7 жылда 33 денсаулық сақтау нысаны салынды – ШҚО
ШҚО-да 7 жылда 33 денсаулық сақтау нысаны бой көтерген екен.
2014-2021 жылдар аралығында 36 млрд теңгеге 33 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде Семей өңірінде 11 млрд теңгеге 10 нысан салынған, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Айта кетсек, 2022 жылдың маусым айына дейін Семей және оның маңындағы аудандар Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған.
Жалпы облыста әлеуметтік саладағы көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды. Халықтың денсаулығы, білімі және тұрмыс жағдайымен айқындалатын өмір сапасына ерекше көңіл бөлінеді.
Төрт бағыт бойынша денсаулық сақтаудың тиімділігін арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр: онкология, кардиология, ана мен бала, травматология. Оның негізінде медициналық ұйымдарды халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен жарақтандыру және адами капиталды дамыту көзделген.
Осы уақыт аралығында Семей қаласында 300 төсектік аурухана мен жедел жәрдем ауруханасы, Өскемен қаласында 200 төсектік балалар ауруханасы, Күршім ауданы Қалжыр ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. Семей қаласындағы онкологиялық диспансердің Ядролық медицина орталығында Қазақстандағы алғашқы радионуклидті терапия бөлімі ашылды.
Өскеменде бірегей Гематологиялық орталықтың, Риддер қаласында 140 төсектік ауруханасы бар аурухана кешені мен ауысымына 500 келушіге арналған емхананың құрылысы жалғасуда. Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту аясында 7,9 млрд теңгеге 36 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған.
Қомақты қаражат денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталған. Жалпы сомасы 39 млрд теңгеге 6,1 мың бірлік техника сатып алынса, оның ішінде Семей өңірі бойынша – 14 млрд теңгеге 2,2 мың бірлік.
Сондай-ақ аймақта кадрлық әлеуетті арттыруға көп көңіл бөлінеді. 2017 жылдан бастап басым бағыттар бойынша жетекші шетелдік клиникаларда (Ұлыбритания, Германия, Жапония, Италия, Польша, Литва, Ресей және Израиль) медициналық кадрларды даярлау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Денсаулық сақтау саласының мамандарын даярлауға барлығы 4,4 млрд теңге бөлінді. 3,6 млрд теңгеге 341 дәрігер шетелде оқытылды, оның ішінде Семей өңірі бойынша – 167 адам.
Денсаулық сақтау саласына күрделі өзгеріс енгізудің нәтижесінде 2022 жылы жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемін 2 есеге (2019 жылдан бастап – 5 есеге) ұлғайтуға, бұл қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін 30% – ға, қатерлі ісіктерден 7% – ға, туберкулезбен сырқаттанушылықты 13% – ға төмендетуге мүмкіндік берді.