Басты

42 500 теңге қалай төленеді және кімдер алады?

Көмек жұмыссыз  қалғандарға беріледі

42 500 теңге төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға ғана төленеді. Алайда ел тұрғындары әлеуметтік көмектің бұл талаптарын ескермеген сияқты. Өйткені 42 500 теңге алуға бірнеше өтініш жазғандар бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды.

     – Бүгінгі таңда 938 мың адамнан 1 284 000 өтініш түсті. Демек, бір адам бірнеше рет өтініш беріп отыр. Бірақ екі-үш рет өтініш беру 42 500 теңгені алуға кепілдік бермейді. Ақпараттық жүйе оның бәрін тексеріп, реттеп алады, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Өтініш берген кезде электронды порталдың төменгі жағында «Мен жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдайға қатысты табысымнан айырылғанымды растаймын және өзіме жауапкершілікті аламын» деген сөз бар.

– Әлеуметтік көмекті осы кезеңде шынымен мұқтаж жандар алса екен деген ниетіміз бар. Сіз ол жолдарды оқыдыңыз, ал біз сізге сендік дегенді білдіреді. Жұма, сенбі күндері алғашқы 412 мың адамнан өтініш қабылдаған. 1873 адам өтініш берген, бірақ ақпараттық жүйе арқылы тексеріп едік, олардың қаңтар, ақпан, наурыз айларында орта есеппен 500 мың – 1 млн. теңгеден астам табыс алған азаматтар екені анықталды, – дейді ол.

Сондай-ақ жәрдемақы, зейнетақы мен өзге де кірістері бар азаматтардың өтініштері де қарастырылмайды.

Арнайы есепшот қажет емес

Осы төлемді алуға арыз берушілер арнайы есепшот ашу үшін банктердің алдында ұзын сонар кезек қалыптастырды. Енді арыз беру үшін арнайы есепшот ашудың қажеті жоқ. Кез келген банктік есепшоттың нөмірі жарамды. Сондай-ақ егер арыз жазушының бірде-бір банкте есепшоты жоқ болса, ол арызды есепшот нөмірінсіз беруіне де болады. Кейін есепшоты көрсетілмеген азаматқа смс хабарлама келіп, банк есепшотын растауы сұралады. Ол уақытқа дейін арыз жазушы есепшот ашып үлгеруі керек. Бұл шара банкте кезек қалыптасырмау үшін жасалып отыр.

– Қаржылық қадағалау агенттігі тарапынан барлық екінші деңгейлі банктерге аталмыш әлеуметтік төлемдерден коммуналдық, алименттік, банк алдындағы берешек сынды сомаларды ұстап қалмау жөнінде нұсқаулық берілді. Сондықтан 42 500 теңгені арыз берген азаматтар толықтай қолдарына алатын болады, – деді министр.

Сондай-ақ министр екінші деңгейлі банктерді есепшотты  онлайн ашуды, дайын болған карталарды үйге дейін жеткізіп беру қызметін іске қосуға шақырды. Бүгінде «Қазпошта» АҚ мен «Халық банк» АҚ осындай қызмет түріне көшкен.

Декретте отырғандар мен кәсіпкерлерге төлене ме?

Заң бойынша декретте отырған аналар бір жасқа дейін бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алады. Алайда балалары бір жастан асқан аналар төтенше жағдай орын алмаса, жұмысқа тұруы мүмкін еді. Сондықтан баласы бір жастан асқан декреттегі аналар бірыңғай жинақтық төлемді төлеп, 42 500 теңге алуға арыз бере алады.

Төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған қол астында жұмысшылары жоқ жеке кәсіпкерлік субъектілері де әлеуметтік төлем алуға құқылы. Алайда арызды  заңды тұлға емес, жеке тұлға ретінде жазады. Ал серіктестік, акционерлік қоғам басшылары тек өздерінің атынан жеке тұлға ретінде арыз жазуына болады.

Сондай-ақ министр 16 наурыздан кейін тұрақты табысы бар бола тұра, бірыңғай жиынтық төлем төлеген азаматтарға  төлемдері қайтарылмайтынын атап өтті.

– Ол төлемдер ешқайда кетпейді. Бірыңғай жиынтық төлем – салық, зейнетақы мен медициналық әлеуметтік сақтандыру аударымдарының жиынтығы екендігін естеріңізге сала кетейін. Төлем азаматтардың атынан аталмыш қорларға аударылады, – деді министр.

Бейресми жұмыс істейтіндер жәрдемақыны қалай алады?

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Оны бейресми жұмыс істйтін, яғни еңбек шартынсыз, әлеуметтік және салық төлемдерін жасамайтын азаматтар да ала алады. Ол қалай жүзеге асырылады?

Бейресми жұмыс істеп жүрген азаматтарға Президент рәсімделу ғана жеткілікті екенін айтты. Рәсімделу деген не? Ол үшін Бірыңғай жиынтық төлемді бір мезгіл төлесеңіз жеткілікті. Ол сома – қала тұрғындары үшін 2651 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1325 теңге.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов сол төлемді қалай жасауға болатынын да түсіндірген болатын.

– Халық банк, Форте банк, Жусан банк, Сбербанк, БЦК, Каспий банктерде мобильді қосымшалар бар. Сол арқылы Бірыңғай жиынтық төлемді аударуға болады. Болмаса смс арқылы: телефоннан смс-ті 5505 нөміріне хабарлама жазып, қала тұрғыны болсаңыз, латын әріптерімен «gorod ESP» деп ЖСН белгілейсіз, ауыл тұрғыны болсаңыз, «selo ESP» деп ЖСН белгілейсіз. Осыны жібергеннен кейін төлемдеріңіз есепке түседі. Осыдан кейін 42 500 теңгені алуға мүмкіндігіңіз бар, – деді ол. Өтініш «egov.kz» порталында қабылданады.

Енді арызды Telegram арқылы жазуға болады

6 сәуірде 42 500 теңге әлеуметтік төлем алу үшін өтінім беруге арналған бот іске қосылды. Ол үшін Telegram мессенджеріне кіріп, https://t.me/Help42500Bot сілтемесі арқылы

өтіп, «Start» батырмасын басу қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат үшін:

  1. «Өзін-өзі жұмыспен қамтушы»батырмасын басу;
    2. Өзінің ЖСН енгізу;
  2. Электронды поштаадресін енгізу;
  3. Телефон нөмірін енгізу;
  4. Банктік шот нөмірін енгізу (IBAN);
  5. Өтінішті растау;
  6. Бұдан кейін келесі мазмұнда хабарламалар келеді:

сіздің өтініміңіздің қабылданғандығы туралы;

сіздің өтініміңіздің тіркеу нөмірі;

сіздің өтініміңізді өңделгені туралы жауап.

Қызметкер үшін:

  1. «Қызметкер»батырмасын басу;
  2. Өзінің ЖСНенгізу;
  3. Жұмыс істейтін ұйымныңБСН-ін енгізу;
  4. Электронды поштаадресін енгізу;
  5. Телефон нөміріненгізу;
  6. Банктік шот нөмірін енгізу (IBAN);
  7. Өтінішті растау;
  8. Бұдан кейін келесі мазмұнда хабарламалар келеді:
    сіздің өтініміңіздің қабылданғандығы туралы;

сіздің өтініміңіздің тіркеу нөмірі;

сіздің өтініміңіздің өңделгені туралы жауап.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button