Өзекті

19 тұрғын ауданда автобус неге азайып кетті?

– Біз Қазыбек би даңғылындағы №№ 1, 1/1, 1/2, 5/2 7/1, 7/2, 7/3, 7/4 көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымыз. Үйлеріміздің дәл іргесінде екі автобус аялдамасы бар. Алайда, 2020 жылдан бері бірде-біреуіне қоғамдық көлік тоқтамайды. Бұрын №26, 43 автобустар жүретін. Қазір олар жоқ, зауыттар алыпты деп естідік. Ақ қар, көк мұзда, жауын-шашында жарты шақырым қашықтықтағы Сәтпаев аялдамасына екі көше қиып өтіп, бала-шағамызбен әрең жетеміз немесе Қазыбек би даңғылын кесіп өтіп, «Океан» дүкені жақтағы аялдамаға не «Достық» базары жақтағы «Мектеп» аялдамасына баруға тура келеді. Үлкендер шыдағанмен, балалар үшін өте қиындық туғызып отыр.

Қала әкімінен сұрайтынымыз, осы аялдамалар арқылы қалаға қатынайтын қоғамдық көлік ұйымдастырылса, тіпті болмаса, шағын автобустар тоқтаса. Сонымен қатар ЖМК ауданы жақтан қаланың оң жағалауына, яғни қалалық әкімдік, облыстық прокуратура жаққа ешқандай қоғамдық көлік жүрмейді. Шағын автобустар сол жаққа неге жүрмейді?.

Аталған үйлер тұрғындары атынан – Мақсат Қалиев,

Өскемен

 

Сауалға Өскемен қаласы әкімнің орынбасары Денис Федченко жауап береді:

– Аталған, Қазыбек би даңғылының № 1,1/1,1/2,5/2,7/1,7/2,7/3,7/4 көпқабатты тұрғын үйлерінің жаяу жүргіншілеріне жақын «Талап бойынша» және «Қазыбек би» атты екі аялдама орналасқан. Бұл аялдамаларға №№ 17 және 43 бағыттарына қызмет көрсететін автобустар қатынайды.

№ 17 бағытқа қатысты айтар болсақ, күнделікті бұл бағытқа қызмет көрсетуге 10 автобус шығарылады. Қозғалыс интервалы 12-15 минутты құрайды. Қозғалыстың басталуы – 06 сағ. 15 минут, қозғалыстың аяқталуы – 20 сағ. 38 минут.

№ 43 бағытқа келсек, күнделікті аталған бағытқа қызмет көрсетуге 2 автобус шығарылады. Қозғалыс интервалы 40 минутты құрайды. Қозғалыстың басталуы – 06 сағ. 00 минут болса, аяқталуы – 20 сағ. 00 минут.

Ал Жібек маталар комбинаты ауданы жақтан қалалық әкімдік пен прокуратура жаққа №43 бағыттағы автобус қатынайды. Сонымен қатар карантин аяқталғаннан кейін № 26 маршрут бұрынғы кесте бойынша жаңартылады.

Техникалық ақауларға байланысты автобустар желіден жиі шығып қалады және аталған бағыттар әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алынды.

Аталған жауаппен келіспеген жағдайда, тұрғындардың заңнамада белгіленген тәртіппен оған шағымдануға құқығы бар.

Әзірлеген – Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button