Абай - 175

Ақын өлеңдерін картинаға айналдырды

Биыл еліміз бойынша қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Ұлы ақынның өлмес өлеңдері мен данышпандыққа толы шығармаларынан сан ұрпақ сусындап өсті.

Мерейтойға орай  Абайдың Жидебайдағы мемлекеттік-қорық мұражайында қаламыздағы №16 мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті.

– Біздің музей қаладағы мектептермен   жақсы байланыста жұмыс істейді, – деді  музей қызметкері Бұлбұлназ Уахметова, – міне, бүгін №16 мектеп оқушылары өздерінің қолөнер бұйымдарын әкеліп, көрме өткізіп отыр. Көрменің басты ерекшелігі – оқушылардың ой-қиялынан туған бұйымдарда Абай шығармалары тақырыбының көрініс табуы.   Олар өз қолөнерлерімен ақынның өмірі мен шығармалары жайлы ойларын өрнектеген.  Бір қуанарлығы, жас ұрпақ ақын шығармаларынан өздеріне қажетті тақырыпты таба білген.

Көрермен назарына ұсынылған картиналар  күріштен, киіз бен бояудан жасалған. Бұл көрмеге оқушылар бір жыл бойы дайындалыпты. Бір бұйымға тақырыбының күрделілігі мен көлеміне қарай он күннен жарты жылға дейін уақыт кетеді. Үшінші сынып оқушыларының қолынан шыққан «Абай мен Шәкәрім Жидебайда» деген картинаға он күн уақыт кеткен. Бұйымның сәтті шығуына ұстаздар мен ата-аналар да өз үлесін  қосыпты.

-Қаладағы көрмелерге біздің оқушыларымыз үнемі әрі тыңғылықты дайындықпен қатысады, – дейді технология пәнінің мұғалімі Иманбек Хамзин, – бүгінгі көрмеде бұйымдар әр сынып оқушыларының қолынан шыққан заттар қойылды. «Абай мен Шәкәрім Жидебайда» деген туынды коматекс қолдана отырып, түрлі техникалармен жасалды.   Бұл балалар үшін қызықты әрі мол тәжірибе болды. Бұйымды оқушыларымыз асқан ынтамен, қызығушылықпен жасады.

Көрмеге келген оқушылардың ата-аналары да балаларының жетістіктеріне марқайып, жас шеберлердің туындыларын бірге тамашалады.

– Балаларымыздың Абайдай аталарының мерейтойына өз үлесін қосып жатқанына өте қуаныштымыз. Олар ақын әндерін шырқап, өлеңдерін жатқа  оқып жатыр.   Абай өсиетін бойтұмар еткен өрендеріміздің өнері өрлей берсін,- дейді көрмеге келген ата-аналардың бірі Салтанат Рақышева.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button