1982 жылы жарық көрген «Героический Киев» ұжымдық жинағында, ал 1985 жылы Украина Ғылым академиясының тарих институты орыс тілінде шығарған «Украинская ССР в годы Великой Отечественной войны Советского Союза» атты іргелі еңбекте Қасым батырдың ерлігі қалпына келтіріліп, кітаптың төрінен оған лайықты орын берілді. Онда: «21 вторник. Партизанский отряд под командованием К.Кайсенова, выполняя приказ командира 6-го танкового корпуса, форсировал р.Днепр, занял с.Григорьевка, х.Луковица, оказал помощь советским войскам в переправе на правый берег реки», – деп ендігі жерде балталаса бұзылмайтындай етіп жазылды (Украинская ССР в годы Великой Отечественной войны, Киев, 1985, 346-бет).

Қанды шайқастан кейін аспаннан марапат жауған ұлан-асыр тойда өз отрядымен Днепрден алғаш өтіп, плацдарм дайындаған, сол шайқаста қатты жараланып, контузия алған қазақ батырына сенсеңіз де, сенбесеңіз де бармақтай медаль да бұйырған жоқ.

Қайран аңғал да аңғырт, кеңпейіл ағам-ай! Бір емес, бірнеше мәрте жолын кескен, тиесілі марапатынан қаққан дәл осы Александр Тканкомен Қасым аға өмірінің соңына дейін араласып, Украинаға барған сайын жүздесіп тұрды.

Қасым өз елінде халқының шынайы құрметіне ие болып, аса зор атақ-даңққа бөленді. Ол1999 жылы полковник шенінде, кеудесіне орден-медальдарын, «Халық қаһарманының» Алтын жұлдызын жарқыратып тағып, өзі екінші отаны санайтын Украинаға барады. Черкаск қаласындағы жергілікті пединститутта қатардағы профессор болып қызмет атқаратын Тканко досымен кездеседі. Өз еліне ғана емес, Украинада да ерекше сыйлы, сол жылы Қазақстанға келгенде Украина президенті Л.Д.Кучманың қолынан орден алған Қасымға ескі досы соғысты полковник болып аяқтағандардың бәрі әлдеқашан генерал шенін алғанын, ал өзінің әлі күнге дейін сол баяғы полковник погонымен жүргендігін үлкен өкінішпен баяндайды. Ақжарқын Қасым осы сапардан қайтарында Украина президенті Л.Д.Кучманың арнайы қабылдауында болады. Леонид Даниловичке қанды-көйлек досы Кеңес Одағының Батыры А.В.Тканкоға генерал шенін беру жөнінде өтініш жасап, нағыз мәртке тән мінез көрсетеді. Украина президенті қазақ батырының өтінішін қабыл алып, ардагерге генерал-майор шенін береді. Адам айтса сенгісіз бұл оқиғаны Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатында Қ.Қайсеновтің жеке қорында сақталған А.В.Тканконың мына ашық хаты дәлелдейді. Онда: «С Новым 2002 роком! Тебе дорогой друг Касым!!! Желаю тебе здоровья, симейного счастья! Всегда твой А.В.Т. 30.ХІІ.2002. Президент присвоил мне звание генерал-майора (Поздно.)»,деген сөздер бар (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, 2368-қор, 1-тізімдеме, 638-іс. Профессордың орфографиясы сақталған).

«Апыр-ау» дейсің осындайда. Жер түбінен келіп, өзге елдің басшысына бар беделімен өтініш айтып, досына талай жыл қол жеткізе алмаған генералдың алтын зерлі погонын алып бергенде,А.Тканко өзі талай мәрте несібесінен қағып келген қазақтың аңғал батырына алғыс айтудың орнына сол шені құрғырды дәл Қасым бергізбей келгендей «поздно» деп қара қазандай өкпесіналға тартқан. Қазақтың тойымсыз, қанағатсыз, мұнафық, міскіндерге арналған «нысаптан безген» деген сөзі дәл осындайда айтылса керек.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қасым Қайсенов төрт рет жау тылына десантпен түсіріледі. Әуелі 1941 жылы 19 қарашада Украинаға, 1943 жылдың соңында Молдавия жеріне, 1944 жылдың басында Румынияға, ал соңғы рет 1944 жылдың маусым айында Карпат тауына тасталған. Біз қазақ батырының осы сапарларында жасаған жорықтарынтүгелдей тізіп шығуды мақсат етпегендіктен әскери әдебиеттерде
көп аталып, көп дәріптелген, тіпті КСРО Қорғаныс министрінің мемуарына дейін енген соңғы десанттағы ерлігін тереңірек сөз етпекпіз. Алдымен аз-кем тарихқа тоқталайық.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, генерал Гудерианның 19-корпусы 1941 жылдың қыркүйегінде Бресті алғаннан кейін 17 қыркүйекте кеңес әскерлері Украина мен Белоруссияның шекарасынан өтіп, Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны «азат етуге» кіріседі. Әрине, мұның алдында әлемдік тарихқа «Молотов-Риббентроп пактісі» деген атпен кірген 1939 жылдың 23 тамызында Германия мен Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлері қол қойған «Германия мен Кеңес Одағының бір-бірін басып алмау туралы келісім» жасалған болатын. Бұл келісімнің кейінгі жылдарда ғана әшкере болған «құпия қосымша хаттамасы» бар еді. Хаттамаға сәйкес Латвия, Эстония және Финляндия, сондай-ақ Польшаның шығыс облыстары мен Бессарабия жері «КСРО-ның мүддесіне жататын аймақ» деп танылды. Басқаша айтқанда күні ертең соғыс бастала қалған жағдайда Сталинге аталған елдер мен аймақтарды жаулап алуға немесе онда Кеңес Одағына бағынатын сателлит мемлекеттер орнатуға толық мүмкіндік берілді. Әрине, бұл мүмкіндікті Сталин толығымен пайдаланып, екінші дүниежүзілік соғыс басталған қыркүйек айының өзінде-ақ жалпы саны 600 мыңнан асатын кеңес әскерлерін дереу Польша жеріне кіргізіп, небәрі он шақты күн ішінде Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны өзіне қаратып алды. Бұл туралы кейін өз мемуарына Ұлыбритания премьер-министрі У.Черчилль: «Только тоталитарный деспотизм в обеих странах мог решиться на такой одиозный, противоестественный шаг»,– деп баға берді.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Руханият

Қаһарман

Қаһарман


Биыл әйгілі жерлесіміз, партизан жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің туғанына 100 жыл. Қазақтың қайсар ұлының ғасыр тойына орай тарихтың түрен түспеген қатпарларын қамтыған, бұрын еш жерде жарияланбаған мұрағаттық деректерге негізделіп жазылған тұщымды дүниені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Кез келген адамның балалық шағында көрген-білген, бастан кешкен оқиғалары жадында ұмытылмастай жатталып қалатыны бар. Мен аты аңызға айналған партизан жазушы Қасым Қайсеновті ең алғаш сол кездегі Семей облысы Мақаншы ауылындағы орта мектептің 7-сыныбында оқып жүрген кезде көрдім.

Ол тұста ерлік пен батырлықтың тірі символы Қасым Қайсеновтің даңқы Алтай мен Тарбағатай тауларының асқар биіктері мен құз-жартастарын жаңғырықтыра бүкіл қазақ даласын шарлап кеткен еді. Қаһарман қаламгердің ерлік жолын баяндайтын мақалалар да жиі жарияланып тұратын. Егер бұған ата тарихын алмас қылыштың жүзімен жазған жауынгер халықтың шынайы сүйіспеншілігінен туындаған ел аузындағы сансыз көп хикаяттарды қосатын болсаңыз, Қасым Қайсенов құдды бір батырлар жырынан шыға келген кейіпкердей әсер қалдыратын.

… Ертеңгілік шай үстінде Ихсан ағам:

– Ауданға Қасым Қайсенов келіпті. Алакөлге суға түсуге кеткен екен. Кеше біз түскенде көлдің суы тастай болатын, – деді.

– Сен де айтады екенсің. Қар кешіп, мұз жастанған батыр қыркүйектегі Алакөлдің суығына пысқыра қоймас,– деді әкем қызыл-күрең шайын баппен ішіп.
Мектепке келсем, араның ұясындай гулеп тұр екен. Солай болатындай жөні де бар еді.

Мақаншы – Семейдің ең күнгейінде, облыс орталығынан алты жүз шақырымнан астам қашықтықта, нағыз желдің өтінде, жаудың бетінде орналасқан аудан. Жаздың аңызақ аптабы, қыстың қақаған суығында Ебінің желі үзілмей соғып тұратын әйгілі Жоңғар қақпасы осы ауданның шығысында орналасқан. Егер ол кезде үлкен халықаралық қарулы қақтығыспен аяқталған 1969 жылғы Жалаңашкөл оқиғасынан кейін кеңес-қытай қатынастарының аса бір ушығып тұрғанын ескерсеңіз, шекаралық ауданның нағыз жаудың бетінде орналасқанын аңғарудың еш қиыны жоқ. Сондықтан бұл ауылға сырттан келген қонақтарды былай қойғанда, сол ауданның тұрғылықты халқының кіріп-шығуының өзі қиямет-қайым болатын. Тіпті Мақаншының өзінде туған, Семей мен Алматыда оқитын студенттер каникул сайын туған ауылына шекарашылардың жазбаша рәсімделген рұқсатымен кіріп, тексерісімен шығатын. Сондықтан ел аман, жұрт тынышта осындай әбден мезі ететін машақаттардан қашып, игі жақсылар ат ізін сала бермейтін ауылға Қасым Қайсеновтің келуі аудан көлеміндегі аса үлкен тарихи оқиға ретінде бағаланды.

Кезекті сабақ үстінде мені аяқ астынан мектеп директоры Сиқымбай Сапаров ағамыз шақыртты. Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп алты оныншы, алты тоғызыншы сыныптары бар, жалпы саны 1300-ге жуық шәкірт оқитын, үш оқу корпусында орналасқан аудандағы ғана емес, облыстағы ең үлкен білім ордаларының бірі болды. Сондықтан бұрын сыртынан ғана көріп, сәлемдескенімізге мәз болатын мектеп директорының шақыруы мен үшін мәртебенің ең үлкені еді.

– Ертең мектебімізге әйгілі партизан жазушы Қасым Қайсенов ағаларың келеді. Мына кітапты оқып па едің? – деп ол үстел үстіндегі «Жау тылында» кітабын көрсетті.

Осы жазғы каникул кезінде-ақ тауысып тастаған мен «иә» деп тақ еткіздім.

– Дұрыс болған екен. Ендеше, тағы бір оқып шық. Ертең үлкен жазушының алдында осы кітаптан алған әсеріңді айтасың. Жақсылап дайындал, – деп орнынан тұрып, аса бір қамқорлықпен арқамнан қақты.

Ертеңінде тағатсыздана күткен кездесу де келіп жетті. Мектептің акт залы лық толды. Дәліздегі ашық есіктен, терезеден сығалап тұрған оқушыларда есеп жоқ.

Қаһарман

Екпіндете сөйлеген жоғары сыныпта оқитын қыздан кейін маған да кезек жетті. Атша тулаған жүрегімді әрең басып, өзіме ерекше ұнаған кітаптағы ержүрек партизандармен өзіміз құралпы батыр балалардың ерлігін қағазға қарамай-ақ, өз сөзіммен, ерекше толқыныспен айтып шықтым.
Көзімнің қиығымен байқағаным,жазушы директормен емен-жарқын сөйлесіп, алдындағы кітапқа әлденені жазып отыр екен. Сөзім аяқталып, жайымен орныма беттеген мені:

– Мұнда кел, балам! – деген батырдың күндей күркіреген дауысы селт еткізді.
Төрдің төбесінде отырған Алтайдың алып жартасындай Қасым ағаға жақындадым.

– Жақсы сөйледің. Мұқият оқығаның көрініп тұр. Мына кітап менен естелік болсын, – деп өзіме әбден таныс «Жау тылынданы» мейірлене ұсынды.
Орныма жайғаса сала батырдың қолтаңбасы түскен кітаптың алғашқы бетін аштым. Алтайдың биік самырсындары сияқты тіп-тік, баданадай үлкен әріптермен «Мұхтар балама! Өс, өркенде, үлкен азамат бол!», –деп жазып, шиыршықтата қол қойыпты. Төбем көкке жеткендей болды.
Партизан жазушы аттанып кеткен соң, батырдың өз қолымен жазылған қолтаңбасын көрушілерде есеп болған жоқ. Баласына берген батаға мерейі өскен әке-шешем де көрші-қолаң, ағайын-туыстың басын қосып, оқиғаның соңын кішігірім той-томалаққа айналдырғаны әлі күнге дейін есімде. Бірақ мен ол кезде хас батырдың шын жүректен берген батасының періштенің құлағына шалынып, сол бір алыстағы ауылдағы әсерлі жүздесу кейін ағалы-інілі, әкелі-балалы адамдар арасында ғана болатын ерекше сыйластыққа ұласып, ұзақ жылдарға жалғасатынын білген жоқ едім…

Қасым аға түбі бір түркі жұртының алтын бесігі – қарт Алтайдың ең бір көрікті, келісті жерінде – осы күнгі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ атты шағын ауылында дүниеге келіпті. Бұл өзі Тайынты, Тарғын, Үңгірлі, Асубұлақ атты төрт өзені Алтайдың алып дариясы – Ертіске қарай тай-құлындай жарыса шапқан, қарағайлы, самырсынды, жеміс-жидегі мен аң-құсы мол, қарасаң көз тоятын өте бір сұлу өңір еді. Айналасында бір кездері Ресейден қоныс аударған, жергілікті халық «кержактар» деп атап кеткен орыс хуторлары көп болса да, Қасым ағаның Асубұлағы ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты қаймағы бұзылмаған қалпында сақтаған қазақи ауыл болатын. Міне, бала Қасым осы Асубұлақтың іргесіндегі Керегетас сияқты атының өзі затынан мол хабар беріп тұрған жайсаң мекенде балалық шақтың балдәурен кезеңін өткізді.

Бала кезінен-ақ маңдайын желге беріп – бәйгеге, белін буып – күреске, балағын түріп жарысқа түсті. Болайын деген жастың қайтпас қайсар мінезі бала күнінде-ақ қылаң беріпті. Бір күні жайлауда қой бағып жүрген он үш жасар Қасымды Алдаберген деген жездесі ойнағансып қамшымен осып жібереді. Басынан қамшыны қойып, сөз асырмай өскен өжет бала ертесінде көршісінің өрге шапқанда алдына жан салмайтын көк дөненін мініп, әлгі жездесінің алдынан шығады. Тағы да қамшысын білей бергенде тобылғы сапты дырау қамшымен ойынпаз жезденің таз басынан келістіре тартады. Ол есін жиып, соңынан қуа жөнелгенде, көк атты өрге салып, жездесінің де, өзінің де атының қан сорпасын шығарып, жеткізбей кетеді.

Облыс орталығы Өскеменнен алпыс шақырымдай жерде орналасқан асубұлақтықтар іргелеріндегі қазақ ауылдарымен қоса қыр астындағы кержактармен де етене араласып, тамырласып отырды. Тульской деп аталатын хуторда әкесінің Василий деген тамыры болыпты. Кейін Ұлы Отан соғысы жылдарында сол заманның үрдісіне сай «Қасым – Коля – Николай» деген есімдерден бас тартып, бала күнінде өзі жиі естіген әрі әкесі ерекше сыйлайтын дәл осы Василийдің атын барлаушылар дәстүрі бойынша лақап ат ретінде алады. Осылайша Тульской хуторынан ары ешкім білмейтін «Васяның» есімі Ұлы Отан соғысында Украина ормандарын жаңғырықтырып тұрды.

Қасым ағаның тегіне қарап-ақ әкесінің ныспысы Қайса екендігін аңғару қиын емес. Батырдың атакүлдік шежіресін тым арыға бармай-ақ өз атасынан таратар болсақ, өр Алтайда Мажыра, Жадыра, Қонақбай есімді үш ағайынды жігіт болыпты. Мажыраның баласы болмай, інісі Қонақбайдың Қайса деген ұлын бауырына басыпты. Қасымның әкесі Қайса ағамыздың Мажренов болып жазылуының себебі осыдан. Қайсаның үлкен балаларын қазақы дәстүрмен Мажыра ақсақал мен оның бәйбішесі Бибіш апа тәрбиелесе, ортаншысы Қасым өз ата-анасының қолында өсіпті. Қасымның анасы Бижамал он үш құрсақ көтеріп, соның бес ұл, үш қызын аман-есен ержеткізген екен. Солардың ішінде жастайынан бұла күші бойына сыймай, сотқарлығымен аты шығып, ауылдастары «Тентек қара» атаған төртіншісі Қасым болыпты. Әкесі Қайса орманшылық, ағашшылықты кәсіп еткен, қақ-соқпен жұмысы жоқ, алды-арты кең, шаруаға, отбасына жайлы адам екен. Қайсекең осы жайма-шуақ мінезінің арқасында ғасырға жуық өмір сүріп, Қасымның бар қазақтың ардақтысына айналғанына куә болды. Анасы Бижамал ағайынға сыйлы, үй шаруасына мығым, бала тәрбиесіне қаталдау адам болса керек. Қайса атамыздан көп бұрын, ілгеріде – алпыс жасында дүниеден өтіпті.

Қасым мектеп табалдырығын әліпбидің арабша кезінде аттағандықтан, Байтұрсыновтың төте жазуымен сауат ашып, қарағайдан қиып жасаған шап-шағын ауыл мектебінде оқыпты.

Қасым туралы мұрағат деректерін саралай келіп, оның мектеп бітірген соң Өскемендегі Коммунистік саяси-ағарту (Комполитпросвет) техникумына түскенін аңғарамыз. Оны 1938 жылы тәмамдаған соң, сол жылдың тамызы мен 1939 жылдың сәуірі аралығында Шығыс Қазақстан облыстық саяси-ағарту қызметкерлері курсының меңгерушісі болып қызмет атқарыпты. Кейін Қазақ КСР Халық ағарту комиссарының орынбасары Большаковтың 1939 жылғы 16 сәуірдегі бұйрығымен Павлодар облысы білім басқармасының қарамағына жіберілген. Сол жылдың 23 сәуірінде Қасым Қайсенов Павлодар облыстық білім басқармасының саяси-ағарту жұмысы жөніндегі инспекторы болып тағайындалып, бұл қызметті 1940 жылдың 18 ақпанына дейін атқарады.

Қасым ағаның естеліктерінде облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Михаил Моршининнің есімі үлкен ілтипатпен аталады. Бұл азамат жас отбасына үлкен қамқорлық жасап, алғашында оларға баспана ретінде кешкілік өз кабинетін босатып береді екен. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивінде Павлодар облыстық білім басқармасының дәл осы бастығы Моршининнің 1939 жылғы 10 маусымдағы №175 бұйрығы бойынша Қайсеновті «Кітапханашылар мен қызылүйшілер біліктілігін арттыру курсының меңгерушілігіне тағайындау туралы» бұйрығы сақталған (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, 2368-қор, 1-тізімдеме, 638-іс,1-парақ).

Қасым Қайсенов өзінің кейбір сұхбаттарында әскер қатарына 1939 жылдың қысында шақырылғанын айтады. Дұрысы, бұл оқиға 1940 жылдың қысында орын алған сияқты. Өйткені Қасымның 1947 жылдың 24 маусымында толықтырылған еңбек кітапшасында оның Павлодарда 1940 жылдың 18 ақпанына дейін қызмет істегені туралы мағлұмат көрсетілген.

Осы деректі індете іздегенімізде Қасым Қайсеновтің дәл қай жылы әскер қатарына шақырылғаны туралы мәлімет Павлодар облыстық, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, тіпті КСРО Қорғаныс министрлігі мұрағаттарында жоқ болып шықты. Сол себепті біз оның әскерге шақырылу уақытын еңбек кітапшасына түскен соңғы датаны ескеріп, 1940 жылдың қысында деп алғанды жөн көрдік.

Қасым техникумде оқып жүргенде туған қарындасы Сақыпжамалдың жақын құрбысы, көрші ауылдың үріп ауызға салғандай 16-ға енді ғана толған әдемі қызы Асылға үйленеді. Техникумді бірге тәмәмдап, қолтықтасып, Павлодарға қатар аттанады. Жиырмаға енді ғана толған қылшылдаған жап-жас Қасым облыстық білім басқармасында білдей инспектор қызметін атқарғанда, Асыл апамыз қатардағы кітапханашы болыпты. Жұбы жарасқан екі жастың осы бір кезеңі туралы Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев: «Соғыстан бұрын мен Павлодар педучилищесінде оқыдым. Сол кезде облыстық оқу бөлімінде істейтін шымыр, ұршықтай үйірілетін, ойнақы қимылды, қалың шашы көмірдей қап-қара, бүркіт көз, орта бойлының еңселісі, иықты, бірақ сыптығыр, бойын тік ұстайтын қара торының күреңдеу өңдісі – бір жігіт, ажарлы, уыздай жас, ақсары, қағылез келіншегін қасынан тастамай, Дзержинский көшесі бойында ұзақ қыдырыстайтын. Иегіне әлі түк бітпеген біздер ерлі-зайыпты екеуіне қызыға қарайтынбыз», – деп жазды. Белгілі сөз зергері сүйсіне суреттеген олар дәл осылай жұбы жазылмастан берекелі, бақытты ғұмыр кешті.

Қасым Қайсеновтің естеліктері мен сұхбаттарында ол әскер қатарына шақырылып, Мәскеу қаласына келген соң әскери-барлау мектебіне алынғанын, онда 2 жылдан астам уақыт бойы арнайы дайындықтан өткенін жазады. Бұл туралы да нақты деректер ешбір мұрағаттан табылмады.

Қасым Қайсенов әскер қатарына қабылданған 1940 жылы Кеңес Одағында әскери барлаушылар мен жау тылында диверсиялық жұмыс ұйымдастырушылардыдайындайтын жалғыз ғана мектеп болды. Ол осы күнгі Ресей Федерациясы Сыртқы барлау академиясының ізашары саналатын «Ерекше мақсаттағы мектеп» (Школа особого назначения) болатын. Атышулы НКВД қарамағындағы бұл мектеп 1939-43 жылдары дәл осындай елеусіздеу атаумен жұмыс істесе, кейін ол Жоғары барлау мектебі, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қызылтулыинституты, қазір Ресей Федерациясы Сыртқы барлау академиясы болып сан рет өзгерді. Аты мен заты талай өзгеріске түссе де, оның Мәскеудің іргесіндегі жұрт көзінен таса, ну орманның ішінде орналасқан мекен-жайы сол баяғы орнында әлі тұр.

Қасым аға белгілі жазушы Ахат Жақсыбаевқа берген сұхбатында: «Мәскеуге барған соң мен диверсиялық-барлау мектебіне алындым. Бұл аса құпия мектеп болуға тиіс, хат жаздырмайды, хат та алдырмайды. Әрине, ол мектептің қай жерде екенін де, көшесін де білмеймін. Мені екі жыл оқытқан мұғалімдердің аты-жөнін де білмеймін. Шетелдерде ондаған жылдар болған кәнігі барлаушылар ғой. Ол мектепте оқудың өзі қиын», – деген екен.

Қаһарман

Бүгінгі ашық қоғамда өмір сүрген адам үшін мұның бәрі ақылға сыймайтындай болып көрінуі әбден мүмкін, бірақ дәл осындай әсіре құпия тәртіп сол кезді былай қойып, аталған мектептің заңды мұрагері Ресей Сыртқы барлау академиясында әлі күнге дейін сақталған.

Айрықша мақсаттағы мектепке қабылданғандардың бәріне лақап есім берілді. Онда сабақ берген ұстаздар да түгелдей дерлік бүркеншік фамилияларды пайдаланды. Оқушылар бір-бірімен шын аты-жөндерімен емес, лақап есімдері арқылы ғана араласты. Мектеп бітірушілердің қолына осы оқу орнында оқығаны немесе оны тәмәмдағаны жөнінде ешқандай құжат берілмеді. Дәл осы мектеп пен Сыртқы барлау академиясы туралы деректер кезінде аталған оқу орнында оқып, кейін батыстың барлау органдарына сатылып кеткендертарапынан әлденеше рет әшкереленсе де, дәл осындай «әсіре құпия тәртіп» бүгінге дейін өзгерген емес(бір қызығы Бутков, Пигузов дейтін екі сатқынның екеуі де осы институттағы партия ұйымының хатшысы болған).

Осыдан оншақты жыл бұрын 1983-87 жылдары КСРО МҚК-ның Ю.В.Андропов атындағы Қызылтулы институтында оқыған бұрынғы құпия қызмет майоры С.О.Жирковтың (бүркеншік тегі Жаков) осы оқу орнын бітіргендігін растайтын дипломын өз қолына беруі жөніндегі талабы ресейлік және шетелдік баспасөзде кеңінен талқыланды. Аталмыш институтқа дейін МГИМО-ны бітірген, ағылшын, француз, испан тілдерін еркін білетін, кәсіби дипломат, құпия қызмет майоры Жирковтың Ресейдің ең мықты заңгерлерінің көмегімен жасалған барша іс-әрекеті еш нәтиже бермей, ол қолына диплом тұрмақ, оның көшірмесін де ала алмады. Сондықтан ағамыздың көзі тірісінде өзі тарапынан, қазіргі кезде біз жағынан Қ.Қайсеновтің құпия мектепте оқығандығын растайтын құжаттарды іздеугебағытталған әрекетіміз үнемі тығырыққа тіреліп, еш нәтиже бермегенін айта кеткеннің артықтығы болмас.

Қасым Қайсенов құпия мектептегі жау тылына түсірілетін диверсант-барлаушылар дайындайтын бір жылдық арнайы курстан өткен соң оған лейтенант шені беріліп, 1941 жылдың 24 қарашасы күні сол кезде немістер басып алған Украинаның Богуслав деген қаласының маңындағы қалың орманға қарамағындағы он жауынгермен бірге парашютпен түсіріледі.

КСРО Қорғаныс министрлігінің мұрағатында Қасым Қайсенов туралы жалғыз ғана дерек сақталған. Ол – 1944 жылдың 30 қарашасындағы 4-Украин майданы Әскери кеңесі жанындағы партизандар қозғалысы штабының бастығы, полковник В.Погребенко қол қойған марапат парағы. Онда Қ.Қайсеновтің әскери шені – лейтенант, ал Ұлы Отан соғысына кірген жылы – 1941 жыл деп анық көрсетілген. Құпия қызмет өкілдері әбден тексеріп барып қол қойылатын бұл құжаттағы деректер оның оқу бітіргендегі әскери шені лейтенант болғанын, Ұлы Отан соғысына араласқан жылы батырдың естелігінде көрсетілгендей, 1941 жыл екендігін толық айғақтайды.Лейтенант шені қысқа мерзімде болса да, арнайы әскери училище бітіргендерге ғана берілетінін ескерер болсақ, бұл дерек оның 1941 жылға дейін қандай да бір әскери оқу орнында оқығандығын растай түседі.

Қасымның жау тылында түскен тұңғыш аттанысы оның «Алғашқы сапар» атты партизандық жазбасында жан-жақты сипатталған.

Алғашқы сапар сәтсіздікке ұшырады. Тылға түсірілген он жауынгердің бірі (жазбада оның есімі Минько деп көрсетілген) қашып кетіп, немістерге бар құпияны жайып салады. Онымен де шектелмей, неміс солдаттары мен полицайларын бастап әкеліп, барлаушыларды қоршап, атыс салады. Қасымның Борис есімді қарулас досы ғана тірі қалып, қалғаны түгелдей оққа ұшады. Көп ұзамай ауыр жараланған Борис те көз жұмады. Он шақты күн орманда жалғыз жортқан Қасым қайың сауып, қолға түскен шөп-шалам, жеміс-жидекті, тіпті теректің сыртқы қабығының астындағы ақ шелін талғажау ете жүріп, кеңес әскерлері шегінгенде жау тылында астыртын жұмыс істеуге қалдырылған Примак деген офицерді кездестіреді. Кейін екеуі бірігіп Украинаның Киев, Полтава облыстарында әрекет еткен Чапаев атындағы үлкен партизан құрамасын жасақтауға қатысады. Қасым жауынгерлерінің жалпы саны 7000 адамға дейін жеткен партизан құрамасының екпінді тобы – 6-шы отрядтың командирі болады. Оның жау тылындағы партизандық жойқын жорықтары жазушының әр жылдарда жарық көрген естелік жазбаларында шыншылдықпен бейнеленді.

Қасым аға өз шығармашылығы жайлы: «Мен біреулер айтып жүргендей әңгіме, повесть, роман жазған емеспін. Мен тек өзімнің бастан кешкен оқиғаларымды ғана жаздым. Және ондағы менің кейіпкерлерім де түгелдей өз аты-жөнімен аталады», – деген еді. Сондықтан біз де батыр қаламынан туындаған шығармаларды олар жарық көрген кітаптарда повесть, әңгіме деп жіктеп-жіліктелгеніне қарамастан «партизан жазбалары» деген жалпы атаумен алуды жөн көрдік.

Қ.Қайсенов жазбаларында ол тәжірибелі офицер Иван Кузьмич Примакпен кездескеннен кейін әуелі жаппай шегініске ұшыраған Қызыл Армия құрамаларынан қалып қойған және қолына қару ұстауға жарайтын жергілікті халық есебінен аса үлкен партизан құрамасының жасақталғаны, оның қатарында шайқасқан батырдың қарулас достары жайлы егжей-тегжейлі баяндалған.

Соғыс бастала салысымен-ақ КСРО Ішкі істер халық комиссариатының 1941 жылғы 27 маусымдағы арнайы бұйрығымен жау тылында әрекет ететін барлау-диверсиялық отрядтарын жасақтау ісін қолға алып, оған басшылық жасау атышулы П.А.Судоплатовқа тапсырылады. Оның 1997 жылы жарияланған «Спецоперации. Лубянка и Кремль 1930-50 годы» атты кітабында: «В первый же день войны мне было поручено возглавить всю разведывательно-диверсионную работу в тылу германской армии. Мобильные отряды…провели множество дерзких рейдов и налетов в тылу немцев. Большинство рейдов закончилось успешно, но диверсанты понесли большие потери. Как правило, выведенная в немецкий тыл разведгруппа становилась ядром для образования партизанского отряда. Рост численности последнего был обусловлен притоком отставших в 1941-42 годах от своих частей военнослужащих РККА, совершивших побег военнопленных, просто местных жителей, недовольных немецким оккупационным режимом. В конечном итоге многие отряды превратились в крупные партизанские соединения, достаточно уверенно контролировавшие обширные районы в глубоком немецком тылу», – деп жазылған.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button