«А» гепатитімен ауырғандар саны артып барады
Өткен жылы облыс көлемінде тифо-паратифоздық, «Д» және «Е» вирусты гепатиттері, туляремия, ботулизм, полиомиелит, қызылша, тіпті, сіреспе сынды дерттер тіркелген жоқ. Солайша аса қауіпті, инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша аурушаңдық деңгейі төмендеген.
Десе де, вирусты «А» гепатиті бір жарым есе өсіп, сегіз бірдей аумақта тіркелгенін айту ләзім. Ол әсіресе, Семей мен Өскемен қалаларында, сондай-ақ, Үржар ауданында жоғары болып отыр. Бұл турасында Өскемендегі ұлттық баспасөз орталығында өткен мәслихатта облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Тоқтасын Ерубаев атап өтті.
– Өткен жылы пневмококтық жұқпаға қарсы 3 жасқа дейінгі балаларды егу толық аяқталды. Жалпы ондай егуден қорқудың жөні жоқ. Оның пайдалы екеніне алдын ала егілген балалар арасында бірде-бір сәбидің «вакциналық жетекші» инфекцияларымен ауырмауы дәлел бола алады, – деді ол. – Алайда, жедел респираторлық-вирустық жұқпа аурушаңдығы осы айдың соңы мен ақпан айының алғашқы онкүндігіне дөп келуі мүмкін деген болжам бар. Бүгінгі күнге тұмауға қарсы вакцина алғандар санының азды-көпті 6 пайызға өсуі онымен ауыратындар қатарын сәл де болса, азайтар деген ойдамыз.
Облыстың бас эпидемиологының сөз саптауына қарағанда, ең бастысы, адамдар арасында құтырма ауруымен ауырғандар тіркелмеген екен. Солай бола тұрғанмен аймағымыздың Тарбағатай, Абай, Үржар, Зайсан, Жарма, Бородулиха, Бесқарағай және Көкпекті аудандары мен Семей қаласында жануарлар арасында эпизоотологиялық қолайсыздықтар орын алған.
Тегінде, адамдардың түрлі ауруларды жұқтыруына көп нәрсе тікелей әсер ететіні белгілі. Бұл тұрғыда, әсіресе, медициналық қалдықтарды жою мәселесі оң үрдіс алып келеді. Қазір облыс бойынша бұл шаруада атап айтқанда, Семей қаласы мен Бесқарағай, Глубокое, Зырян, Көкпекті, Тарбағатай және Үржар аудандарында 10 қондырғы жұмыс істеуде.
Баспасөз мәслихатында қаптаған цифрларды көлденең тартқан басшыға төте сұрақтар да қойылмай қалған жоқ. Солардың біразы бөлшек сауда орындары мен емдеу мекемелерін жоспарлы тексеруге қатысты болды. Журналистер жекелеген көше саудагерлеріне айыппұл салудың орнына, ел-жұрт ауруына ем іздейтін, салық төлеушілер есебінен жұмыс істеп келе жатқан емдеу мекемелерін найзаның ұшына алып отырған департаменттің қылығын ерекше сынға алды. Бұл жерде әңгіме Өскемен жұрты босағасын босатпайтын жедел жәрдем ауруханасы жайында болып отырғанын ескерте кеткіміз келеді.
Қалалық санэпидқадағалау басқармасының бастығы Михайл Дерябиннің айтуына қарағанда, аталған ауруханада жүргізілген жоспарлы тексеру аурухананың көптеген кемшіліктерін ашқан. Оларды жою турасында бірнеше ескертулер жасалып, мәселе тіпті, әкімшілік сотқа дейін жеткізілген екен. Ал қазір сот инстанциясының шешімімен аталған емдеу мекемесінің тамақтандыру, төрт операция жасау блогының біреуі және науқастарды қабылдау бөлімі жұмысын тоқтатқан. Бұл дегеніңіз, аурухананың тірлігі жартылай тоқтап қалды деген сөз. Бүгінгі күні сот шешімі заңды күшіне ене қоймағандықтан, аурухана штаттық кесте бойынша жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, ондағы кемшіліктерді жедел түрде жою жұмыстары басталған. Облыс Әкімі ауруханада жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған құжаттарды дайындау туралы тапсырма берген көрінеді. Соған қарағанда аталған аурухананың «дертіне» бір дауа табылатын сияқты.
«Ауру – астан» демекші, басқосуда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы директорының орынбасары Райгүл Әбілханқызы тамақ өнімдерінің нормаға сәйкес болуы турасында деректер келтіріп өтті. Оның айтуына сенсек, мекеме өткен жылы өнімдерді гендік-модификациялау жағынан зерттеу үшін кешенді құрал сатып алыпты. Соның нәтижесінде азық-түлік пен шикізатқа 1200 сынама-тексеру жүргізіліп, оларда адам денсаулығына кері әсер ететін заттар кездеспеген көрінеді.
Баспасөз мәслихатының соңында әр адам көше саудагерлерінен ешқандай тексеруден өтпеген түрлі тағам өнімдерін сатып алу кезінде тазалық пен өз денсаулығы турасында кеңірек ойлануы керектігі ерекше айтылды.