Басты

АӘК: ең жиі қойылатын сұрақтар

Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай, жұмыссыздарға емес, табысы аз отбасыларға төленеді. Биыл оны тағайындаудың жаңа тетіктері енгізілгені туралы аз жазылған жоқ. Алайда осыған байланысты сұрақтар әлі де көп. Осы орайда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев  атаулы әлеуметтік көмектің биылғы форматына қатысты ең жиі қойылатын сұрақтарға  жауап берді.

               Осы жолғы АӘК-тің басты артықшылығы  не?

Осы жылдан бастап сонымен қоса, көпбалалы отбасыларға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы бекітілді. Бұл жәрдемақы отбасылық кіріске қарамастан барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі. Осы жылға дейін оның көлемі 10500 теңге болатын. Енді:
● 4 баласы бар отбасыларға – 42500;

  • 5 баласы бар отбасыларға – 53125;
  • 6 баласы бар отбасыларға – 63750;
  • 7 баласы бар отбасыларға – 73375 теңге көмек тағайындалады.

     Көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша іске қосылатын шаралар:  

  1. Көпбалалы аналарға өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз гранттар беріледі.
  2. Көпбалалы отбасыларды шағын және кіші, соның ішінде үйде бизнеске тарту құралдарын ендіру бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына мынандай өзгерістер енгізілді:
  • микрокредит мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту;
  • үстемеақының номиналды жарнасын 4%-ға дейін төмендету;
  • тұрып жатқан жеріне қарамастан (қала / ауыл) берілетін микрокредит сомасы бойынша шектеулерді алып тастау;
  • аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту бойынша нысаналы индикаторын бекіту (микрокредит, грант беру). Бір айта кетерлігі, енді «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алу үшін аталмыш санаттағы жандарға курс оқу мен бизнес жобаны қорғау қажет емес.

Сонымен қатар аз қамтылған  отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет енгізілді.

                   АӘК алу үшін жалақы қанша болу керек?

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек отбасының орташа табысы жан басына шаққандағы облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамдарға немесе отбасыға шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.

Егер отбасының жалпы табысы барлық мүшелерге бөлген кезде Шығыс Қазақстан облысында белгіленген күнкөріс деңгейінің минимумы – 21300 теңгеден аспаса, төленеді. Мысалы,  төрт адамнан тұратын отбасының бір тоқсандағы (үш айдағы) табысы 150 мың теңге делік. Яғни бір айда  – 50 мың теңге.

50 000 теңге : 4 адам = 12500

21300-12500 =8800 теңге

АӘК әр отбасы мүшесіне 8800 теңге.

* Осыған дейін күнкөріс деңгейі мен отбасылық кірістің жан басына шаққандағы көлемінің айырмасы тек ересектерге төленіп, балаларға 20 735 теңгеден төленіп келген. Биылдан бастап отбасының әр мүшесіне бірдей сома төленеді.

   Бірге тұратын туыстардың табысы есептеле ме?

АӘК тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшесі есепке алынады. Алайда  “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы”  Заңның отбасы құрамын нақтылау бөлігінде толықтырулар енгізіліп,  2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады.

                                Табыстың қандай түрі есепке аланады?

Биыл АӘК тағайындау үшін «е-Халық» табыстың 14 түрін есепке алады.
1. Жалақы, әлеуметтік төлемдер түріндегі кіріс

  1. Алимент
  2. Жеке шаруашылықтан кіретін табыстар
  3. Жеке кәсіпкерліктен түсетін кірістер
  4. Жылжымайтын мүлікті жалға беруден түсетін кірістер мен жылжымайтын мүлік пен көлікті сатудан түскен кірістер.
  5. Құнды қағаздардан түскен кірістер
  6. Сыйланған жылжымайтын мүлік, көлік немесе мирастан түскен кірістер
  7. «Еңбек» бағдарламасы аясында алынған микрокредиттер мен қайтарымсыз гранттар
  8. Қайтарымсыз негізде алынған кез келген қаржы
  9. Депозиттер мен салымдарға түскен сыйақы кірістері
  10. Ақша аударымдары арқылы түскен кірістер
  11. Лотереядан түскен пайда, байқаулардан алынған ақшалай және заттай сыйлықтар және өзге де сый түрінде берілген ақшалай және заттай марапаттар.
  12. Жұмыспен қамту шараларына қатысу кезінде көрсетілген әлеуметтік қолдау. «Еңбек» бағдарламасы арқылы басқа өңірге қоныс аудару кезінде төленетін бір реттік төлемді есепке алмағанда.
  13. Баспана алуға берілген тұрғын үй сертификаттары.

  Өтініштерді  қашан, қай жерде қабылдайды?

  Ол үшін тұрғындар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса – кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді. Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет емес.  Өтініш беру және сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктің тұруға ыхтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі, ал оралмандар үшін – оралман куәлігі болуы тиіс.

Кепілдендірілген әлеуметтік пакет үшін қосымша құжат қажет пе?

Биылғы жылдың тағы бір артықшылығы АӘК алатын отбасылардың барлығына кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізіледі. Ол үшін жеке құжат жинаудың қажеті жоқ. Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің екі түрі бар, олар баланың жасына байланысты.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық химия тауарлары қарастырылған. Азық-түлік тауарлары түрлі жарма, пюре, шырын, сүт және т.б. қамтиды. Бұл азық-түлік өнімдерін темір мен басқа да дәрумендердің, минералдардың жетіспеушілігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Азық-түлік жиынтығын балалар ай сайын алатын болады. Тіс пастасын, балаға арналған щетка, кір жуатын ұнтақ, сабын сияқты тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады. Әр балаға бір пакеттен беріледі.

6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған. Мектеп жасындағы балаларға әлеуметтік топтама оқу жылының соңына дейін мектеп тарапынан беріледі. Ал азық-түлік жиынтығы мен химиялық тауарлар жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестіріледі.
Кепілдендірілген әлеуметтік топтама неліктен 1 жасқа толмаған балаға берілмейді?

ҚР заңына сәйкес, баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне арнайы жәрдемақы бар. Оның мөлшері жұмыс істемейтін әйелдерге ай сайын бірінші баладан 14 500 теңгеден бастап төртінші балаға дейін 22 500 теңге дейін. Жұмыс істейтін аналар мемлекеттік сақтандыру қорынан жалақысының 40 пайызы мөлшерінде, орташа есеппен 33 мың теңге көлемінде баласы 1 жасқа толғанға дейін жәрдемақы алады. Аталмыш заңға табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама енгізіледі.

Көпбалалы отбасылар жәрдемақымен қоса атаулы әлеуметтік көмек  ала ма?

Көпбалалы отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болса, отбасы арнайы жәрдемақымен қоса, атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқылы. Отбасының осы тоқсандағы алатын мемлекеттік жәрдемақысы  кіріс ретінде қаралмайды. Себебі, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде өткен тоқсанның табысы есептеледі. Сондықтан табысы аз көпбалалы отбасылардың осы тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алдуға өтініш беріп, ілініп кету мүмкіндіктері бар. Ал келесі  тоқсанда көпбалалы отбасының мемлекеттік жәрдемақысы кіріс ретінде ескеріледі.

  Отбасы мүшесі жұмысқа орналасудан бас тартса, АӘК неге  төленбейді?

     Еңбекке қабілетті азамат жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек төлемі тоқтатылады.     Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ең басты шарт – отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі еңбек  етуі  тиіс және өз отбасы үшін жауапкершілігі бар. Оларға шартты ақшалай көмек түрінде қол ұшы беріліп, ол ауласында қандай да бір жеке шаруашылығымен айналыса бастауы үшін бірнеше ай бірреттік АӘК төленеді.

Аз қамтылған отбасылардың жұмыссыз азаматтарға бағытталған жұмыспен қамту бағдарламасы пайдаға асуы тиіс. АӘК алушыларға бос жұмыс орындары, жеңілдетілген шағын несие, қайтарымсыз грант және жаңа кәсіпті үйрену ұсынылады. Бұл ретте «Еңбек» бағдарламасына өзгертулер енгізіледі.  Яғни, шағын несие бұрынғыдай 5 жыл емес, 7 жылға жылдық 4 пайызбен ұсынылады. Шағын несие сомасы да «ауыл», «қала» деп бөлінбейді. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамту бойынша мақсатты индикаторға жергілікті атқарушы орган жауапты.

Лаура Тілеубайқызы  

Осы айдарда

Back to top button