«Дидардың» қонағы

АҚЫН ТӨЛЕГЕН ЖАНҒАЛИЕВ: «АБАЙҒА АРНАП ( АБАЙДЫ ТАНУҒА) БӘЙГЕ ЖАРИЯЛАУ КЕРЕК»

Төлеген Жанғалиев – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.  Халықаралық Жамбыл қоры сыйлығының лауреаты. Жас ақын-жазушылардың республикалық «Жігер» фестивалінің екі мәрте дипломанты. Абайға, астанаға арналған республикалық ақындар мүшәйраларының бас жүлдегері. Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Қарауыл гимназиясы жанындағы  Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі. «Қара өлең төрін күзеттім, Қағбамдай көріп киелі» деп жырлап, 70-тің желкенін керіп отырған қуатты қалам иесімен әңгімелесіп, сұхбаттасып қайтқанбыз.

  ШӘКІРТТЕРІММЕН ШЫҢДАЛЫП КЕЛЕМІН

 – Төлеген аға, мерейтойыңыз құтты болсын! Өзіңіз айтқандай, ешкімнің пешенесіне жазыла бермейтін ортада – Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптардың мекенінде  туып-өсіп, Абай елінің ақыны атанып отырсыз. Осыдан 25 жыл бұрын Қарауылдан «Ақсұңқар» ақындар сыныбын аштыңыз. Өлең өлкесінің тарландарын тәрбиелесем деген мақсатыңызға жете алдыңыз ба?

– «Ақсұңқар» ақындар сыныбы Абайдың ақындық мектебінің жалғасы іспетті. 2002 жылы ақындар сыныбының арнайы бағдарламасы облыстық білім департаментінің сараптық комиссиясының алдында  талқыланып, бекітіліп, республикалық «Мұғалім» журналында жарияланды. Қазір республика бойынша төрт аймақта: Жарма, Үржар, Торғай өңірінің мектептері жұмыс істеп жатыр. Содан бері 25 жылға таяу уақыт өтіпті.

Бұлақтың бітеліп жатқан көзін ашсаң,  мөлдіреп  суы шығады. Қалқаман Сарин, Нұржан Байтөс, Арман Шеризатов, Ұлан Сағадиев, Дулат деген  марқұм болып кеткен ақын баламыз, Қуаныш Еркінұлы, тағы басқа да көп ақындар – осы мектептің түлектері. Абай атам кезінде жалғыз болса, мынадай үлкен ғұламалық дүниелері молайып кетер ме еді, кетпес пе еді. Абай да өзінің жанына неше түрлі таланттарды жинаған ғой. Сол таланттарды тәрбиелеу арқылы өзін-өзі тәрбиелеген. Шұбартаудан Шондыбаевты көшіріп әкеліп, өзінің маңайында ұстаған. Әріп Тәңірбергеновті қасына тартып, тәрбиелеу арқылы олардың ғажайып туындылар тудыруына себепкер болған.

Ақындар сыныбы төрт жылдық. Бастауыш сыныпта  балалар екі жылдай өлеңнің жалпы техникасын үйренеді. Мына балалардың бәрі ұйқас, өлеңнің құрылысы дегеннен бейхабар. Бірақ бұларда талант бар екенін білемін.  Даярлық тобын қыркүйекте қабылдап алған соң, осылардан бірдеңе шыға ма, шықпай ма деп, төрт-бес ай бойы байқаймын.

– Ал алдыңызға өлеңнен ауылы алыс бала келіп отырса ше?

– Осылардың бәрінен ақын шығару мақсатым емес, ең алдымен, олардың санасын поэзияға, өнерге, өмірге ояту. Поэзияны, өнерді сүйген адамнан өмір бақи арамдық шықпайды. Алдыма келген баланың бәріне қоятын талабым біреу. Өзгелердің жазып отырғанына қарап, өзінің олардан қалып қоятынын байқаған бала бара-бара өзінен-өзі ығысып қалады. Ақындық қуат  қаннан, тектен деген рас. Ол бала ақын да болмауы мүмкін, бірақ арғы ататегінде әнші, жыршы, күйші болуы, солардан қалған бұл қасиет немересінен, шөбересінен, неменесінен ұшқын боп көрінуі мүмкін. Менің өзімнің тұқымымда да солай. Ондай ұшқынды баланың бойынан табу – менің міндетім. Егер таба алмасақ, табылмаса, ол сол ашылмаған күйі бала бойында қала бермек. Қуаныш Еркінұлы қазір Шәкәрім университетінде оқып жатыр, тағдыры өте ауыр, әбден ауыртпашылық көрген бала болды. Өзі осы Қарауылда интернатта тұрып оқыды. Оның талантын сөз саптасынан-ақ байқадым. Ал сол талантын ашу үшін екі жылдай уақытым кетті. Бүгінде ол – өңірдегі маңдайы жарқыраған ақын жігіттердің бірі. Кеше ғана келіп, екі өлеңін оқып кетті. Өзім таңдандым, ондай өлеңді менің өзімнің жазу-жазбауым неғайбыл.

– Бүгінде Абай еліндегі, ақындар төріндегі сөз иесі өзіңізсіз. Абайды оқу үшін, алдымен, түсіне алу керек. Абай өлеңдеріне әлі күнге дейін бойлай алмай жатырмыз. Неге?

– Былтыр күзде Абайдың 175 жылдығын өткізуге орай облыс әкімі қатысқан ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы болғанда, осы шараны лайықты өткізуге қатысты көп пікірлер айтылды. Сонда  Тыныштықбек бір сөз айтты, бірақ көп адам ұқпай қалды. Меніңше, соны ұғып, іске асыруымыз керек, мен құптаймын. Мерейтойда мүшәйра өткіземіз, айтыс өткіземіз деу ештеңе емес, айтыстың өзі де шоу болып кетті. «Біз Абайды әлі оқып үйренген жоқпыз, қалай оқытатынын  білмейміз. Сондықтан Абай туралы жаңалыққа неге бәйге жарияламайсыздар?» – деді Тыныштықбек. Сонда қаншама ғалым Абайды оқып-білудің қырына үңіліп, ізденер еді ғой. Жалғыз Мекемтастан басқа Абайды, ақынның өлеңін зерттеген, зерттеп жатқан адам жоқтың қасында. Егер ізденсек, Абайдың өлеңінің өзінен көп жаңалық, ілім табуға болар еді. Абайды таныту үшін оны өзің әбден танып алып, әдеби нормамен әкеліп сол танытудың жолын көрсету керек. Біздің ғалымдардың бәрі Абайдың арқасында өмір сүріп жатыр, оларға ақшасын да, бәйгесін де беріп жатыр, бірақ жаңалық жоқ. Сол баяғы «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп таңырқаудан әріге бара алмауда. Ал бұл өлеңде трагедия тұр, білсек. Осы өлеңге музыка жазыпты біреу, рахат, сондай бір көңілді музыка. Осы әуенге қойылған көріністе түлкі қашып барады, бәрі жан-жақтан қуып келеді. Бұл мұндай көңілді музыка жазатын шығарма емес. Мұның арғы жағында трагедия, ажал тұр, түлкінің артынан ажалдың оғын сеуіп жатыр. Бұл – білместік. Абай өлеңдерін түсініп, білу үшін бәйге жариялау керек, дәл қазір жариялау керек. Мұражайдың іргетасын қалаудан да бұрын осы бәйгені қолға алып, жариялауды тездету керек.   Ғалымдар бар Абай өлеңдерін зерттеп жүрген, бәйге жарияласа, оларда құлшыныс болар еді. Тапқандары рас жаңалық болса, оны оқулыққа, абайтану оқулығына  кіргізіп қойсақ, сонда ұтқан, сонда Абайды ұлықтап, ұрпаққа жеткізген болар едік. Абайдың өлеңдерінен челлендж жасап жатыр қазір бар жерде, құптарлық нәрсе, бірақ жапырылып бәрі тек өлеңдерін емес, Абайдың күйінен, поэмаларынан челлендж жасаса, ұрпақтың Абайға, ақын туындыларын дәріптеуге деген бұл да бір үлкен құрметі болмақ.

– Иә, Ақшоқыдан ашылатын Құнанбай қажы  мұражайы, Абай, Шәкәрім жатқан жерлердегі өзге де жаңғырту, абаттандыру жұмыстары ұлылар мекенін тіптен асқақтата түсетіндей.

– Абайдың 150 жылдық тойының басы-қасында жүрдім. Жоба бойынша Жидебайдағы Абай мен Шәкерім кесенесіндегі амфитеатрдың үсті бүгінгідей қар түсіп, жаңбыр тимейтіндей жабық болу керек болатын. Осы  кесене астындағы жертөле секілді айналдыра салынған үлкен  өткел ежелгі жазба әдебиетінің тарихына арналған мұражай болуы керектін. Асығыстықтың кесірінен соның бәрі атқарылмай, салынбай қалды кезінде. Қазір кесененің асты бос, текке шіріп жатыр. Ол жерде күллі түркі әдебиетінің шежіресі болу керек болатын. Осыны қолға алып, тым болмаса Абайдың өлеңдерінен  пейзаж жасап қойылса деймін. Наныңыз, осы кесенені жобалаған сәулетші Бек Ибраев өзіне берілген мемлекеттік сыйлықтан бас тартты,  жобасы аяқталмаған құрылысына сыйлық алмайтынын айтып.

МЕНІ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРҒАН МЕТТЕГЕ РИЗАМЫН

Бақыт деген бір мезет, бір сәт дейді, ондай кездеріңіз көп пе?

– Мен – бақытты адаммын, әкем – ақын адам. Пианино, скрипка, гармонь, домбыра тартқан адам. Туған ағам трилогия жазған, композитор, драматург адам. Елу бес-ақ жасында жүрек талмасынан кетіп қалды. Бір қуанышым – балаларым, ұрпағым, екінші қуанышым –шәкірттерім. Ағайынды үшеуміз. Үлкен ағам Мерғали, інім бар еді полигонның кесірінен ол да ерте кетіп қалды. Төрт қарындасым бар, төртеуі де Өскеменде тұрады. Қарындасым Рая (Рахимова.ред)– өздеріңіз білетіндей, Өскеменде белгілі  хирург. Ұлым Мұхтар, ол да Өскеменде қызметте. Қызым – дәрігер. 70 жылдығыма орай мемлекеттік тапсырыспен таңдамалы жыр жинағым шыққалы жатыр.

– Жыр жинағыңыз қалай аталмақ?

– «Маңдайымның жазуы» деп қойдым. Соны да қуаныш қылып отырмын. Өмірде өкініш те болды. Адал жүріп, қақ-соқсыз жүріп келе жатқан шағымда өзімнің елімде өзіме қарсы ұйымдасқан топ арандатушылық жасаған, аяқтан шалған кезі, арыз жазған кезі болды. Сондағы бар  айыбым – өлеңім. «Біздің елдің шалдары-ай кешегі өткен» деген өлең жазған едім. Содан біздің шалдар бірде басқа жаққа барғанда, ол жақтағылар  ақындарың өздеріңді сойып салыпты деп «намыстарына тиген» ғой. Ол кезде облыс басшысы Метте болатын. Оған ақыныңның керегі не? «Анандай 17 шалды өзіне қарсы қойған аудан әкімінің орынбасары бола ма, босатыңдар», – депті бір сөзбен. Мен әкімдіктен шығарылған соң, бірден шығармашылыққа көшіп, Қарауылда ақындар мектебін ашуға кірістім. Мен сол Меттеге риза болам бірақ, қазір. Метте мені сол кезде шығарып жібермесе, мынандай ақындар мектебін ашар ма едім, ашпас па едім.

Бірауыз сөзбен өзіңізді қалай сипаттайсыз.

– Өтірікті жек көретін, ащы да болса, шындықты айтқанды жақсы көретін жанмын. Өлеңімнен өз мінезім көрініп тұрады.

Мерғали ағаңыздың «Менен гөрі бақыттырақ секілді, Ауыл жаққа бара жатқан автобус» деген өлеңі есімде. Ағаңыздың ізін басып келе жатқан балалары бар ма?

– Мерғалиды құртып кеткен жалғыз ұлы ғой. Он жасында Қара Ертіске аяқ астынан суға кетіп қалды. Семейде Ертістің жанында болатын үйі. 1987 жыл. Шарқ ұрып іздедік, Мерғали да кетті өзенді жағалап, есеңгіреп. Төрт күн дегенде өзім жанымдағы екі орыспен бірге моторлы қайықпен іздеп жүріп, тауып алдым. Сол жұмада ғана мен ауылдан қалаға өзім қайтарған едім ұлын…

Мерғалидың үлкен қызы Лаура – қазір Семейде акушер-гинеколог дәрігер. Екі қызы Өскеменде Раяның жанында, олар да денсаулық сақтау саласында. Мерғалидың барлық кітабын шығардым.

ҚАЗІР ӘКІМДІ ТОП ЕТКІЗІП ҚОЯ САЛАТЫН БОЛДЫ

Ауылдағы ақынның бос уақыты бола ма?

– Бос уақытым көп болмайды. Бар уақытымды балаларға арнауға бармын. Қаламымды мұқалтпай келе жатқан – осы шәкірттерім. Осылардың ортасында өзімді-өзім шыңдап келемін, мені шәкірттерім шыңдап келеді. Осылар тәп-тәуір өлеңін жазып алдыма әкелгенде, соған қатты қуанам. Үйдегі үш-төрт мал да – мені күтіп тұратын жұмыстың бірі, соның шаруасымен айналысам. Аудандық әкімдік басшыларына ақыл-кеңесімді айтам, керек етіп жатса. Негізі, аудан әкімі халықпен жұмыс істей алатын, халықтың арасында жұмыс істеген адам болуы керек. Қазір топ еткізіп қоя салатын болды. Ол дұрыс емес. Тым болмағанда халықпен он жыл жұмыс істемеген адам әкім болып, халықты басқарып кете алады дегенге сенбеймін. Бұл мемлекеттік қызметте тәрбиенің, тәрбие беру мектебінің жоқтығын көрсетеді.

Өзіңіз газет бетінен нені іздейсіз?

– Қай газеттің де географиясы кең болса, қай-қайсында  болса да ауыл-аймақтың шынайы ахуалы, бүгінгі өзекті  мәселері көтерілсе деймін. Мынау Семей жақта Қайнар деген ауыл бар, қайын жұртым сол жақтан, қазір барсаң көретініңіз: құлап қалған үйлер, кетіп жатқан ел. Жолы да бір жөнделмей қойды. Бір кезде дүрілдеп тұрған ауыл болатын.

«Қайнарға жиі барамын, қайынсақпын,

Қайын жұрттан көңілдің балын таптым.

Ауызымнан әлі де дәмі кетпес

Апам марқұм пісірген бауырсақтың», – деген өлеңім бар. Сол ауылдардың мүшкіл халі, ауылдың толып жатқан басқа да мәселелері туралы жанашырлықпен жазылған мақалалар көп болса деймін.

Әңгімеңізге көп рақмет, аға. Жазар жырыңыз таусылмасын!

Сұхбаттасқан Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button