Абай - 175

 Ақтөбеде Абай ескерткіші ашылды

Ұлылықты ұлықтау – ұрпаққа өнеге. Батыры мен ақынын ардақтай білген елміз. Биылғы мұндай игілікті шаралардың біразы қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай өтуде. Соның бірі – Ақтөбе қаласында бой көтерген Абай Құнанбайұлының ескертіші.

Бас ақынның құрметіне батыс өңірінде өткен салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған елімізге танымал ақын-жазушылар және Шығыс Қазақстан облысы бойынша ақынның туған елі атынан  Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров бастаған делегаттар қатысып қайтты.

– Бүгін сүйікті мекен Ақтөбеміздің дәл ортасындағы айшықты орыннан ұлы ақынның құрметіне қойылған ескерткішті ашқалы тұрмыз. Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттырады. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу –  баршамыздың міндетіміз, – деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе қаласының Абай даңғылы мен Есет батыр көшесінің қиылысында орналасқан ескерткіштің биіктігі – 6,20 метр, тұғыры –2,40 метр, Абай мүсіні –3,80 метр. Еңселі ескерткіштің алдына жиналған зиялы қауым өкілдері жылы лебіздерін айтып, ескерткіштің ашылуымен елді құттықтады.

– Бүгінгі іске асқан салтанатты шара қазақтың бас ақынына деген шексіз құрметтің белгісі деп білемін. Абай ескерткішінің ашылуы – ұлы бабаны ұлықтап, өнегесіне тағзым етудің жарқын көрінісі. Баба ескерткіші – осы мекеннің  ажарын арттырып, сәулетіне сән беретін, жас ұрпақтың рухани кемелденуіне шақыратын көрнекті орынға айналатынына сенімім мол. Қала халқын бүкіл қазақтың айтулы мерекесі – Абай тойымен құттықтаймын. Ұлы ақынға құрмет көрсетіп жатқан ағайынға шырайлы өлке Шығыс халқының атынан алғысын білдіремін, – деді Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров.

Бүгінгі ұрпақ ұлы Абайдың рухына қанша тағзым етсек те артық емес. Ақынның сөзінен нәр алып, мұрасын мақтан тұтсақ ұлтымыздың болашағы жарқын болары анық.

 Бурхан Мұратов

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button