Денсаулық сақтау

Ақпарат шындыққа жанаспайды

 Әлеуметтік желілерде облыстық ана мен бала орталығының ғимаратынан түсірілген бейнежазба тарады. Онда бір пациент коронавируспен ауырып жатқан науқастарды Шәкәрім көшесінде орналасқан инфекциялық стационардан жедел түрде осы жерге ауыстырғандарын, алайда бөлімшеде  науқастарды қабылдауға ешқандай жағдай жасалмағанын айтады.  Сонымен қатар бейнежазбада сынған раковина мен лас дәретхана, бір бөлмеде үйіліп жатқан төсек-орындар көрсетіледі. Медициналық ем-шараларды уақытында қабылдамағандарына шағымданады.  Бейнежазбаны түсіруші тек тамақпен қамтамасыз етуде ғана ешқандай кемшілік  болмағанын айтады.

Облыстық ана мен бала орталығының директоры Ермек Омарбеков бұқаралық ақпарат құралдарына осы видеоға қатысты төмендегідей түсініктеме берді.

– Ресми түрде хабарлаймын, науқастар бұл ғимаратқа тек эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауыстырылды.   Шәкәрім көшесінде орналасқан №2 перзентханадағы ковидті стационарда жатқан науқастардың саны тоқсанға жетті. Сол себепті облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, облыстық ана мен бала орталығының бұрын балалар ауруханасы болған ғимаратында  қосымша 300 төсек ашу және барлық науқастарды осында ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі уақытта барлық сырқаттар көшірілді. Тек реанимациялық бөлімшеде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған үш ауыр науқас қалды, олардың өміріне қауіп төндіре алмадық. Құрамында анестезиологтар мен реаниматологтар бар медперсоналдардың екі бригадасы сонда қалды. Жағдайлары тұрақталған соң, оларды да осы жерге көшіреміз.

Ермек Сембайұлының айтуынша, бөлімшеде бір ғана дәретхана жұмыс істемей тұрған. Сол қабатта одан басқа тап-таза алты дәретхана және қызметтік дәретханалар жұмыс істеп тұр.  Директор шағымданушы азаматтың жұмыс істемей тұрған жалғыз унитаз бен раковинаны, артық төсек-орындар жиналып тұрған бөлмені әр жағынан түсіріп, бүкіл бөлімшеде осындай қолайсыз жағдай деп, жалған ақпарат бергенін жеткізді.  Орталықтың бас дәрігері бұзылып тұрған дәретхана мен раковинаны жөндегендерін, қазір іске қосылғанын айтты.

-Біз кез келген эпидемиологиялық жағдайға толық дайынбыз. Ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бөлмелер сақадай-сай, төсектер салулы тұр. Науқастар төрт уақыт тамақпен қамтылған. Тағам бір рет пайдаланылатын ыдыстармен беріледі. Қазір осы жерге алпыстан астам медициналық қызметкер жұмылдырылды. Олардың ішінде дәрігерлер мен медбикелер, санитарлар да бар. Медикаменттер мен өкпені жасанды желдету аппараттары да жеткілікті. Көшіп-қонудың салдарынан кешкі ине салуды жарты сағатқа кешіктіргеніміз рас. Ол үшін кешірім сұраймын. Басқа ем-домдарының барлығы уақытында жасалды, – деді стационар басшысы. Сөзі дәлелді болуы үшін Ермек Сембайұлы бөлімшеден түсірілген суреттер мен бейнежазбаны көрсетті.

Стационарда барлығы он екі өкпені жасанды желдету аппараты бар.  Дәл қазір сегіз аппарат алтыншы қабаттағы реанимация бөлімшесінде қосылулы, одан басқа төрт аппарат әзірге №2 перзентханадағы стационарда.  Оттегі жіберетін нүктелер бар, 23 оттегі концентраторы, электр жарығы бар.

Сөзінің соңында Ермек Омарбеков инфекциялық стационарлардан ешқандай аудио-видео жазбалар түсіруге болмайтыны туралы заңнама бар екенін алға тартты. Бұл талапты орындамаған науқастар әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін екенін де ескертті.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button