26 мыңнан астам маман дарялады

«Медициналық білімді, ғылымды және тәжірибені қайта жаңғыртудағы заманауи инновациялық әдістер». Бұл Семейде өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның атауы. Айтулы жиынға жаһанның үздік дәрігерлері мен ғалымдары келді.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Семей мемлекеттік медицина университетінің 65 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Оның ашылу салтанатына Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты. Ал конференция жұмысына АҚШ-ғы жетекші хирургтардың бірі, травматолог-ортопед Жолдас Құлжанов, әйгілі итальяндық профессор Лука Брузати, Жапониядағы Кочи университетінің профессоры Кен Иноэ, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова, Назарбаев университеті медицина кафедрасының профессоры Сандро Венто, сондай-ақ Цюрих қаласындағы университет ауруханасының профессоры Филип Герч атсалысты.
– 65 жылдың ішінде Семей мемлекеттік медицина университеті 26 мыңнан астам мамандарды даярлап шығарды. Басым бөлігі Қазақстан мен алыс-жақын шет мемлекеттерде абыройлы қызмет етіп келеді. Олардың арасында жеті жоғары оқу орынның ректоры, 26 денсаулық сақтау саласының жетекшілері, Денсаулық сақтау министрлігінің 85 қызметкері, 284 бас дәрігер және 383 доценттер мен профессорлар бар. Университет түлектеріне сұраныс жоғары. Бүгінде олар Жапония, Израиль, АҚШ, Пәкістан, Үндістан, Палестина, Сирия және тағы да бірқатар елдерде табысты еңбек етуде. Осы аралықта 249 ғылым кандидаттары, 65 ғылым докторлары, 69 PhD докторлары әрі 213 магистрлар даярланды, – деген Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов білікті кадрларды даярлауда университеттің қауқары жоғары екенін тілге тиек етіп, сала министрінің құттықтауын жолдады.
Бүгінде университет қарқынды дамып келеді. Материалдық-техникалық базасы нығайып, білім беру технологияларын енгізумен қатар, шетелдік оқу орындарымен байланыс өрісі кеңеюде. Мәселен, Түркия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Литва, Германия және Израильдегі университеттермен орнаған әріптестіктің көмегімен барлық деңгейдегі дайындық курстарының білім беру бағдарламаларын жетілдіру көзделген. Оқу ордасының 65 жылдық мерейтойына орай, құттықтауын аймақ басшысы да жолдады.
– Семей мемлекеттік медицина университеті – денсаулық сақтау саласы мамандарын даярлайтын еліміздегі ірі оқу орындарының бірегейі. Өзінің клиникалық базасы бар. Университеттің динамикалық инфрақұрылымдық дамуы – білімнің қарқынды дамуына, сондай-ақ ғылыми-инновациялық әлеуеттің артуына жол ашты. Сіздердің түлектеріңіз еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Олар Қазақстанмен бірге, шет мемлекеттерде де табысты еңбек етуде. Көп жылдан бері жинақталған тәжірибе университеттің ертеңгі күніне зор үміт ұялатады. Атқарылған іс аз емес. Десе де тындыратын шаруа да баршылық. Жастар өз жаңалықтарымен қуантады деген сеніміміз мол. Жас ұрпақ аға буынның сара жолын жалғастырып, жемісті жеңістерді еселей түсетініне шүбә келтірмейміз, – деп аймақ басшысының ақжарма лебізін жеткізген Әсем Нүсіпова Шығыста денсаулық сақтау саласына ерекше ден қойылғанын атап, облыстағы медициналық персоналдың білімін арттыруда университеттің тигізер шарапаты мол екендігін атап көрсетті.
Ташкент университетіндегі медицина мектебінің деканы, профессор Халдун Мүдерісоғлы 65 жылдық шеңберіндегі конференцияға шақырту алғанына ризашылығын білдірді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, түркиялық білім ордасы медицина университетінің стратегиялық әріптесі болып табылады. Қос тарап медицинадағы білім беру саласын жаңғыртпақ ниетте. Сол себепті Анадолыдағы ағайындардың Семейге келуі тектен-тек емес. Екі жақ бірнеше бағыттағы жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда. Ал тегі қазақ, америкалық хирург Жолдас Құлжанов Семей медицина университетіне галактикадағы жұлдызша сертификатын табыс етті. Бұл – шетелдік сарапшылардың семейлік оқу орнына берген жоғарғы бағасы. Осы ретте Жолдас Құлжанов АҚШ-ғы Сент-Луис университетінің ортопедиялық хирургия департаментінің директоры екенін айта кеткен орынды. Мұхиттың ар жағында тұратын қандасымыз, құрама штаттардағы үздік хирургтардың тізіміне кіреді. Сол секілді құттықтау лебіздерін Астанадағы Онкологиялық диспансердің бас дәрігері М.Тілеутаев, Семей, қаласы әкімінің орынбасары Н.Шарова, сонымен қоса Жаратылыстану ұлттық академиясының акдемигі Т.Раисов және университеттің құрметті профессоры Р.Иванова арнады. Қазір Семейдегі альма-матерде бес мыңнан астам адам бакалавриат, резидентура, магистратура және докторантураның 34 бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Бұған қоса, Үндістан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Чехия және Моңғолиядан келген студенттердің саны 20% құрайды. Университет ұжымы 1494 адамнан тұрады. 60% профессорлық-оқытушылық құрам. Сонымен қатар, университет қарамағындағы госпитальда 1488 қызметкер жұмыс істеуде. HR-саясатына басымдық берген білім шаңырағы меритократия, үздіксіз білім алу және корпоративтік басқарушылықты жолға қойған. 2018 жылы қызметкерлердің орташа жалақысы 40%-ға көтеріліпті.
Университеттің дамыту стратегиясының бірі – инновациялық жаңашылдықтарды білім беруге енгізу. 2017 жылы, «Medical Foundation» даярлық бөлімі ашылған еді. Оның негізгі миссиясы – медициналық мамандыққа сапалы үміткерлерді іріктеу. Мұнда оқытуды штаттағы оқытушылармен бірге шетелдік мамандарда жүргізіп келеді. Соның негізінде ашылған тілдік курстар аталмыш бағдарламаның артықшылығы болып саналады. Алдағы жоспарға сәйкес, ғылыми қызметті ілгерілетуге арналған коммерциялық кеңселерді ашу көзделген. Horizon, Austrian Science Fund сынды халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу міндеттелген. Бұдан басқа USMLE-ді енгізу, университет штатына білікті шетелдің оқытушыларын тарту, клиникалық базаны кеңейту, университет госпиталіне госпитальдік менеджментті қолдану қарастырылып отыр.
Салтанатты жиында «ҚР Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін», «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгілері және Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары мен «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Тағы бірқатар қызметкерлер әрі ардагерлер шаһар әкімінің Алғыс хатына ие болды. Бұдан бөлек, медицина университетінің құрметті профессорлары атағы Сент-Луис университеті ортопедиялық хирургия департаментінің директоры Жолдас Құлжановқа, Нагасаки университетінің профессоры Масахиро Накашима және Назарбаев университетінің жетекші ғылыми қызметкері Айнұр Акильжановаға берілді. Алқалы басқосуда әр алуан мәселелер талқыланды. Мәселен, шұғыл медицина дамуының заманауи бағыттары, клиникалық медицинаның өзекті сұрақтары, ядролық медицина және онкология, хирургияның, травматологияның және Қазақстандағы кардиохирургияның өзекті мәселелері, сол секілді медициналық білім берудегі инновациялық технологиялар сынды бірнеше секция бойынша ғалымдар ойларын ортаға салды. Бұдан басқа, дүниежүзінің майталмандары шеберлік сағаттарын өткізіп, тән саулығын емдеудегі озық әдістерімен бөлісті.
Жақсылық Мұратқали
Семей.