Тарих

«Ағамыз Ұланда жүріп, Асубұлағын сағынатын…»

«Ағамыз Ұланда жүріп, Асубұлағын сағынатын...»


«Дидар» газеті қазақтың қаһарман ұлдарының бірегейі, жерлесіміз, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің 100 жылдық мерейтойына орай «Батыр жайлы інілері не дейді?» деген тақырыппен өңірімізге танымал бірқатар азаматтардың естеліктер циклін жариялады.

Естелік айтып, есіл ағамызды еске алуымыз да керек шығар. Алайда халық қаһарманының бір ғасырлық мерейтойына туып-өскен ауданынан бастап, облыс, республика деңгейінде нендей шаралар ұйымдастырылып жатыр? Ұйымдастырылып жатыр ма өзі? Жалпы, біртуар батыр ағамыздың көзі кеткеннен кейін ел болып, жұрт болып қандай құрмет көрсете алдық? Көрсете алмасақ, не кедергі болып жүр? Осы сауалдарға жауап іздеп, ұзақ жылдар мемлекеттік салада жауапты қызметтер атқарған, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбекұлына хабарласқан едік.

– Қасым ағамыздың 100 жылдығы құрметіне туып-өскен Ұлан ауданында азын-аулақ мәдени шара ұйымдастырылғанынан былайғы жұрт болар-болмас хабардар. Облыс тарапы әзірге үнсіз. Қалай ойлайсыз, атақ-даңқы облысты қойып республика көлемінен әрі асып кеткен қаһарман ағамыздың мерейтойы ескерусіз қалып бара жатқан жоқ па?

– Еске алу шаралары әр жерде, түрлі деңгейде өтіп жатады ғой. Осы тұрғыдан алғанда, «Дидар» газеті Қасым ағамыздың 100 жылдығына үлкен олжамен келді деуге болады. Өткендегі мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мұрағаттық деректерге сүйеніп жазған «Қаһарман» жарияланымы қандай? «Батыр жайлы інілері не дейді?» циклімен берілген естеліктер топтамасын да жұрт тұшынып оқыды. Мен оларды қайталамай-ақ қояйын.

Батыр ағамызға арналып 7-8 мамыр күндері Ұлан ауданында үлкен мәдени шара өз деңгейінде өтті деуге болады. Ол шараны өткізген аудан әкімдігіне, тойдың бір жағына шығысып, өз үлестерін қосқан Қайрат Мусин, Марат Мұзапаров сынды және т.б. ұландық азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Қасым ағамыз мұндай құрметке, тіпті бұдан да үлкен құрметке лайық тұлға. Жарықтық дүниеден өтер-өткенше «Шығысым, Ұланым, Асубұлағым!» деп жатты. Елге деген сүйіспеншілігі соншалық, Ұланда жүріп, Асубұлағын сағынып жүретін…

Елдің рухын көтерер ескерткіш керек Қасымға

Енді ол кісіге ештеңенің де керегі жоқ. Ол кісінің ерлікке толы өмірі, батырға ғана тән мінезінің кесектігі, отансүйгіштігі мен ұлтсүйгіштігі жас ұрпаққа керек. Батырдың ескерткішін көрген ұрпақ сол ескерткіштен рух алатындай болуы керек. Кітаптарын оқыған жастарымыз Қасым аталарына еліктеп ерлікке, отансүйгіштікке талпынуы керек.

Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы екінші рет қайталанбайды. Сондықтан «Осы бір мерейлі жылды облыс деңгейінде лайықты дәрежеде атап өтсек, ағамыздың кітаптарын мол тиражбен қайтадан бастырып шығарсақ, сол жағалаудағы әскери-патриоттық кешенді батыр ағамыздың атымен атап, сол жерге еңселі ескерткішін орнатсақ» деген мазмұнда облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының атына арнайы хат жолданды.

– Ескерткіш демекші, осыдан біраз жыл бұрын Жеңіс даңғылының бойына орнатылған ескерткіш-бюстіне көпшіліктің көңілі толмайтын секілді.

– Көңіл толмағаны былай тұрсын, қалаға келген қайсыбір қонақтарымыз «Қасым аталарыңды ваннаға отырғызып қойыпсыңдар» деп, күлкі қып кетіп жатыр. Осындай сындардан кейін де, «Жұртқа күлкі болмай, орнына жөні түзу ескерткіш қояйық» деп, талай мәрте хат жаздық. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Анау бір жылдары осында ақындар айтысы болғанда, «Қаһарман Қасымға заправка күзеттіріп қойыпсыңдар» деген сөз де шыққан. Айтса айтқандай. Тұрған жері қолайсыз, қайшыласқан көліктен бюстің қасына адам бара алмайды. Ол бюсте не еңсе жоқ, не образ жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аты бар да, заты жоқ бірдеңе. Біз білетін Қасымдай қаһарманның ескерткіші мұндай мүсәпір, бейшара болуы керек пе еді?

«Қайсеновтің ескерткіші» деген сонадайдан менмұндалап, қасына барған адам қараса көзі тоятындай, ерекше рух алатындай айбынды да, айбарлы болуы керек. Ол ескерткіштен біз батырдың болмысын көруіміз керек. Дәл осындай еңселі, ерекше ескерткіш Қайсенов кентінің орталық алаңына орнатылса, қандай жарасымды болар еді.

– Ондай ескерткіш орнату үшін, ең алдымен мүсіншілер арасында конкурс жарияланып, сол конкурста жеңіп шыққан жоба орнатылуы керек шығар. Әйтпесе, анау бір жылдардағы Абай мен Михаэлистің «теңдесі жоқ» ескерткішіндей болып кетсе, обалы мен сұрауы кімнен болмақ? Біздің елде осындай конкурстардың өзі тамыр-таныстыққа, бармақ басты, көз қыстылыққа иек артып алғандай әсер қалдырады.

– Дұрыс айтасың, не нәрсенің бәсекелестікпен жасалып, жоғары талғаммен таңдалып алынғаны жақсы. Орталық алаңдағы Абай атамыздың, қаланың шығаберісіндегі Қабанбай бабамыздың, Семейдегі Әлихан Бөкейхановтың ескерткіштері қандай тамаша туындылар! Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Қабанбай бабамыздың анау Ақсуаттың бұрылысындағы ескерткішін соншалықты сәтті шыққан деп айта алмас едім. Бір жылдары Үржарда да Қабанбайға арналған сондай бір шала туынды дүниеге келіп, біраз тұрған соң, атының аяғы сынды ма, батыр бабамыздың қолы сынды ма керек, ақыры, мүлдем алып тастады-ау деймін. Сондықтан, өзің айтып отырғандай, облыс қана емес, бүкіл республика бойынша мұндай туындыларды сараптай алатын, талғаммен таңдай білетін арнайы комиссия болуы керек деп ойлаймын.

«Ағамыз Ұланда жүріп, Асубұлағын сағынатын...»

Ақындар батыр жайлы жыр толғаса…

– Өзіңіз айтқан Киров саябағын Қ.Қайсенов атымен атауға не кедергі?

– Бұған соншалықты көзге көрініп тұрған кедергі де жоқ секілді. «Көп қаласа, Хан түйесін сояды» деген бар емес пе. Ел болып, жұрт болып өтініш жасап, ұсыныстар білдірсек, билік көнбегенде қайда барады? Қаланың сол жақ жағалауында әскери-патриоттық кешен бар. Біз жасаған ұсыныстардың бірі – осы кешенді батыр ағамыздың атымен атау болатын. Ондағы ойымыз, әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарымызға батыр аталарының айбынды ескерткіші рух беріп, отансүйгіштік сезімдерін оятса дегенбіз.

Соңғы кездері әсіресе қала жастарының тарапынан «Киров саябағына Қасым ағамыздың есімі беріліп, бақтың ортасына еңселі ескерткіші орнатылса!» деген ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Өз басым бұл ұсынысты толығымен қолдаймын. Өте орынды ұсыныс. Егер жастардың осы ұсыныстары ұсыныс күйінде немесе сөз жүзінде қалып қоймай, шынымен де жүзеге асатын болса, бұл – жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімін оятып, кеуделерін мақтаныш кернер еді. Шаңырақ көтерген жастарымыз Абай ескерткішіне барғандай, Қасым аталарының ескерткішіне де келіп, гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп жатса, қандай ғажап көрініс болар еді.

Біз біреулердің қас-қабағын бағып жалтақтайтын, қорқақтайтын уақыттан өттік. Халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен ұлт перзенттерінің қай-қайсысына болмасын ескерткіш орнатып, есімдерін мектептер мен көшелерге, саябақтар мен елді мекендерге еш жалтақсыз беретін кез әлдеқашан жетті.

– Әлгінде бір сөзіңізде ақындар айтысы деп қалдыңыз. Осы Қасым ағамыздың 100 жылдығы ақындар айтысына сұранып тұрған жоқ па?

– Өте дұрыс айтасың, сұранғанда қандай. Бұл дегенің тұнып тұрған ерлік пен өрлік, қайсарлық пен намыстың тақырыбы ғой. Кешегі күндей күркіреген соғыс, ондағы миллиондаған тағдырлар, қаншама қыршын кеткен боздақтар, олардың көзсіз ерліктері, оның ішінде бір ғана Қасым ағамыздың партизан отрядын жасақтай жүріп жасаған ертегіге бергісіз ерліктері. Осының бәрі ақындардың аузымен жырланса, кейін теледидардан көрсетіліп, айтыстың мәтіні кітап боп шығып жатса, бұл да бір тасқа басылған тарих болып қалар еді.

«Ағамыз Ұланда жүріп, Асубұлағын сағынатын...»

«Ала қойды бөле қырыққан, жүнге жарымас» деген. Айтыспен қатар жазба ақындардың мүшәйрасын қоса өткізсек, бұл Мемлекет басшысы өзі бастамашы болған нағыз рухани жаңғыру болар еді. Менің ойымша – бұл мәселені аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы да қолдауы тиіс. Мұны жүзеге асыруға әлі де кеш емес. Шығыс үшін 2018 жыл – Қасым жылы. Сондықтан көп созбақтамай облыс басшысына ұсыныс-тілектерімізді дер кезінде білдірсек, жылдың қорытындысы ретінде үлкен игілікті іс атқарған болар едік.

Облыс әкімі Даниал Ахметов өңіріміздегі тарихи-археологиялық құндылықтарға да ерекше назар аударып отыр. Ол кісі әкім болып келгелі облыс бюджетінен сол құндылықтарды іздеп табуға, оларды қазуға, зерттеп-зерделеуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Осыған қарап-ақ ол кісінің ұлт құндылықтарына немқұрайды қарамайтындығын аңғаруымызға болады. Айтыс та – өзге халықтың пешенесіне жазбаған, тек қазақта бар құнды өнер. Болашақта бұл мәселені де ойластырып, осындағы ұлтжанды азаматтармен ақылдасып, көп кешіктірмей хат әзірлейтін боламыз.

– Ендеше іске сәт. Әсерлі әңгімеңізге рақмет.

– Ісімізге Алла береке берсін!

Әңгімелескен – Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button