Технология

3D принтерлер өндіріске де жетті

Ынтымақ Толқын

 Калифорниялық стартап Mantle өндіріс саласына арналған 3D принтер жасады. Оның өзге құрылғылардан басты айырмашылығы – металды пайдалану арқылы әртүрлі бөлшектердің нақты көшірмесін жасау.

Соңғы онжылдықта қарқынды дамыған 3D принтердің мүмкіндіктері күн санап артып келеді. Осыған дейін пластиктердің көмегімен кез келген заттың дәлме-дәл көшірмесін аз уақыт ішінде жасау үлкен жетістікке айналған еді. Енді аталмыш технология өндіріс саласында да кеңінен қолданылмақ. Нақтырақ айтсақ, Mantle стартапы алғаш рет металдың көмегімен 3D принтерде ұсақ бөлшектерді басып шығарған. Компанияның тәжірибесі сәтті өтісімен бірқатар ірі кәсіпорындардан қолдау алған.

Mantle-дің 3D принтерінің көлемі айтарлықтай үлкен. Шамамен екі үстелдің орнын алады. Ал жұмыс істеу тәртібі стандартты 3D басып шығару, өнімнің беткі бөлігін қайта тазалау және дайын металдың беріктігін арттыру үшін жоғары температурада қыздыру сияқты үш кезеңнен тұрады.

Стартап жетекшісінің айтуынша, аталмыш технология жаппай қолданысқа енгенде әлемнің алпауыт өндірістік компанияларының тасы өрге домаламақ. Себебі, 3D басып шығару технологиясы – қазіргі кезде прототиптерді жасаудың ең оңтайлы, әрі жылдам жолы. Алдағы уақытта автокөліктердің де әртүрлі бөлшектерін жасап шығару жоспарланған.

Айта кетелік, калифорниялық стартап – осы салада жұмыс істеп жатқан жалғыз компания емес. Оның ең танымал бәсекелестері – ExOne, Desktop Metal және Markforged. Алайда Mantle өзінің қайта өңдеуді қажет етпейтін озық технологиясының арқасында бәсекелестерінен алда келеді.

 

Осы айдарда

Back to top button