150 отбасы қоныстойын тойлады
Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында облысымызда бірқатар әлеуметтік нысан ашылып, 150-ден астам отбасы қоныстойын тойлады.
Жалпы, ауқымы кең аталмыш мереке Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына қуатты серпін берген бір тарихи оқиғаны еске салатыны сөзсіз. Өйткені дәл осы күні 29 жыл бұрын қазақстандықтар алғаш рет бүкілхалықтық сайлауға қатысып, ел Президентін сайлаған болатын. Сол жолы жас республиканың халқы біркісідей Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берген еді. Бұл өте дұрыс шешім болды. Себебі, айналдырған 30 жылдың ішінде еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген әрі дана саясатының арқасында экономикасы мықты, халқы тату, өткені мен болашағын сабақтастыра білетін іргесі бекем мемлекетке айналды.
Сондықтар болар, жыл сайын Тұңғыш Президент күні елімізде көптеп салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік-мәдени нысандарды пайдалануға беру дәстүрі қалыптасқан.
Шығыс Қазақстан да бұл игі дәстүрден шет қалған емес. Мәселен, биылғы мерекеге орай облыс орталығында тұрып жатқан көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға, сондай-ақ кезекте тұрғандарға 30 жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Қуаныш иелерін облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы барып құттықтады.
Сол сияқты, Курчатов қаласындағы 14 көпбалалы ана жаңа пәтер кілтіне ие болса, әлеуметтік осал топтағы тағы 16 отбасы Бесқарағай ауданында пайдалануға берілген жаңа үйлерде тұруға мүмкіндік алды. Ал Зайсан ауданында 36 көпбалалы отбасы қоныстойын тойлауда. Бұл мақсатта аудан орталығында «Шығыс» бағдарламасы аясында бір қабатты тұрғын үйлер салынғанын айту керек.
Мереке қарсаңында Жарма ауданына қарасты Жаңғызтөбе кентінің тұрғындары да қуанышқа кенелді. Аталмыш елді мекенде ауыл клубы мен демалыс саябағы ашылды. Биылғы Тұңғыш Президент күнін Көкпекті ауданының тұрғындары да ұмытпайтыны рас. Себебі, бұл күні аудан орталығында жергілікті халық көптен күткен денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Мереке күні өңірде бірнеше спорт нысаны ашылғанын айтқан жөн. Мәселен, Абай ауданының орталығы Қарауылда хоккей корты пайдалануға берілді. Онда жергілікті балалар тек хоккей ойнап қана қоймай, коньки тебе алады. Сондай-ақ жақын арада спорт мектебі де жұмысын бастамақ.
Бұл күні Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде де денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілгенін айту керек. Ал Жарма ауданының Бірлік ауылында жаңа спорт алаңы ашылды. Ұлан ауданына қарасты Мамай батыр ауылында жаңа көпір пайдалануға берілді.
Мереке күні Катонқарағай ауданында да айтулы оқиғалар көп болды. Мәселен, 20 отбасы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жаңа үйлердің кілтін алды. Кіші Нарын және Майемер ауылдарында ауылдық клубтар, ал Үлкен Нарында Абай атындағы сквер ашылды.
Мерекеге орай Жарма ауданында кезекте тұрған 50 отбасы жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілді. Сол сияқты, Бородулиха ауданында төрт көпбалалы отбасы баспаналы болса, Алтай ауданында тұратын алты отбасы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған жаңа бір қабатты үйлерге қоныстанды.
Жалпы, биыл коронавирус пандемиясына қарамастан, Шығыс Қазақстандағы мерекелік іс-шаралар ерекше ауқымға ие болғанын айту керек.
«Didar» ақпарат