22 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды
Ерлан Бапанов, Тарбағатай
Тарбағатай ауданы бойынша пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып берілген ауылшаруашылық жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр.
Жалпы бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі ерекше назар аударып, Үкіметке пайдаланылмай жатқан жайылымдарды қайтару туралы тапсырма берген болатын. «Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер ең алдымен ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай жатыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайылымдардың басым бөлігі шаруа қожалықтардың иелігінде. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жыл соңына дейін осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы М.Мұқатовтың айтуына қарағанда, ауданда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. «Мақсатты пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар істеліп жатыр. Аудан бойынша, «Қолдау» веб-порталындағы мәліметке сәйкес, 84 998,4 гектар жайылымдық жер телімін 105 шаруашылық құрылым пайдаланбай отырғаны көрсетілген. Алайда 84 998,4 гектардың ішінде жеті шаруа қожалығының жалпы ауданы 4873,47 гектар жер телімі мемлекеттің меншігіне қайтарылса, 30 шаруа қожалығы 30 792,49 гектар жер телімін мақсатына сай пайдаланып отырғандығы, жер иеленушілерінің атында мал басы тіркелгендігі анықталды.
Тоғыз шаруа қожалығына 4 964,88 гектар жер телімдерін пайдаланбай отырған жер иеленушілеріне зерттеу актісі толтырылып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің қаруына ұсынылды. Нәтижесінде тексере келе бес шаруа қожалығымен жалпы көлемі – 2307,6 гектар жерге қатысты тиісті шаралар қолданылып, жер заңнамасын бұзушылығы жойылған. Төрт шаруа қожалығы жалпы көлемі – 2733,0 гектар жерді жергілікті атқару органына қайтарған. Қалған 59 шаруа қожалығының иелігіндегі 44 367,61 гектар жер телімі мақсатына сай пайдаланылып отырған жоқ. Олармен тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі күнде жер телімін мақсатына сай пайдаланбай отырған жер иеленушілеріне хабардар ету хаты жолданған.
2022 жылы Ақсуат және Тарбағатай ауданы бөлінді және жоғарыдағы мәліметтер екі ауданның жер пайдаланушылары бойынша болған. Сонымен қатар «Қолдау» веб-порталында Жауапты министрліктің Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасында болмағандықтан жұмыс барысы «Ғарыш сапары» веб-порталына ауысты. Осы «Ғарыш сапары» веб-порталында мал басы туралы деректер күнде тіркеліп тұрады. 2022 жылдың 4 қарашасында облыстық жер қатынастары басқармасында Н.Михейлистің басшылығымен және «Ғарыш сапары» өкілдерімен жиналыс өтіп, түсінік жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда «Ғарыш сапары» веб-порталымен жұмыс атқарылуда, сайтқа кіру үшін ауданның жер қатынастары бөлімі арқылы өтінімдер берілді.
Тиісті жұмыстар атқарылған соң, жер телімдерін пайдаланбай отырған жер иеленушілеріне зерттеу актлері толтырылып, облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің қаруына ұсынылады.
-
Жалпы, Тарбағатай ауданы бойынша 2022 жылдың басынан бері мемлекет меншігіне барлығы 22 жер учаскесі – жалпы ауданы 9338,41 гектар жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, – деді аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрамбек Мұқатов.