73 ЖЫЛДАН КЕЙІН ТОПЫРАҒЫ ТУҒАН ЖЕРГЕ ЖЕТКІЗІЛДІ
\”Абыралы-Дегелең\” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жауынгер Омар Рахымбаевтың топырағы Қайнар ауылына әкелінді.
Абыралы өңірі, Қайнар ауылында ұрпақ жадында жаңғырып тұратын тарихи маңызы зор оқиға болды. Ұлы Отан соғысына осы Қайнар ауылынан аттанып хабарсыз кеткен жауынгер Омар Рахымбаевтың Ресей Федерациясы, Карелия Республикасы, Лоухск ауданы, Кестеньги поселкесінде жерленген Бауырластар зиратынан топырағы жеткізілді.
\”Абыралы-Дегелең\” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қайнар ауылында өткен шараға Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, филология ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Жақып, Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, жауынгер Рахымбаевтың туысы Кемерғазы Оспанов, тағы басқа да қадірлі қонақтар қатысты. Алдымен әскери оркестрдің қолдауымен бір қатарда бет түзеген мәртебелі меймандар, ауыл тұрғындары габбро тастан жасалған обелиск басына жиналды. Ұрпақ барып ерлігіне тағзым етер Омар Рахымбаевқа арналған осынау ескерткіш есімі семейліктерге жақсы таныс суретші Балтабек Орынбаевтың қолынан шыққан.
«Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты, меценат Марат Құрманбай Карелия жерінен әкелінген топырақты обелиск басына салтанатты түрде қойды. Еліміздің Әнұраны орындалып, жауынгердің ұрпақтары топырақты уыстай ұстап ырымын орындаған соң, Қайнар ауылының имамы Талғат Шағыров жауынгер рухына бағыштап құран оқыды. Шығыс әскери округінен келген сарбаздар залппен аспанға оқ атып, құрмет көрсетті.
Бұдан кейін шара Қайнар мәдениет үйінің алдындағы «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» мемориалдық тақтаның алдында жалғасты. Жеңістің 65 жылдығы кезінде бой көтерген бұл тақта да «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті Марат Серікжанұлының ұйытқы болуымен орнатылып, оған 1500 майдангердің есімі жазылғанын атап өткен жөн.
Марат Құрманбай, облыстық мәлихаттың депутаты, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті:
-Біз бүгін ұрпаққа өнеге болып қалатын үлкен істің куәсі болып отырмыз. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан аталарымыздың есімін жаңғыртып, олар туралы деректерді анықтап, табу бәрімізге ортақ парыз. Осы Абыралы өңірінен, Қайнар ауылынан майданға аттанған боздақтардың 80 пайызға жуығының қай жерден мәңгілікке орын тапқаны әлі күнге дейін белгісіз. Соған қарамастан біздің қор оларды табуға қолдан келгенше атсалысып келеді. Өйткені, аталарымыз әкелген Жеңіс даңқы қашан да өміршең. Міне, бүгін хабарсыз кеткен жерлесіміз Омар Рахымбаевтың Карелия Республикасы, Лоухск ауданы, Кестеньги ауылында жерленген Бауырластар зиратынан аты-жөнін анықтап, 6 мың шақырым жерден топырағын жеткізіп отырмыз. Осы жұмыстың ойдағыдай атқарылуына сүбелі үлесін қосқан «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының құрылтайшы азаматтарына үлкен алғысымды айтамын.
Реті келгенде айта кетейік, бұл сапардың ойдағыдай жүзеге асуына «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті меценат Марат Құрманбай ұйытқы болып, сондай-ақ, Нұрғазы Қайырбеков, Асқар Ширияев, Серікжан Серікқалиұлы, Еркен Сағындықов, Қайноллан Мусин, Нұртай Оспанов, Сәтбек Кәрібжанов, Сүлеймен Медеуов сияқты қор құрылтайшылары мен іскер азаматтардың бірлесіп қолдау көрсеткені әдейілеп атап өтуге лайықты еңбек. Ал арада 73 жыл өткенде табылған жауынгер есімін туған жерінде жаңғыртып, Омар Рахымбаевтың ұрпағы Нұрды ертіп Карелияға барып келген Нұрғазы Қайырбекұлының азаматтығы да халық көңілін ризашылыққа бөлері сөзсіз.
Нұрғазы Қайырбеков, Семей қалалық мәслихатының депутаты:
– Карелия Республикасының Кестеньги ауылындағы Бауырластар зиратына жерленген 153 адамның кімдер екені, қайдан келгені өздері жазып енгізіп қойған китель қалтасынан алынған гильзадан анықталып отыр. Соның ішінде алты жауынгердің қағазы жақсы сақталып қалыпты. Рахымбаев Омар сол алтаудың бірі.
1902 жылы Абыралы өңірінде дүниеге келген Омар Рахымбаев Қайнар ауылынан 1941 жылдың қараша айында Отан қорғауға аттанған. Мәскеу мен Мурманск облысын жалғап тұрған Карелия аумағы Кеңес одағының маңызды нысандарының бірі болды. Сол себептен Кестеньги поселкесін жаудан азат ету операциясын жүргізді. Алайда, неміс фашистеріне қарсы шабуыл сәтсіз аяқталып, кеңестік көптеген сарбаздар қаза тапты, хабарсыз кеткендері де аз емес. Бейбіт күн туған шақтан басталған іздеу отрядының жұмыстары әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бүгінде Кестеньги ауылындағы Бауырластар зиратында кімдер жерленгенін анықтау жүзеге асу үстінде. Көңіл толқытып, жан тебірентіп қазақ жауынгерінің есімі де 73 жылдан кейін қайта жаңғырып, Қайнар жеріне ерекше рух сыйлады. Осы сәтте:
Қайнарым, сенсің мені шабытты еткен,
Жаңбырың беттен сүйді жауып көктен.
Мен бүгін іздеп келдім атқа мінген,
Іздерін ата-бабам салып кеткен, – деп жырлаған Бауыржан Жақыптың өлеңі де тарихи сәтте толқыған жұрттың тамырын тап басқаны сөзсіз.
Мемориалдық кешен басында сөз алған Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова Қайнар ауылындағы бұл тарихи шараның маңызы айрықша екендігіне тоқтала келіп:
– «Ер есімі ел есінде» дегендей, ерлікпен қаза тапқан жерлестерін іздеуге атсалысқан «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбайға Семей қаласының әкімі атынан және жиналған қауым атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді.
Аталмыш қордың президенті Марат Құрманбай Кестеньгиден табылған О.Рахымбаевтың аты-жөні жазылған қағаз бен сол қағаз сақталып қалған оқ гильзасы мен Бауырластар зиратынан топырақ бұйырған жауынгердің шынында да сол адам екендігін растайтын сараптамалық қорытындыны Омар Рахымбаевтың қызына табыс етті.
Шара соңында арнайы Құран хатым түсіріліп, майдангер рухына бағышталған ас берілді.
Сәтжан Қасымжанұлы
Семей.