Инфрақұрылым

27 әлеуметтік нысан салынып жатыр

 Биыл облыста әлеуметтік-мәдени мақсаттағы 27 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов «Instagram» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жазды.

Онлайн режимде өткізілген жиын барысында облыстық құрылыс басқармасының басшысы бүгінгі таңда өңірімізде бес жобаның аяқталғанын хабарлады. Олардың қатарында Аягөз және Көкпекті аудандарындағы денешынықтыру-сауықтыру кешендері, Абай ауданының Қарауыл ауылындағы 300 орындық мектеп пен Ақшоқыдағы Құнанбай мұражайы, Шар қаласындағы спорт кешені бар.

«Бұдан басқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 3 924,3 млн. теңге болатын жеті жоба қолға алынған. Соның ішінде құрылысы осы жылдың қараша айында аяқталатын Үржар ауданындағы жүзу бассейні мен спорт модулі бар. Келесі аптада осы нысандарда жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен барысын жеке тексеріп қайтуды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар Күршім ауданында да бір ауысымда 40 адамды қамтитын тағы бір жабық бассейн салынуда», – деп жазылған аймақ басшысының ресми парақшасында.

Сонымен қатар Глубокое ауданында құрылысы жүріп жатқан жаңа Мәдениет үйінің ашылуы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне жоспарланып отыр. Жыл соңына қарай Өскемен медицина колледжі мен Семейдегі Бизнес және сервис колледжінің жалпы сыйымдылығы 700 адамдық екі жатақхананың құрылысы аяқталады.

Бұған қоса Онкология және хирургия орталығындағы маммология және гинекология реанимациясы бөлімшесінің операциялық блогындағы құрылыс жұмыстары осы айдың соңына қарай аяқталады. Оған медициналық жабдықтар мен желдету жүйесін жеткізу туралы келісім жасалып, алдын ала тапсырыс берілген. Сондай-ақ қазан айында Өскемендегі облыстық аурухана ғимаратының бір бөлігін қабылдау бөлімшесі етіп қайта жасауға бағытталған жұмыс аяқталуы тиіс. Ал құрылысы биыл басталған облыстағы алғашқы гематологиялық орталық 2022 жылы пайдалануға беріледі.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button