Ағайынды үш тарлан
Қазіргі Қойтас ауылының орнында болған шағын ғана қыстақты мекендеген ыстабан руының тоқта бұтағынан тарайтын Наурызбай мен Зағипаның келешектен үміттері зор болатын. Өздерінен өрбіген ұрпақтары жетіп, қолғанат болуға жарап қалды. Үш ұл – Смағұл, Қабыкен, Әбілқайырлар күні ертең-ақ бір-бір үй болып, келін түсірсе, қыздары ұзын арқау, кең тұсау дегендей, жақсы жерлермен құда қылса, тірліктері гүлденіп, өркендеп кетпей ме? Ата-ананың одан артық не тілегені бар?!
Бірақ қашанда адамның көздегені емес, Алланың дегені болады ғой, отызыншы жылдардың ауыртпалығы бұларды шынымен титықтатып кетті. Соңынан екеуі де ауырып, алдымен отағасы, біраздан соң бәйбішесі дүние салып, ошарлы отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі балалар жетім қалды. Бір қуанарлығы, жасөспірім-көкөрімдерге осынау қиын сәтте әкелеріне туыс болып келетін Қаман деген апалары қамқорлық жасап, көп сүйеу болды.
Біраз уақыттан соң жігіт болып қалған Смағұл Қойтаста құрылған колхозға мүше болып кіріп, еңбектене бастайды. Ал одан үш жас кіші Қабыкен (Қабдылқадыр) туған апайы Бишаны сағалап, Қыстаукүршімге келіп, сондағы алтын қазатын кен орнына жұмысқа орналасады. Ал әлі жас Әбілқайыр мен Қадиша Қаман апаларының қолында қала береді.
1939 жылдың қазан айында 23 жастағы Смағұл әскерге алынып, Забайкал әскери округіндегі 94 атқыштар дивизиясының 64 атқыштар полкінде қызмет ете бастайды. Қыстаукүршімде бастауыш класты жақсы оқып бітірген ол әскерде сауатты адам ретінде бағаланып, алдымен комсомол, кейіннен партия қатарына қабылданады.
Кенеттен соғыс ашқан фашист жендеттері Отанымыздың батысын қанға бояп, шығысқа қарай ентелеген, сөйтіп, ел басына күн туған шақта олардың дивизиясы күшейтілген режимге көшіріліп, 1942 жылы Батыс майданға жөнелтіледі. Бұл жерде қатардағы жауынгер Смағұл Наурызбаев 451 гвардиялық атқыштар дивизиясының 64 атқыштар полкінің құрамында жаумен айқасқа түсіп, көптеген қиян-кескі шайқастарды бастан өткереді.
1943 жылы олардың дивизиясын Шығыстан бас көтерген жапон басқыншыларына қарсы майданға аттандырып, Смағұл қайтадан Забайкал әскери округіне тап болады. 1945 жылы самурайлармен болған кескілескен шайқастардың бірінде С.Наурызбаев ауыр жараланып, наурыздан тамыз айына дейін сол округтегі №945 әскери-дала госпиталінде емделеді. Соғыстың барша тауқыметін тартып, бес жыл бойы қан кешкен Смағұл 1946 жылы аман-есен елге оралады.
Ол сол жылдың мамыр айында Қыстаукүршімдегі «Күршімалтын» кен басқармасына күрделі барлау забойшысы болып жұмысқа орналасты. Онда төрт жылдай жұмыс істеген Смағұл Наурызбайұлы 1951 жылы туған ауылы Қойтасқа оралып, қалған өмірін осындағы қой шаруашылығымен тығыз байланыстырды. Көп жылдары тауарлы қой фермасының бригадирі болып еңбектенген ол бертін келе орман шаруашылығына ауысып, қорықшылық қызметті де атқарды. Сол қызметтен зейнетке шыққан Смағұл қарт 1993 жылдың 3 қарашасында дүниеден өтті. Қария көзі тірісінде «Сіңірген әскери қызметі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 20 жыл», «Жеңіске – 30 жыл» медальдарымен марапатталған болатын.
Енді оның інісі Қабыкенге келейік. Қабыкен 15 жасында мал айдап келе жатып, бишігін қатты үйіргенде оның ұшы қате тиіп, оң көзі ағып түскен екен. Артельде жұмыс істеп жүрген жерінен әскери комиссариат шақырып, тізімдеген кезде бір көзі жоқ соқыр Қабыкен де жарамды деп танылып, дереу майданға жөнелтіледі. Жеткен бойда жаумен шайқасқа кіріскен «жалғыз көзді» атамыз көптеген ерліктер жасап, бүкіл Европаны жаудан тазартуға атсалысқан екен. Оған қолымыздағы сарғайып, әбден тозығы жеткен «Қызыләскер кітапшасы» айғақ.
1942 жылы соғысты Беларусь майданында бастаған Қабыкен одан әрі 1-Беларусь майданында жалғастырып, әйгілі Орел-Курск шайқасына қатысады. Көптеген маңызды операцияларға атсалысқан Қ.Наурызбаев ерлігімен көзге түсіп, үнемі басшыларынан мадақ-марапаттар алып жүреді.
1943 жылдың 6-26 қыркүйегі арасында Днепрді кешіп өтіп, арғы жағалаудағы плацдармды кеңейтуге атсалысқан Қабыкендердің полкі осы шайқаста нағыз ерліктің үлгісін көрсетеді. Қатардағы жауынгер Қ.Наурызбаев бұдан соң Гомель, Каменовичи-Мизерная, Бобруйск операцияларына белсене қатысып, Варшаваны алу, Берлинге шабуыл жасау кезінде де барынша табандылық көрсеткен екен. Осы қантөгіс шайқастар мен қиыншылықтардың барлығынан аман өтіп, елге оралған қайран арыс 1960 жылы Қыстаукүршім фермасының жайлауға шығатын малын өткелден өткізуге көмектесіп жүргенде паром аударылып, суға кетіп қаза болған екен. «Өмірдің соңы – өкініш» деген осы да.
Ал 1926 жылы туған Әбілқайырдың өмір жолы басқаша қалыптасқан болатын. Ол соғысқа барған жоқ, дегенмен Әбеңнің еңбек майданындағы табыстары зер алып қараған адамға әжептәуір ауқымды болып көрінері сөзсіз.
Ағаларындай емес, сол кездің өлшемімен бағамдағанда біршама толық білім алған Әбілқайыр еңбек жолын бастаған сәттен өзінің іскерлігін, не нәрсеге икемділігін дәлелдей біліп, көптеген жауапты қызметтерді де атқарды. 1941-44 жылдары ол Қыстаукүршімдегі «Большевик» алтын артелінде есепші болып жұмыс істеді. 1944-50 жылдар аралығында байланыс кеңсесінің меңгерушісі болып тер төкті. 1950-1953 жылдар арлығында Ә.Наурызбаев Қыстаукүршім селолық кеңесінің хатшысы, одан кейінгі екі жылда кеңес төрағасы міндетін атқарды. Бұдан кейін екі жыл Құйған ауылдық кеңесінің төрағасы болып еңбектенген Әбілқайыр Наурызбайұлы 1958 жылдан бастап 12 жыл бойы «Маралиха» совхозының Қыстаукүршім фермасын абыроймен басқарып, табысты жетекшілік жасады. Осыдан кейін ол біраз уақыт «Маралиха» совхозының жұмысшы кооперативін басқарып, зейнетке аудандық тұтынушылар қоғамынан шықты. Әбең онда бірнеше жыл тұрғындарды қамтушы қызметкер болып еңбек еткен болатын.
Әбілқайырдың өз кіндігінен тараған он баласының барлығы да талапты, еңбекқор болып өсіп, бүгінде әр салада жемісті еңбек етіп жатыр.
Міне, Қойтас ауылының қарапайым ғана бір шаңырағынан өрбіген аға буын өкілдерінің қысқаша өмір тарихы осындай. Мұны қолға алып, бізге жолдаған Қабыкен қарияның қызы, ардагер ұстаз, ардақты ана Қаншайым апайымыз Отан үшін қанын да, терін де аямаған ағайынды тарландардың есімдері елеусіз қалып, жұрт назарынан өшіп бара жатқанын құлаққағыс еткен еді. Біз сол өшкін тартқан тарихты қайта жаңғыртып, аталарымыздың аттарын жалпыға жария еттік.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.
(Суреттері отбасылық архивтен алынды)